Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери мақсаттағы өнім өндіруге қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандануын сақтау туралы келісімге қол қою туралы ұсынысты Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 8 желтоқсандағы № 1328 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери мақсаттағы өнім өндіруге қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандануын сақтау туралы келісімге қол қою туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери мақсаттағы өнім өндіруге қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандануын сақтау туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (бұдан әрі - ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер,
      қалыптасқан өндірістік және ғылыми-техникалық кооперация базасында әскери мақсаттағы өнімді дайындау саласындағы ынтымақтастықты қолдау және дамыту қажеттігін мойындай отырып,
      Тараптар өнеркәсібінің қорғаныс салаларын ықпалдастыруды ұзақ уақыт негізінде дамытуға өзара ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
      2000 жылғы 20 маусымда қол қойылған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттер арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімнің ережелерін дамыта отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар әскери мақсаттағы өнім (бұдан әрі - ӘМӨ) өндіруге және ол үшін қажетті материалдар мен жартылай фабрикаттарды, жиынтықтаушы элементтер мен бұйымдарды, оқу-жаттығу және қосалқы мүлікті жеткізуге, сондай-ақ екі жақты өндірістік және ғылыми-техникалық кооперация шеңберінде ұйымдық-құқықтық нысанына және меншік нысанына қарамастан, әскери мақсаттағы жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандануын сақтау бойынша қажетті жағдайды қамтамасыз етеді.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай мағыналары бар негізгі терминдер қолданылады:
      «ӘМӨ өндіру» - ӘМӨ-ні регламенттеу жұмыстарын және жаңғыртуды, сондай-ақ кәдеге жаратуды қоса алғанда, оны әзірлеу, дайындау, пайдалануды сүйемелдеу жөніндегі кәсіпорындардың қызметі;
      «материал» - бұйымды дайындау немесе оны пайдалануды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын еңбектің бастапқы мәні;
      «жартылай фабрикат» - тұтынушы кәсіпорында қосымша өңдеуге немесе жинауға жататын жеткізуші кәсіпорынның бұйымы;
      «жиынтықтаушы элементтер мен бұйымдар» - жеткізуші кәсіпорындар, шығаратын және жасаушы кәсіпорындар шығаратын бұйымдардың құрамдас бөліктері ретінде қолданылатын элементтер мен бұйымдар;
      «оқу-жаттығу және қосалқы мүлік» - оқу-материалдық база ретінде пайдаланылатын, сондай-ақ жеке құрамды және персоналды оқыту кезінде оны пайдалану мен жөндеуді қамтамасыз ететін материалдар, бөлшектер, тораптар, агрегаттар;
      «қабылдау» - ӘМӨ-нің оған белгіленген талаптарға сәйкес келуін тексеру және жеткізілімдерге және/немесе пайдалануға ӘМӨ-нің жарамдылығы туралы құжаттарды ресімдеу.

3-бап

      Тараптардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары мыналар болып табылады:
      Армения Республикасынан - Армения Республикасының Экономика министрлігі;
      Беларусь Республикасынан - Беларусь Республикасының Мемлекеттік әскери-өнеркәсіптік комитеті;
      Қазақстан Республикасынан - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
      Қырғыз Республикасынан - Қырғыз Республикасының Экономикалық реттеу министрлігі;
      Ресей Федерациясынан - Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігі;
      Тәжікстан Республикасынан - Тәжікстан Республикасының Энергетика және өнеркәсіп министрлігі;
      Өзбекстан Республикасынан - Өзбекстан Республикасының Экономика министрлігі.
      Уәкілетті орган өзгерген жағдайда әрбір Тарап дипломатиялық арналар арқылы ҰҚШҰ-ның Бас хатшысын хабардар етеді, ол бұл туралы қалған Тараптарға белгіленген тәртіппен хабарлайды.

4-бап

      ҰҚШҰ-ның Әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясы Тараптардың уәкілетті органдарының ұсыныстары бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери-экономикалық ынтымақтастығы мүддесі үшін мамандануын сақтау орынды болатын кәсіпорындар мен ұйымдардың тізбелерін (бұдан әрі - Тізбелер) қалыптастырады және Тараптардың үкіметтері бекіту үшін оларды ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерге жібереді.

5-бап

      Тараптардың тізбелерде көрсетілген кәсіпорындары мен ұйымдары шығаратын ӘМӨ-ні өндірістен алу тәртібі мен мерзімін белгілеу, бұл кәсіпорындар мен ұйымдардың құрамын өзгерту, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдардың қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілерін бірлесіп әзірлеуге және өндіруге қатысуы туралы шешім қабылдау Тараптардың уәкілетті органдарының келісімі бойынша олардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

6-бап

      ӘМӨ-ні өндіру үшін қажетті материалдар мен жартылай фабрикаттарды, жиынтықтаушы элементтер мен бұйымдарды, оқу-жаттығу және қосалқы мүлікті жеткізу, әскери мақсаттағы жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету екі жақты халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылады.

7-бап

      Жеткізілетін ӘМӨ-ні қабылдау және сапасын бақылау өнеркәсіптің қорғаныс салалары кәсіпорындарының өндірістік және ғылыми-техникалық кооперациясы туралы екі жақты халықаралық шарттарға сәйкес, сондай-ақ қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде алынған материалдарды, жартылай фабрикаттарды, жиынтықтаушы бұйымдарды, құжаттама мен ақпаратты жеткізуші Тараптың алдын ала келісімінсіз үшінші мемлекеттерге, олардың азаматтары мен ұйымдарына, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға бермеуге (сатпауға) міндеттенеді.

9-бап

      Тараптар өзінің ұлттық заңнамасына және өздері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес ӘМӨ-ні өндіруге, бірлескен жұмыстарды орындау үшін қажетті көлемде жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге қатысты мәселелер бойынша ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
      Құпия ақпаратты құрайтын мәліметтерді өзара беру және қорғау 2004 жылғы 18 маусымдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде құпия ақпараттардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімге және Тараптар арасында жасалған екі жақты халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап

      Осы Келісім шеңберінде Тараптар бір-біріне берген немесе ынтымақтастық үдерісінде жасалған зияткерлік қызмет нәтижелеріне құқықтарды пайдалану және қорғау тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде әскери-экономикалық ынтымақтастық барысында алынған және пайдаланылатын зияткерлік қызметтің нәтижелеріне құқықтарды өзара қорғау туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.

11-бап

      Осы Келісім өздері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттар бойынша Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

12-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер консультациялар мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

13-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамамен ресімделетін және осы Келісімнің 14-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарлама депозитарийге сақтауға тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді.
      Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийге тиісті құжаттар тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді.

15-бап

      Осы Келісім, егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолданылуы мерзімі ішінде қолданылады.
      Әрбір Тарап осы Келісімнің қолданылуы уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, шығу күніне дейін алты айдан кешіктірмей депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады.

      ______________ қаласында 201_ жылғы «__» _______ орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана осы Келісімге қол қойған әрбір Тарапқа оның расталған көшірмесін жіберетін ҰҚШҰ Хатшылығында сақталады.

      Армения Республикасы үшін         Ресей Федерациясы үшін

      Беларусь Республикасы үшін        Тәжікстан Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін       Өзбекстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады