Қазақстан Республикасының кен орындарын алғашқы ашушылар туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 ақпандағы № 90 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 31 тамыздағы № 492 қаулысымен

            Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 31.08.2016 № 492 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 25 қарашадағы № 1096 бұйрығын қараңыз.
      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасыньң 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабының 21) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының кен орындарын алғашқы ашушылар туралы ереже бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
 
Премьер-Министрі
К. Мәсімов

      

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 8 ақпандағы
№ 90 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының кен орындарын алғашқы ашушылар туралы
ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының кен орындарын алғашқы ашушылар туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңы 16-бабының 21) тармақшасына сәйкес әзірленді.
      2. Қазақстан Республикасының кен орнын алғашқы ашушы (бұдан әрі - Алғашқы ашушы) - өнеркәсіптік құндылыққа ие, бұрын белгісіз болған кен орнын ашқан, сондай-ақ бұрыннан белгілі кен орнында пайдалы қазбалардың қосымша қорларын немесе оның өнеркәсіптік құндылығын едәуір ұлғайтатын жаңа минералдық шикізатты анықтаған тұлға.
      3. Кен орнын ашуға және барлауға тікелей белсенді түрде қатысқан және ерекше кезге түскен:
      1) шығармашылық бастама жасаған және нәтижесінде өнеркәсіптік құндылығы бар жаңа кен орны ашылған геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажеттілігін ғылыми негіздеген;
      2) белгілі кен орны шегінде оның қорын бұрын бекітілгенмен салыстырғанда кемінде екі есе ұлғайтатын жаңа дербес учаскелерді, кенді денелерді, қаттарды, қабаттарды немесе өнеркәсіптік пайдалануға жарамды жаңа пайдалы қазбаны ашқан жеке тұлғалар Алғашқы ашушылар деп танылады.
      4. Алғашкы ашушы деп танылған тұлғаға диплом мен "Қазақстан Республикасының кен орнын алғашқы ашушы" омырауға тағатын құрмет белгісі беріледі.
      5. "Қазақстан Республикасының кен орнын алғашқы ашушы" омырауға тағатын құрмет белгісінің сипаттамасы мен бейнесін қоса алғанда, "Қазақстан Республикасының кен орнын алғашқы ашушы" омырауға тағатын құрмет белгісімен марапаттау туралы нұсқаулықты, "Қазақстан Республикасының кен орнын алғашқы ашушы" омырауға тағатын құрмет белгісіне қоса берілетін дипломның үлгісін индустриялық саясатты реттеу саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
      6. Кен орнын ашуға алып келген геологиялық барлау жұмыстарын
      жүргізу қажеттілігін негіздеуге, кен орнын ашу мен барлауға өзі тікелей қатыспаған, өзінің қызметтік міндеттеріне қарай көрсетілген жұмыстарға жалпы басшылықты жүзеге асырып отырған лауазымды тұлғаларға "Қазақстан Республикасының кен орнын алғашқы ашушы" омырауға тағатын құрмет белгісін тапсыру жүргізілмейді.

2. Өтінішті қарау және жеке тұлғаны пайдалы қазба кен орнын Алғашқы ашушы деп тану туралы шешім қабылдау

      7. Жеке тұлғаны Алғашқы ашушы деп тануға байланысты мәселелерді жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) білікті мамандарынан құралатын және уәкілетті органның жанындағы Пайдалы қазбалар кен орындарын алғашқы ашу істері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) қарайды.
      8. Геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаменттері (бұдан әрі - өңіраралық департаменттер) жанынан тиісті өңіраралық департаменттердің мамандарынан тұратын пайдалы қазбалар кен орындарын алғашқы ашушылар істері жөніндегі еңіраралық комиссиялар (бұдан әрі - өңіраралық комиссиялар) құрылады.
      9. Комиссиялар өз қызметінде Конституцияны, Заңды, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
      10. Пайдалы қазба кен орнын ашу туралы жеке тұлғаның өтініші жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесімен қоса өңіраралық департаментке ұсынылады, онда тіркеледі және өңіраралық комиссияның қарауына тапсырылады.
      11. Өңіраралық комиссия өтініш түскен күннен бастап отыз күнтізбелік күн мерзімде оны қарайды және:
      1) кен орнының ашылу фактісін және кен орнын ашуға өтініш берушінің (өтініш берушілердің) қатысқанын;
      2) кен орнының өнеркәсіптік құндылығын, зерделену дәрежесі және толықтығын, оны рентабельді өңдеу мүмкіндігін немесе қосымша зерттеудің орындылығын анықтайды.
      12. Өтініште баяндалған материалдарды қосымша зерттеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайда, қарау мерзімі отыз күнтізбелік күннен аспайтын болып ұзартылуы мүмкін, ол туралы қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап үш күнтізбелік күннің ішінде өтініш берушіге хабарланады.
      13. Өңіраралық комиссиялар өтінішті қарағаннан кейін материалдармен қоса және өтініш берушіні Алғашқы ашушы деп тану не танудан бас тарту негіздемесі бар қорытындыны уәкілетті органға жібереді.
      14. Комиссияның отырыстары өңіраралық комиссиялардан пайдалы қазба кен орнын ашу туралы жеке тұлғаның өтінішін қарау нәтижелері бойынша қорытынды алынған сәттен бастап бір ай ішінде, бірақ жылына бір реттен сиретпей өткізіледі.
      15. Өтініш беруші Комиссияның отырыстарын өткізуге байланысты шығыстарды төлемейді.
      16. Өтініш берушіні Алғашқы ашушы деп тану не оны Алғашқы ашушы деп танудан бас тарту туралы шешім Комиссияның хаттамамен ресімделетін ұсынымы негізінде қабылданады. Шешімді Комиссияның ұсынымы түскен күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде уәкілетті органның бірінші басшысы бекітеді.
      17. Өтініш берушіні Алғашқы ашушы деп танудан:
      1) ол өзі туралы көрінеу жалған мәліметтерді ұсынған;
      2) кен орнын барлауға, оны ашуға белсенді түрде қатысқан өтініш беруші үлесінің жеткіліксіздігі туралы шешім болған жағдайда бас тартылады.
      18. Уәкілетті органның өтініш берушіні Алғашқы ашушы деп танудан бас тарту туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым берілуі мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады