"Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық контексте әсер етуді бағалау жөніндегі хаттамаға қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 3 наурыздағы № 215 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық контексте әсер етуді бағалау жөніндегі хаттамаға қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік
конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық контексте әсер етуді
бағалау жөніндегі хаттамаға қол қою туралы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық контексте әсер етуді бағалау жөніндегі хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Сәдуақасұлы Әшімовке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық контексте әсер етуді бағалау жөніндегі хаттамаға қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
            Президенті                           Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
201__ жылғы ______ 
№ ___ Жарлығымен  
МАҚҰЛДАНҒАН    

Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік
конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық контексте әсер етуді
бағалау жөніндегі
Хаттама

      Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Каспий маңындағы мемлекеттер: Әзірбайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Түрікменстан, 2003 жылғы 4 қарашада Тегеранда, Иран Ислам Республикасы, қабылданған Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның тараптары бола отырып,
      Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның 7, 17 және 18-баптарының ережелерін орындауға әзірлігін растай отырып,
      Уағдаласушы Тараптар арасындағы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі өңірлік өзара түсіністік пен ынтымақтастықты күшейтуге жәрдем көрсетуге бел байлай отырып,
      жоспарланып отырған қызмет бойынша шешімдер қабылдау процесінің бастапқы сатысында қоршаған ортаға әсерді бағалауды қолдану орнықты даму қағидатын іске асыруға әсер ететінін мойындай отырып,
      қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесінде ақпаратқа қол жеткізудің және жұртшылықтың қатысуының маңыздылығын атап өте отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап. Терминдердің пайдаланылуы

      осы Хаттаманың мақсаттары үшін
      (а) «Шығу Тарабы» заңды құзыр(лар)ы аясында осы Хаттамаға 1-қосымшада көрсетілген, жоспарланып отырған қызметті жүзеге асыру межеленген осы Хаттаманың Уағдаласушы Тарабын (Тараптарын) білдіреді;
      (b) «Қозғалатын Тарап» жоспарланып отырған қызметтің трансшекаралық әсері тиюі мүмкін осы Хаттаманың Уағдаласушы Тарабын (Тараптарын) білдіреді. Осы Хаттаманың Уағдаласушы Тарабы (Тараптары) қозғалатын Тарап ретінде қаралуы мүмкін теңіз аудандары Каспий теңізінің түпкілікті құқықтық мәртебесіне сәйкес айқындалады;
      (с) «Мүдделі Тараптар» осы Хаттамаға сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімінің шығу Тарабы мен қозғалатын Тарабын білдіреді;
      (d) «Қоршаған ортаға әсерді бағалау» (ҚОӘБ) жоспарланып отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал әсерін бағалауды жүргізу жөніндегі ұлттық рәсімді білдіреді;
      (e) «Жоспарланып отырған қызмет» қолданылатын қоршаған ортаға әсерді бағалаудың ұлттық рәсіміне сәйкес құзыретті органның шешім қабылдауын талап ететін кез келген қызметті немесе қызметтің айтарлықтай өзгеруін білдіреді;
       (f) «Әсер ету» флораны, фаунаны, топырақты, атмосфералық ауаны, суды, климатты, ландшафтты, тарихи ескерткіштерді және/немесе осы факторлардың өзара байланысын қоса алғанда, Каспий теңізінің теңіз ортасы үшін жоспарланып отырған қызметті іске асырудың кез келген салдарын білдіреді; ол, сондай-ақ адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі, мәдени мұра немесе әлеуметтік-экономикалық және өзге жағдайлар үшін зардап пен осы факторлардың нәтижесінде болатын өзгерістерді қамтиды;
      (g) «Трансшекаралық әсер ету» шығу Тарабы жоспарланып отырған қызметті іске асырған кезде екінші Уағдаласушы Тарапқа кез келген әсер етуді білдіреді;
      (һ) «Жұртшылық» бір немесе одан көп жеке және заңды тұлғаларды білдіреді;
      (і) «Құзыретті орган» Уағдаласушы Тарап тағайындайтын, осы Хаттамада қамтылған міндеттерді орындауға жауапты орган(дар)ды білдіреді;
      (j) «Хабардар ету мақсаттарына арналған байланыс пункті» Уағдаласушы Тараптар айқындаған байланыс пунктін немесе пункттерін білдіреді, ол(ар) туралы басқа Уағдаласушы Тараптар және хабарламаны алуға жауапты, тиісті құзыретті органды хабардар етуді қамтамасыз ететін Хатшылық хабардар етіледі;
      (k) «Жобаны әзірлеуші» ұлттық рәсімге сәйкес жоспарланып отырған қызметке қатысты рұқсат үшін өтініш жасаған мемлекеттік органды қоса алғанда, бастамашыны білдіреді;
      (l) «Уағдаласушы Тараптардың конференциясы» Конвенцияның 22-бабында көрсетілген органды білдіреді;
      (m) «Хатшылық» Конвенцияның 23-бабында көрсетілген органды білдіреді.

2-бап. Мақсаты

      Осы Хаттаманың мақсаты теңіз ортасы мен теңізге жақын орналасқан құрлықтың ластануын болдырмау, азайту және бақылау үшін, оның биологиялық әр алуандығын сақтауға және оның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалануға әрі адам денсаулығын қорғауға жәрдем көрсету үшін трансшекаралық контексте теңіз ортасына және теңізге жақын орналасқан құрлыққа айтарлықтай трансшекаралық әсер етуі мүмкін кез келген жоспарланып отырған қызметтің тиімді әрі ашық ҚОӘБ рәсімдерін жүргізу болып табылады.

3-бап. Хаттаманың қолданылу саласы

      Конвенцияның 3-бабына сәйкес осы Хаттама Каспий теңізі деңгейінің ауытқуын және жерүсті көздерден шыққан ластануларды ескере отырып, оның теңіз ортасына қолданылады.

4-бап. Жалпы ережелер

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Хаттамаға II қосымшада қамтылған өлшемдерді ескере отырып, осы Хаттаманың оған I қосымшада санамаланған жоспарланып отырған қызмет жөніндегі ережелерін орындау үшін, сондай-ақ жұртшылықтың қатысуын және осы Хаттамаға III қосымшада сипатталған қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттарды дайындауды шешетін қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімін әзірлеу үшін қажетті заңнамалық, әкімшілік және басқа да шараларды қабылдайды.
      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Хаттамаға 1-қосымшада келтірілген, айтарлықтай трансшекаралық әсер туындатуы мүмкін жоспарланып отырған қызмет түрлерінің осы Хаттамаға сәйкес жоспарланып отырған қызметке рұқсат беру немесе оны жүргізу жөнінде шешім қабылдаудың алдында ҚОӘБ рәсіміне жатқызылуын қамтамасыз етеді.
      3. Әрбір Уағдаласушы Тарап Уағдаласушы Тараптарға және Хатшылыққа өзінің хабарландыру мақсаттарына арналған байланыс пункті туралы ақпарат береді. Хабарландыру мақсаттарына арналған байланыс пункті туралы ақпаратқа Уағдаласушы Тараптар Хатшылық арқылы электронды немесе басқа да кез келген қолайлы түрде қол жеткізе алуы тиіс.
      4. Мүдделі Тараптар осы Хаттамаға сәйкес ҚОӘБ рәсімінің бастапқы сатысынан бастап жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсіміне жұртшылықтың тиімді қатысуын қамтамасыз етеді.
      5. Осы Хаттамаға сәйкес мүдделі Тараптар шығу Тарабының жұртшылығына және қозғалатын Тарап жұртшылығына жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсімдеріне қатысу үшін тең мүмкіндік береді және оған ҚОӘБ мәселелері бойынша қолдау мен консультациялар көрсетеді.
      6. Осы Хаттаманың ережелері Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңдарды, ұлттық қауіпсіздік мүддесіндегі ұйғарымдарды немесе әкімшілік ережелерді қолдану құқығын қозғамайды.
      7. Осы Хаттаманың ережелері Уағдаласушы Тараптардың осы Хаттаманың қолданылу аясына түсетін мәселелерге қатысты қосымша шараларды қолдау немесе ұсыну құқығын қозғамайды.
      8. Осы Хаттаманың ережелері трансшекаралық контексте қоршаған ортаға әсерді бағалауға қатысты халықаралық құқыққа сәйкес Уағдаласушы Тараптардың кез келген міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді.

5-бап. Хабарлама

      1. Осы Хаттамаға 1-қосымшада көрсетілген жоспарланып отырған қызмет түріне қатысты шығу Тарабының құзыретті органы айтарлықтай трансшекаралық әсер етуі мүмкін жоспарланып отырған қызмет туралы ақпарат алғаннан кейін ол байланыс пункті арқылы өзінің пікірі бойынша әлеуетті қозғалатын Тарапқа айналуы мүмкін кез келген Уағдаласушы Тарапты және басқа Уағдаласушы Тараптарды хабардар ету үшін Хатшылықты мейлінше ертерек хабардар етеді.
      2. Хабарлама, өзгелерімен қатар:
      а) хабардар ету сәтінде қол жетімді болған жоспарланып отырған қызметтің ықтимал трансшекаралық әсері туралы ақпарат пен оған қатысты ықтимал шешімдердің сипатын қамтитын жоспарланып отырған қызмет туралы ақпаратты;
      b) қозғалатын Тараптың осы хабарламаға жауап жіберуі үшін қолайлы, бірақ ағылшын және орыс тілдеріндегі хабарламаларды алғаннан кейін кемінде 30 күн болатын мерзімдерді;
      с) ҚОӘБ рәсімінің келесі сатыларын жүргізу мерзімдерін және атап айтқанда осы Хаттаманың 6, 7 және 8-баптарында айқындалғандарын көрсете отырып, көзделіп отырған ҚОӘБ рәсіміне қатысты ақпаратты қамтиды.
      3. Шығу Тарабы хабарламадағы құжаттаманы ағылшын немесе орыс тіліне аудармасымен бірге мемлекеттік тілде ұсынады. Хатшылық құжаттаманы тиісінше ағылшын немесе орыс тіліне аударуды қамтамасыз етеді.
      4. Шығу Тарабының құзыретті органы хабарламаны қозғалатын Тарапты хабардар ету мақсатында байланыс пунктінің және Хатшылықтың алуын қамтамасыз етеді.
      5. Қозғалатын Тараптың құзыретті органы шығу Тарабының құзыретті органына жауап жібереді және хабарламада айқындалған мерзім ішінде өзінің жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсіміне қатысуға ниеттенген-ниеттенбегенін көрсете отырып, Хатшылықты хабардар етеді.
      6. Егер қозғалатын Тарап өзінің жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсіміне қатысуға ниетінің жоқ екенін көрсетсе немесе ол хабарламада айқындалған мерзім ішінде жауап бермесе, онда осы Хаттаманың 7-бабының 3 (b) тармағына сәйкес шығу Тарабының Хатшылыққа қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттаманы жіберу бойынша міндеттемесін қоспағанда, осы Хаттаманың осы бабы 7-8-тармақтарының және 6-11-баптарының ережелері қолданылмайды.
      7. Eгep қозғалатын Тарап өзінің жоспарланып отырған қызметтің ҚОӘБ рәсіміне қатысуға ниеттенгенін көрсетсе, онда ол шығу Тарабына өзінің хабарламаға жауабында немесе бұдан кейін дереу
      (а) қозғалатын Тараптағы қоғамдық консультациялар рәсімі туралы тиісті ақпаратты;
      (b) ол туындаған жағдайда қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі зерттеулерде шешуге ұсынылатын ерекше мәселелер туралы сұрауды; және
      (с)(b) тармақшасында баяндалған мәселелер бойынша қолда бар қол жетімді ақпараттың қысқаша мазмұнын ұсынады.
      8. Егер мұндай ақпарат ҚОӘБ жөніндегі құжаттаманы дайындау үшін қажет болса, шығу Тарабының сұрауы бойынша қозғалатын Тарап қозғалуы ықтимал қоршаған орта туралы кез келген ақылға қонымды қол жетімді ақпаратты ұсынады.
      9. Егер қандай да бір Уағдаласушы Тараптың жоспарланып отырған қызмет нәтижесінде өзінің айтарлықтай трансшекаралық әсерге ұшыраймын деп санауына орынды негіздер болса және егер осы баптың 1-тармағына сәйкес хабарлама болмаса, шығу Тарабы осы Уағдаласушы Тараптың талабына сәйкес оған оның ҚОӘБ рәсіміне қатысатын-қатыспайтынын айқындау үшін жеткілікті ақпарат ұсынады.

6-бап. Мүдделі Тараптар арасындағы байланыс

      1. Мүдделі Тараптардың құзыретті органдары:
      (а) қоғамдық консультациялар жүргізу мақсаттары мен қозғалатын Тараптың құзыретті органының қарауы үшін ұсынылатын кез келген ақпаратты қоса алғанда, ҚОӘБ құжаттамасының қажетті форматы мен тіл(дер)іне;
      (b) мүдделі Тараптардың құзыретті органдары мен жобаны әзірлеушінің рөлдерін қоса алғанда, мүдделі Тараптар арасындағы келісімшарттар бойынша нақты іс-шараларға; және
      (с) қозғалатын Тараптың ҚОӘБ құжаттамасын қарауының 90 күннен аспайтын мерзіміне қатысты консультациялар өткізеді және келісімге келеді.
      2. Мүдделі Тараптар қажет болған жағдайда осы Хаттаманың міндеттерін орындау жөніндегі өзара іс-қимыл тәсілдерін келіседі.

7-бап. ҚОӘБ құжаттамасының жобасын дайындау және жіберу

      1. ҚОӘБ жүргізу шығу Тарабының ұлттық заңнамасы мен практикасына сәйкес жүзеге асырылады және осы Хаттаманың 5-бабы 7-тармағына сәйкес қозғалатын Тарап көтеретін барлық сұрақтарға неғұрлым толық жауап береді.
      2. Шығу Тарабы қоғамдық консультациялар жүргізу және қозғалатын Тараптың құзыретті органының қарауы үшін жобаны әзірлеушінің ҚОӘБ құжаттамасының жобасын дайындауын қамтамасыз етеді. Осы Хаттаманың 6-бабының 1-тармағына сәйкес ҚОӘБ құжаттамасы мүдделі Тараптар арасындағы келісілген формат пен тіл(дер)де ұсынылады және осы Хаттаманың 6-бабының 1-тармағына сәйкес қозғалатын Тарап сұрататын ақпаратқа қосымша, кем дегенде, III қосымшада аталған тармақтарды қамтиды.
      3. Шығу Тарабы ҚОӘБ құжаттамасының жобасын:
      (а) қозғалатын Тараптың құзыретті органына; және
      (б) қандай да бір Уағдаласушы Тараптың сұрауы бойынша осы ақпаратты ұсынуы үшін Хатшылыққа жібереді.

8-бап. ҚОӘБ құжаттамасын қарау және қоғамдық консультациялар өткізу

      1. Мүдделі Тараптар осы Хаттаманың 6-бабының 1-тармағына сәйкес, ықтимал әсер ету аудандарындағы жұртшылықты:
      (а) жоспарланып отырған қызметке;
      (b) ҚОӘБ құжаттамасы жобасының қол жетімділігіне; және
      (с) Жұртшылықты хабардар ету немесе басқа да тиісті шаралар жолымен қоғамдық консультациялар өткізу мүмкіндігі мен рәсіміне қатысты хабардар етуді қамтамасыз етеді.
      2. Мүдделі Тараптар ҚОӘБ жөніндегі құжаттама жобасының ашық әрі жұртшылық үшін қол жетімді болуын қамтамасыз етеді. Жарияланған нұсқа жұртшылық үшін қол жетімді жерлерде болуға тиіс.
      3. Мүдделі Тараптар ықтимал әсер ету аудандарындағы жұртшылыққа мүдделі Тараптардың құзыретті органдарына жоспарланып отырған қызмет жөнінде түсінік жіберу мүмкіндігін береді. Түсініктер шығу Тарабының құзыретті органына немесе осы Хаттаманың 6-бабы 1 (b) тармағына сәйкес келісілгендей жіберіледі.
      4. Қозғалатын Тараптың құзыретті органы осы Хаттаманың 6-бабы 1 (с) тармағына сәйкес шығу Тарабы айқындайтын мерзім ішінде ҚОӘБ жөніндегі құжаттама жобасы бойынша қарауды жүргізіп, ескертулер береді және өз ескертулерін шығу Тарабының құзыретті органына жібереді.
      5. Шығу Тарабы жобаны әзірлеушінің:
      (а) алынған ескертулерді жинақтауын және қажет болған жағдайда аударуды жүзеге асыруын;
      (b) талап етілетін жерде одан әрі зерттеу жүргізуін; және
      (с) жұртшылықтан және қозғалатын Тараптардың құзыретті органдарынан алынған ескертулерді ҚОӘБ жөніндегі түпкілікті құжаттамаға қосуын және бұл ескертулер қандай түрде назарға алынғанын түсіндіруін қамтамасыз етеді.

9-бап. Мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар

      1. Жоспарланып отырған қызмет бойынша түпкілікті шешім қабылдаудан бұрын қозғалатын Тараптың сұрауы бойынша шығу Тарабы қозғалатын Тараппен өзгесімен қатар, ықтимал трансшекаралық келеңсіз әсерді азайту жөнінде консультациялар өткізеді.
      2. Мүдделі Тараптар осындай консультациялардың бастапқы сатысында қолайлы уақыт шеңберінің шегінде олардың ұзақтығы туралы мәселені келіседі.

 10-бап. Жоспарланып отырған қызметті іске асыру
жөнінде түпкілікті шешім қабылдау

      1. Шығу Тарабының құзыретті органы ҚОӘБ жөніндегі түпкілікті құжаттаманы қарау кезінде және жоспарланып отырған қызмет жөнінде түпкілікті шешім қабылдау кезінде осы Хаттаманың 8-бабына сәйкес алынған ескертулерді назарға алады.
      2. Шығу Тарабының құзыретті органы қозғалатын Тараптың құзыретті органына және Хатшылыққа алынған ескертулер қандай түрде ескерілгені туралы ақпаратты қоса алғанда, жоспарланып отырған қызмет жөніндегі түпкілікті шешімді оған негіз болған себептермен және түсініктермен бірге ұсынады.
      3. Мүдделі Тараптар жоспарланып отырған қызмет жөніндегі түпкілікті шешім туралы ақпарат пен алынған ескертулер қандай түрде ескерілгені туралы ақпаратқа 8-баптың 3-тармағына сәйкес ескерту бергендердің қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

11-бап. Жобалаудан кейінгі талдау

      1. Осы Хаттамаға сәйкес оған қатысты қоршаған ортаға әсерді бағалау жүзеге асырылатын қызметтің айтарлықтай келеңсіз трансшекаралық ықтимал әсерін ескере отырып, мүдделі Тараптар олардың біреуінің өтініші бойынша мониторингті қоса алғанда, жобалаудан кейінгі талдау қандай шамада жүргізілетінін айқындайды.
      2. Жобалаудан кейінгі кез келген талдау мынадай:
      (а) рұқсатта баяндалған немесе осы қызметті бекіту кезінде айтылған шарттардың сақталуын және әсерді азайту жөніндегі шаралардың тиімділігін бақылау;
      (b) тиісті басқару деңгейін және белгісіздік жағдайларында іс-қимылға әзірлікті қамтамасыз ету мақсатында әсер түрлерін талдау;
      (с) алынған тәжірибені болашақта ұқсас қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдалану үшін бұрынғы болжамдарды тексеру мақсаттарына қол жеткізу үшін жүргізіледі.
      3. Егер жобалаудан кейінгі талдау жүргізу нәтижесінде осы Хаттаманың Уағдаласушы Тараптарының бірінің айтарлықтай келеңсіз трансшекаралық әсер орын алып отыр деп санауына жеткілікті негізі болса немесе осындай әсерге алып келуі мүмкін факторларды анықтаса, ол бұл туралы Хаттаманың басқа Уағдаласушы Тараптары мен Хатшылықты дереу хабардар етеді. Бұл жағдайда мүдделі Тараптар дереу консультациялар өткізеді және әсерді азайту немесе жою мақсатында қажетті шараларды қабылдайды.

12-бап. Баяндамаларды ұсыну

      Әрбір Уағдаласушы Тарап Хатшылыққа Уағдаласушы Тараптардың Конференциясында айқындалғандай нысанда және мерзімділікпен осы Хаттама ережелерінің орындалуы туралы баяндама ұсынады.

13-бап. Ұйымдық ережелер

      1. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін және Конвенцияның 22-бабының 10-тармағына сәйкес Уағдаласушы Тараптардың Конференциясы, өзгелерімен қатар:
      (а) осы Хаттаманың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
      (b) осы Хаттаманы үнемі шолуды жүзеге асырады;
      (с) осы Хаттамаға қосымшаларды қарайды және қабылдайды;
      (d) осы Хаттамаға немесе оның қосымшаларына түзетулерді қарайды және қабылдайды;
      (e) Хатшылық осы Хаттаманың орындалуына байланысты мәселелер бойынша беретін есептерді қарайды;
      (f) Осы Хаттаманы орындау үшін қажет болуы мүмкін қосалқы органдарды құрады;
      (g) Қажет болған жағдайда осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін тиісті халықаралық ұйымдар мен ғылыми институттарға техникалық және қаржы қызметтер үшін жүгінеді;
      (Һ) осы Хаттаманы орындау үшін талап етілуі мүмкін кез келген қосымша функцияларды жүзеге асырады.
      2. Конвенцияның 23-бабының 4-тармағына сәйкес Хатшылық, атап айтқанда:
      (а) Уағдаласушы Тараптарға Каспий маңы мемлекеттеріне хабарлау үшін байланыс пункттеріне қатысты электронды немесе басқа да қолайлы кез келген түрде ақпарат береді;
      (b) Мыналарды қоса алғанда, осы Хаттаманы орындау барысында алынған, шығу Тарабы берген ақпаратты алады және электронды немесе кез келген басқа қолайлы түрде таратады:
      (і) осы Хаттаманың 5-бабының 3-тармағына сәйкес жоспарланған қызметке қатысты хабарлама;
      (іі)осы Хаттаманың 7-бабының 3-тармағына сәйкес шығу Тарабы берген ҚОӘБ құжаттамасы; және
      (ііі) осы Хаттаманың 10-бабының 2-тармағына сәйкес алынған ескертулер қалайша ескерілгені туралы ақпаратты қоса алғанда, себептерімен және ой-пікірлерімен бірге жоспарланып отырған қызмет бойынша түпкілікті шешім;
      (с) осы Хаттаманы орындауға байланысты мәселелер бойынша есептерді дайындайды және таратады;
      (d) Уағдаласушы Тараптардан алынатын мәселелер мен ақпаратты қарайды және олармен осы Хаттаманы орындаумен байланысты мәселелер жөнінде консультациялар өткізеді;
      (e) мүмкіндігінше Уағдаласушы Тараптар арасында ақпаратпен алмасуға жәрдемдеседі және Уағдаласушы Тараптарға осы Хаттаманың ережелерін орындау бойынша көмек көрсетеді; және
      (f) кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша осы Хаттаманы тиімді орындау үшін техникалық жәрдемдесуді және консультацияларды қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
      (g) өңірлік және халықаралық ұйымдармен және бағдарламалармен
тиісінше ынтымақтасады;
      (h) Уағдаласушы Тараптардың Конференциясында айқындалуы мүмкін басқа да функцияларды орындайды.

14-бап. Хаттаманы қаржыландыру

      1. Осы Хаттаманың мақсаттарына қол жеткізу үшін мүмкіндігінше тиісті бағдарламаларды, жобаларды және шараларды әзірлеуді және жүзеге асыруды қаржы ресурстарымен қамтамасыз етеді. Бұл үшін Уағдаласушы Тараптар:
      (а) осы мақсаттар үшін көзделген ішкі қаржы ресурстарын бөледі;
      (b) гранттар мен несиелерді қоса алғанда, екі жақты және көп жақты көздердің қаржы ресурстары мен қаржыландыру тетіктерін тартуға жәрдемдеседі; және
      (с) басқа елдердің үкіметтік мекемелері, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен жеке сектор құрылымдары қорларының қаражатын қоса алғанда, ресурстар мен ынталандыру шараларын тарту және бағыттау үшін инновациялық әдістерді зерделейді.
      2. Егер Уағдаласушы Тараптардың Конференциясы басқа шешім қабылдамаса, Конвенцияның осы Хаттамаға mutatis mutandis қаржы ережесі қолданылады.
      3. Осы Хаттамада қамтылған қызметтің барлық түрі және оларды жүзеге асыру Уағдаласушы Тараптардың бюджеттерінде көзделген қаражат шегінде, сондай-ақ өздерінің ұлттық заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден қаржыландырылады.

15-бап. Дауларды реттеу

      Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Хаттаманың ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге қатысты кез келген дау Конвенцияның 30-бабына сәйкес реттеледі.

16-бап. Хаттаманы қабылдау және оның күшіне енуі

      1. Осы Хаттама Уағдаласушы Тараптар Конференциясының сессиясында Уағдаласушы Тараптардың бір дауысты шешімімен қабылданады.
      2. Осы Хаттама _______ қаласында ______- _______ дейін Каспий маңы мемлекеттерінің ғана қол қоюы үшін ашық.
      3. Осы Хаттама Каспий маңы мемлекеттерінің ратификациялануына, қабылдануына немесе бекітуіне жатады. Хаттама өзінің қол қоюға жабылған күнінен бастап, кез келген Каспий маңы мемлекетінің қосылуы үшін ашық болады.
      4. Ратификациялау, қабылдау, бекіту немесе осы Хаттамаға қосылу туралы құжаттар Депозитарийге тапсырылады.
      5. Осы Хаттама Каспий маңы мемлекеттерінің барлығы ратификациялау, қабылдау, бекіту және оған қосылу жөніндегі құжаттарды Депозитарийге сақтауға тапсырғаннан кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.

17-бап. Осы Хаттамаға түзетулер мен ұсыныстарды және
оның қосымшаларына түзетулерді қабылдау

      Уағдаласушы Тараптар осы Хаттамаға түзетулер мен қосымшалар, сондай-ақ оның қосымшаларына түзетулер қабылдау туралы ұсыныстар енгізе алады. Мұндай түзетулер мен қосымшаларды Уағдаласушы Тараптар қабылдайды және олар үшін Конвенцияның 24, 25 және 34-баптарына сәйкес күшіне енеді.

18-бап. Хаттаманың ұлттық заңнамаға әсері

      Осы Хаттаманың ережелері Уағдаласушы Тараптардың осы Хаттаманы орындау үшін барынша қатаң тиісті ұлттық шаралар қабылдау құқығына әсер етпейді.

19-бап. Өзге де халықаралық келісімдермен байланысы

      Осы Хаттамада ештеңе Уағдаласушы Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттар бойынша олардың құқықтары мен міндеттемелеріне зиян келтірмейді.

20-бап. Ескертулер

      Осы Хаттамаға ешқандай ескертулерге рұқсат етілмейді.

21-бап. Депозитарий

      Конвенцияның Депозитарийі осы Хаттаманың Депозитарийі болып табылады.

22-бап. Дәлме-дәл мәтіндер

      Осы Хаттаманың әзірбайжан, қазақ, орыс, түрікмен, парсы және ағылшын тілдеріндегі мәтіндері тең дәлме-дәл болып табылады. Осы Хаттаманы талқылау немесе қолдану туралы даулар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін пайдаланылады.

23-бап. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі
жөніндегі келіссөздерге қатысы

      Осы Хаттаманың ешбір ережесі Каспий теңізінің түпкілікті құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздердің нәтижесін алдын-ала анықтайтындай түсіндірілмейді.

      Осыны куәландыру үшін тиісті дәрежеде өкілеттік берілген төмендегі қол қоюшылар осы Хаттамаға қол қойды.
      _______ қаласында 201_ жылғы «__» __________ жасалды.

      Әзірбайжан Республикасы үшін       Ресей Федерациясы үшін

      Иран Ислам Республикасы үшін       Түрікменстан Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін

1-Қосымша 

Қызмет түрлерінің тізбесі

      1. Мұнай өңдеу зауыттары (шикі мұнайдан жағар материалдарын ғана өндіретін кәсіпорындарды қоспағанда) және өнімділігі күніне 500 т немесе одан көп болатын көмірді немесе битуминоздық тақтатастарды газдандыруға және сұйылтуға арналған қондырғылар.
      2. (а) жылу қуаты 300 мегаватт немесе одан жоғары жылу станциялары мен сұйылтуға арналған басқа да қондырғылар, сондай-ақ
      (b) атом станциялары және басқа атом реакторлары, мұндай электр станцияларын немесе реакторларды1 бөлшектеуді немесе пайдаланудан шығаруды қоса алғанда (ең жоғары қуаты 1 кВт тұрақты жүктемеден аспайтын ыдыратқыш және ұдайы өндірілетін материалдарды ендіру және конверсиялау арналған зерттеу қондырғыларын қоспағанда).
      3. Ядролық отынды өндіруге немесе байытуға, пайдаланылған ядролық отынды регенерациялауға және сақтау немесе радиоактивті қалдықтарды сақтауға, көмуге және қайта өңдеуге ғана арналған қондырғылар.
      4. Доменді және болат балқыту өндірісіне және түсті металдарды
балқытуға арналған ірі қондырғылар.
      5. Асбест және асбесті өңдеу мен қайта құрау және асбесті бар өнімдерді шығару үшін: жылдық өндіру 20 000 т дайын өнімнен асатын - асбестцементті өнімдерге қатысты; жылдық өндіру 50 т дайын өнімнен асатын - фрикциялық материалдарға қатысты; жылына 200 т пайдаланатын - асбесті қолданудың басқа да түрлеріне қатысты қондырғылар.
      6. Химия және мұнай-химия кәсіпорындары.
      7. Автомагистральдарды, жылдам жүретін жолдарды2, алысқа
қатынайтын темір жолдарды және ілеспе көпірлерді және негізгі ұшу-қондыру алаңының ұзындығы 2100 метр және одан да асатын әуежайларды салу, реконструкциялау және/немесе кеңейту.
      8. Мұнай мен газды, мұнай өнімдерін немесе химиялық заттарды тасымалдауға арналған магистральды құбырларды.
      9. Сауда порттары, сондай-ақ ішкі су жолдары мен су сыйымдылығы 1350 тоннадан асатын кемелердің өтуіне мүмкіндік беретін кеме жүретін ішкі жолдарға арналған порттар.
      10. Қалдықтарды өртеу, химиялық өңдеу жолымен жою және қалдықтарды көму объектілері.
      11. Ірі бөгендер мен су қоймалары,
      12. Егер алынатын немесе толтырылатын судың жылдық көлемі 10 млн. текше метрге жеткен немесе одан да асқан жағдайда жер асты суларын жинау жөніндегі қызмет немесе жер асты суларын жасанды жолмен толтыру жүйесі.
      13. Целлюлоза және ауада кептірілген күніне 200 немесе одан астам т. қағаз және картон алу өндірісі.
      14. Ірі карьерлер және металл рудалары мен көмір өндірілетін жерлердегі кендерді ірі ауқымда ашық өндіру, шығару және байыту.
      15. Континентальдық қайраңда көмірсутектерін өндіру. Алынатын көлемі мұнай болған жағдайда күнінен 500 т және газ болған жағдайда 500 000 м3 болатын коммерциялық мақсатта мұнай және газ өндіру.
      16. Мұнай, мұнай-химиялық және химиялық өнімдерді сақтау үшін ірі қоймалар.
      17. Үлкен аландардың ормансыздануы
      18. (а) су ресурстарын өзен бассейндері арасында қайта ауыстыру
жөніндегі жұмыстар, мұндай қайта ауыстыру судың жетіспей қалу мүмкіндігін болдырмауға бағытталған және ауыстырылатын судың көлемі жылына 100 млн.м3 аспайды; және
      (b) басқа барлық жағдайда су ресурстарын жылына 2 000 млн. м3 асатын бассейннен су алуды көп жылдық орташа ағыны бар өзен бассейндері арасында қайта ауыстыруға жөніндегі жұмыстар, бұл жағдайда ауыстырылатын су көлемі осы ағынның 5 %-нан асады. Екі жағдайда да су құбырының ауыз суын ауыстырып жіберуге болмайды.
      19. Өнімділігі барабар халық саны 150 000 адам мөлшерінен асатын ағынды суларды тазалауға арналған қондырғылар.
      20. Микробиологиялық және биотехнологиялық өнеркәсіп кәсіпорындары және қоршаған ортаға гендік-түрлендірілген организмдерді шығару.
      21. Құрғақ учаскелерді жасанды түрде ұлғайту және аралдар, қос және рифтер жасау.
________________________
      Ескертпе
      1 2 «b» позициясы бойынша. Осы Хаттаманың мақсаттары үшін атом станциялары мен басқа атом реакторлары барлық ядролық отын және басқа да радиоактивті ластанған элементтер қондырғының өнеркәсіптік алаңынан түпкілікті жойылған жағдайда мұндай қондырғы болмайтын болады.
      2 7-позиция бойынша:
      Осы Хаттаманың мақсаттары үшін:
      «Автомагистраль» термині жол төңірегіндегі иеліктерге қызмет көрсетпейтін автокөлік құралдарына арнайы салынған және олардың жүруіне арналған жолды білдіреді және онда:
      (a) жекелеген орындарды немесе уақытша шектеулерді қоспағанда, жүруге арналмаған немесе ерекше жағдайларда басқа құралдармен жүруге
арналған бір-бірінен бөліп тұрған жолақпен бөлінген екі бағытта жүруге арналған жекелеген жүру бөліктері болады;
      (b) жолдармен, темір жолдармен немесе трамвай жолдарымен және жаяу жүретін жолдармен бір деңгейде кесіп өтетін жерлері болмайды; және
      (с) автомагистральдар ретінде арнайы белгіленеді.
      «Жылдам жүретін жол» термині оған кіру айырықтар немесе реттеп отыратын түйісу жолдары арқылы ғана мүмкін болатын және онда, атап айтқанда тоқтауға және жүретін бөлігінде (жүретін бөліктерінде) аялдауға тыйым салынған, көлік құралдарының жүруіне арналған жолды білдіреді.
      3 Осы Хаттаманың мақсаттары үшін «аэропорт» термині Халықаралық
азаматтық авиация ұйымын құратын 1944 жылғы Чикаго конвенциясындағы
анықтамаға сәйкес келетін аэропорт (14-қосымша).

2-қосымша  

Елеулі трансшекаралық әсерді айқындауға ықпал ететін өлшемдер тізбесі

      Мүдделі Тараптар қызметтің елеулі келеңсіз трансшекаралық әсері, атап айтқанда мынадай өлшемдердің бірінің немесе бірнешеуінің негізінде әсері бола ма деген мәселені қарай алады:
      (а) Мөлшері: мөлшері қызметтің осы тұрпаты үшін ауқымды қызметтің жоспарланатын түрлері;
      (b) Орналасуы: ерекше экологиялық сезінгіш немесе маңызды немесе оларға жақын (1971 жылғы 2 ақпандағы Ең алдымен суда жүзетін құстардың негізгі тіршілік ету орны ретінде, халықаралық мәні бар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияда айқындалған сулы-батпақты алқаптар, ұлттық парктер, табиғи қорықтар, ерекше ғылыми мүдделі орындар немесе археологиялық, мәдени немесе тарихи маңызы бар орындар сияқты) аудандарда тікелей орналасқан жоспарланатын қызмет түрлері; жоспарланатын әзірлемелердің сипаттамасы халыққа елеулі әсер ететін орындардағы жоспарланатын қызмет түрлері;
      (c) Әсер етуі: адамға немесе құнды түрлерге немесе организмдерге айтарлықтай әсер ету тәуекелін ұлғайтатын, қозғалатын ауданды қазіргі немесе әлеуетті пайдалануға қатер төндіретін және қоршаған ортаның әлеуетін көтеруге шыдам бермеуі мүмкін қосымша шығарындылардың себебі болып табылатын қызмет түрлерін қоса алғанда, кешенді және әлеуетті келеңсіз әсер етуі ерекше жоспарланатын қызмет түрлері.

3-қосымша  

Қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі құжаттаманың ең аз мазмұны

      Осы Хаттаманың 6-бабына сәйкес құжаттама қосылуы тиіс қоршаған ортаға әсер етуді бағалау туралы ақпарат, кемінде мыналарды қамтуы тиіс:
      (а) жоспарланатын қызметті сипаттау және оның мақсаттары;
      (b) сипаттау, қажет болғанда жоспарланатын қызметтің ақылға қонымды баламалары (мысалы, географиялық немесе технологиялық сипаттағы), оның ішінде қызметтен бас тарту нұсқалары;
      (c) қоршаған ортаның жоспарланатын қызмет немесе оның балама
нұсқалары айтарлықтай қозғауы мүмкін элементтерін сипаттау;
      (d) жоспарланатын қызметтің және оның балама нұсқаларының қоршаған ортаға әсерінің ықтимал түрлерін сипаттау және олардың ауқымын бағалау;
      (e) қоршаған ортаға теріс әсерін ең төменге келтіруге бағытталған алдын алу шараларын сипаттау;
      (f) болжамдау әдістеріне нақты көрсету және осылардың негізінде жатқан бастапқы ережелер, сондай-ақ қоршаған орта туралы пайдаланылатын тиісті деректер;
      (g) талап етілетін ақпаратты дайындау кезінде табылған білімдегі олқылықтарды және айқынсыздықтарды анықтау;
      (h) қажет болғанда мониторинг және басқару бағдарламаларының және жобалық талдаудан кейін барлық жоспарлардың қысқаша мазмұны; және
      (і) техникалық емес сипаттағы, қажет болғанда материалдар берудің көрнекі құралдарын (карталар, кестелер және т.б.) пайдалана отырып берілетін резюме.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады