Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 16 шілдедегі
№ 727 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің
Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін
визалық талаптардан босату туралы келісім
Бұдан әрі «Уағдаласушы тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі,
екі жақты қатынастарды дамытуға тілек білдіре отырып,
өздерінің қазіргі достық қатынастарын нығайтуға деген мүдделілігін қарай отырып және бір Уағдаласушы тарап мемлекеті азаматтарының екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағына сапарларын жеңілдету мақсатында,
1999 жылғы 18 мамырдағы Еуропалық Одақ Кеңесі мен Норвегия Корольдігі және Исландия Республикасы арасындағы Шенген Келісімін орындау, қолдану және дамыту процесіне соңғыларының қосылуына қатысты келісімді ескере отырып,
сыртқы шекараларды кесіп өту кезінде азаматтарының визалары болуға тиіс үшінші мемлекеттер және азаматтары визалық талаптардан босатылған мемлекеттер көрсетілетін 2001 жылғы 15 наурыздағы № 539/2001 Кеңес (ЕО) Ережесін және 4(1) бап мүше мемлекеттер дипломаттық паспорттардың иелері үшін визалық талаптардан айырықшылық бере алады деп белгілейтінін назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағында аккредиттелмеген, жарамды дипломаттық паспорттары бар Уағдаласушы тараптар мемлекеттері бірінің азаматтары екінші Уағдаласушы тарап мемлекеті аумағына кіру, транзитпен өту, болу немесе кету үшін екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағына алғаш келген күнінен кейінгі келесі алты ай ішінде үш айдан аспайтын кезеңге визалық талаптардан босатылады. Алты ай ішіндегі ең көп дегенде үш айдан аспайтын кезең тұрақты бару немесе бірнеше рет бару деп түсіндірілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының азаматтары үшін болу мерзімін айқындау мақсатында Шенген шартын қолданатын кез келген басқа мемлекетте кез келген болу мерзімі толық назарға алынуы тиіс.
Уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес рұқсат алуды кажет ететін ақылы қызметке рұқсат етілмейді.
2-бап
Осы Келісім екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің немесе халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлері болып табылатын жарамды дипломаттық паспорттардың иелерін немесе олардың отбасы мүшелерін қабылдаушы мемлекетте аккредиттелу үшін олар келгенге дейін виза алу қажеттігінен босатпайды.
Осы Келісімдегі ештеңе де 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында немесе 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында белгіленген құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.
3-бап
Осы Келісім Уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және халықаралық құқыққа сәйкес екі Уағдаласушы тараптың құзыретті органдарының қолайсыз деп танылған адамдардың немесе келу және болу ережелерін бұзған адамдардың келуінен бас тарту немесе болуына тыйым салу құқықтарын қозғамайды.
4-бап
Уағдаласушы тараптар өзара келісім бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын және қосымша хаттамалармен немесе ноталар алмасу арқылы ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.
5-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану бойынша кез келген келіспеушіліктер немесе даулар Уағдаласушы тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер жолымен шешіледі.
6-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап отызыншы (30) күні күшіне енеді.
Жоғарыда аталған абзацтың ережелеріне нұқсан келтірместен, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы келісім күшіне енгенге дейін осы Келісім күшіне енбейді.
Уағдаласушы тараптардың әрқайсысы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, ұлттық қауіпсіздікті немесе қоғамдық саулықты қорғау, заңсыз көші-қонды жою немесе Уағдаласушы тараптардың кез келгенінің визалық режиміне өзгерістер енгізу мақсатында осы Келісімнің қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұра алады.
Осы Келісімнің қолданысын уақытша тоқтата тұру туралы шешім күшіне енгенге дейін жетпіс екі (72) сағаттан кешіктірмей, мұндай шешім екінші Уағдаласушы тарап назарына жеткізілуі тиіс. Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұрған Уағдаласушы тарап тоқтата тұруға одан әрі ешбір себеп болмаған жағдайда, екінші Уағдаласушы тарапты дереу хабарландыруы қажет.
Осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұру екінші Уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағына кірген немесе сонда жүрген осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген азаматтардың құқықтарын қозғамайды.
Уағдаласушы тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Уағдаласушы тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлап, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады. Осы Келісім мұндай хабарлама алынған күнінен бастап 90 (тоқсан) күн өткенге дейін күшінде қалады.
____________ жылғы __________ _____________ қаласында әрқайсысы қазақ, норвег, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды және барлық мәтіннің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Уағдаласушы тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігінің
Үкіметі үшін Үкіметі үшін