Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын геологиялық зерделеу және барлау жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісімді бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Үкіметі 2010 жылғы 13 желтоқсандағы № 1346 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Өскемен қаласында 2010 жылғы 7 қыркүйекте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын геологиялық зерделеу және барлау жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын геологиялық зерделеу және барлау жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісім
(2011 жылғы 17 қаңтарда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., № 3, 27-құжат)

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      2005 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Қазақстан - Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың 7-бабын негізге алып және 2001 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді, 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен ықпалдастықты одан әрі тереңдету туралы шартты, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтерінің басшылары кеңесінің 2004 жылғы 15 қыркүйектегі шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып,
      Қазақстан Республикасының аумағындағы Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Атырау қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 250 км жерде және Ресей Федерациясының аумағындағы Астрахань қаласынан шығыс-солтүстік-шығысқа қарай 60 км жерде орналасқан Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын (бұдан әрі - Имашев кен орны) бірлесіп геологиялық зерделеу және барлау мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Терминдер мен анықтамалар

      Осы Келісімде қолданылатын терминдер мен анықтамалар мынаны білдіреді:
      геологиялық зерделеу және барлау - Имашев кен орнын жан-жақты сипаттайтын және көмірсутек шикізаты мен ілеспе құрамдас бөліктердің қорларын есептеу, Имашев кен орнын игеру орындылығының техникалық-экономикалық негіздемесін жасау үшін қажет геологиялық-өнеркәсіптік өлшемдерді айқындау жөніндегі геологиялық жұмыстар кешені;
      үйлестіру комитеті - осы Келісімді іске асыру жөніндегі консультативтік орган;
      осы Келісім бойынша оператор – уәкілетті ұйымдардың келісімі бойынша айқындалған (тағайындалған), Имашев кен орнын геологиялық зерделеу және барлау үшін жер қойнауын пайдалану құқығы берілген коммерциялық ұйым;
      геологиялық зерделеу және барлау бағдарламасы - Имашев кен орнында көмірсутек шикізатын геологиялық зерделеу және барлау жөніндегі бірлескен жұмыстардың техникалық, экономикалық шарттары мен технологиялық көрсеткіштерін негіздейтін және белгілейтін, Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасымен осындай құжаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келетін бірлескен жобалық құжаттар;
      бірлескен қызмет - уәкілетті ұйымдардың Имашев кен орнында геологиялық зерделеуді және барлауды бірлесіп жүргізуге бағытталған келісілген іс-қимылдары (ынтымақтастығы);
      уәкілетті мемлекеттік органдар - құзыретіне осы Келісімнің ережелерін іске асыру кіретін Тараптар мемлекеттерінің атқарушы билік органдары.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.04.2014 N 318 қаулысымен.

2-бап
Келісімнің мақсаттары

      Осы Келісімнің мақсаты Имашев кен орнын геологиялық зерделеу және барлау, кейіннен пайдалы қазбалардың қорларын есептеу болып табылады.
      Имашев кен орнын геологиялық зерделеу және барлау аяқталғаннан кейін, оның қорлары кен орнының трансшекаралық екендігі және бірлесіп игеруге жағатындығы көрсетіліп, Тараптардың әрқайсысы мемлекеттерінің пайдалы қазбалар қорының мемлекеттік теңгеріміне толығымен қойылуға тиісті.
      Имашев кен орнын бірлесіп игеру жұмыстарды жүргізудің экономикалық тұрғыдан орындылығы анықталғаннан және бірлесіп игерудің тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің арасында Имашев кен орнының пайдалы қазбалар қорын бөлуді реттейтін тиісті келісімге қол қойылғаннан кейін жүзеге асырылады.

3-бап
Бірлескен қызметті жүзеге асыру қағидаттары

      Мыналар бірлескен қызметті жүзеге асырудың қағидалары болып табылады:
      Имашев кен орнына жүргізілген геологиялық зерделеу және барлау барысында жұмсалатын шығыстарды уәкілетті ұйымдардың арасында тең бөлу (елу де елу шартымен);
      Имашев кен орнын геологиялық зерделеу мен барлауды Тараптар мемлекеттері заңнамасының талаптарына сәйкес бірлескен геологиялық-барлау жұмыстарын орындау негізінде жүргізу.

4-бап
Үйлестіру комитеті және уәкілетті мемлекеттік органдар

      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрлігі, Ресей тарапынан Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдар болып табылады.
      Уәкілетті мемлекеттік органдардың атауы өзгерген жағдайда Тараптар бұл туралы дипломатиялық арналар бойынша бірін-бірі дереу хабардар етеді.
      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі қызметке олардың өкілеттіктеріне сәйкес Тараптардың өзге де мемлекеттік органдары тартылады.
      Осы Келісімнің 2-бабында көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін Тараптар бірлескен Үйлестіру комитетін құрады.
      Үйлестіру комитетінің қазақстандық бөлігін Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрлігі қалыптастырады және басқарады.
      Үйлестіру комитетінің ресейлік бөлігін Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі қалыптастырады және басқарады.
      Үйлестіру комитеті әр Тараптың кемінде 3 өкілінен тұрады.
      Үйлестіру комитетінің мәжілістері жылына кемінде бір рет немесе Тараптардың қайсыбірінің жазбаша сұранысы бойынша жиірек өткізіледі.
      Үйлестіру комитеті мәжілістерінің кестесі мен оларды өткізу бағдарламасын, уәкілетті мемлекеттік органдар мәжілістің басталуына дейін 30 күннен кешіктірмей, бірлесіп талқылайды.
      Үйлестіру комитетінің мәжілістерін ұйымдастыруға және өткізуге байланысты шығыстарды - қабылдаушы Тарап, көлік шығыстарын жіберуші Тарап қамтамасыз етеді.

5-бап
Уәкілетті ұйымдар

      Қазақстан тарапынан - «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамы, ал Ресей тарапынан «Газпром» ашық акционерлік қоғамы уәкілетті ұйымдар (бұдан әрі - уәкілетті ұйымдар) болып табылады.
      Тараптардың әрқайсысы осы Келісім күшіне енген күннен кейін осы Келісім бойынша операторға өз мемлекеті аумағының шегінде Имашев кен орнын геологиялық зерделеу мен барлауды жүргізуге қажетті барлық құжаттарды ұсынуды жүзеге асырады.
      Осы Келісім бойынша оператор өз қызметін жүзеге асыратын мемлекеттің аумағында Тарап мемлекетінің заңнамасында жер қойнауын пайдаланушыларға қойылатын талаптарға сәйкес болуға тиіс.
      Уәкілетті ұйымдар осы Келісім жөніндегі операторды бірлесіп айқындайды (тағайындайды). Тараптар осы Келісім бойынша операторға өз мемлекеттерінің аумағы шегінде Имашев кен орнын геологиялық зерделеу және барлау үшін Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын береді.
      Уәкілетті ұйым Тараптардың жазбаша келісімімен ғана ауыстырылуы мүмкін.
      Осы Келісім бойынша оператор Имашев кен орнын геологиялық зерделеу және барлау жөніндегі жұмыстарды жүргізудің нәтижесінде Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында қоршаған ортаға және (немесе) жеке немесе заңды тұлғаларға келтірген зияны мен залалы үшін Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жауапты болады.
      Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.04.2014 N 318 қаулысымен.

6-бап
Өлшеулер жүргізу

      Имашев кен орнын геологиялық зерделеу және барлау жүргізу басталғанға дейін Осы Келісім бойынша оператор қоршаған ортаның ағымдағы жай-күйіне барлық қажетті өлшеулерді жүзеге асырады.
      Өлшеулердің нәтижелері Тараптардың уәкілетті мемлекеттік органдарына беріледі.
      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.04.2014 N 318 қаулысымен.

7-бап
Геологиялық зерделеу және барлау бағдарламасын әзірлеу

      Осы Келісім бойынша оператор Имашев кен орнының жер қойнауын пайдалану құқығын алғаннан кейін Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында осындай құжаттарға қойылатын талаптарға сай келетін геологиялық зерделеу және барлау бағдарламасын әзірлейді. Геологиялық зерделеу және барлау бағдарламасы Тараптардың уәкілетті ұйымдарында келісуге тиіс.
      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.04.2014 N 318 қаулысымен.

8-бап
Геологиялық ақпарат беру

      Уәкілетті мемлекеттік органдардың осы Келісім бойынша операторға Имашев кен орнын геологиялық зерделеумен және барлаумен байланысты геологиялық ақпаратты беруі Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Имашев кен орнына геологиялық зерделеу және барлау жүргізу кезінде алынған жер қойнауы туралы геологиялық және өзге де ақпаратты осы Келісім бойынша оператор Тараптардың әрқайсысы мемлекеті заңнамасының талаптарына сәйкес толық көлемде Тараптар мемлекеттерінің оның құпиялылығы қамтамасыз етілуге тиісті геологиялық ақпарат қорларына сақтауға тапсырады.
      Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.04.2014 N 318 қаулысымен.

9-бап
Қауіпсіздік шаралары

      Имашев кен орнында геологиялық зерделеу және барлау жүргізу жұмыстарын орындау аймағындағы қоршаған ортаны қорғауды, экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыру және онда тұратын адамдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аталған жұмыстарды орындау кезіндегі күкірт сутегінің жоғары құрамын (15-17 пайыз) ескере отырып, осы Келісім жөніндегі оператор қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізеді және қоршаған ортаның ағымдағы жай-күйіне қажетті өлшеулерді жүзеге асырады.
      Осы Келісім бойынша оператор Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Имашев кен орнындағы жойылған және консервацияланған ұңғымалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
      Кен орнында халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтіретін жағдайлар туындағанда, осындай жағдайды анықтаған Тараптың тиісті мемлекеттік органдары мен ұйымдары дереу анықталған жағдайды және оның салдарын жоюға шаралар қабылдауға және бұл туралы басқа Тараптың уәкілетті мемлекеттік органын дереу хабардар етуге міндетті.
      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.04.2014 N 318 қаулысымен.

10-бап
Бірлескен тексерулер (инспекциялар)

      Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік органдарының шешімімен және үйлестіру комитетінің хабарламасынан кейін Имашев кен орнын геологиялық зерделеу, ұтымды пайдалану мен жер қойнауын қорғау барысын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру шеңберінде уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын, осы мақсаттар үшін арнайы құрылатын комиссиялар бірлескен тексерулер (инспекциялар) ұйымдастырады.

11-бап
Жер қойнауын пайдаланғаны үшін төленетін төлемдер

      Осы Келісім бойынша оператор жер қойнауын пайдаланғаны үшін Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда төлемдер төлейді.
      Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.04.2014 N 318 қаулысымен.

12-бап
Келіспеушіліктерді шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы кез келген даулар өзара консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.

13-бап
Қорытынды ережелер

      Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
      Осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

14-бап
Күшіне енуі

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Өскемен қаласында 2010 жылғы 7 қыркүйекте қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының       Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

      2010 жылғы 7 қыркүйекте Өскемен қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Имашев трансшекаралық газ конденсаты кен орнын геологиялық зерделеу және барлау жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                                 Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады