Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 10 наурыздағы № 244 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2010 жылғы 12 маусымда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
 (2011 жылғы 20 сәуірде күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., № 3, 42-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын),
      2002 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартты басшылыққа ала отырып,
      Тараптар мемлекеттері арасындағы экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың жемісті нәтижелерін қанағаттанарлықпен атап көрсете отырып,
      екі ел Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің, (бұдан әрі «МАГАТЭ» деп аталатын) мүшелері және 1968 жылғы 1 шілдедегі Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (бұдан әрі «Шарт» деп аталатын) тараптары болып табылатындығын мойындай отырып,
      егемендікті өзара құрметтеу мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, теңдік пен өзара пайда негізінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өзара пайдалы экономикалық, ғылыми және техникалық қатынастарды одан әрі дамыту мен кеңейтуге ұмтыла отырып,
      екі ел арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану және ядролық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап көрсете отырып,
      Қазақстан Республикасы ядролық қаруға ие емес, Шартқа қатысушы мемлекет болып табылатындығын және 1994 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепілдіктерді қолдану туралы келісімді жасасқанын (бұдан әрі «Кепілдіктер туралы келісім» деп аталатын), ал Қытай Халық Республикасы ядролық қаруға ие, Шартқа қатысушы мемлекет болып табылатындығын және 1988 жылғы 20 қыркүйектегі Қытайда кепілдіктерді қолдану туралы Қытай Халық Республикасы мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы келісімді жасасқанын (бұдан әрі «Өз еркімен мәлімдеу туралы келісім» деп аталатын) назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
      а) «Жабдық» МАГАТЭ-нің INFCIRC/254/Rev.9/I БӨЛІК құжатында айқындалған кез келген жабдықты білдіреді;
      b) «Ядролық материал» бұл терминдер МАГАТЭ Жарғысының XX бабында айқындалғандай, кез келген бастапқы материалды немесе кез келген арнайы ыдыратқыш материалды білдіреді;
      c) «Арнайы ядролық емес материал» МАГАТЭ-нің INFCIRC/254/Rev.9/I БӨЛІК құжатында айқындалған, реакторларға арналған кез келген ядролық емес материалды білдіреді;
      d) «Тұлға» Тараптардың өздерін қоспағанда, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес құрылған кез келген жеке немесе заңды тұлғаны білдіреді;
      e) «Технология» Жеткізуші тарап беруге дейін және Алушы тараппен консультациялардан кейін таратпау мәселелеріне қатысы бар және жабдықты жобалау, жұмыс істеуі немесе оған техникалық қызмет көрсету үшін немесе ядролық материалды немесе арнайы ядролық eмec материалды қайта өңдеу үшін қажет деп айқындаған, сызбаларды, фото-негативтер мен таңбаларды, магниттік және оптикалық тасымалдағыштарды, есептік деректерді, жалпы қол жетімді материалдарды қоспағанда, пайдалану жөніндегі ерекшеліктер мен басшылықты қамтитын, бірақ олармен шектеліп қалмайтын техникалық деректерді білдіреді.

2-бап
Ынтымақтастық қағидаттары

      Тараптар егемендікті өзара құрметтеу, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, теңдік пен өзара пайда негізінде Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес және әрбір Тараптың халықаралық міндеттемелеріне сәйкес атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамытады.

3-бап
Ынтымақтастық салалары

      Осы Келісімнің шеңберінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануда Тараптар арасындағы ынтымақтастық салалары:
      а) зерттеулер мен әзірлемелерді;
      b) денсаулық сақтауды, ядролық қауіпсіздікті, аварияға қарсы жоспарлауды және қоршаған ортаны қорғауды;
      с) ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, медицинаны және электр энергиясын өндіруді;
      d) уран ресурстарын барлауды және игеруді;
      е) атом энергетикасының қауіпсіздігін және оны реттеуді;
      f) уран концентраттарын қайта өңдеуді, ядролық отын мен оның компоненттерін дайындауды, атом энергиясын өндіруді, атом электр станцияларын салуды;
      g) өзара келісілуі мүмкін басқа да салаларды қамтуы мүмкін

4-бап
Ынтымақтастық нысандары

      Осы Келісімнің 3-бабында көзделген ынтымақтастық мынадай нысандарда іске асырылуы мүмкін:
      а) ғылыми-технологиялық ақпаратпен алмасу (технологияларды, сызбалар мен ерекшеліктер беруді қоса алғанда);
      b) патенттерді немесе зияткерлік меншікке басқа мүліктік құқықтарды беру. Тараптардың бірі құпия деп таныған зияткерлік меншік объектілерін беру Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады;
      c) ядролық материалдарды, арнайы ядролық емес материалдарды, жабдықтар мен технологияларды беру;
      d) ядролық технологияларды қолдану бойынша бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары;
      e) атом энергетикасы саласындағы бірлескен өндірістік жобалар;
      f) Тараптардың тұлғалары арасында ғылыми-техникалық персонал алмасу және оқыту;
      g) Тараптардың тұлғалары арасындағы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық;
      h) Тараптардың келісімі бойынша ынтымақтастықтың баспа нысандары.

5-бап
Құзыретті органдар

      1. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары арқылы жүзеге асырылады: Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Қытай Халық Республикасы үшін - Қытай энергетика жөніндегі мемлекеттік басқармасы және Қытай атом энергиясы жөніндегі агенттігі. Осы Келісім бойынша Тараптардың бірінің құзыретті органы өзгерген кезде бұл туралы басқа Тарапты ол жазбаша хабардар етеді.
      2. Ынтымақтастықтың егжей-тегжейлі тетіктерін, мазмұнын, ережелері мен шарттарын құзыретті органдар келіссөздерден кейін айқындауға тиіс.

6-бап
Құпиялылық

      1. Тараптар алмасу немесе бірлескен зерттеулер мен әзірлемелер нәтижесінде алынған ақпараттың басқа Тараптың жазбаша келісімінсіз ашылмайтынына немесе ешқандай үшінші тарапқа берілмейтініне кепілдік береді.
      2. Тараптар коммерциялық құпияны, сондай-ақ осы Келісімді орындау кезінде құзыретті органдар алмасатын ноу-хауды қоса алғанда, ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету үшін өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қажетті шараларды қабылдайды.
      3. Осы Келісімді іске асыру шеңберінде құпия ақпарат алмасу көзделмейді.

7-бап
Зияткерлік меншік

      Тараптар және олардың құзыретті органдары әрбір Тараптың халықаралық міндеттемелеріне сәйкес және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес осы Келісім мен құзыретті органдар қол қойған келісімдердің шеңберінде жүзеге асырылатын қызметке байланысты зияткерлік меншікті тиімді қорғауға тиіс.

8-бап
Бейбіт мақсатта пайдалану

      1. Осы Келісімге сәйкес ынтымақтастық бейбіт мақсаттарда ғана жүзеге асырылуға тиіс, ал бұл ретте алынған кез келген ядролық материалдар, арнайы ядролық емес материалдар, жабдық пен технологиялар немесе оларды пайдалану нәтижесінде өндірілген жанама өнімдер қандай да бір жарылғыш құрылғыларды зерттеуге, әзірлеуге немесе дайындауға немесе қандай да бір әскери мақсаттарға пайдаланылмауға тиіс.
      2. Тараптар осы баптың 1-тармағының орындалуын МАГАТЭ кепілдіктер жүйесін қолдану арқылы қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасында бұл талап МАГАТЭ-мен кепілдіктер туралы келісіммен қанағаттандырылады. Қытай Халық Республикасында бұл талап МАГАТЭ-мен Өз еркімен мәлімдеу туралы келісіммен қанағаттандырылады.
      3. Тараптар осы Келісімге сәйкес берілетін кез келген ядролық материал, арнайы ядролық емес материал және жабдықтар туралы МАГАТЭ-ні хабардар етеді.
      4. Осы Келісімге сәйкес алынған ядролық материал, арнайы ядролық емес материал, жабдық пен технология Жеткізуші тараптың жазбаша келісімінсіз Алушы тараптың аумағынан немесе заңды құзыретінен тыс жерлерге берілмеуге тиіс.

9-бап
Ынтымақтастықты тоқтату құқығы

      Тараптар осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастыққа әсер етуі мүмкін әрекеттерді болдырмау үшін барлық күш-жігерін салады. Егер қандай да бір Тарап осы Келісім күшіне енгеннен кейін кез келген уақытта осы Келісімнің 8-бабының немесе 10-бабы 1-тармағының шарттарын орындамаса, онда Тараптар туындаған мәселелер бойынша консультацияларды уақтылы бастайды, бұл ретте басқа Тараптың осы Келісім шеңберіндегі одан әрі ынтымақтастықты тоқтатуға құқығы бар екендігін білдіріп тұр.

10-бап
Физикалық қорғау

      1. Тараптар өз өкілеттіктері шеңберінде осы Келісімге сәйкес берілген немесе оларды пайдалану нәтижесінде алынған ядролық материалдарды, арнайы ядролық емес материалдарды және жабдықтарды МАГАТЭ INFCIRC/225/Rev.4 құжатында ұсынылған деңгейде физикалық қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі тиісті шараларды қабылдайды.
      2. Тараптар физикалық қорғау жөніндегі құзыретті органдарды тағайындайды және ядролық материалдарды халықаралық тасымалдау саласындағы ынтымақтастыққа арналған, сондай-ақ Тараптардың өзара мүддесін білдіретін физикалық қорғаудағы басқа мәселелердегі байланыс нүктелері туралы бір-бірін хабардар етеді.

11-бап
Қосымша міндеттемелер

      1. Тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға қатысты өзара мүддені білдіретін халықаралық мәмілелер бойынша бір-бірімен кеңесіп тұруға тиіс.
      2. Тараптар осы Келісім шеңберіндегі осындай қызметтің халықаралық экологиялық зардаптарын анықтауға бағытталған қызметке қатысты консультациялар өткізеді және халықаралық ауқымда қоршаған ортаны осы Келісім шеңберіндегі ядролық саладағы бейбіт қызметтің нәтижесінде туындайтын радиоактивті, химиялық немесе термалдық ластанудан қорғау саласында ынтымақтасады, сондай-ақ денсаулық сақтау мен қоршаған ортаны қорғаудың сабақтас салаларындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      3. Тараптар осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық үшін қажетті технологиялармен, сарапшылармен және мамандармен алмасуға ықпал ету үшін бар күш-жігерін салады.
      4. Тараптардың ешқайсысы осы Келісімнің қандай да бір ережелерін басқа Тараптың коммерциялық қатынастарына араласу арқылы коммерциялық пайда табу мақсатында пайдаланбауға тиіс.

12-бап
Дауларды peттеу

      Осы Келісімді түсіндіру немесе орындау нәтижесінде туындайтын кез келген дау Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешілуге тиіс.

13-бап
Күшіне енуі, түзетулер және қолданылуын тоқтау

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Тараптар жазбаша хабарламаларының соңғысын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім отыз жылға жасалады. Егер Тараптардың бірде-біреуі көрсетілген кезең аяқталғанға дейін алты ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы басқа Тарапты өзінің осы Келісімнің қолданылуын ұзартпау ниеті туралы хабардар етпеген жағдайда, Тараптардың бірі ағымдағы онжылдық кезең аяқталғанға дейін алты ай бұрын өзінің оны ұзартпау ниеті туралы басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабардар етпейінше, ол келесі онжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылатын болады.
      3. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, оның ережелері, оның қолданылу кезеңінде жасалған және оның қолданылуын тоқтату сәтіне аяқталмаған уағдаластықтарға және/немесе келісімшарттарға қатысты, егер Тараптар арасында өзгеше келісілмеген болса, күшінде қалады.
      4. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, осы Келісімнің 8-бабына және 10-бабының 1-тармағына сәйкес Тараптардың міндеттемелері, егер Тараптар арасында өзгеше келісілмесе, күшінде қалады.
      5. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін хаттамалар нысанында ресімделетін болады.
      Осыны растау үшін, өз елдерінің Үкіметтері тиісінше өкілеттік берген төмендегі қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
      2010 жылғы 12 маусымда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қытай, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндер тең дәлме дәл болып табылады. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде алшақтық болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының     Қытай Халық Республикасының
            Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады