"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 9 маусымдағы № 540 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының, Үкіметі мен Словения Республикасының
Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің автомобиль
көлігімен халықаралық тасымалдары туралы келісімді
ратификациялау туралы

      2009 жылғы 11 қарашада Астанада қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдары туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
             Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының
Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің автомобиль
көлігімен халықаралық тасымалдары туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі.Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының Үкіметі,
      екі мемлекет арасындағы сауданы және экономикалық қатынастарды дамытуға үлес қосуға тілек білдіре отырып,
      нарықтық экономика шеңберінде автомобиль көлігі саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға толық шешімділікте бола отырып,
      қоршаған орта мен адамдарды қорғау, энергияны ұғымды пайдалану, жол қауіпсіздігі мен жүргізушілердің еңбек жағдайын жақсарту мәселелеріне алаңдаушылық білдіре отырып,
      көлік интермодальдығын дамытуға бағыт алып,
      автомобиль көлігін дамытудың қандай өзара пайда әкелетінін ұғына отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

І Бөлім. Жалпы ережелер 1-бап
Қолданылу саласы

      1. Осы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдары туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) ережелері Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасындағы, олардың аумақтары арқылы транзитпен, сондай-ақ үшінші елдерге/елдерден Тараптар мемлекеттерінің бірінің аумағында тіркелген тасымалдаушылар жүзеге асыратын жолаушылар мен жүктердің автомобиль көлігімен тасымалдарына қатысты қолданылады.
      2. Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

2-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мәні бар:
      1) «Тасымалдаушы» Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағында тіркелген және жолаушыларды және/немесе жүктердің тасымалын жүзеге асыруға құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлғаны білдіреді;
      2) «Көлік құралы» автомобильді, тіркемесі бар автомобильді, автомобиль тартқышты немесе жартылай тіркемесі бар автомобиль тартқышты білдіреді, олардың ішінен ең болмағанда автомобиль немесе автомобиль-тартқыш Тараптардың бірінің мемлекетінде тіркелген және ол тек жолаушыларды және/немесе жүктерді тасымалдау үшін ғана пайдаланылады және соған арналады;
      3) «Тасымал» көлік құралының жүкпен немесе жүксіз жол жүруін, оның ішінде, егер көлік құралы, тіркеме немесе жартылай тіркеме жолдың бір бөлігінде поезбен немесе пароммен тасымалдануын білдіреді;
      4) «Каботаж» Тараптардың бірінің мемлекетінің тасымалдаушысы екінші Тарап мемлекетінің аумағы шегіндегі екі пункт арасында жүзеге асыратын жолаушылардың немесе жүктердің тасымалын білдіреді;
      5) «Тарап мемлекетінің аумағы» тиісінше Қазақстан Республикасының аумағын немесе Словения Республикасының аумағынбілдіреді;
      6) «Құрған мемлекет» шегінде тасымалдаушы және көлік құралы тіркелген Тарап мемлекетінің аумағын білдіреді;
      7) «Болатын мемлекет» сол аумақта құрылмаған және көлік құралы да осы аумақта тіркелмеген тасымалдаушы тасымалды жүзеге асыратын Тарап мемлекетінің аумағын білдіреді;
      8) «Автобус» Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында тіркелген, өзінің конструкциясы мен жарақталуы бойынша жолаушыларды тасымалдау үшін жарамды және соған арналған, жүргізушінің орнынан басқа тағы да сегізден артық отыратын орын бар көлік құралын білдіреді;
      9) «Тұрақты жолаушы тасымалдары» алдын ала белгіленген және жарияланған қозғалыс кестесі мен тасымалдау тарифіне сәйкес жолаушылар белгілі бір бағыт бойынша тасымалданатын тасымалдарды білдіреді. Осындай тасымалдарды жүзеге асыру барысында жолаушылар алдын ала белгіленген аялдамаларда отыруды және түсуді жүзеге асырады;
      10) «Маятниктік жолаушылар тасымалдары» алдын ала құрылған жолаушылар тобы сол бір жөнелту пунктінен сол бір жеткізу пунктіне тасымалданатын тасымалды білдіреді. Жолаушылардың сол тобы кейін жөнелту пунктіне келесі рейспен кері қайтады. Жөнелту пункті мен жеткізу пункті деп кететін немесе келетін жерді, сондай-ақ одан 50 км қашықтықта орналасқан оның төңіректерін түсіну керек. Маятниктік тасымалдар жолаушылардың жеткізу пунктінде тұруын қамтуы мүмкін.
      Маятниктік тасымалдар сериясындағы жөнелту пунктіне бірінші сапар және жеткізу пунктіне соңғы сапар бос түрде жүзеге асырылады;
      11) «Тұрақты емес жолаушылар тасымалдары» тұрақты жолаушылар тасымалдарының анықтамасына да, маятниктік тасымалдар анықтамасына да жатпайтын тасымалдарды білдіреді. Тасымалдардың жиілігі немесе саны олардың тұрақты емес тасымалдар ретінде сыныпталуына әсер етпейді;
      12) «Бақылау құжаты» автобустарға арналған, осы Келісімнің 4-бабында аталған Бірлескен Комиссиямен келісілген үлгіге сәйкес келетін жол парағын білдіреді;
      13) «Рұқсат» бір Тарап мемлекетінің құзыретті органы беретін және екінші Тарап мемлекетінде тіркелген көлік құралына рұқсатты берген Тарап мемлекетінің аумағы бойынша/арқылы жол жүруге құқық/мүмкіндік беретін құжатты білдіреді;
      14) «Арнайы рұқсат» - бір Тарап мемлекетінің құзыретті органдарына берілетін және екінші Тарап мемлекетінің аумағында тіркелген, бөлінбейтін ірі габаритті және ауыр салмақты жүгі бар автокөлік құралдарының осы Тарап мемлекетінің аумағы бойынша жол жүруіне құқық беретін құжат;
      15) «Транзит» бір Тарап мемлекетінің аумағында тіркелген, екінші Тарап мемлекетінің аумағын кесіп өтетін автокөлік құралымен жолаушыларды және/немесе жүктерді тасымалдауды білдіреді;
      16) «Қауіпті жүктер» өздеріне тән қасиеттерге және ерекшеліктерге байланысты тасымалдау, тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу және сақтау кезінде жарылысқа, өртке немесе техникалық құралдардың, қондырғылардың, ғимараттардың және құрылыстардың зақымдануына, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өліміне, жарақаттануына немесе ауыруына себеп болуы, қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін жүктерді білдіреді.

3-бап
Құзыретті органдар

      Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді қолдану жөніндегі құзыретті органдары:
      Қазақстан Республикасы тарапынан: Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі:
      Словения Республикасы тарапынан: Словения Республикасының Көлік министрлігі болып табылады.
      Осы бапта көрсетілген құзыретті органдар өзгерген жағдайда жаңа құзыретті органдардың атаулары екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарланады.

4-бап
Бірлескен Комиссия

      1. Тараптар осы Келісімнің ережелерін тиісті түрде орындау және оны орындаумен байланысты мәселелерді шешу мақсатында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының өкілдерінен тұратын Бірлескен Комиссия (бұдан әрі - Бірлескен Комиссия) құрады.
      2. Қажет болған кезде Тараптар мемлекеттерінің басқа органдарының өкілдері Бірлескен Комиссияның жұмысына қатыса алады.

II Бөлім. Жолаушылар тасымалы 5-бап
Тұрақты тасымалдар

      1. Тараптар мемлекеттерінің арасындағы немесе екінші Тарап мемлекетінің аумағын кесіп өтетін транзитпен тұрақты жолаушылар тасымалдары Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары берген рұқсаттардың негізінде жүзеге асырылады.
      2. Рұқсатқа өтінім тасымалдаушы мемлекетінің құзыретті органына берілуі тиіс, ол екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органына жіберіледі. Егер соңғы құзыретті орган өтінімді мақұлдаса, рұқсат тасымалдаушы мемлекетінің құзыретті органына жіберіледі.
      Бірлескен Комиссия өтінім қандай нысанда берілуі тиіс екенін және бұл ретте қандай қосымша құжаттар талап етілетінін шешеді.
      3. Рұқсаттарды Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өзара келісім бойынша береді.
      Рұқсатты беру немесе беруден бас тарту шешімі үш айдың ішінде қабылданады.
      Рұқсаттарды қолданудың ең көп мерзімі - бес жыл. Олар көлік құралдары сәйкес болуы тиіс экологиялық стандарттар мен қауіпсіздік нормаларын қоса алғанда, тасымалдау шарттарын белгілейді.
      4. Тасымалдау шарттарын өзгерту және тасымалды тоқтату мәселелері осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген рәсімге сәйкес шешіледі.
      Егер тасымалдауға қажеттілік болмаса, тасымалдаушы оған дейін рұқсатты берген құзыретті органдарға және клиенттерге үш ай бұрын хабарлама жібере отырып, оны тоқтата алады.

6-бап
Тұрақты емес және маятниктік тасымалдар

      1. Тараптар мемлекеттерінің арасындағы немесе транзитпен тұрақты емес және маятниктік жолаушылар тасымалдары Тараптар мемлекетінің құзыретті органдары берген рұқсаттардың негізінде жүзеге асырылады.
      Бірлескен Комиссия осы бапта ескерілген тасымалдарды жүзеге асыратын көлік құралдары жауап беруге тиіс техникалық, экологиялық стандарттарға және қауіпсіздік стандарттарына қойылатын талаптарды келіседі.
      2. Төменде көрсетілген тасымалдар болатын мемлекеттің рұқсаттар беруін талап етпейді:
      а) «жабық есік сипатындағы» жол жүру, яғни жөнелту пунктінде басталатын және аяқталатын жол жүрудің барлық уақытында бір көлік құралын пайдалана отырып, сол жолаушыларды ғана тасымалдау;
      б) жолаушыларды екінші Тарап мемлекетінің аумағына жөнелтетін мемлекеттің аумағына бос қайтып келе жатқан көлік құралымен тасымалдау;
      в) жолаушыларды көлік құралы тіркелген Тарап мемлекетінің аумағына нақ осы жолаушылар бұрын екінші Тарап мемлекетінің аумағына осы көлік құралымен әкелінген жағдайда, оларды тасымалдау үшін жинау мақсатында екінші Тарап мемлекетінің аумағына жолаушыларсыз жол жүру.
      3. Тиісті рұқсат берілетін жағдайларды қоспағанда, рұқсатты қажет етпейтін рейске қосымша жолаушыларды отырғызуға тыйым салынады.
      Бірлескен Комиссия тұрақты емес жолаушы тасымалдарының басқа да санаттарына рұқсат беру жүйесінен босатуға бастамашылық жасауы мүмкін.
      4. Рұқсатқа өтінім болатын мемлекеттің құзыретті органдарына берілуі тиіс.
      Бірлескен Комиссия өтінім қандай нысанда берілуі тиістігін және бұл ретте қандай қосымша құжаттар талап етілетінін шешеді.
      5. Рұқсаттарды талап етпейтін және автобустармен жүзеге асырылатын тұрақты емес тасымалдарға бақылау құжаты алып жүрілуі тиіс. Бақылау құжатын пайдалану шарттарын және оның мазмұнын Бірлескен Комиссия белгілейді.

7-бап
Жолаушылар тасымалдары үшін ортақ ережелер

      1. Рұқсаттарды басқа тасымалдаушыларға беруге тыйым салынады.
      2. Каботажға тыйым салынады.

III Бөлім. Жүк тасымалдары 8-бап
Рұқсат беру жүйесі

      1. Тараптардың бірінің мемлекетінің аумағында құрылған тасымалдаушылар рұқсаттар негізінде мыналарды:
      а) Тараптың екеуінің де мемлекеттері аумақтарының арасындағы тасымалдарды;
      б) транзиттік тасымалдарды;
      в) егер маршрут көлік құралы тіркелген мемлекет аумағы арқылы өтсе, екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы пункт пен үшінші мемлекет аумағындағы пункт арасындағы тасымалдарды жүзеге асыра алады.
      2. Егер маршрут тіркеу мемлекетінің аумағы арқылы өтпесе, екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы пункт пен үшінші мемлекет аумағындағы пункт арасындағы тасымалдар арнайы рұқсатпен жүзеге асырылады.
      3. Бірлескен Комиссия рұқсаттардың басқа да түрлерін белгілейді. Қажет болған кезде ол тасымалдарды рұқсаттарсыз жүзеге асыру туралы ұсыныс жасай алады.

9-бап
Рұқсаттарды талап етпейтін тасымалдар

      1. Осы Келісімнің 8-бабында аталған рұқсаттар мыналар:
      а) тіркемелерді қоса алғанда, жүкпен бірге Жалпы рұқсат етілген салмағы (ЖЖРС) 6 тоннадан аспайтын немесе тіркемелерді қоса алғанда, рұқсат етілген пайдалы жүктемесі 3,5 тоннадан аспайтын көлік құралдарымен тасымалдау;
      б) тасымалдау шарттары өзгерген жағдайда, әуежайларға/әуежайлардан жеткізілетін жүктерді тұрақты емес тасымалдау;
      в) зақымдалған және істен шыққан көлік құралдарын тасымалдау және жөндеу көлік құралдарының жүруі;
      г) екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы істен шыққан басқа жүккөлік құралын ауыстыруға арналған бос жүк көлік құралының жүруі, сондай-ақ бос жөнделген көлік құралының қайта оралуы;
      д) шұғыл авариялық жағдайлар және зілзалалар кезінде төтенше жағдайларды жою бойынша гуманитарлық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмектерді, медициналық жабдықтар мен жарақтарды тасымалдау;
      е) жәрмеңкелер мен көрмелерге арналған заттар мен өнер туындыларын тасымалдау;
      ж) театр, музыка, кинематография, спорт және цирк қойылымдарымен көрмелерге, сондай-ақ радиохабарларды жазуға, кино және телевизиялық түсірулерге арналған керек-жарақтарды, жабдықтарды және жануарларды коммерциялық емес мақсаттар үшін тасымалдау;
      з) қайтыс болғандардың мәйіттері мен күлдерін тасымалдау;
      и) почта тасымалдары үшін талап етілмейді.
      2. Бірлескен Комиссия қажет болған кезде рұқсаттарды қажет етпейтін тасымалдардың тізімін кеңейтуге бастамашы бола алады.

10-бап
Жүк тасымалдары үшін ортақ ережелер

      1. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары жыл сайын рұқсат бланкілерінің келісілген санымен алмасады.
      Рұқсаттар келесі күнтізбелік жылдың 31 қаңтарына дейін жарамды.
      2. Рұқсаттарды басқа тасымалдаушыларға беруге тыйым салынады.
      3. Рұқсат бір ғана көлік құралына пайдаланылуы мүмкін. Құрамдастырылған көлік құралдары үшін, рұқсаттар беру кезінде немесе рұқсат алу қажеттігінен босатудың анықтауыш факторы автомобиль-тартқыш болып табылады.
      4. Бірлескен Комиссия рұқсаттардың квотасын, санатын және оларды одан әрі пайдаланудың шарттарын белгілейді.

IV Бөлім. Жалпы ережелер 11-бап
Салықтар мен алымдар

      1. Тарап мемлекетінің аумағында тіркелген жүктерді, жолаушыларды және багажды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын және екінші Тарап мемлекетінің аумағында уақытша болатын көлік құралдары осы Келісімнің ережелеріне сәйкес көлік құралына иелік етуге, тіркеуге және басқаруға қатысты барлық алымдар мен төлемдерді төлеуден босатылады.
      2. Көлік құралының жұмыс істеуіне арналған көлік құралына өндіруші орнатқан кәдімгі бактағы жанар май (жүк көлік құралдары үшін 200 литрден аспайтын және автобус үшін 600 литрден аспайтын), сондай-ақ жағар май мен қосалқы бөлшектер болатын мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес барлық кедендік баждардан босатылады.
      Пайдаланылмаған қосалқы бөлшектер елден әкетілуі тиіс. Ауыстырылған бөлшектер елден әкетілуі, не тиісті Тарап мемлекетінің кеден органдары өкілдерінің қатысуымен жойылуы тиіс.
      3. Осы Келісімге сәйкес жүзеге асырылатын тасымалдар үшін болатын мемлекетте автожол желісін немесе көпірлерін пайдаланғаны үшін алынатын жол алымдары, төлем және басқа да төлемдер алынады. Төлемдер мен басқа да алымдар екі Тарап мемлекеттерінің тасымалдаушыларынан кемсітусіз негізде алынады.

12-бап
Салмақтық параметрлер мен габариттер

      1. Көлік құралдарының рұқсат етілетін ең ауыр салмағы, білікке түсетін жүктемесі және көлемдері тіркеу құжаттарында көрсетілген параметрлерден, сондай-ақ болатын мемлекетте қолданылып жүрген рұқсат етілетін ең үлкен параметрлерден аспауы тиіс.
      2. Бөлінбейтін ірі габаритті және ауыр салмақты жүгі бар көлік құралдарын болатын мемлекетте күні бұрын өтінім берілген арнайы рұқсатпен ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

13-бап
Жабдық және басқа сипаттамалар

      1. Қауіпті жүктерді тасымалдайтын көлік құралдары екі Тараптың да мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес жарақталуы және жабдықталуы тиіс.
      2. Көлік құралдары экипаждарының жұмыс режимін және демалысын бақылау үшін пайдаланылатын жабдық екі Тараптың да мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес келуі тиіс.
      3. Тараптар осы Келісімнің шеңберінде өз мемлекеттерінде қолданылатын қауіпсіздіктің, және атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының стандарттарына жауап беретін көлік құралдарын пайдалануға жәрдемдесуге міндеттенеді.

14-бап
Бақылау

      Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес рұқсаттар, бақылау және өзге де құжаттар, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға және/немесе Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес талап етілетін көліктік жүкқұжат, жол парақтары, сақтандыру сертификаттары, оқып үйренуден өткені туралы сертификаттар және барлық өзге де құжаттар, көлік құралында болуы және өкілетті тұлғалардың талабы бойынша көрсетілуі тиіс.

15-бап
Тасымалдаушылардың міндеттемелері және бұзушылықтар

      1. Бір Тарап мемлекетінің тасымалдаушылары және олардың көлік құралдарының экипаждары екінші Тарап мемлекетінің, аумағында болғанда, оның ұлттық заңнамасын сақтауы тиіс.
      2. Тараптар мемлекеттерінің тасымалдаушылары осы Келісімнің ережелерін бұзған жағдайда аумағында бұзушылық болған Тарап мемлекетінің құзыретті органы өз мемлекетінің процессуалдық іс-әрекеттеріне нұқсан келтірмей, бұл туралы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген шараларды қабылдайтын екінші Тарап мемлекетінің құзыретті органына хабарлайды. Бұдан басқа, болатын мемлекеттің құзыретті органы тасымалдаушыны құрған мемлекеттің құзыретті органының шешімін күте отырып, бұзушы тасымалдаушының өз мемлекетінің аумағына кіруіне уақытша тыйым салуы мүмкін. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары бір-бірін қабылданған шешімдер туралы хабардар етеді.

V Бөлім. Қорытынды ережелер 16-бап
Келісімнің күшіне енуі және қолданылу мерзімі

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің осындай ниеті туралы жазбаша хабарлама жіберу жолымен осы Келісімнің қолданылуын тоқтатуы мүмкін. Бұл жағдайда осы Келісімнің қолданылуы осындай хабарламаны алынған күннен бастап үш ай өткен соң тоқтатылады.
      Осыны куәландыру үшін оған тиісті түрде уәкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге кол қойды.

      2009 жылғы 11 қарашада Астана қаласында әрқайсысы қазақ, Словения, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының       Словения Республикасының
           Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

      2009 жылғы 11 қарашада Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словения Республикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдары туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                            Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады