Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы «Орталық Азиядағы трансшекаралық су менеджменті» (мекемелер арасындағы ынтымақтастықты көтермелеу, трансшекаралық бассейндік басқару және жекелеген екі жақты іс-шаралар) және «Орталық Азиядағы су» (трансшекаралық білім беру және ғылыми-зерттеу желісін құру) жобаларын іске асыру туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 27 мамырдағы № 481 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы «Орталық Азиядағы трансшекаралық су менеджменті» (мекемелер арасындағы ынтымақтастықты көтермелеу, трансшекаралық бассейндік басқару және жекелеген екі жақты іс-шаралар) және «Орталық Азиядағы су» (трансшекаралық білім беру және ғылыми-зерттеу желісін құру) жобаларын іске асыру туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы «Орталық Азиядағы трансшекаралық су менеджменті» (мекемелер арасындағы ынтымақтастықты көтермелеу, трансшекаралық бассейндік басқару және жекелеген екі жақты іс-шаралар) және «Орталық Азиядағы су» (трансшекаралық білім беру және ғылыми-зерттеу желісін құру) жобаларын іске асыру туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімге қол қойсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

   ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ
ГЕРМАНИЯ ФЕДЕРАТИВТІК РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
             ЕЛШІЛІГІ

             Астана

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасындағы Германия Федеративтік Республикасының Елшілігіне құрмет сезімін куәландырады және 2010 жылғы 10 ақпандағы № Wi 445.00 мынадай мазмұндағы нотаны алғандығын растау құрметіне ие:
      «Жоғары мәртебелі,
      «Су біріктіреді - Ынтымақтастық және қауіпсіздік үшін жаңа перспективалар» атты Берлин конференциясының шеңберінде Еуропа Одағының Орталық Азиямен жаңа әріптестігі стратегиясын жүзеге асыру үшін Германияның үлесі ретінде 2008 жылғы 1 сәуірде жарияланған Орталық Азияға арналған Өңірлік су бастамасына сілтеме жасап, және осыдан туындайтын және 2008 жылғы 17 және 18 қарашада Алматыда өткен Өңірлік су менеджменті жөніндегі халықаралық конференцияда ұсынылған жобаларға сілтеме жасап, 2009 жылғы 7 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы Болашақ жолындағы әріптестік шеңберіндегі іс-қимыл бағдарламасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің 2010 жылғы 11 қаңтардағы № 09-1/74 вербалдық нотасына сілтеме жасап, Сізге Германия Федеративтік Республикасының атынан келесі уағдаластықты ұсынуды өзіме мәртебе санаймын:
      1) Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі мынадай жобаларды іске асыруға бірлесіп жәрдемдеседі:
      а) «Орталық Азиядағы трансшекаралық су менеджменті» (мекемелер арасындағы ынтымақтастықты көтермелеу, трансшекаралық бассейндік басқару және жекелеген екі жақты іс-шаралар) және
      б) «Орталық Азиядағы су» (трансшекаралық білім беру және ғылыми-зерттеу жүйесін құру).
      2. Жобаларды жүзеге асырудың мақсаты - тиімді су менеджментіне және сол арқылы Қазақстан Республикасындағы және тұтастай алғанда Орталық Азия өңіріндегі тұрақты экономикалық дамуға үлес қосу. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Үкіметі өңірлік және осы уағдаластықтың 1-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасына қатысты жобалардың ұлттық құрауыштарын іске асыруды қолдау міндеттемесін өзіне алады.
      3. Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі осы уағдаластықтың 1-тармағының а) тармақшасына сәйкес өз міндеттемелерін орындауды Эшборндағы Германия техникалық ынтымақтастық қоғамына (ГТО) жүктейді.
      4. Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі осы уағдаластықтың 1-тармағының б) тармақшасына сәйкес өз міндеттемелерін орындауды Потсдамдағы Германия геологиялық зерттеу орталығына және Весслингтегі Германия авиациялық-ғарыш орталығына тапсырады.
      5. Осы уағдаластықтың 1-тармағында көрсетілген жобалардың, сондай-ақ орындалуы тиіс жұмыстар мен міндеттемелердің анық-қанығын жекелеген орындаушылар және қажет болған кезде осы уағдаластықтың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген орындаушы ұйымдар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаларды Қазақстан Республикасында іске асыруға уәкілеттік берген ұйымдар арасында жасалатын қаржылық келісім-шарттармен реттеледі.
      6. Егер осы уағдаластықтың 5-тармағында аталған орындаушылық және қажет болған кезде қаржылық келісімшарттар жасалмаған жағдайда осы уағдаластықтың 1-тармағында көрсетілген жобалар бойынша міндеттеме өз күшін жояды, ауыстыруға жатпайды.
      7. Осы уағдаластықтың 1-тармағының б) тармақшасында көрсетілген жобаны іске асыру үшін Германия Федеративтік Республикасы өлшеу станцияларын береді және қажет болған кезде өңірлік ақпараттық жүйелер үшін компьютерлерді аппаратпен және бағдарламалық қамтамасыз етеді. Жоба аяқталған соң өлшеу станциялары Қазақстан Республикасының меншігіне өтеусіз беріледі. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы уағдаластықтың 1-тармағының б) тармақшасында көрсетілген жобаны іске асыру үшін қажетті осы заттардың тез арада жеткізілуін қамтамасыз етеді.
      8. Осы уағдаластық неміс және орыс тілдерінде жасалады, бұл ретте екі мәтіннің де бірдей күші бар.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі осы уағдаластықтың 1-8-тармақтарында көрсетілген ұсыныстармен өзінің келісетіні туралы мәлімдесе, осы нота мен Сіздің Үкіметіңіздің келісімін білдіретін жауап нотаңыз біздің Үкіметтеріміз арасындағы уағдаластықты құрайды, ол Сіздің жауап нотаңыздың күнінен бастап күшіне енеді.
      Жоғары мәртебелі, менің Сізге деген жоғары құрметімді білдіремін.»
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының Үкіметі Германия Федеративтік Республикасы Үкіметінің ұсыныстарына сәйкес және 2010 жылғы 10 ақпандағы № Wi 445.00 нота және осы жауап нота Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Германия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы ноталар алмасу нысанындағы келісім болып табылатынын хабарлау құрметіне ие, ол осы жауап нотаны Елшілік алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Қаржылық келісім-шарттар жасасу қажеттілігі құзыретіне тиісті жобалар жататын Қазақстан Республикасының уәкілетті органымен келісім бойынша айқындалады.
      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі осы жағдайды пайдаланып, Қазақстан Республикасындағы Германия Федеративтік Республикасының Елшілігіне деген өзінің жоғары құрметін білдіреді.

Астана, 2010 жылғы « »

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады