Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің білім беру ұйымдарын/мекемелерін (білім беру бағдарламаларын) аттестаттау және/немесе аккредиттеу саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 қыркүйектегі № 961 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Санкт-Петербург қаласында 2010 жылғы 21 мамырда жасалған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің білім беру ұйымдарын/мекемелерін (білім беру бағдарламаларын) аттестаттау және/немесе аккредиттеу саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2010 жылғы 17 қыркүйектегі
№ 961 қаулысымен   
бекітілген      

Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің білім
беру ұйымдарын/мекемелерін (білім беру бағдарламаларын)
аттестаттау және/немесе аккредиттеу саласындағы
ынтымақтастығы туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      2002 жылғы 26 ақпандағы өзгерістерімен 1998 жылғы 24 қарашадағы Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Үкіметі, Ресей Федерациясының Үкіметі және Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы білім, ғылыми дәрежелер мен атақтар туралы құжаттарды өзара тану және олардың баламалылығы туралы келісімнің ережелерін ескере отырып,
      білім саласындағы бірлескен іс-қимылдарды үйлестірудің және жалпы білім кеңістігін қалыптастырудың маңыздылығын негізге ала отырып,
      білім сапасын қамтамасыз етудің келісілген әдістерін құрудағы өзара іс-қимылдың орындылығын тани отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін төменде келтірілген терминдер мыналарды білдіреді:
      аккредиттеу - мемлекеттің немесе қоғамдық ұйымның білім беру ұйымы/мекемесінің (білім беру бағдарламасының) қызметін белгіленген өлшемдерге, талаптарға, нормалар мен білім беру стандарттарына жауап беретін қызмет ретінде кезеңдік бағалау және тану;
      аттестаттау - мемлекеттің білім беру ұйымы/мекемесі көрсететін білім беру қызметтерінің білім беру стандарттарының талаптарына сәйкестігін кезеңдік бағалау,
      білім сапасы - білімнің (алынған және алынатын) тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің қажеттіліктері мен мүдделеріне сәйкестігі;
      білім беру бағдарламасы - белгілі бір деңгейдегі және/немесе бағыттағы білімнің негізгі мақсаттарының, міндеттері мен мазмұнының, сондай-ақ білім беру стандарттарында белгіленген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін қажетті білім беру іс-шараларының тізбесі мен бірізділігінің жиынтығы.

2-бап

      Тараптар білім сапасының кепілдігін қамтамасыз етуге келісілген тәсілдерді қалыптастырады және ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің білім беру ұйымдарын/мекемелерін (білім беру бағдарламаларын) аттестаттау және/немесе аккредиттеу саласындағы келісілген қағидаттарды ұстанады.
      Білім сапасының кепілдігін қамтамасыз етуге қатысты келісілген тәсілдерді қалыптастыру мақсатында Тараптар:
      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің білім беру ұйымдарын/мекемелерін (білім беру бағдарламаларын) аттестаттау және/немесе аккредиттеу саласындағы ұлттық заңнама мен әдістемелерді (технологияларды) үйлестіру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді;
      білім сапасын бағалау және кепілдік беру саласындағы заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілермен, әдістемелік құжаттармен алмасуды қамтамасыз етеді.

3-бап

      Тараптар ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттерде жинақталған тәжірибені ескере отырып, білім сапасын бағалауға қатысты келісілген тәсілдерді, сондай-ақ ұлттық білім беру жүйелерінің ерекшелігін қалыптастырады.

4-бап

      Тараптар өздерінің аттестатталған және/немесе аккредиттелген білім беру ұйымдарының/мекемелерінің (білім беру бағдарламаларының) ұлттық деректер банкін қалыптастырады және бір-біріне тиісті мәліметтер береді.

5-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыруға жауапты және аттестаттау және/немесе аккредиттеу мәселелері бойынша Тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органдарды/ұйымдарды анықтайды.
      Тараптар осы Келісім күшіне енген күнінен бастап үш ай мерзімде депозитарийге өздерінің уәкілетті органдары/ұйымдары туралы хабарлайды.
      Уәкілетті органдар/ұйымдар өзгерген жағдайда Тараптар тез арада депозитарийге хабарлай береді.

6-бап

      Тараптар білім беру ұйымдарын/мекемелерін (білім беру бағдарламаларын) аттестаттаудың және/немесе аккредиттеудің келісілген рәсімдерін, оларды бағалаудың өлшемдері мен әдістерін әзірлеуге білім сапасын қамтамасыз етудің Еуразиялық желісінің және Тараптардың уәкілетті органдары/ұйымдары ұсынатын өзге де ұйымдардың тиісті мамандарын тартады.

7-бап

      Тараптар бір-біріне және аттестатталған және/немесе аккредиттелген білім беру ұйымдарына/мекемелеріне білім сапасын бағалау және кепілдік беру саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға жәрдемдеседі.

8-бап

      6, 7-баптарды іске асыру, егер Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында өзгеше көзделмесе, бюджеттен тыс қаржыландыру есебінен жүзеге асырылады.

9-бап

      Осы Келісім Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      1. Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты даулар, бірінші кезекте, келіссөздер мен консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.
      2. Егер бір дау Тарабы екінші дау Тарабына оларды өткізу туралы ресми жазбаша өтініш берген күннен бастап алты ай ішінде келіссөздер мен консультациялар жолымен дауды дау Тараптары реттемесе, онда оны шешу тәсіліне қатысты дау Тараптары арасында өзгеше уағдаластық болмаған жағдайда, дау Тараптарының кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін жібере алады.

11-бап

      Тараптардың өзара уағдаласуы бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім оған басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
      Қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтау үшін тапсырылады.
      Қосылатын мемлекет үшін осы Келісім депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнінен бастап күшіне енеді.

14-бап

      Әрбір Тарап депозитарийді жазбаша түрде хабардар ете отырып, осы Келісімнен шыға алады. Осы Келісімнің қолданысы осындай Тарапқа қатысты тиісті хабарламаны депозитарий алғаннан кейін алты ай өткен соң тоқтайды.
      2010 жылғы 21 мамырда Санкт-Петербург қаласында орыс тілінде бір данада жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі болып табыла отырып, оның расталған көшірмесін Тараптарға жібереді.

      Беларусь Республикасының Үкіметі үшін
      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
      Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
      Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады