Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелерін визалардан босату туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 3 ақпандағы N 73 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Астана қаласында 2010 жылғы 17 қыркүйекте жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелерін визалардан босату туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі арасындағы Дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелерін визалардан босату туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Корольдігінің Үкіметі,
      екі мемлекет арасындағы дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелерінің сапарларын оңайлату қажеттілігін мойындай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары - дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, кете алады, сондай-ақ транзитпен өте алады. Бұл ретте олардың болу мерзімі келген күнінен бастап 30 (отыз) күннен аспауы тиіс.

2-бап

      Бір Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің және консулдық мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері, дипломаттық және қызметтік паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына бүкіл аккредиттеу мерзімі ішінде, егер олар екінші Тарап мемлекетінің аумағына келгеннен кейін 30 (отыз) күн ішінде аккредиттеу талаптарын орындаған болса, визасыз келуге құқығы бар.

3-бап

      Тараптар мемлекеттері азаматтарының - дипломаттық және қызметтік паспорттар иелерінің екінші Тарап мемлекетінің аумағына келуі, кетуі және транзитпен өтуі екі мемлекеттің халықаралық қатынас үшін ашық ресми өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады.

4-бап

      Тараптардың әрқайсысы өз мемлекетінің аумағында болуы қолайсыз деп танылған екінші Тараптың дипломаттық және қызметтік паспорттар иелерінің келуінен бас тарту оның болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.

5-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген Тараптар мемлекеттерінің азаматтары басқа Тарап мемлекетінің аумағында болуы кезінде болатын мемлекеттің қолданыстағы заңнамасын сақтауға міндетті.

6-бап

      Тараптар осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 30 (отыз) күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы дипломаттық және қызметтік паспорттардың үлгілерімен алмасады.
      Тараптардың әрқайсысы дипломаттық және қызметтік паспорттарға өзгерістер енгізілген жағдайда, оларды қолданысқа енгізгенге дейін кемінде 60 (алпыс) күн бұрын бұл туралы басқа Тарапты хабардар етуге міндетті.

7-бап

      Тараптардың бірінің мемлекетінің азаматтары басқа Тарап мемлекетінің аумағында дипломаттық және қызметтік паспорттарын жоғалтқан немесе олар бүлінген жағдайда, бұл туралы болатын мемлекеттің құзыретті органдарына, сондай-ақ олардың мемлекетінің дипломатиялық өкілдігіне хабарлауы тиіс.

8-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

9-бап

      Осы Келісім ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда олар Тараптар арасындағы консультациялар арқылы шешіледі.

10-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.
      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданысын тоқтату ниеті туралы тиісті жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап екі ай өткенге дейін күшінде қалады.

      Астана қаласында 2010 жылғы "17" қыркүйекте әрқайсысы қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерінде 2 (екі) түпнұсқа данада жасалды, және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының        Иордан Хашимит Корольдігінің
           Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      2010 жылғы 17 қыркүйекте Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иордан Хашимит Королдігінің Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалардан босату туралы келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                             Б. Пискорский

      РҚАО-ның ескертпесі. Бұдан әрі Келісімнің мәтіні ағылшын және араб тілдерінде берілген

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады