Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Мәдениет, өнер, бұқаралық ақпарат құралдары және спорт салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Мәдениет, өнер, бұқаралық ақпарат құралдары және спорт салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 11 мамырдағы
№ 405 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының
Үкіметі арасындағы мәдениет, өнер, бұқаралық ақпарат
құралдары және спорт салаларындағы ынтымақтастық туралы
келісім
(Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Қазақстан) мен Үндістан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Үндістан),
достықтың тарихи және дәстүрлі сезімінен туындаған,
Тараптар арасындағы мәдениет, өнер, бұқаралық ақпарат құралдары және спорт саласындағы мызғымас достық пен ынтымақтастықты дамыту және нығайту ниетін жариялай отырып,
Тараптар мемлекеттерінің арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту маңыздылығын тани отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар Қазақстан мен Үндістанның мәдени, спорт және зерттеу мекемелері арасындағы қатынастардың дамуын қолдайды.
2-бап
Тараптар Қазақстан мен Үндістанның аумағында өткізілетін мәдениет, өнер, бұқаралық ақпарат құралдары жэне спорт саласындағы халықаралық іс-шаралар (семинарлар, конкурстар, фестивальдар, жарыстар, симпозиумдар, конференциялар) туралы бірін-бірі хабардар етеді.
3-бап
Тараптар өз мүмкіндіктері шегінде Қазақстан мен Үндістанның кино ұйымдары арасындағы, оның ішінде осы Келісімнің мақсаттары болып табылатын фильмдермен және басқа да аудиовизуалды туындылармен өзара алмасуға жәрдемдесу жолымен кинематография саласындағы ынтымақтастықты қолдайды.
4-бап
Тараптар:
Қазақстан мен Үндістанның мәдени-тарихи, мұражайаралық және мұрағатаралық байланыстарын дамыту мақсатында әр мемлекеттің мұражайлары мен мұрағаттары арасындағы ынтымақтастыққа жағдай туғызуға;
Қазақстан мен Үндістанның тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері бойынша ғылыми зерттеу басылымдары саласындағы олар үшін өзара қызығушылық білдіретін бірлескен әрекеттеріне ықпал етеді.
5-бап
Тараптар Қазақстан мен Үндістанның бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары саласында әрекет ететін тиісті ведомстволар мен ұйымдар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты қолдайды және көтермелейді. Ынтымақтастықтың нақты жағдайлары мен нысандарын қатысушылардың өздері анықтайды.
6-бап
Осы Келісімде көзделген және өзара уағдаластықтардың негізінде іске асырылатын қызметтің барлық түрлері Қазақстан мен Үндістанның ұлттық заңнамалары шеңберінде сәйкес келуі және жүзеге асырылуы тиіс.
7-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға байланысты даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер жолымен шешетін болады.
9-бап
Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді, үш жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірде-бірі кезекті мерзім аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын өзінің оның қолданысын ұзартпау ниеті туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жібермесе, келесі үш жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылатын болады.
Келісімнің қолданысын тоқтату Келісімнің қолданысын тоқтату күніне дейін аяқталмаған оның шеңберінде жүзеге асырылатын жобаларға әсер етпейді.
2010 жылғы «__» _______ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, хинди, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін