Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 10 наурыздағы № 193 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2009 жылғы 10 желтоқсанда Берлин қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік
Республикасының Үкіметі арасындағы дипломаттық паспорттардың
иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім

(2012 жылғы 26 сәуірде күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 4, 56-құжат)

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі,
      қалыптасқан достық қатынастарды нығайтудағы олардың мүдделілігін ескере отырып және бір Тарап мемлекет азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағына жүріп-тұруын жеңілдету мақсатында өздерінің өзара қатынастарын күшейтуге ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Тарапымен берілген жарамды дипломаттық паспорттары бар және екінші Тарап мемлекетінің аумағында қызметке тағайындалмаған немесе екінші Тарап мемлекетінің аумағына жіберілмеген бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіру, транзитпен өту, болу және кету үшін келген күнінен бастап (Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Шенген аймағына алғашқы келген күнінен бастап) 6 (алты) ай ішінде 90 (тоқсан) күнге дейінгі мерзім (бір немесе бірнеше рет) виза алу қажеттілігінен босатылады.
      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес, жұмыс істеуге рұқсатты талап ететін ақылы қызметті жүзеге асыруға болмайды.

2-бап

      (1) Осы Келісім екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан жарамды дипломаттық паспорттары бар дипломатиялық миссиялардың, консулдық мекемелердің мүшелерін, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдерін және олардың отбасы мүшелерін қабылдаушы мемлекет аумағына келуінен бұрын тіркеу үшін виза алу қажеттілігінен босатпайды.
      (2) Тағайындалғаннан кейін аталған адамдар өздері тағайындалған кезең ішінде қабылдаушы мемлекет аумағына визасыз келе алады, транзитпен өте алады, бола алады және кете алады.
      (3) Осы Келісімде 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында аталған құқықтар мен міндеттерге ештеңе қарама-қайшы келмеуі тиіс.

3-бап

      Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында аталған тұлғалар халықаралық қатынас үшін ашық шекараны кесіп өтетін барлық пункттер арқылы екі Тарап мемлекеттерінің аумағына да келе алады, кете алады.

4-бап

      Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында аталған тұлғалар қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасын сақтауға міндетті.

5-бап

      Осы Келісім әрбір Тараптар құзыретті органдарының осы Келісімде аталған осы тұлғалардың болуы қолайсыз деп танылған адамдардың Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағына келуінен немесе онда болуынан немесе олар ұлттық, жоғары ұлттық және халықаралық құқыққа сәйкес, кіру және тұру шарттарын орындамаған жағдайда бас тарту құқығын өзіне қалдырады.

6-бап

      (1) Тараптардың әрқайсысы ұлттық қауіпсіздікті немесе қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұру құқығын өзіне қалдырады.
      (2) Екінші Тарап осы Келісімді тоқтата тұру туралы мұндай шешім күшіне енгенге дейін 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы хабардар етіледі.
      (3) Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру осы Келісімнің 1 және 2-баптарында аталған, қабылдаушы мемлекеттің аумағындағы тұлғалардың құқықтарын қозғамайды.

7-бап

      (1). Тараптар осы Келісім күшіне енгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы қолданыстағы дипломаттық паспорттардың үлгілерімен алмасады.
      (2) Егер жаңа дипломаттық паспорт енгізілсе немесе қазіргі уақытта жарамды паспорттары өзгертілсе, Тараптар дипломатиялық арналар арқылы осы паспорттардың үлгілерімен осындай жаңартулар немесе өзгерістер күшіне енген күнге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей алмасады. Тараптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ІСАО) стандарттарымен ұсынып отырған машина оқи алатын жол жүру құжаттарын пайдалануы тиіс
      (3) Дипломаттық паспорттарға қатысты олардың ұлттық заңнамаларындағы өзгерістер туралы Тараптар көрсетілген өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін 30 (отыз) күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы бірін-бірі хабардар етеді
      (4) Дипломаттық паспорт жоғалған, ұрланған немесе жарамсыз болып табылған жағдайда, Тараптар бірін-бірі бұл туралы кешіктірмей хабардар етеді.

8-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен немесе ноталар алмасумен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.

9-бап

      Осы Келісімнің ережелеріне түсінік берудегі кез келген келіспеушіліктер немесе даулар дипломатиялық арналар арқылы Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер арқылы шешілетін болады.

10-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекеттік рәсімдерді орындағаны туралы екінші жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап отызыншы (30) күні күшіне енеді.
      Осы Келісім Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап 3 (үш) ай өткенге дейін күшінде қалады. Осы хабарламада заңдық негіздеме бар болуы тиіс емес.
      2009 жылғы 10 желтоқсанында Берлин қаласында әрқайсысы қазақ, неміс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, барлық мәтіндердің заңды күші бар.
      Осы Келісімнің қазақ және неміс тілдеріндегі мәтіндерін түсіндіру кезінде келіспеушілік туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасының                  Германия Федеративтік
      Үкіметі үшін                     Республикасының Үкіметі үшін

      2009 жылғы 10 желтоқсанда Берлин қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелері визалық талаптардан босату туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                              Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады