Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі туралы келісімге қол қою туралы ұсынысты Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 8 желтоқсандағы № 1325 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі туралы келісімге қол қою туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                         К. Мәсімов

Жоба

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік
жүйесінің күштері мен құралдарын қалыптастыру және олардың
жұмыс істеу тәртібі туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа (бұдан әрі - ҰҚШҰ және/немесе Ұйым) мүше мемлекеттер,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа және 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысына негізделе отырып,
      барлық Тараптардың Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 51-бабына сәйкес жеке немесе ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын мойындай отырып,
      ұжымдық қауіпсіздік жүйесін коалициялық және өңірлік негізде қалыптастыру қағидатын ескере отырып,
      ҰҚШҰ-ның бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қарулы шабуылға (агрессияға), сондай-ақ басқа да қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге барабар ден қоюды қамтамасыз ететін ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру және жетілдіру жөніндегі практикалық шараларды қабылдау қажеттігіне сүйене отырып,
      халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы Ұйымның рөлін одан әрі нығайтуға, БҰҰ Жарғысының, қару-жарақты бақылау және әскери саладағы сенімді нығайту мәселелері жөніндегі халықаралық құқық пен халықаралық шарттардың жалпыға ортақ қағидаттары мен нормаларының негізінде қақтығыстарды болдырмау мен реттеуде оның тиімділігін арттыруға белсенді және лайықты үлес қосуға өзінің ұмтылысын растай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде қолданылатын терминдер мыналарды білдіреді:
      «ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесі» - халықаралық құқық пен ұлттық заңнамаға сәйкес Тараптардың мүдделерін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын ұжымдық қорғауды қамтамасыз ететін ҰҚШҰ органдарының және Тараптардың ұлттық мемлекеттік басқару органдарының, сондай-ақ Тараптардың күштері мен құралдарының жиынтығы;
      «ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағы» - ҰҚШҰ-ға мүше болып табылмайтын басқа мемлекеттерден ішкі суларды, аумақтық теңіз бен олардың әуе кеңістігін қоса алғанда, мемлекеттік шекара учаскелерімен (сыртқы шекаралармен) шектелген, шегінде Тараптардың ұлттық және ұжымдық қауіпсіздігінің мүдделері қамтамасыз етілетін Тараптардың аумақтары;
      «ұжымдық қауіпсіздік өңірі» — шегінде өздерінің ұлттық және ұжымдық қауіпсіздік мүдделері қамтамасыз етілетін бір немесе бірнеше Тараптар аумағының геостратегиялық жағдайын ескере отырып қамтылатын ҰҚШҰ жауапкершілік аймағының бір бөлігі;
      «әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасы» - арнайы мақсаттағы күштердің әскери контингенттері мен құралымдарымен қоса алғанда, Тараптар ҰҚШҰ шеңберінде көпжақты (ұжымдық) негізде құрған әскер (күштер) топтамасы;
      «әскердің (күштердің) өңірлік (біріктірілген) топтамасы» - ұжымдық қауіпсіздіктің тиісті өңірінің шеңберінде екі жақты немесе көп жақты негізде Тараптар құрған әскер (күштер) топтамасы;
      «әскери контингенттер» - әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріктірілген) топтамасының құрамына Тараптар бөлген Тараптардың қарулы күштерінің бірлестіктері, құрамалары, әскери бөлімдері;
      «арнайы мақсаттағы күштердің құралымдары» - әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасына Тараптар бөлген ішкі істер (полиция) органдарының, ішкі әскерлердің, қауіпсіздік органдарының және арнайы қызметтердің, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарларын жою саласында уәкілеттік берілген органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелері (мамандар топтары);
      «жеке құрам» - әскердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріктірілген) топтамасының құрамына Тараптар бөлген немесе уақытша іссапарға жіберілген әскери қызметшілер, қауіпсіздік, ішкі істер (полиция), ішкі әскерлер органдарының, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарларын жою саласындағы уәкілеттік берілген органдардың қызметкерлері, сондай-ақ әскери бөлімдерде, ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істейтін адамдар;
      «біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелер» - функционалдық арналуы бойынша бірдей және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау мақсатында Тараптар бөлетін күштер мен құралдардың жиынтығы;
      «ұжымдық бітімгершілік күштері» - Тараптардың бітімгершілік контингенттері құрамынан бітімгершілік операцияларын жүргізу кезеңіне бөлінетін бөлімдер (бөлімшелер);
      «төтенше жағдай» - адамның құрбан болуына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған табиғи ортаға залал келтіруге, елеулі материалдық шығындарға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін немесе әкеп соқтырған авария, қауіпті табиғат құбылысы, апат, дүлей немесе өзге де апат нәтижесінде қалыптасқан жағдай;
      «төтенше жағдайларды жою» - төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін құтқару мен денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға залалдың және материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдай аймақтарын оқшаулауға, оларға тән қауіпті факторлардың әрекетін тоқтатуға бағытталған авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстар.

2-бап

      ҰҚШҰ ұжымдық күштері жүйесінің мақсаты әлемге төнген қауіп-қатердің алдын алу және жою, соғыстар мен әскери қақтығыстарды оқшаулау, бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қарулы қақтығыстан (агрессиядан) бірлесе қорғану, қауіпсіздіктің басқа да қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұру, ал ол болған (басталған) жағдайда - Тараптардың ұлттық және ұжымдық мүдделерін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын кепілді қорғауды қамтамасыз ету жолымен Тараптардың орнықты және жан-жақты дамуы үшін қолайлы бейбіт жағдайды қамтамасыз ету болып табылады.
      Осы мақсатты басшылыққа ала отырып, Тараптар:
      бір немесе бірнеше Тараптарға қатысты қарулы шабуылды (агрессияны), өзге де қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерді барлық Тараптарға қатысты қарулы шабуыл (агрессия), өзге де қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлер ретінде қарайды және өздерінің қарамағындағы барлық күштер мен құралдарды пайдалана отырып, тиісті қарсы шаралар қолданатын болады;
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары мен қағидаттары негізінде барлық мемлекеттермен және мемлекеттердің одақтарымен өздерінің қарым-қатынастарын орнатады, әскери саладағы сенім шараларын кеңейтуге жәрдемдеседі, соғыстар мен қарулы жанжалдардың алдын алуға бағытталған дәйекі саясат жүргізеді;
      өңірлік және жаһандық деңгейдегі ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберінде әскери қауіп-қатерлердің алдын алу, оқшаулау және жою үшін әскери-дипломатиялық және өзге де әскери емес құралдарға басымдық береді;
      ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қалыптастырады.

3-бап

      ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қалыптастырудың және олардың жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары:
      ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің қорғаныстық сипаты;
      барлық Тараптар үшін ұжымдық қауіпсіздікті бөліп-жармау және қауіпсіздіктің тең деңгейі;
      ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Тараптардың тең жауапкершілігі;
      қарулы шабуылға (агрессияға) коалициялық және/немесе өңірлік негізде тойтарыс беруге Тараптардың қатысуын көздейтін өзін-өзі қорғау ұжымдығы;
      аумақтық тұтастықты сақтау, егемендік пен ұлттық мүдделерді құрметтеу, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау;
      ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын Тараптардың арасындағы дауларды шешу үшін пайдалануға жол бермеу;
      ұжымдық қауіпсіздік жүйесін коалициялық және өңірлік негізде қалыптастыру мен дамыту болып табылады.

4-бап

      Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары:
      бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қауіп-қатерді болдырмауға және қарулы шабуылға (агрессияға) тойтарыс беруге, қарулы акциялар мен жанжалдарды оқшаулауға;
      халықаралық терроризмге, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының, қару мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымына, сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы күресті қоса алғанда, Тараптардың қауіпсіздігіне қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру жөніндегі іс-шараларға;
      әскери іс-қимылдарды жүргізу кезінде немесе осы іс-қимылдардың салдарынан туындайтын қауіптерден халықты қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауға, сондай-ақ төтенше жағдайларды жоюға және төтенше ізгілік көмек көрсетуге;
      Тараптардың мемлекеттік шекараларын, сондай-ақ мемлекеттік және әскери объектілерін күзетуді күшейтуге;
      бітімгершілік операцияларына қатысуға;
      сондай-ақ ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындаған өзге де міндеттерді шешуге арналған.

5-бап

      ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құрамына:
      ұлттық басқару органдарына бағынысты және ҰҚШҰ органдарының шешімі бойынша қолданылатын Тараптардың ұлттық қарулы күштері мен басқа да әскерлерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелері, сондай-ақ ішкі істер (полиция) органдарының, ішкі әскерлердің, қауіпсіздік органдарының және арнайы қызметтердің арнайы мақсаттағы бөлімшелері (мамандар топтары), төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарларын жою саласында Тараптардың уәкілеттік берілген органдарының құралымдары;
      әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасы;
      әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріктірілген) топтамасы;
      біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелер топтамасы;
      ұжымдық бітімгершілік күштері.
      Ресей Федерациясының стратегиялық ядролық күштері бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қарулы шабуылды (агрессияны) жүзеге асырудың мүмкін болатын талпыныстарын тежеу функциясын орындайды.

6-бап

      Әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасын Ұйымның ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралымдарының тұрақты әзірліктегі құрамдауыны болып табылатын және ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағындағы қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға арналған арнайы мақсаттағы күштердің әскери контингенттері мен құралымдарын қоса алғанда, Тараптардың күштері мен құралдары құрайды.
      Әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасын қалыптастыру, олардың жұмыс істеу тәртібін және құрамын ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайды.

7-бап

      Әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріктірілген) топтамасын ықтимал қарулы шабуылға (агрессияға) тойтарыс беру үшін бейбіт уақытта орналастырылған немесе қауіпті кезеңде өрістетілген ұжымдық қауіпсіздіктің тиісті өңірі Тараптарының қарулы күштері мен басқа да әскери құралымдарының басқару органдары мен әскерлері (күштері) құрайды.
      Тараптың әскерлерінің (күштерінің) өңірлік (біріктірілген) топтамалары:
      ұжымдық қауіпсіздіктің Шығыс Еуропа өңірі әскерлерінің (күштерінің) өңірлік топтамасын (Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы Одақтас мемлекеттерінің шеңберінде құрылады);
      ұжымдық қауіпсіздіктің Кавказ өңірі әскерлерінің (күштерінің) біріктірілген топтамасын (Армения Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы екі жақты келісімдердің негізінде құрылады);
      ұжымдық қауіпсіздіктің Орталық Азия өңірі әскерлерінің топтамасын (ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы екі жақты және көп жақты (өңірлік) келісімдер негізінде құрылады);
      ұжымдық қауіпсіздік өңірлеріндегі (аудандарындағы) біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелер топтамасын (ӘШҚ, барлау, байланыс, басқару және т.б.) қарастырады.

8-бап

      Біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелер топтамаларын Тараптар функционалдық арналуы бойынша (әуе шабуылына қарсы қорғаныс, барлау, байланыс, күштерді (құралдарды) автоматтандырылған басқару, зымыран шабуылы туралы ескерту, химиялық радиациялық және биологиялық жағдайды атқылау, ғарыш кеңістігін бақылау және басқалар) бірдей ұлттық күштер мен құралдар бөлімдерін ұйымдастыру-техникалық біріктіру жолымен қалыптастырады.
      Біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелердің негізгі міндеттері, оларды қалыптастыру мен қолдану қағидаттарын ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайды.

9-бап

      Әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріктірілген) топтамасы мен біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелердің құрамын ұжымдық қауіпсіздіктің тиісті өңіріне кіретін Тараптар айқындайды.
      Әскерлердің өңірлік топтамасы мен біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелерінің құрамына бөлінетін бірлестіктердің, құрамалар мен әскери бөлімдердің тізбесін ұжымдық қауіпсіздік өңірінің мемлекет басшылары бекітеді.
      Қалыптасқан әскери-стратегиялық жағдайға байланысты әскерлердің өңірлік топтамасы мен біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелерінің құрамына бөлінетін бірлестіктердің, құрамалар мен әскери бөлімдердің тізбесі ұжымдық қауіпсіздіктің тиісті өңірінің (ауданының) Тараптар күштері мен құралдары есебінен нақтылануы және толықтырылуы мүмкін.

10-бап

      Бітімгершілік операцияларына қатысу үшін Тараптар жұмыс істеуі тиісті Келісіммен регламенттелетін ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштерін құрады.

11-бап

      Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын жасақтау Тараптардың ұлттық заңнамасына, ҰҚШҰ шеңберінде қабылданған халықаралық шарттарға, ҰҚШҰ органдарының шешімдеріне және Тараптар қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Арнайы мақсаттағы күштердің әскери контингенттері мен құралымдары әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріктірілген) топтамасын, сондай-ақ біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелерді өрістетуге және қолдануға шешім қабылдағанға дейін тұрақты орналасу пункттеріндегі ұлттық заңды құзырында болады және олардың қойылған міндеттерді орындауға әзірлігінің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін Тараптардың тиісті министрліктері мен ведомстволарының тікелей бағынысында қалады.
      Коалициялық және/немесе өңірлік топтама мен біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелердің басқару органдары мен әскерлерінің күштерінің жауынгерлік әзірлігін ұстау мақсатында келісілген жоспарларға сәйкес жүзеге асырылатын арнайы мақсаттағы күштердің әскери контингенттері мен құралымдарын жедел (жауынгерлік) даярлау ұйымдастырылады және жүргізіледі.

12-бап

      Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құрамы, өрістету және қолдану мерзімдері туралы шешімді ҰҚШҰ Жарғысына немесе  ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының жұмыс істеуін регламенттейтін басқа да халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен бір немесе бірнеше Тараптың ресми өтініші негізінде ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі қабылдайды.
      Әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріккен) топтамасы мен біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелерді өрістету тиісінше ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі немесе Ұжымдық қауіпсіздік өңірі ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мүшелері бекітетін алдын ала әзірленген жоспарларға сәйкес әскери қақтығыстың басталуына тікелей ықпал ететін жағдайдың шиеленісуі кезеңінде жүзеге асырылады. Жоспардың құрылымын, мазмұнын, оны әзірлеу, сақтау және нақтылау тәртібін мүдделі Тараптардың қорғаныс министрлері және/немесе қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары айқындайды.
      Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру, ұлттық құрамдауыштарды коалициялық және/немесе өңірлік (біріктірілген) қолбасшылыққа қайта бағындыру, әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасын және/немесе өңірлік (біріктірілген) топтамасын және біріккен жүйелерді өрістету және қолдану тәртібі жекелеген ережелермен айқындалады.

13-бап

      Әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріктірілген) топтамасының құрамына бөлінген Тараптардың күштері мен құралдарын өрістетуге және қолдануға ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін іске асыру, оларды операцияларды дайындау мен өткізу кезінде басқару, Тараптардың мүдделі министрліктері мен ведомстволарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру үшін қолбасшылықтар құрылады.
      Операцияны жүргізу үшін күштер мен құралдарды өрістетуге және қолдануға шешім қабылданған жағдайда әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасы қолбасшылығының жалпы санын, оны қалыптастыру, өрістету мен орналастыру тәртібін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайды.
      Әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріктірілген) топтамасы қолбасшылығын қалыптастыру, қаржыландыру және қызметін ұйымдастыру тәртібін тиісті ұжымдық қауіпсіздік өңірінің Тараптары алдын ала айқындайды.

14-бап

      Тараптар өздерінің әскери контингенттері мен арнайы мақсаттағы күштер құралымдарын техникалық және тылдық қамтамасыз етуді дербес жүзеге асырады, материалдық құралдар қорларын жасайды және белгіленген тәртіпке сәйкес келісілген нормаларға дейін толықтырады. Техникалық және тылдық қамтамасыз етудің өзге тәртібі Тараптардың келісімі бойынша әрбір нақты жағдайда белгіленуі мүмкін.

15-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді. Мемлекетішілік рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийдің тиісті жазбаша хабарламаны алған Күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім күшіне енісімен 2001 жылғы 25 мамырда қол қойылған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібі туралы хаттама қолданылуын тоқтатады.

16-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкін даулы мәселелер мен келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер мен консультациялар жолымен шешеді.

17-бап

      Осы Келісімге Тараптардың кез келгенінің ұсынысы бойынша және басқа Тараптардың келісімімен оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Келісімнің 15-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамамен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

      Мәскеу қаласында 2010 жылғы «__» ____ ________ орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жіберетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады.

      Армения Республикасы үшін      Ресей Федерациясы үшін

      Беларусь Республикасы үшін     Тәжікстан Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін    Өзбекстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады