2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы ұсынысты Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 9 желтоқсандағы № 1333 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

2002 жылғы 7 қазандағы
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт
ұйымының Жарғысына өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер,
      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (бұдан әрі - Ұйым) қызметінің тиімділігін арттыруға ниеттене отырып,
      халықаралық, сыртқы саяси, әскери, әскери-техникалық (әскери-экономикалық), құқықтық және өзге де қызмет салаларындағы, сондай-ақ Ұйым шеңберінде жүзеге асырылатын жаңа қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлеге қарсы бірлесіп әрекет ету саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ұмытыла отырып,
      2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Жарғысының (бұдан әрі - Жарғы) 27-бабына сәйкес,
      төмендегілер туралы келісті:
      1. Жарғыға мынадай өзгерістер енгізілсін:
      а) 1-бапта «бекітеді (бұдан әрі - Ұйым)» деген сөздер «(ҰҚШҰ) бекітеді, бұдан әрі - Ұйым деп аталады» деген сөздермен ауыстырылсын;
      б) 7-бапта бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Ұйым мақсаттарына қол жеткізу үшін мүше мемлекеттер оның шеңберінде коалициялық (ұжымдық) күштерін, өңірлік (біріккен) әскер (күштер) топтарын, бітімгершілік күштерін, оларды басқаратын біріккен жүйелер мен органдарын, әскери инфрақұрылымды құруды қоса алғанда, қауіпсіздікке, тұрақтылыққа, аумақтық тұтастыққа және егемендікке қауіп төнген жағдайда ұжымдық қорғануды және ұжымдық қорғанысқа деген құқықты іске асыруды қамтамасыз ететін тиімді ұжымдық қауіпсіздіктің пәрменді жүйесін қалыптастырудың бірлескен шараларын қабылдайды. Сондай-ақ, мүше мемлекеттер әскери-техникалық (әскери-экономикалық) ынтымақтастық, әскери күштерді, құқық қорғау органдарын және арнайы қызметтерді қажетті қару-жарақпен, әскери, арнайы техникамен және арнайы құралдармен қамтамасыз ету, ұлттық қарулы күштер, арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдары үшін әскери кадрлар мен мамандар даярлау саласында өзара іс-қимыл жасайды»;
      в) 8-бапта:
      - мынадай мазмұндағы екінші және үшінші абзацтармен толықтырылсын:
      «Мүше мемлекеттер Ұйым шеңберінде мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, аумақтық тұтастығына және егемендігіне қауіп төндіретін дағдарыс жағдайларына ден қоятын жүйені құруға және оның жұмыс істеуіне қатысты шаралар қабылдайды.
      Мүше мемлекеттер мемлекеттік шекараларды қорғау, ақпарат алмасу, ақпараттық қауіпсіздік, тұрғын және аумақты табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардан, сондай-ақ әскери іс-қимылды енгізу кезінде немесе оның салдарларынан туындайтын қауіптерден қорғау салаларында өзара іс-қимыл жасайды.»;
      - екінші абзац төртінші абзац болып саналсын;
      - төртінші абзацта «үкіметаралық» деген сөз алып тасталсын;
      г) 11-бапта:
      - «г» тармағынан кейін мынадай мазмұндағы жаңа «д» тармағымен толықтырылсын:
      «д) Тұрақты кеңес;»;
      - жетінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «Ұйымның тұрақты әрекет ететін жұмыс органдары Ұйым Хатшылығы (бұдан әрі - Хатшылық) және Ұйымның Біріккен штабы (бұдан әрі - Біріккен штаб) болып табылады.»;
      - мынадай мазмұндағы сегізінші абзацпен толықтырылсын:
      - «Ұйымның Парламенттік ассамблеясы парламентаралық ынтымақтастық органы болып табылады.»;
      - сегізінші абзац тоғызыншы болып саналсын;
      - тоғызыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «Жоғарыда көрсетілген органдардың функциялары мен жұмыс тәртібі осы Жарғымен, сондай-ақ Ұйымның басқа да нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.»;
      д) 12-бап мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
      «Мүше мемлекеттер шектеулі форматта шешім қабылдау үшін Ұйымның осы Жарғысымен және нормативтік құқықтық актілерімен белгіленген Ұйымның органдары мен рәсімдерін пайдалануға құқылы.
      Шектеулі форматта шешім қабылдау үшін дауыс бермеген мүше мемлекет қабылданған шешімнің салдарлары үшін жауапты емес»;
      е) 13-бапта:
      - төртінші абзацта «өкілетті өкілдер» деген сөздер «Тұрақты және Өкілетті Өкілдер» деген сөздермен ауыстырылсын;
      - сегізінші және тоғызыншы абзацтар алып тасталсын;
      ж) мынадай мазмұндағы жаңа 161-баппен толықтырылсын:

«161-бап

      «Тұрақты кеңес Кеңес сессияларының аралығы кезеңінде Ұйым шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелерімен айналысатын және ұйымның тұрақты қызмет ететін жұмыс органдарымен бірлесіп Кеңес, СІМК, ҚМК және ҚКХК қабылдаған шешімдердің іске асырылуын қамтамасыз ететін Ұйымның үйлестіруші органы болып табылады.
      Тұрақты кеңес мүше мемлекеттердің басшылары өздерінің ішкі мемлекетішілік рәсімдеріне сәйкес тағайындайтын Тұрақты және Өкілетті Өкілдерден (бұдан әрі - тұрақты өкілдер) тұрады және Кеңес бекітетін Ережеге сәйкес әрекет етеді».
      з) V бөлім мынадай редакцияда жазылсын:

«V бөлім. Бас хатшы.
Ұйымның тұрақты қызмет ететін жұмыс органдары 17-бап

      Ұйымның Бас хатшысы (бұдан әрі - Бас хатшы) Ұйымның жоғарғы әкімшілік лауазымды тұлғасы болып табылады. Бас хатшы Хатшылыққа басшылықты, сондай-ақ Ұйымның тұрақты қызмет ететін жұмыс органдарының қызметін үйлестіруді жүзеге асырады.
      Бас хатшы СІМК ұсынысымен мүше мемлекеттердің азаматтарының қатарынан Кеңес шешімімен үш жылдық мерзімге тағайындалады.
      Бас хатшы Кеңеске есеп береді, Кеңес, СІМК, ҚМК, ҚКХК және Тұрақты Кеңестің отырыстарына қатысады.
      Бас хатшы Ұйым органдарының қарауына енгізілетін құжаттар жобаларының әзірленуі мен келісілуін үйлестіреді, мүше емес мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен, баспасөз ақпарат құралдарымен қатынастарда Ұйым атынан өкілдік етеді және олармен жұмыс байланыстарын жүзеге асырады.
      Бас хатшы осы Жарғы, Ұйым шеңберінде жасалатын басқа да халықаралық шарттар мен қабылданатын құжаттарға қатысты депозитарий болып табылады.

18-бап

      Хатшылық Ұйым органдарының ұйымдастыру, ақпараттық, талдау және консультациялық қамтамасыз етілуін жүзеге асырады.
      Хатшылық Тұрақты кеңеспен өзара ықпалдаса отырып, Ұйым органдарының шешімдері мен басқа да құжаттарының жобаларын дайындауды жүзеге асырады.
      Хатшылық мүше мемлекеттердің Ұйым бюджетіне қосатын үлестік жарналарына барабар сәйкес квоталық негізде (лауазымды тұлғалар) мүше мемлекеттер азаматтарының қатарынан және конкурстық негізде келісімшарт бойынша жалдап алынатын мүше мемлекеттер азаматтарының қатарынан (қызметкерлер) қалыптастырылады.
      Хатшылықтың функциялары, қалыптасу және жұмыс тәртібі Кеңес бекітетін тиісті Ережемен белгіленеді.
      Хатшылықтың орналасатын жері Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы болып табылады. Хатшылықтың Ресей Федерациясының аумағында болу шарттары тиісті халықаралық шарттың негізінде реттеледі.

181-бап

      Біріккен штаб ҚМК қызметінің ақпараттық-талдау және ұйымдық қамтамасыз етілуін жүзеге асырады, Ұйымның әскери бөлігі бойынша ұсыныстарды дайындау үшін мүше мемлекеттердің әскери басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, өзінің құзыретіне жататын әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша Ұйым органдарының шешімдерін нақты іске асыруды ұйымдастыру мен үйлестіруге жауап береді.
      Біріккен штаб мүше мемлекеттердің Ұйым бюджетіне қосатын үлестік жарналарына барабар квоталық негізде мүше мемлекеттер азаматтарының және конкурстық негізде келісімшарт бойынша жалдап алынатын мүше мемлекеттер азаматтарының қатарынан қалыптастырылады.
      Біріккен штабтың міндеттері, функциялары, құрылымы, құрамы және ұйымдық негіздері Кеңес бекітетін тиісті ережемен белгіленеді.
      Біріккен штабтың орналасатын жері Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы болып табылады. Біріккен штабтың Ресей Федерациясының аумағында болу шарттары тиісті халықаралық шарттың негізінде реттеледі.»;
      и) 24-баптың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Ұйымның тұрақты қызмет ететін жұмыс органдарының қызметін қаржыландыру Ұйым бюджеті қаражатының есебінен жүзеге асырылады. Ұйым қызметін қамтамасыз етуге бюджеттен тыс қаражат (қарыздардан басқа) тартылу мүмкін, оларды қалыптастыру және пайдалану тәртібі Кеңес бекітетін тиісті ережемен белгіленеді.».
      2. Осы Хаттама Жарғының 26-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

      201 __ жылғы «__» _______ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы оның куәландырылған көшірмесін осы Хаттамаға қол қойған мемлекетке жіберетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады.

      Армения Республикасы үшін          Ресей Федерациясы үшін

      Беларусь Республикасы үшін         Тәжікстан Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін        Өзбекстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады