"Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға "Ұлттық" мәртебе беру қағидасы мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 24 қаңтардағы № 28 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға «Ұлттық» мәртебе беру қағидасы мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем,
шығармашылық ұжымдарға «Ұлттық» мәртебе беру қағидасы мен
шарттарын бекіту туралы

      «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға «Ұлттық» мәртебе беру қағидасы мен шарттары бекітілсін.
      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
          Президенті                             Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2010 жылғы __ ______
№ __ Жарлығымен  
бекітілген    

Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем,
шығармашылық ұжымдарға «Ұлттық» мәртебе беру қағидасы мен шарттары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға «Ұлттық» мәртебе беру қағидасы мен шарттары (бұдан әрі - Қағида) «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңына сәйкес әзірленген және мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға «Ұлттық» мәртебе берудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.

2. «Ұлттық» мәртебе алуға үміткер мемлекеттік мәдениет
ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға қойылатын талаптар

      2. «Ұлттық» мәртебе қызметі мәдениет саласында ерекше мемлекеттік және қоғамдық мәнге ие және мынадай талаптарға сәйкес келетін мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға беріледі:
      1) мына:
      Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіппен берілген «Академиялық» мәртебесі бар;
      елде және шетелде белсенді гастрольдік қызмет жүргізетін;
      театрлар репертуарларын үнемі, оның ішінде отандық авторлардың шығармаларымен жаңартып отыратын;
      жеке тұрған ғимараты бар театрлар, концерттік ұйымдар, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдар.
      2) мына:
      кемінде жиырма бес жыл тұрақты және тиімді қызметті жүзеге асыратын;
      өз қызметінде кәсіпқойлықты, жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыру үшін инновациялар енгізетін;
      жеке тұрған ғимараты бар;
      халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысатын;
      мұражайларда мұражай қорының құрамында ұлттық мәдени игілік болып табылатын мәдени құндылықтардың кемінде он пайызы бар;
      кітапханаларда кітапхана қорының құрамында кемінде он пайызы ұлттық мәдени игілік болып табылатын сирек қолжазбалардың, көне кітаптардың, құжаттар мен басылымдардың коллекциялары бар мұражайлар мен кітапханалар.
      3. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына, жекелеген кәсіби көркем,
шығармашылық ұжымдарға «Ұлттық» мәртебе беру «Академиялық» мәртебе
берілген сәттен бастап кемінде он жыл өткен соң жүргізіледі.

3. «Ұлттық» мәртебе беру тәртібі

      4. Республикалық мемлекеттік мәдениет ұйымдарының, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының басшылары мәдениет саласындағы орталық уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) «Ұлттық» мәртебе беру туралы қолдаухат ұсынады.
      Қолдаухатқа мынадай құжаттар қоса беріледі:
      1) мемлекеттік мәдениет ұйымы, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжым қызметкерлерінің жалпы жиналысының «Ұлттық» мәртебе беруге ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
      2) мемлекеттік мәдениет ұйымының, жекелеген кәсіби көркем,
шығармашылық ұжымның қызметі туралы Қазақстанның мәдениеті мен өнерін
дамытуға қосқан үлесін көрсететін анықтама;
      3) КСРО-ның және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары бар мәдениет қызметкерлері, шығармашыл қызметкерлер туралы мәліметтер;
      4) «Академиялық» мәртебе берілген құжаттың көшірмесі;
      5) қызметі туралы республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында және шетелдің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдардың (кемінде он жарияланым) көшірмелері;
      6) мәдениет саласындағы іс-шараларға (республикалық және халықаралық маңызы бар конкурстарға, фестивальдарға, көрмелерге) қатысқаны және (немесе) жүлделі орындар алғаны туралы куәландыратын құжаттардың көшірмесі.
      5. Осы Қағиданың 4-тармағында көрсетілген құжаттар мемлекеттік мәдениет ұйымының, жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымның «Академиялық» мәртебе берілген сәттен бастап сіңірген еңбегін көрсетуге тиіс.
      6. Қолдаухаттар ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде уәкілетті органның мекенжайына жіберілуге тиіс. Көрсетілген мерзімді бұза отырып жіберілген қолдаухаттар қарауға қабылданбайды.
      7. Уәкілетті органның жанынан құрылған арнайы комиссияның ұсынымы негізінде 10 қазанға дейін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік мәдениет ұйымдары мен жекелеген кәсіби көркем, шығармашылық ұжымдарға «Ұлттық» мәртебе беру туралы ұсыныс енгізеді.
      8. Қазақстан Республикасының Үкіметі заңнамада көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасын қарауға енгізеді.
      9. «Ұлттық» мәртебені Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады