1992 жылғы 20 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Жәрдем көрсетуді жеңілдету жөніндегі ынтымақтастыққа қатысты келісімнің ережелерін қолдану жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 23 желтоқсандағы № 1407 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 1992 жылғы 20 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Жәрдем көрсетуді жеңілдету жөніндегі ынтымақтастыққа қатысты келісімнің ережелерін қолдану жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Сейдахметқызы Айтжановаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан 1992 жылғы 20 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Жәрдем көрсетуді жеңілдету жөніндегі ынтымақтастыққа қатысты келісімнің ережелерін қолдану жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2009 жылғы 23 желтоқсандағы
№ 1407 қаулысымен   
мақұлданған      

жоба

1992 жылғы 20 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы
Жәрдем көрсетуді жеңілдету жөніндегі ынтымақтастыққа қатысты
келісімнің ережелерін қолдану жөніндегі өзара түсіністік туралы
меморандум

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі (бұдан әрі - Тараптар),
      1992 жылғы 20 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Жәрдем көрсетуді жеңілдету жөніндегі ынтымақтастыққа қатысты келісімнің (бұдан әрі - Негіздемелік келісім) V бабына сәйкес,
      Негіздемелік келісімге сәйкес салықтардан босату үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ Жәрдемдесу бағдарламаларына қатысты ақпарат ұсыну мақсатында
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Негіздемелік келісімге сәйкес Жәрдемдесу бағдарламалары деп қайтарымсыз негізде Америка Құрама Штаттарының Үкіметі (бұдан әрі - АҚШ Үкіметі) ұсынатын, Қазақстан халқының игілігі үшін ізгілік көмек, техникалық және экономикалық жәрдем көрсетуге бағытталған бағдарламалар (бұдан әрі - Жәрдемдесу бағдарламалары) түсініледі. Тараптардың құзыретті органдары Негіздемелік келісімге сәйкес Жәрдемдесу бағдарламаларының басымдықтарына, мақсаттары мен бағыттарына, қол жеткізілуге тиіс нәтижелерге және нәтижелерді бағалау тәсілдеріне, сондай-ақ Тараптардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты тиісті мәселелерді мерзімді талқылайтын болады.

2-бап

      Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі (бұдан әрі - Экономика министрлігі) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретті органы болып табылады, Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының Елшілігі (бұдан әрі - АҚШ Елшілігі) АҚШ Үкіметінің құзыретті органы болып табылады. Тараптар өздерінің құзыретті органдарының өзгеруі туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы мұндай өзгеріс туралы шешім қабылданған күннен бастап 30 күн ішінде хабардар етеді.

3-бап

      Жыл сайын, 31 қаңтарға дейін АҚШ Елшілігі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Экономика министрлігіне мыналарды:
      (а) алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде жүзеге асырылған Жәрдемдесу бағдарламаларын іске асыру мақсаттары мен міндеттерін, мерзімдерін және Негіздемелік келісімге сәйкес Жәрдемдесу бағдарламаларын орындайтын барлық ұйымдарды қаржыландыру көлемін қоса алғанда, олардың тізбесін;
      (b) АҚШ ұйымдарының осындай кез келген тізімін кейіннен қажетіне қарай өзгерту немесе толықтыру мүмкіндігі шартымен олар жүзеге асыратын қызмет түрлерін көрсете отырып, АҚШ-тың Жәрдемдесу бағдарламаларын жүзеге асыратын үкіметтік және жеке меншік ұйымдарының (бұдан әрі - АҚШ ұйымдары) тізбесін;
      (c) АҚШ Конгресіне берілген Жәрдемдесу бағдарламаларының орындалуы жөніндегі жыл сайынғы есептің көшірмесін;
      (d) беру туралы Тараптар алдағы уақытта уағдаласуы мүмкін Жәрдемдесу бағдарламаларына байланысты басқа да ақпаратты қоса алғанда, Жәрдемдесу бағдарламаларына қатысты ақпаратты жолдайтын болады.

4-бап

      Егер АҚШ-тың Жәрдемдесу бағдарламаларын орындайтын жеке меншік ұйымдары мен олардың қызметкерлері Негіздемелік келісімде көзделмеген өзге қызметі жүзеге асырған жағдайда, Тараптар мұндай қызметке салық салу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатынын таниды. Негіздемелік келісімге қатысты «АҚШ-тың жеке меншік ұйымы» - бұл Америка Құрама Штаттары штаттарының кез келгенінің заңнамасына сәйкес корпорация, бизнес траст, мүліктік кешен, траст, серіктестік, қор немесе қауымдастық ретінде қалыптастырылған үкіметтік емес ұйым.

5-бап

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі АҚШ Елшілігіне АҚШ-тың Жәрдемдесу бағдарламаларын орындайтын ұйымдарының кез келгенінің құқықтық мәртебесі туралы ақпарат беруге қатысты сұрау салуға құқылы.

6-бап

      Қазақстан Республикасының Үкіметі дипломатиялық арналар арқылы, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы Негіздемелік келісімге сәйкес Жәрдемдесу бағдарламаларын орындау үшін қажет болуы мүмкін тіркеу, Қазақстан Республикасының рұқсаттары мен лицензияларын алу үдерістерін Негіздемелік келісімге сәйкес салықтан босатуды жеңілдету және жеделдету мәселелерінде жәрдем көрсетеді.

7-бап

      Тараптар арасындағы осы Меморандумды орындауға қатысты барлық даулы мәселелер өзара консультациялар арқылы шешілетін болады.

8-бап

      Осы Меморандум Негіздемелік келісімге сәйкес орындалады және Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабардар еткен сәттен бастап күшіне енеді.

9-бап

      Осы Меморандум Негіздемелік келісімнің қолданылуы тоқтатылған сәттен бастап өзінің қолданылуын тоқтатады.

      Астана қаласында 2010 жылғы «__» ______ әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының            Америка Құрама Штаттарының
            Үкіметі үшін                         Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады