"Кеден одағының ветеринариялық-санитариялық шаралар жөніндегі келісімін ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 29 сәуірдегі № 367 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Кеден одағының ветеринариялық-санитариялық шаралар жөніндегі келісімін ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Заңы Кеден одағының ветеринариялық-санитариялық шаралар
жөніндегі келісімін ратификациялау туралы

      2009 жылғы 11 желтоқсанда Санкт-Петербургте қол қойылған Кеден одағының ветеринариялық-санитариялық шаралар жөніндегі келісімі ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Кеден одағының ветеринариялық-санитариялық шаралар
жөніндегі келісімі

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі кеден одағына (бұдан әрі - кеден одағы) мүше мемлекеттердің үкіметтері
      кеден одағын қалыптастыру мақсатында
      2008 жылғы 25 қаңтардағы Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімді негізге ала отырып,
      ветеринария саласында бірыңғай саясат жүргізудің орындылығын мойындай отырып,
      Халықаралық эпизоотиялық бюроның Құрлықтық жануарлардың санитариялық кодексінің және Су жануарларының санитариялық кодексінің, сондай-ақ 1993 жылғы 12 наурыздағы ТМД-ға мүше мемлекеттердің Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімінің, 1994 жылғы 15 сәуірде Марракеш қаласында көп жақты сауда келіссөздерінің Уругвайлық раунд нәтижесінде қабылданған Дүниежүзілік сауда ұйымындағы Саудадағы техникалық тосқауылдар туралы келісімнің және Санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану жөніндегі келісімнің ережелері мен принциптерін назарға ала отырып,
      кеден одағының кедендік аумағын жануарлардың, оның ішінде адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулар қоздырғыштарының және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес келмейтін тауарлардың (өнімдердің) әкелінуінен және таралуынан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      «ветеринариялық бақылау (қадағалау)» - уәкілетті органдардың жануарлардың, оның ішінде адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулар қоздырғыштарының және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сай келмейтін тауарлардың (өнімдердің) әкелінуіне және таралуына жол бермеуге, сондай-ақ кеден одағының заңнамасы мен Тараптар мемлекеттерінің ветеринария саласындағы заңнамаларын бұзуды болдармауға, анықтауға, оның жолын кесуге бағытталған қызметі;
      «ветеринарлық-санитарлық шаралар» - жануарлар ауруларының алдын алу және туындайтын қатерлерге байланысты, оның ішінде олар кеден одағының кедендік аумағының шегінде жануарлармен, жем-шөппен, жануарлардан алынатын шикізатпен және өніммен, сондай-ақ оларды тасымалдаған көлік құралдарымен бірге келген немесе таралған жағдайда адам мен жануарларға ортақ аурулардан халықты қорғау мақсатында қолданылатын орындау үшін міндетті талаптар мен рәсімдер;
      «уәкілетті органдар» - Тарап мемлекеттерінің ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдары мен мекемелері.
      Осы Келісімде арнайы айқындалмаған терминдер кеден одағы шеңберінде жасалған басқа халықаралық шарттарда белгіленген мағыналарда пайдаланылады.

2-бап

      Осы Келісімнің әрекеті жеке пайдалануға арналған тауарларды қоса алғанда, кеден одағының кедендік шекарасы арқылы және кеден одағының кедендік аумағында өткізілетін, Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарлардың бірыңғай тізбесіне (бұдан әрі - Бірыңғай тізбе) енгізілген, ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға (өнімге) (бұдан әрі - бақылаудағы тауарлар) қолданылады.
      Бақылаудағы тауарлар Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға (бұдан әрі - Бірыңғай ветеринариялық талаптар) сәйкес болуы тиіс және Кеден одағының кедендік шекарасында және кеден одағының кедендік аумағында ветеринариялық бақылауды жүзеге асырудың бірыңғай тәртібі туралы ережеге (бұдан әрі - Бақылаудың бірыңғай тәртібі туралы ереже) сәйкес міндетті ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жатады.

3-бап

      Тараптар бақылаудағы тауарларды кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізген кезде ветеринариялық бақылауды (қадағалауды) мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде не Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында айқындалған, ветеринариялық бақылау құралдарымен жабдықталатын және жарақталатын өзге де орындарда (бұдан әрі - өткізу пункттері) Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

4-бап

      1. Бақылаудағы тауарлардың әрбір легі кеден одағының кедендік аумағына Бірыңғай ветеринариялық талаптарға сәйкес және мыналар: Бақылаудың бірыңғай тәртібі туралы ережеге сәйкес аумағына көрсетілген тауарлар әкелінетін мемлекеттің уәкілетті органы берген рұқсат пен көрсетілген тауарды жөнелтуші елдің құзыретті органы берген ветеринариялық сертификаттың болуы шартымен енгізіледі.
      Бірыңғай ветеринариялық талаптар негізінде Тараптар жөнелтуші елдің (үшінші тараптың) құзыретті органдарымен кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына Бірыңғай тізбеге енгізілген бақылаудағы тауарларға арналған ветеринариялық сертификаттардың үлгілерін екі жақты тәртіппен келісе алады. Көрсетілген ветеринариялық сертификаттардың үлгілерін өткізу пункттеріне беру үшін олар Кеден одағының комиссиясына (бұдан әрі - Комиссия) жолданады.
      Кедендік транзит рәсіміне қойылған бақылаудағы тауарлар кеден одағының кедендік аумағы бойынша Бақылаудың бірыңғай тәртібі туралы ережеге сәйкес тасымалданады.
      2. Бақылаудағы тауарлар бір Тарап мемлекетінің аумағынан екінші Тарап мемлекетінің аумағына Бірыңғай ветеринариялық талаптарға сәйкес тасымалданады және ветеринариялық сертификатпен сүйемелденді.
      Тараптар Комиссия бекітетін бірыңғай нысандар бойынша уәкілетті органдар беретін ветеринариялық сертификаттарды өзара мойындайды.

5-бап

      1. Уәкілетті органдар Бірыңғай ветеринариялық талаптардың негізінде кеден одағының кедендік аумағына жануарлардың, оның ішінде адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулары қоздырғыштарының және жануарлардан алынатын, ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қауіпті тауарлардың (өнімдердің) әкелінуін және таралуын болдырмау бойынша шаралар қабылдайды.
      2. Уәкілетті органдар:
      өз мемлекеттерінің аумағында жануарлардың, оның ішінде адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулары және жануарлардан алынатын, ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қауіпті тауарлар (өнімдер) табылған және таралған жағдайда, диагноз ресми белгіленгеннен немесе тауарлардың (өнімдердің) қауіптілігі расталғаннан кейін олар туралы сондай-ақ қабылданған ветеринариялық-санитариялық шаралар туралы ақпаратты дереу ЕурАзЭҚ-тың техникалық реттеу, санитариялық және фитосанитариялық шаралар саласындағы ақпараттық жүйесіне және кеден одағының сыртқы және өзара саудасының ықпалдастырылған ақпараттық жүйесіне жолдайды;
      Комиссияны Жануарлардың қауіпті және карантиндік ауруларының тізбесіндегі өзгерістер туралы уақтылы хабардар етеді;
      ветеринария саласында бір-біріне ғылыми, әдістемелік және техникалық көмек көрсетеді.

6-бап

      1. Уәкілетті органдар кажет болған кезде және өзара уағдаластық бойынша кеден одағының кедендік аумағын жануарлардың, оның ішінде адам мен жануарларға ортақ жұқпалы ауруларының және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес келмейтін тауарлардың (өнімдердің) әкелінуінен және таралуынан қорғау жөніндегі кеден одағы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын объектілерге бірлескен тексерістер (инспекциялар) жүргізеді.
      Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын объектілердің бірлескен тексерісі (инспекциясы) Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын объектілердің бірлескен тексерісін жүргізудің және тауарлардың (өнімнің) сынамасын алудың бірыңғай тәртібі туралы ережеге (бұдан әрі - Тексерістердің бірыңғай тәртібі туралы ереже) сәйкес жүзеге асырылады.
      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, бірлескен тексерістерді (инспекцияларды) жүргізуге байланысты шығыстарды қаржыландыру Тараптар мемлекеттерінің тиісті бюджеттерінен жүзеге асырылады.

7-бап

      1. Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарлардың бірыңғай тізбесі; Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптар; Кеден одағының кедендік шекарасында және кеден одағының кедендік аумағында ветеринариялық бақылауды жүзеге асырудың бірыңғай тәртібі туралы ереже, сондай-ақ Ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын объектілердің бірлескен тексерістерін жүргізудің және тауарлардың (өнімнің) сынамасын алудың бірыңғай тәртібі туралы ереже Комиссияның шешімімен бекітіледі.
      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарды, Тараптар мемлекеттерінің қауіпті және карантиндік жануарлар ауруларының жиынтық тізбесін жүргізуді, сондай-ақ уәкілетті органдар беретін ветеринариялық сертификаттардың бірыңғай нысандарын бекітуді Тараптар өзіне тиісті өкілеттіктерді берген күннен бастап Комиссия жүзеге асырады.
      Осы баптың мақсаттары үшін осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген кеден одағының құжаттарына белгіленген тәртіппен өзгерістер мен толықтырулар енгізу, оларды кейіннен бекіту және Тараптардың назарына жеткізу Комиссияның құжаттарды жүргізуі деп түсініледі.
      Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар Тараптардың кез келгенінің уәкілетті органдарының ұсынысы бойынша белгіленген тәртіппен Комиссияның қарауына енгізіледі.

8-бап

      Тиісті халықаралық ұйымдардан, Тараптар мемлекеттерінен, сондай-ақ үшінші елдерден үшінші елдердің немесе Тараптар мемлекеттерінің аумағындағы эпизоотиялық жағдайдың нашарлауы туралы ресми ақпарат алынған жағдайда Тараптардың әрқайсысының уақытша ветеринариялық талаптар мен шаралар әзірлеуге және енгізуге құқығы бар.
      Жоғарыда көрсетілген ақпарат бар болған, бірақ ғылыми негіздемесі жеткіліксіз болған жағдайда немесе егер оны қажетті мерзімде беру мүмкін болмаса, Тараптар шұғыл ветеринариялық-санитариялық шаралар қабылдай алады.

9-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.
      Егер Тараптардың бірінің консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы екінші Тарапқа жолдаған жазбаша ресми өтініші түскен күннен бастап алты ай ішінде Тараптар дауды реттемесе, онда Тараптар арасында дауды шешу тәсіліне қатысты өзге уағдаластық болмаса, Тараптардың кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін береді.

10-бап

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

11-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.

      2009 жылғы 11 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясында сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әр Тарапқа расталған көшірмесін жолдайды.

       Беларусь             Қазақстан                   Ресей
   Республикасының       Республикасының           Федерациясының
    Үкіметі үшін           Үкіметі үшін             Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады