Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық пактіге факультативтік хаттамаға қол қою туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы
халықаралық пактіге Факультативтік хаттамаға қол қою туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Қазақстан Республикасының атынан БҰҰ Бас Ассамблеясының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы 63/117 қарарымен қабылданған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге Факультативтік хаттамаға қол қойсын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ МӘДЕНИ ҚҰҚЫҚТАР
ТУРАЛЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАКТІГЕ
ФАКУЛЬТАТИВТІК ХАТТАМА Кіріспе
Осы хаттамаға қатысушы мемлекеттер,
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында жарияланған қағидаттарға сәйкес адами отбасының барлық мүшелеріне тән олардың қадір-қасиетін, және теңдей әрі ажырамас құқықтарын тану бостандықтың, әділеттілік пен жалпыға ортақ бейбітшіліктің негізі болып табылатынын назарға ала отырып,
Адам құқығының жалпыға ортақ декларациясы адамдар өзінің қадір-қасиеті мен құқығы тұрғысынан өмірге еркін әрі тең болып келетінін, Декларацияда жарияланған барлық құқықтар мен барлық бостандықтарды әрбір адам нәсіліне, түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе өзге де сеніміне, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегіне, мүліктік, қауымдық немесе өзге де жағдайына қатысты қандай да болмасын айырмашылықсыз барлық адамдар иелене алады деп жариялағанын ескере отырып,
Адам құқығының жалпыға ортақ декларациясы мен Адам құқығы туралы халықаралық пактіде әркім де азаматтық, әэдени, экономикалық, саяси және әлеуметтік құқықтарын пайдалана алатын жағдайлар жасалғанда ғана қорқыныш пен мұқтаждықтан азат, еркін жеке адам идеалы жүзеге асырылуы мүмкін деп танылатынын еске сала отырып,
адамның барлық құқықтары мен негізгі бостандықтарының әмбебаптығын, бөлінбейтінін, өзара тәуелділігі мен өзара байланыстылығын тағы да растай отырып,
Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге (бұдан әрі «Пакті» деп аталатын) қатысушы әр мемлекеттің Пактіде танылатын құқықтардың толық жүзеге асырылуын біртіндеп қамтамасыз ету үшін, жеке тәртіппен және атап айтқанда, экономикалық және техникалық салалардағы халықаралық көмек пен ынтымақтастық шеңберінде, атап айтқанда заңнамалық шараларды қабылдауды қоса алғанда, барлық тиісті тәсілдермен қолда бар ресурстар шегіндегі шараларды барынша қолдануға міндеттенетінін еске сала отырып,
бұдан әрі Пактінің мақсаттарына қол жеткізу және оның ережелерін орындау үшін Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар комитетіне (бұдан әрі «Комитет» деп аталатын) осы Хаттамада көзделген функцияларды жүзеге асыру мүмкіндігін берудің тиімді екенін назарға ала отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Комитеттің хабарламаны алу және қарау құзыреті
1. Осы Хаттамаға қатысушы болатын, Пактіге қатысушы мемлекет осы Хаттаманың ережелерінде көзделгендей, Комитеттің хабарламаларды алу және қарау құзыретін мойындайды.
2. Комитет осы Хаттамаға қатысушы болып табылмайтын қатысушы мемлекетке қатысты ешқандай хабарламаны қабылдамайды.
2-бап
Хабарламалар
Хабарламалар қатысушы мемлекеттің заңды құзырында жүрген адамдар немесе адамдар тобы немесе өздері осы қатысушы мемлекеттің Пактіде жазылған экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтардың кез келгенін бұзуының құрбаны болып табылады деп растайтын адамдардың атынан ұсынылуы мүмкін. Егер хабарлама жекелеген адамдардың немесе адамдар тобының атынан ұсынылса, автор өзінің іс-әрекетін олардың атынан мұндай келісімсіз негіздей алатын жағдайларды қоспағанда, бұл олардың келісімімен жасалады.
3-бап
Қолайлылық
1. Комитет ішкі қол жетімді құқықтық қорғау құралдарының барлығы қолданылғанына өзі көз жеткізбей тұрып, хабарламаны қарамайды. Бұл қағида мұндай құралдардың қолданылуы дәлелсіз созылып кететін жағдайларда қолданылмайды.
2. Комитет:
а) автор хабарламаны осы мерзімнің ішінде жіберу мүмкін болмағанын дәлелдей алған жағдайларды қоспағанда, ішкі құқықтық қорғау құралдары таусылғаннан кейін бір жылдың ішінде ұсынылмаса;
b) хабарламаның мәні болып табылатын фактілер тиісті қатысушы мемлекет үшін осы Хаттама күшіне енгізілгенге дейін орын алған жағдайда, егер сол күннен кейін де мұндай фактілердің орын алуы жалғаспаса;
c) егер бұл мәселені Комитет қараған болса немесе басқа бір халықаралық талқылау немесе реттеу рәсіміне сәйкес қаралған немесе қаралып жатқан болса;
d) ол Пакті ережелерімен сыйымсыз болса;
e) ол нақты негізделмеген немесе жеткіліксіз аргументтелген немесе бұқаралық ақпарат құралдары тарататын ақпараттарға ғана негізделген болса;
f) ол хабарламаны ұсыну құқығын теріс пайдалануды білдіретін болса; немесе
g) ол жасырын болып табылса немесе жазбаша түрде ұсынылмаған болса, хабарламаны қолайсыз деп жариялайды.
4-бап
Құқықтарға айқын қысым жасауды куәландырмайтын хабарламалар
Комитет хабарлама жалпы мәні бар маңызды мәселені қозғайды деп есептеген жағдайларды қоспағанда, Комитет қажет кезінде автордың құқықтарына айқын қысым жасауды куәландырмайтын хабарламаны құпия түрде қараудан бас тарта алады.
5-бап
Уақытша қорғау шаралары
1. Хабарламаны алғаннан кейін және кез келген шешімді қабылдағанға дейін кез келген сәтте Комитет ықтимал құқық бұзушылық құрбанына немесе құрбандарына орны толмас ықтимал зиян келтірілуінің алдын алу мақсатында осы қатысушы мемлекеттің ерекше жағдайларда қажет болуы мүмкін уақытша шараларды қабылдауы туралы тиісті қатысушы мемлекетке жүгіне алады.
2. Егер Комитет өзінің құқығын осы баптың 1-тармағына сәйкес жүзеге асыратын болса, бұл оның қолайлылыққа немесе хабарламаның сипатына қатысты шешім қабылдағанын білдірмейді.
6-бап
Хабарламаны беру
1. Комитет тиісті қатысушы мемлекетті ескертусіз хабарламаны қолайсыз деп есептеген жағдайларды қоспағанда, Комитет осы Хаттамаға сәйкес өзіне ұсынылған кез келген хабарламаны құпия түрде тиісті қатысушы мемлекеттің назарына жеткізеді.
2. Хабарлама алған қатысушы мемлекет алты айдың ішінде Комитетке осы мәселеге түсінік беретін жазбаша түсіндірмені немесе мәлімдемені, егер бар болса, қатысушы мемлекет ұсынуы мүмкін құқықтық қорғау құралдарын ұсынады.
7-бап
Достық реттеу
1. Комитет Пактіде жазылған міндеттемелерді құрметтеу негізіндегі достық реттеу мақсатында тиісті тараптарға өзінің ізгі қызметтерін көрсетеді.
2. Достық реттеу туралы келісім осы Хаттамаға сәйкес хабарламаны қарауды тоқтатуға әкеп соғады.
8-бап
Хабарламаларды қарау
1. Комитет осы Хаттаманың 2-бабына сәйкес алынған хабарламаларды бұл материалдар тиісті тараптарға жеткізілген жағдайда, өзіне ұсынылған барлық материалдарды ескере отырып қарайды.
2. Осы Хаттамада көзделген хабарламаларды қарау кезінде Комитет жабық отырыстар өткізеді.
3. Осы Хаттамаға сәйкес хабарламаларды қарау кезінде Комитет өңірлік адам құқықтарын қорғау жүйелерін, басқа да органдардың, мамандандырылған мекемелердің, қорлардың тиісті материалдарын және Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың бағдарламалары мен тетіктерін, сондай-ақ тиісті қатысушы мемлекеттің кез келген ескертпелері мен түсініктемелерін тиісті жағдайларда назарға алуына болады.
4. Осы Хаттамаға сәйкес хабарламаларды қарау кезінде Комитет қатысушы мемлекет Пактінің II бөлігіне сәйкес қабылдаған шаралардың тиімділігін қарайды. Бұл ретте Комитет қатысушы мемлекеттің Пактіде бекітілген құқықтарды жүзеге асыру үшін бірқатар ықтимал саясат шараларын қабылдауға құқылы екенін ескереді.
9-бап
Комитеттің пайымдауларына байланысты кейінгі шаралар
1. Хабарламаны зерделегеннен кейін Комитет хабарламаға қатысты өзінің пайымдауларын, егер бар болса, өзінің ұсынымдарымен бірге тиісті тараптарға жібереді.
2. Қатысушы мемлекет Комитеттің пайымдауларын, егер бар болса, ұсынымдарымен бірге тиісті ретімен қарайды және жазбаша жауапты, оның ішіңде, Комитеттің пайымдаулары мен ұсынымдары ескеріле отырып қабылданған кез келген шаралар туралы ақпаратты Комитетке алты айдың ішінде ұсынады.
3. Комитет қатысушы мемлекетке өзінің пайымдаулары немесе егер бар болса, ұсынымдарына жауап ретінде қатысушы мемлекет қабылдаған кез келген шара туралы қосымша ақпаратты, оның ішінде егер Комитет орынды деп тапса, қатысушы мемлекеттің Пактінің 16 және 17-баптарына сәйкес ұсынылатын кейінгі баяндамаларында беруді ұсына алады.
10-бап
Мемлекетаралық хабарламалар
1. Осы бапқа сәйкес осы Хаттамаға қатысушы мемлекет кез келген мемлекеттің осы Пакті бойынша өзінің міндеттемелерін басқа бір мемлекеттің орындамағанын растауы туралы хабарламасын алу және қарау құзыретін өзінің мойындайтынын кез келген уақытта мәлімдей алады. Осы бапта көзделетін хабарламалар, Комитеттің құзыретін тануы туралыөвзі үшін мәлімдеме жасаған қатысушы мемлекет ұсынған жағдайда ғана қабылдануы және қаралуы мүмкін. Мұндай мәлімдеме жасамаған қатысушы мемлекетке қатысты ешқандай хабарламаны Комитет қабылдамайды. Осы бапқа сәйкес алынған хабарламалар мынадай рәсімге сәйкес қаралады:
а) егер кез келген осы Хаттамаға қатысушы мемлекет басқа қатысушы мемлекет Пакті бойынша өзінің міндеттемелерін орындамай отыр деп есептейтін болса, ол бұл мәселені жазбаша хабарламамен көрсетілген қатысушы мемлекеттің назарына жеткізе алады. Қатысушы мемлекет, сондай-ақ бұл мәселе жөнінде Комитетті де хабарландыра алады. Хабарламаны алатын мемлекет оны алғаннан кейін үш айдың ішінде хабарламаны жіберген мемлекетке түсіндірмені немесе осы мәселе бойынша түсіндірмесі бар жазбаша түрдегі кез келген мәлімдемені ұсынады, онда мұның қаншалықты мүмкін және орынды екені қамтылуға, бұл мәселе бойынша қолданылған, қолданылып жатқан немесе қол жетімді ішкі рәсімдер мен құқықтық қорғау құралдары көрсетілуге тиіс;
b) егер алушы мемлекет алғашқы хабарламаны алғаннан кейін алты айдың ішінде мәселе тиісті екі тарапты қанағаттандыратындай етіп шешілмесе, бұл тараптардың әрқайсысының Комитетті және басқа мемлекетті хабардар ете отырып, мәселені Комитетке жолдауға құқығы бар;
c) Комитет өзіне берілген мәселені бұл мәселе бойынша барлық ішкі құқық қорғау құралдары қолданылғанына және таусылғанына көз жеткізгеннен кейін ғана қарайды. Бұл қағида, осы құралдарды қолдану дәлелсіз созылып кеткен жағдайларда қолданылмайды;
d) Комитет осы тармақтың с) тармақшасының ережелерін сақтай отырып, Пактіде бекітілген міндеттемелерді құрметтеу негізінде достық реттеу мақсатында тиісті қатысушы мемлекеттерге өзінің ізгі қызметтерін көрсетеді;
e) осы бапта көзделген хабарламаларды қарау кезінде Комитет жабық отырыстар өткізеді;
f) осы тармақтың b) тармақшасына сәйкес өзінің қарауына берілген кез келген мәселе бойынша Комитет іске қатысты кез келген ақпаратты ұсыну өтінішімен b) тармақшада айтылған тиісті қатысушы мемлекетке жүгіне алады;
g) осы тармақтың b) тармақшасында айтылған тиісті қатысушы мемлекеттердің Комитет мәселені қараған кезде өкілетті болуға және ауызша және\немесе жазбаша өкілдік етуге құқығы бар;
h) осы тармақтың Ь) тармақшасына сәйкес хабарламаны алғаннан кейін Комитет баяндаманы тиісті жеделдікпен ұсынады;
і) егер осы тармақтың d) тармақшасының ережелері шеңберінде реттеуге қол жеткен болса, Комитет өзінің баяндамасында фактілерді және қол жеткен реттеуді қысқаша баяндаумен шектеледі;
іі) егер d) тармақшасының ережелері шеңберінде реттеуге қол жетпеген болса, Комитет өзінің баяндамасында тиісті қатысушы мемлекеттердің арасында туындаған мәселеге қатысты тиісті фактілерді баяндайды. Тиісті қатысушы мемлекеттер жасаған жазбаша ұсынымдар мен ауызша ұсынымдардың жазбасы баяндамаға қоса тіркеледі. Комитет сондай-ақ олардың арасында туындаған мәселеге қатысты деп есептейтін өзінің кез келген пікірін тиісті қатысушы мемлекеттерге хабарлай алады.
Кез келген жағдайда баяндама тиісті қатысушы мемлекеттерге жіберіледі.
2. Мәлімдемені қатысушы мемлекеттер, оның көшірмесін басқа қатысушы мемлекеттерге жіберетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына осы баптың 1-тармағына сәйкес сақтауға тапсырады. Мәлімдемені кез келген уақытта Бас хатшыны хабардар ету арқылы кері қайтарып алуға болады. Мұндай кері қайтарып алу осы бапқа сәйкес жіберілген хабарламаның мәні болып табылатын кез келген мәселені қарауға кедергі бола алмайды; Бас хатшы мәлімдемені кері қайтарып алу туралы хабарлама алғаннан кейін, егер тек тиісті қатысушы мемлекет жаңа мәлімдеме жасаған болмаса, қандай да бір қатысушы мемлекеттен осы бап бойынша кейінгі ешқандай хабарлама қабылданбайтын болады.
11-бап
Тергеу рәсімі
1. Осы Хаттамаға қатысушы мемлекет кез келген уақытта Комитеттің осы бапта көзделетін құзыретін мойындайтынын мәлімдей алады.
2. Егер Комитет Пактіде белгіленген кез келген экономикалық, әлеуметтік және мәдени құкықтардың елеулі немесе жүйелі түрде бұзылғандығын куәландыратын сенімді ақпарат алатын болса, Комитет осы қатысушы мемлекетке ақпаратта тексеруде ынтымақтасуды және осыған байланысты тиісті ақпаратқа қатысты ескертпелерін де ұсынады.
3. Тиісті қатысушы мемлекет беруге болатын кез келген ескертпені, сондай-ақ қолда бар кез келген басқа да сенімді ақпаратты ескере отырып, Комитет тергеу жүргізу және Комитетке баяндаманы шұғыл ұсыну үшін өзінің бір немесе бірнеше мүшесін тағайындай алады. Бұл негізді болған жағдайларда және қатысушы мемлекеттің келісімімен тергеу оның аумағында болуын да қамтуы мүмкін.
4. Мұндай тергеу құпия түрде жүргізіледі және осы процестің барлық кезеңдерінде осы қатысушы мемлекет тарапынан бірлесіп жұмыс істеуді қамтамасыз ету шаралары қолданылады.
5. Осындай тергеудің нәтижелерін зерделегеннен кейін Комитет осы нәтижелерді кез келген ескертпелерімен және ұсыныстарымен бірге тиісті қатысушы мемлекетке жолдайды.
6. Тиісті қатысушы мемлекет Комитет жолдаған нәтижелерді, ескертпелер мен ұсынымдарды алған сәттен бастап өзінің ескертпелерін алты айдың ішінде Комитетке жібереді.
7. Осы баптың 2-тармағына сәйкес жүргізілген тергеуге қатысты мұндай процестер аяқталғаннан кейін Комитет тиісті қатысушы мемлекетпен консультациядан кейін осы процестің нәтижелері туралы қысқаша есепті осы Хаттаманың 15-бабында көзделген жыл сайынғы өзінің баяндамасына енгізу туралы шешім қабылдай алады.
8. Осы баптың 1-тармағына сәйкес мәлімдеме жасаған кез келген қатысушы мемлекет кез келген уақытта Бас хатшының хабарламасы арқылы бұл мәлімдемені қайтарып ала алады.
12-бап
Тергеу рәсімінің қорытындылары бойынша кейінгі шаралар
1. Комитет тиісті қатысушы мемлекетке осы Хаттаманың 11-бабына сәйкес жүргізілген тергеуге байланысты қабылданған кез келген шаралар туралы егжей-тегжейлі ақпаратты Пактінің 16 және 17-баптарына сәйкес ұсынылатын баяндамасына қосуды ұсына алады.
2. 11-баптың 6-тармағында сөз болатын алты айлық кезең аяқталғаннан кейін, қажет болған кезде Комитет тиісті қатысушы мемлекетке осындай тергеуге байланысты қабылданған шаралар туралы хабардар етуді ұсынуы мүмкін.
13-бап
Қорғау шаралары
Осы Хаттамаға сәйкес Комитетке жүгіну салдарынан оның заңды құзырындағы адамдар қандай да бір нысандағы қысымға немесе қорқытуға ұшырамауы үшін қатысушы мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдайды.
14-бап
Халықаралық көмек және ынтымақтастық
1. Комитет, егер мұны орынды деп тапса және тиісті қатысушы мемлекеттің келісімімен мамандандырылған мекемелерге, қорларға және бағдарламаларға және Біріккен Ұлттар Ұйымының басқа да құзыретті органдарына техникалық консультациялардың немесе көмектің қажеттігін көрсететін хабарламалар мен тексерулерге қатысты өзінің пікірлері немесе ұсынымдарын, сондай-ақ егер бар болса, пайымдаулары немесе ұсынымдарына қатысты қатысушы мемлекеттің ескертпелері мен ұсыныстарын жолдайды.
2. Комитет сондай-ақ қатысушы мемлекеттің келісімімен осы Хаттамаға сәйкес қарастырылған хабарламаларға байланысты туындайтын, Пактіде танылған құқықтарды жүзеге асыру ісінде ілгерілеуге қол жеткізуде қатысушы мемлекеттерге көмек көрсетуге мүмкіндік беретін халықаралық шаралардың орындылығына қатысты сол органдардың әрқайсысы өз құзыреті шегінде шешім шығаратын кезінде пайдасы тиетін кез келген мәселені осындай органдардың назарына жеткізуіне болады.
3. Бас Ассамблеяның тиісті рәсімдеріне сәйкес осы Хаттаманың түпмәтініндегі экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар саласындағы ұлттық әлеуеттерді нығайтуға ықпал ете отырып, Пактіде бекітілген құқықтарды толығырақ жүзеге асыру мақсатында тиісті қатысушы мемлекеттің келісімімен қатысушы мемлекеттерге сараптамалық және техникалық көмек көрсету үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Қаржылық ережелері мен қағидаларына сәйкес басқарылатын нысаналы қор құрылады.
4. Осы баптың ережелері Пактіге сәйкес әрбір қатысушы мемлекеттің өз міндеттемелерін орындау міндетіне әсер етпейді.
15-бап
Жыл сайынғы баяндама
Комитет жыл сайынғы баяндамасына осы Хаттамаға сәйкес өзінің қызметі туралы қысқаша есепті қосады.
16-бап
Хабардарлықты арттыру және ақпараттандыру
Әрбір қатысушы мемлекет Пакті және осы Хаттама туралы кеңінен ақпараттандыруды және хабардарлығын арттыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Комитеттің пікірлері мен ұсынымдары туралы ақпаратқа, атап айтқанда, осы қатысушы мемлекетке қатысты мәселелер бойынша ақпаратқа, мүгедектер үшін де қол жетімді форматта жасай отырып, қол жеткізуді оңайлатуға міндеттенеді.
17-бап
Қол қою, ратификациялау және қосылу
1. Осы Хаттама Пактіге қол қойған, оны ратификациялаған немесе оған қосылған кез келген мемлекеттің қол қоюы үшін ашық.
2. Осы Хаттама Пактіні ратификациялаған немесе оған қосылған кез келген мемлекеттің ратификациялауына жатады. Ратификациялау грамоталары Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысына сақтауға тапсырылады.
3. Осы Хаттама Пактіні ратификациялаған немесе оған қосылған кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
4. Қосылу туралы құжатты Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Хатшысының депозитарийіне тапсыру арқылы қосылу жүзеге асырылады.
18-бап
Күшіне енуі
1. Осы Хаттама қосылу туралы оныншы ратификациялау грамотасын немесе оныншы құжатты Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Хатшысының депозитарийіне тапсырған күннен бастап үш ай өткен соң күшіне енеді.
2. Осы Хаттаманы ратификациялайтын немесе оныншы ратификациялау грамотасын немесе қосылу туралы оныншы құжатты сақтауға тапсырғаннан кейін оған қосылатын әрбір мемлекет үшін осы Хаттама өзінің ратификациялау грамотасын немесе қосылуы туралы құжатын сақтауға тапсырған күннен бастап үш айдан соң күшіне енеді.
19-бап
Түзетулер
1. Кез келген қатысушы мемлекет осы Хаттамаға түзетулерін ұсына алады және оларды Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына табыс ете алады. Бас хатшы осы ұсынысты қарау және олар бойынша шешім қабылдау мақсатында қатысушы мемлекеттердің кеңесін шақыруды олардың қолдайтындығын өзіне хабарлау туралы өтініш айтып, кез келген ұсынылған түзетулерді қатысушы мемлекеттерге жолдайды. Егер мұндай кеңес шақыруды осындай хабарлама күнінен бастап төрт ай ішінде қатысушы мемлекеттердің кем дегенде үштен бірі қолдайтын болса, Бас хатшы Біріккен Ұлттар Ұйымының демеуімен осындай кеңес шақырады. Дауыс беруге қатысқан немесе атсалысқан қатысушы мемлекеттердің үштен екісі көпшілік дауыспен қабылдаған кез келген түзету бекіту үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына, кейін оны қабылдау үшін барлық қатысушы мемлекеттерге ұсынылады.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылданған және бекітілген түзету сақтауға тапсырылған құжаттардың саны түзету күніне қатысушы мемлекеттің үштен екісіне жеткеннен кейін отызыншы күні күшіне енеді. Кейіннен түзету кез келген қатысушы мемлекет үшін сақтауға қабылдау туралы оның жеке құжатын тапсырғаннан кейін отызыншы күні күшіне енеді. Түзету оны қабылдаған қатысушы мемлекеттер үшін ғана міндетті болып табылады.
20-бап
Күшін жою
1. Кез келген қатысушы мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының атына жазбаша хабарлама жіберу арқылы кез келген уақытта осы Хаттаманың күшін жоя алады. Күшін жою Бас хатшы осындай хабарламаны алған күннен бастап алты айдан соң күшіне енеді.
2. Күшін жою күшін жоюдың күшіне енген күніне дейін 2 және 10-баптарға сәйкес ұсынылған кез келген хабарламаға немесе 11-бапқа сәйкес басталған кез келген рәсімге қатысты осы Хаттаманың ережелерін қолдануды жалғастыруға кедергі келтірмейді.
21-бап
Бас хатшының хабарлауы
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пактінің 26-бабының 1-тармағында аталған барлық мемлекеттерге:
а) осы Хаттамаға сәйкес қол қоюлар, ратификациялаулар және қосылулар;
b) осы Хаттаманың күшіне енген күні және 19-бапқа сәйкес кез келген түзетулер;
c) 20-бапқа сәйкес кез келген күшін жою туралы хабарлайды.
22-бап
Ресми тілдер
1. Ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі мәтіндері тең түпнұсқалы болып табылатын осы Хаттама Біріккен Ұлттар Ұйымының мұрағатына сақтауға тапсырылады.
2. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы осы Хаттаманың куәландырылған көшірмелерін Пактінің 26-бабында көрсетілген барлық мемлекеттерге жолдайды.