Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына қол қою туралы ұсынысты Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 8 желтоқсандағы № 1331 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына кол кою туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің
адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы
ШАРТЫ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер,
      адамның және азаматтың заңды құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін тиімді шаралар қабылдау қажеттілігін сезіне отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерін негізге ала отырып,
      адамдарды мемлекетаралық іздестіруде ынтымақтастықтың тиімді тетіктерін құруға талпынысын білдіре отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

      Осы Шарттың мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
      а) Тараптардың құзыретті органдары - Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес адамдарды мемлекетаралық іздестіруді мәселелері бойынша қатынастарға түсуге және мемлекетаралық іздестіру жариялау (тоқтату) туралы шешімдер қабылдауға және/немесе оны жүзеге асыруға уәкілетті органдар;
      б) адамдарды мемлекетаралық іздестіру - мыналарға:
      жауап алу, тергеу органдарынан немесе соттан жасырынған және қылмыстық жазасын өтеуден жалтарған адамдарды беру немесе қылмыстық қудалауды жүзеге асыру мақсатында оларды табуға, ұстауға және қамауға алуға;
      талап-арыздар бойынша соттардың шешімдерін орындаудан жалтарған адамдардың жүрген жерін анықтауға;
      хабарсыз кеткен немесе туысқандарымен байланысын жоғалтқан адамдардың жүрген жерін анықтауға;
      өзі туралы анықтамалық деректерді хабарлауға қабілеті жоқ адамның жеке басын анықтауға;
      танылмаған мәйіт бойынша адамның жеке басын анықтауға;
      сондай-ақ іздестіруге бастамашы мемлекеттен тыс жерлерде, бірақ Тараптардың аумақтарындағы іздестіріліп және анықталып жатқан адамдардың барлық санаттары туралы ақпарат ұсынуға бағытталған жедел-іздестіру, іздеу, ақпараттық-талдау және өзге де іс-шаралар кешені;
      в) жауап алу, тергеу органынан немесе соттан жасырынған адам - оған қатысты жауап алу, тергеу органының немесе соттың іздестіру жариялау туралы шешімі бар адам;
      г) қылмыстық іс бойынша үкімді немесе талап-арыз бойынша сот шешімін орындаудан жалтарған адам - қылмыс жасағаны үшін сотталған немесе соттың шешімімен міндеттемелер орындауға міндетті, қылмыстық іс бойынша үкімді немесе соттың шешімін орындаудан жалтару мақсатында жасырынған, жүрген жері белгісіз, оған қатысты іздестіру жариялау туралы сот шешімі немесе өзге де заңды шешімдер бар адам;
      д) хабарсыз кеткен адам - құзыретті органға оған қатысты жоғалғаны туралы арыз немесе хабарлама түскен адам;
      е) туысқандарымен байланысын жоғалтқан адам - түрлі себептерге байланысты туысқандарымен қандай да бір қарым-қатынастары жоқ және өзінің қайда екені туралы мәліметтерді хабарламайтын, оған қатысты құзыретті органға іздестіру туралы арыз түскен адам;
      ж) өзі туралы анықтамалық деректерді хабарлауға қабілеті жоқ адам - ауруына, жасына немесе өзге де жай-күйіне байланысты өзінің жеке басын шынайы анықтауға мүмкіндік беретін деректерді құзыретті органға хабарлауға қабілетсіз адам.

2-бап

      1. Тараптар осы Шартқа, басқа да халықаралық шарттарға және ұлттық заңнамаға сәйкес өздерінің құзыретті органдары арқылы адамдарды мемлекетаралық іздестіруде ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      2. Құзыретті органдардың тізбесін әрбір Тарап айқындайды және осы Шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы хабарламаны сақтау үшін депозитарийге береді.
      3. Құзыретті органдардың тізбесіндегі өзгерістер туралы Тараптардың әрқайсысы бір ай мерзімде депозитарийге жазбаша хабарлайды.

3-бап

      1. Тараптардың құзыретті органдары ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:
      а) адамдарды мемлекетішілік іздестіру бойынша іс-шаралар жүргізу туралы сұрау салуларды орындау;
      б) іздестіріліп жатқан адамдар туралы жедел, іздестіру, жедел-анықтамалық, криминалистикалық және өзге ақпарат алмасу;
      в) үйлестірілген жедел-іздестіру іс-шараларын жоспарлау және жүзеге асыру;
      г) Тараптардың құзыретті органдарымен келісім бойынша олардың өкілдерін жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде әрекеттерді үйлестіру үшін қызметтік іссапарларға жіберу;
      д) Тараптардың құзыретті органдарының қызметкерлері қызметтік іссапарларда болған уақытта оларға жәрдем көрсету;
      е) жұмыс тәжірибесімен алмасу, бірлескен кеңестер, конференциялар және семинарлар өткізу;
      ж) кадрлар даярлауда, қайта даярлауда және біліктілігін арттыруда көмек көрсету;
      з) заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілермен, әдістемелік ұсынымдармен алмасу;
      и) адамдарды мемлекетаралық іздестірудің орталықтандырылған ақпараттық массивін қалыптастыруға және жүргізуге қатысу.
      2. Тараптардың құзыретті органдары ынтымақтастықты өзге де өзара тиімді нысандарда жүзеге асыра алады.

4-бап

      Тараптардың құзыретті органдары:
      а) жауап алу, тергеу органдарынан немесе соттан жасырынған және қылмыстық жазасын өтеуден жалтарған;
      б) талап-арыздар бойынша соттардың шешімдерін орындаудан жалтарған;
      в) хабарсыз кеткен;
      г) туысқандарымен байланысын жоғалтқан адамдарды, сондай-ақ өзі туралы анықтамалық деректерді хабарлауға қабілетсіз адамның және танылмаған мәйіт бойынша адамның жеке басын анықтау кезінде мемлекетаралық іздестіруді жүзеге асырады.

5-бап

      1. Адамдарды мемлекетаралық іздестіруді ұйымдастыру осы Шартта көзделген сұрау салулар және сұрау салушы Тараптың құзыретті органдары сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдарына жіберетін өзге де өтініштер арқылы жүзеге асырылады.
      Егер ақпарат осы Тарап үшін қызығушылық тудырады деп ұйғаруға негіздер болса, ол екінші Тарапқа сұрау салусыз ұсынылуы мүмкін.
      2. Сұрау салу жазбаша нысанда сұрау салушы Тараптың құзыретті органының ресми бланкісінде жіберіледі, осы органның басшысы қол қояды және елтаңбалы мөрімен куәландырылады.
      Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салу:
      а) шифрлі жеделхатпен;
      б) деректерді берудің магистралдық желісі бойынша электрондық түрде;
      в) мәтінді берудің өзге де техникалық құралдарын пайдалана отырып;
      г) кейіннен міндетті түрде үш тәуліктен кешіктірмейтін мерзімде жазбаша растай отырып, ауызша берілуі мүмкін.
      3. Сұрау салуда:
      а) сұрау салушы және сұрау салынатын Тараптардың құзыретті органдарының атаулары;
      б) іздестіру ісінің нөмірі, күні және ашу негізі;
      в) сұрау салудың мақсаты және негіздемесі;
      г) қажет болғанда - сұрау салуды орындаудың ерекше тәртібін сипаттау және бұл қажеттіліктің негіздемесі;
      д) сұрау салуды орындау үшін қажет болуы мүмкін өзге де деректер көрсетіледі.
      Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды тиісті түрде орындау үшін қажетті қосымша мәліметтерді сұратуға құқылы.
      4. Егер сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы сұрау салуды орындау өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе басқа да маңызды мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін не болмаса сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп ұйғарса, сұрау салуды орындау кейінге қалдырылуы немесе оны орындаудан бас тартылуы мүмкін.
      5. Сұрау салуды орындаудан бас тарту немесе оны орындауды кешіктіру туралы сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы бас тартудың немесе кешіктірудің себептерін көрсете отырып, сұрау салушы Тараптың құзыретті органына хабарлайды.

6-бап

      1. Егер сұрау салушы Тараптың құзыретті органы алынған мәліметтерді, оның ішінде сұрау салуды алу фактісін және мазмұнын жарияламаған жөн деп есептесе, Тараптардың әрқайсысының құзыретті органы олардың құпиялылығын қамтамасыз етеді.
      2. Сұрау салуды орындау кезінде құпиялылықты сақтау мүмкін болмаған жағдайда сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы бұл туралы мұндай жағдайларда сұрау салуды орындау мүмкіндігі туралы шешім қабылдау үшін сұрау салушы Тараптың құзыретті органына хабарлайды.

7-бап

      Адамдарды мемлекетаралық іздестірудің орталықтандырылған ақпараттық массивін қалыптастыруды және жүргізуді Мемлекетаралық ақпараттық банк шеңберінде Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің Бас ақпараттық-талдау орталығы жүзеге асырады.

8-бап

      Тараптардың құзыретті органдары, егер әрбір нақты оқиғада өзгеше тәртіп келісілмеген болса, осы Шартты орындау барысында туындаған шығыстарды дербес көтереді.

9-бап

      Адамдарды мемлекетаралық іздестіру тәртібі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкіметтері басшыларының кеңесі бекітетін жеке құжатпен айқындалады.

10-бап

      Осы Шарт Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

11-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөлігі болып табылатын, тиісті хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Шартты қолдану және түсіндіру кезінде туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.

13-бап

      Осы Шарт оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындауы туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастан 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Шарт тиісті құжаттарды депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

14-бап

      Осы Шарт ол күшіне енгеннен кейін қосылу туралы депозитарийге құжаттар беру жолымен оның ережелерін, мақсаттары мен принциптерін бөлісетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      Қосылушы мемлекет үшін осы Шарт қосылу туралы тиісті құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн еткен соң күшіне енеді.

15-бап

      Осы Шарт белгіленбеген мерзімге жасалады.
      Әрбір Тарап шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей мұндай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жіберіп және Шарттың қолданылу уақытында туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттеп, осы Шарттан шыға алады.
      Осы Шарттың қолданылуын тоқтату Тараптардың осы Шарттың 6-бабында көзделген құпия ақпаратты қорғау жөніндегі міндеттемелерін тоқтатуға әкеп соқпайды.

      _______ жылғы __________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол оның расталған көшірмесін осы Шартқа қол қойған әрбір мемлекетке жібереді.

    Әзірбайжан Республикасы үшін    Ресей Федерациясы үшін
 
    Армения Республикасы үшін       Тәжікстан Республикасы үшін
 
    Беларусь Республикасы үшін      Түрікменстан үшін
 
    Қазақстан Республикасы үшін     Өзбекстан Республикасы үшін
 
    Қырғыз Республикасы үшін        Украина үшін
 
    Молдова Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады