Кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік аттестатын беру қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 27 желтоқсандағы № 1418 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2015 жылғы 23 шілдедегі № 573 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Yкiметiнiң 23.07.2015 № 573 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексінің 32-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік аттестатын беру қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің      
2010 жылғы 27 желтоқсандағы
№ 1418 қаулысымен   
бекітілген       

Кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік
аттестатын беру қағидасы

      1. Осы Қағида «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 маусымдағы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 32-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген және кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік аттестатын беру тәртібін айқындайды.
      2. Кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік аттестатын алу үшін ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, кеден органдары жүргізетін (бұдан әрі - кеден органдары) кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындаған біліктілік емтиханын тапсыру қажет.
      3. Біліктілік емтиханы өткен күні нәтижелер белгіленгеннен кейін, осы емтихандарды өткізген кеден органдары кеден ісі саласындағы уәкілетті органға емтиханнан өткен тұлғалар туралы ақпаратты электрондық, сондай-ақ жазбаша түрде ұсынады.
      4. Осы Қағиданың 3-тармағында көрсетілген тұлғаларға ұсынылған ақпараттың негізінде біліктілік емтихандарының нәтижелері алынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде кеден ісі саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша кедендік декларациялау жөніндегі мамандардың біліктілік аттестаттары толтырылады.
      5. Осы Қағиданың 4-тармағына сәйкес біліктілік аттестаттары толтырылғаннан кейін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде біліктілік аттестаттарын емтихан өткізген кеден органдарына поштамен жолдайды.
      6. Кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік аттестаттарын алғаннан кейін кеден органдары кеден ісі саласындағы уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша кедендік декларациялау жөніндегі маманның бейджін ресімдейді және біліктілік емтихандарын тапсырған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік аттестатын және бейджін беруді жүргізеді.
      7. Кеден органдары кеден ісі саласындағы уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік аттестатын, бейдждерін беру журналын жүргізеді.
      8. Кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік аттестаты немесе бейдждері жоғалған (бүлінген), сондай-ақ тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда бұдан бұрын кедендік декларациялау жөніндегі аттестатты берген кеден органына еркін нысандағы өтінішті:
      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
      2) мөлшері 3,5 х 4,5 сантиметр түрлі-түсті екі фотографияны қоса бере отырып ұсыну қажет.
      9. Кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік аттестатының қолданылу мерзімі екі жылды құрайды.
      Қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік аттестаты жарамсыз деп саналады.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 04.10.2013 № 1052 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      9-1. Қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты біліктілік аттестатының қолданылуы тоқтатылған жағдайда кедендік декларациялау жөніндегі маман қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін екі ай бұрын қолданыстағы біліктілік аттестатын қоса бере отырып, Кодекстің 32-бабының 4-тармағына сәйкес қайта аттестаттау бойынша емтихан тапсыруға өтініш беруге құқылы. Емтиханды сәтті тапсырған кезде қолданыстағы біліктілік аттестаты жаңасы тіркелген сәттен бастап жарамсыз болады.
      Ескерту. Қағида 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 04.10.2013 № 1052 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      10. Егер кедендік декларациялау жөніндегі маманның біліктілік аттестаты өтініш иесі ұсынған толық емес мәліметтер және дәйексіз мәліметтер негізінде берілген жағдайда, біліктілік аттестаты жойылуға жатады.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.10.2013 № 1052 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      11. Біліктілік аттестатын жою туралы шешім кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының (оны алмастыратын адамның) бұйрығымен ресімделеді. Бұл ретте біліктілік аттестатын беру туралы қайталама өтінішті кеден ісі саласындағы уәкілетті орган жою туралы бұйрық қабылданған күнінен бастап бір жыл өткен соң қарайды.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.10.2013 № 1052 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады