"Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 наурыздағы № 262 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрі                        К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Заңы Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай
қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы

      Мәскеу қаласында 2010 жылғы 9 желтоқсанда қол қойылған Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
            Президенті

Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің
бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының үкіметтері,
      1995 жылғы 6 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының арасындағы Кеден одағы туралы келісімді, 1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келісімді, 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты, 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шартты негізге ала отырып,
      бірыңғай қағидаттар мен қағидалар негізінде табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің келісілген саясатын жүзеге асыруға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бөлім
Жалпы ережелер 1-бап
Келісімнің мақсаты

      Осы Келісімнің мақсаты тұтынушылардың, табиғи монополиялар субъектілерінің және қоғамның табиғи монополиялар субъектілері өткізетін қызметтердің қолжетімділігін, Тараптар мемлекеттерінде табиғи монополиялар субъектілерінің жұмыс істеуі мен даму тиімділігін қамтамасыз ететін мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету үшін Тараптар мемлекеттерінің табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен жалпы қағидаларын қалыптастыру және белгілеу, олардың негізінде Тараптардың табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін реттеу саласындағы ұлттық заңнамасын үйлестіру үшін құқықтық негіздер жасау болып табылады.

2-бап
Келісімде пайдаланылатын терминдердің анықтамасы

      Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      «ішкі нарық» - табиғи монополиялар субъектілерінің қызметі айналымда болатын Тарап мемлекетінің нарығы;
      «табиғи монополия» - қызметтердің белгілі бір түрін өндіру мен ұсынудың технологиялық ерекшеліктеріне байланысты қызметтердің осы түріне сұранысты қанағаттандыру үшін бәсекелестік жағдай жасау мүмкін болмайтын немесе экономикалық жағынан тиімсіз болатын қызметтер нарығының жай-күйі;
      «тұтынушы» - табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтерді пайдаланушы немесе пайдалануға ниеттенуші азаматтық құқық субъектісі (жеке немесе заңды тұлға);
      «табиғи монополия субъектісі» - Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген табиғи монополиялар салаларында қызметтер көрсететін шаруашылық жүргізуші субъект;
      «қызметтер көрсету» - азаматтық айналым объектісі болып табылатын қызметтерді көрсету (ұсыну), тауарларды өндіру (өткізу);
      «шаруашылық жүргізуші субъект» - шаруашылық қызметін өз атынан жүзеге асыратын заңды немесе жеке тұлға;
      «табиғи монополиялар саласы» - тұтынушы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін сатып ала алатын табиғи монополияға заңды түрде жатқызылған қызметтердің айналым саласы;
      «Тараптардың ұлттық заңнамасы» - табиғи монополиялар салаларына қатысты Тараптар мемлекеттері әрқайсысының заңнамасы;
      «Тараптардың ұлттық органдары» - табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеуді және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын Тарап мемлекетінің органдары;
      «секторалдық (салалық) келісімдер» - осы Келісімге 1-қосымшада көрсетілген табиғи монополиялар салаларына қатысты Тараптардың екіжақты халықаралық шарттарын қоса алғанда, Тараптар мемлекеттерінің халықаралық шарттары;
      «табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу» - бір Тарап мемлекетінің табиғи монополиялар субъектілерінің табиғи монополиялар субъектілеріне жататын қызметтерді екінші Тарап мемлекетінің тұтынушыларына техникалық мүмкіндік болған кезде осындай қызмет Тараптың бірінші мемлекетінің тұтынушыларына ұсынылатыннан кем болмайтын қолайлы жағдайда көрсетуі.

3-бап
Келісімнің қолданылу саласы

      1. Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің арасындағы саудаға әсер ететін және осы Келісімге 1-қосымшада көрсетілген табиғи монополиялар салаларындағы Тараптар мемлекеттерінің табиғи монополиялар субъектілері, тұтынушылары, атқарушы билік органдары мен жергілікті өзін өзі басқару органдары қатысатын қарым-қатынастарға қолданылады.
      2. Осы Келісімді табиғи монополиялардың нақты салаларында қолдану ерекшеліктері, оның ішінде табиғи монополиялар субъектілеріне қатысты Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру кезеңділігі тиісті секторалдық (салалық) келісімдерде айқындалады.
      3. Тараптар мемлекеттеріндегі табиғи монополиялар салаларына осы Келісімге 2-қосымшада көрсетілген табиғи монополиялар салалары да
жатады.
      Осы Келісімге 2-қосымшада көрсетілген табиғи монополиялар салаларына қатысты Тараптардың ұлттық заңнамасының талаптары қолданылады.
      4. Табиғи монополиялар салаларына жатқызылатын табиғи
монополиялар субъектілері қызметтерінің тізбесі Тараптардың ұлттық
заңнамасында белгіленеді.
      5. Тараптар осы Келісімге 1 және 2-қосымшаларда көрсетілген табиғи монополиялар салаларының үйлесімділігіне оларды қысқарту және секторалдық (салалық) келісімдерде өтпелі кезеңді айқындау мүмкіндігі арқылы ұмтылады.
      6. Тараптар мемлекеттерінде табиғи монополиялар салаларын кеңейту:
      - егер Тарап мемлекеті екінші Тарап мемлекетінде табиғи монополия саласы болып табылатын және осы Келісімге 1 немесе 2-қосымшаларда келтірілген саланы табиғи монополия саласына жатқызуға ниет білдірген жағдайда, Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес;
      - егер Тарап мемлекеті табиғи монополиялар саласына осы Келісімге 1 және 2-қосымшаларда көрсетілмеген табиғи монополиялардың өзге саласын жатқызуға ниет білдірген жағдайда, Тарап мемлекетінің Кеден одағының комиссиясына тиісті өтініш бергеннен кейін Кеден одағы комиссиясының шешімі бойынша жүзеге асырылады.
      7. Осы Келісім Тараптардың қолданыстағы екіжақты келісімдерінде реттелген қарым-қатынастарға қолданылмайды. Тараптардың жаңадан жасалатын секторалдық (салалық) келісімдері осы Келісімге қайшы келмейді.
      8. Тараптардың бәсекелестіктің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімі табиғи монополиялар субъектілеріне осы Келісімде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.
      9. Газды тасымалдау саласы баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газды тасымалдау жүйелері бойынша газды тасымалдау саласындағы табиғи монополиялардың қызметтеріне қол жеткізу қағидалары туралы келісіммен реттеледі.

2-бөлім
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу 4-бап
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің жалпы қағидаттары

      Осы Келісімге 1 және 2-қосымшаларда көрсетілген табиғи монополиялар салаларындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу және (немесе) бақылау кезінде Тараптар басшылыққа алатын қағидаттар:
      1) көрсетілетін қызметтердің қол жетімділігін және тұтынушылар үшін олардың сапасының тиісті деңгейін қамтамасыз ететін Тараптар мемлекеттерінің тұтынушылары мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгерімін сақтау, табиғи монополиялар субъектілерінің тиімді жұмыс істеуі мен дамуы;
      2) табиғи монополиялар салаларын осы салаларда бәсекелестікті дамыту үшін жағдай жасау есебінен кейіннен қысқартуға бағытталған реттеу тиімділігін арттыру;
      3) табиғи монополиялар субъектілерін олардың қызметіндегі салалық ерекшеліктерді, ауқымдылықтарды, нарықтық конъюнктураны, орта мерзімді (ұзақ мерзімді) макроэкономикалық және салалық болжамдарды, сондай-ақ осы субъектілерді тарифтік (бағалық) реттеу шараларын ескере отырып икемді тарифтік (бағалық) реттеуді қолдану, оның ішінде тұтынушының (тұтынушылар топтарының) Тараптардың кез келгенінің мемлекетіне тиесілілігі қағидаты бойынша белгіленуі мүмкін емес сараланған тариф белгілеу мүмкіндігін қолдану;
      4) тиісті ішкі нарықты талдау негізінде, осы нарық табиғи монополия жағдайында тұрғандығы белгілі болған жағдайларда реттеуді енгізу;
      5) ішкі нарықтарға қол жеткізу кедергілерін, оның ішінде табиғи
монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету жолымен азайту;
      6) қабылданатын шешімдердің тәуелсіздігін, сабақтастығын,
ашықтығын, объективтілігі мен айқындылығын қамтамасыз ететін табиғи
монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу рәсімдерін қолдану;
      7) табиғи монополиялар субъектілерінің Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалған техникалық мүмкіндік болған кезде реттеу қолданылатын қызметтер көрсетуге тұтынушылармен шарттар жасасуының міндеттілігі;
      8) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағидаларын табиғи монополиялар субъектілерінің сақтауын қамтамасыз ету;
      9) реттеудің нақты табиғи монополия субъектісіне бағытталуы;
      10) белгіленетін тарифтердің (бағалардың) реттеу қолданылатын табиғи монополиялар салаларындағы қызметтердің сапасына сәйкестігін қамтамасыз ету;
      11) тұтынушылардың мүдделерін, оның ішінде реттеліп көрсетілетін қызметтер бойынша тарифтерді (бағаларды) қолдануға байланысты табиғи монополиялар субъектілерінің әртүрлі бұзушылықтарынан қорғау;
      12) табиғи монополиялар субъектілеріне шығындарды қысқарту, жаңа технологияларды енгізу, инвестицияларды пайдаланудың тиімділігін арттыру пайдалы болатын экономикалық жағдай жасау болып табылады.

5-бап
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін
реттеудің түрлері мен әдістері

      1. Тараптар мемлекеттері Тараптар мемлекеттерінің табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің түрлерін (нысандарын, тәсілдерін, әдістерін, құралдарын) осы Келісімде белгіленген табиғи монополияларды реттеудің ортақ қағидаттары мен қағидаларының негізінде қолданады.
      2. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін реттеуді жүзеге асыру кезінде реттеудің мынадай түрлері (нысандары, тәсілдері, әдістері, құралдары):
      1) тарифтік (бағалық) реттеу;
      2) осы Келісімде белгіленген реттеу түрлері;
      3) Тараптардың ұлттық заңнамасында белгіленген реттеудің өзге де түрлері қолданылады.
      3. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қосылу (қосу) құнын белгілеуді қоса алғанда, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін тарифтік (бағалық) реттеу:
      1) ұлттық органның табиғи монополиялар субъектілері үшін реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді (бағаларды), оның ішінде ұлттық орган бекіткен әдіснаманың (формуланың) негізінде олардың шекті деңгейлерін және оны қолдану қағидаларын, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің белгіленген тарифтерді (бағаларды) қолдануына ұлттық органның тиісті бақылауды белгілеуі (бекітуі);
      2) ұлттық органның табиғи монополия субъектісі оларға сәйкес тарифтерді (бағаларды) белгілейтін және қолданатын белгілеген (бекіткен) әдіснаманы және оны қолдану ережелерін, сондай-ақ ұлттық органның табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерді (бағаларды) белгілеуі мен қолдануын бақылауы арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
      4. Тарифтік (бағалық) реттеуді жүзеге асыру кезінде Тараптардың ұлттық органдары, оның ішінде тарифтік (бағалық) реттеудің мынадай әдістерін немесе Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес олардың үйлесімділігін қолдануға құқылы, олар:
      1) экономикалық негізделген шығындардың әдісі;
      2) индекстеу әдісі;
      3) инвестициялық капитал кірістілігінің әдісі;
      4) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігін салыстырмалы талдау әдісі.
      5. Тарифтерді (бағаны) реттеу кезінде:
      1) реттеліп көрсетілетін қызметті жүзеге асыруға байланысты экономикалық негізделген шығындарды табиғи монополиялар субъектілеріне өтеу;
      2) экономикалық негізделген пайданы алу;
      3) табиғи монополиялар субъектілерін шығыстарды төмендетуге ынталандыру;
      4) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне тарифтерді реттеліп көрсетілетін қызметтердің сенімділігі мен сапасын ескере отырып қалыптастыру ескеріледі.
      6. Тарифтерді (бағаларды) белгілеу кезінде:
      1) Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында табиғи монополиялардың жұмыс істеу ерекшеліктері, оның ішінде техникалық талаптар мен регламенттердің ерекшеліктері;
      2) мемлекеттік дотациялар және мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары;
      3) нарық конъюнктурасы, оның ішінде нарықтың реттелмейтін сегменттеріндегі бағалар деңгейі;
      4) аумақтардың даму жоспарлары;
      5) мемлекеттік салық, бюджет, экологиялық және әлеуметтік саясат;
      6) энергия тиімділігі және экологиялық аспектілер бойынша іс-шаралар ескерілуі мүмкін.
      7. Табиғи монополия субъектісінің қызметтеріне тарифтерді (бағаларды) реттеу кезінде табиғи монополия субъектісінің шығындарын қалыптастырған кезде табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің түрлері бойынша шығындарды, оның ішінде инвестицияларды, сондай-ақ кірістерді, қолданысқа енгізілген активтерді бөлек есепке алуды жүзеге асыру көзделеді.
      8. Табиғи монополия субъектісінің қызметтеріне тарифтерді (бағаларды) реттеу реттеудің, оның ішінде реттеліп көрсетілетін қызметтердің сенімділігі мен сапасының деңгейі, тиісті қызметтерді жеткізуге байланысты шығындардың өзгеру серпіні, кірістілік нормасы, инвестицияланған капиталды қайтару мерзімі және өзге де параметрлер жатуы мүмкін ұзақ мерзімді параметрлері негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.
      Табиғи монополия субъектісінің қызметтеріне тарифтерді (бағаларды) реттеудің мақсаты үшін табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігін салыстырмалы талдау әдісі пайдаланыла отырып алынған реттеудің ұзақ мерзімді параметрлері де пайдаланылуы мүмкін.
      9. Осы баптың ережелерін табиғи монополиялардың нақты салаларында қолдану ерекшеліктері тиісті секторалдық (салалық) келісімдерде айқындалуы мүмкін.
      Тараптар секторалдық (салалық) келісімдерде Тараптардың тарифтерді (бағаларды) қалыптастыру мен қолдану әдістерін (тәсілдерін, әдістемелерін) келісуінің арнайы рәсімдері қолдануы мүмкін табиғи монополиялар субъектілері қызметтерінің тізбесін және (немесе) табиғи монополиялар субъектілерінің тізбесін белгілеуге құқылы.

6-бап
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне
қол жеткізуді қамтамасыз ету қағидасы

      1. Тараптар өзінің ұлттық заңнамасында табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін реттеу қағидаларын, осы Келісімнің 2-бабында айқындалғандай белгілеуге міндеттенеді.
      Тараптар әрқайсысының ұлттық органдары табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне тұтынушылардың қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидаларының және оларға қосу (қосылу/пайдалану) шарттарының сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.
      2. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне тұтынушылардың қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидалары:
      1) шарттардың елеулі талаптарын, сондай-ақ оларды жасасу және орындау тәртібін;
      2) техникалық мүмкіндіктердің болуын айқындау тәртібін;
      3) табиғи монополиялар субъектілері көрсететін қызметтер, олардың құны, оларға қол жеткізу, өткізудің ықтимал көлемі, осындай қызметтерді көрсетудің техникалық пен технологиялық мүмкіндіктері туралы ақпаратты ұсыну тәртібін;
      4) мүдделі тұлғалардың табиғи монополиялар субъектілері қызметтерінің айналымын және (немесе) оларға қол жеткізу шарттарын салыстыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ашық ақпаратты алу талаптарын;
      5) коммерциялық құпияны құрай алмайтын ақпарат тізбесін;
      6) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу мәселелері бойынша шағымдарды, арыздарды қарау мен дауларды реттеу тәртібін қамтиды.
      3. Осы баптың ережелерін табиғи монополиялардың нақты салаларында қолдану ерекшеліктері, транзит мәселелерін қоса алғанда, тиісті секторалдық (салалық) келісімдерде айқындалады.
      4. Тараптар мемлекеттерінің табиғи монополиялар субъектілерінің өз қызметтеріне Тараптар мемлекеттері тұтынушылары қол жеткізуінің сараланған шарттарын (табиғи монополияның салалық (секторалдық) келісімдерде айқындалатын әрбір жекелеген саласының ерекшелігін ескере отырып), егер мұндай шарттар әрбір Тараптың ұлттық заңнамасының сақталуы шартымен тұтынушылардың Тараптардың кез келгені мемлекетіне тиесілігі қағидаты бойынша қолданылмайтын болса, қолдануына рұқсат етіледі.
      5. Осы баптың 4-тармағының ережелеріне нұқсан келтірместен, Тараптардың ұлттық заңнамасы Тараптар мемлекеттерінің тұтынушыларына қатысты Тараптардың кез келгені мемлекетіне тұтынушылардың тиесілігін негізге ала отырып, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің сараланған шарттарын белгілейтін нормаларды қамтуға тиіс емес.

7-бап
Ұлттық органдар

      1. Тараптар мемлекеттерінде Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін реттеу және (немесе) бақылау жөнінде өкілеттіктер берілген ұлттық органдар жұмыс істейді.
      2. Тараптардың ұлттық органдары өз қызметін осы Келісімде, Тараптардың секторалдық (салалық) келісімдерінде және Тараптар мемлекеттерінің өзге де халықаралық шарттарында айқындалған бірыңғай қағидаттарға және қағидаларға сүйене отырып, Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      3. Ұлттық органдардың функцияларына:
      1) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін тарифтік (бағалық) реттеу;
      2) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу, оның ішінде Тараптардың ұлттық заңнамасында көзделген жағдайларда табиғи монополия субъектілерінің қызметтеріне қосу (қосылу) үшін төлемдер (бағалар, тарифтер, алымдар) белгілеу;
      3) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғау;
      4) реттелетін тарифтерді (бағаларды) белгілеу және қолдану, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу мәселелері жөніндегі шағымдарды, арыздарды қарау, дауларды реттеу;
      5) табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларын қарау, бекіту немесе келісу және олардың іске асырылуын бақылау;
      6) ақпаратты коммерциялық құпияға жатқызу жөніндегі Тараптардың ұлттық заңңамасында көзделген шектеулерді табиғи монополиялар субъектілерінің сақтауын қамтамасыз ету;
      7) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін бақылауды, оның ішінде тексерулер жүргізу жолымен және өзге де (мониторинг, талдау, сараптау) нысандарда жүзеге асыру;
      8) Тараптардың ұлттық заңнамасында көзделген өзге де функциялар жатады.

8-бап
Келісімді іске асыру

      1. Осы Келісімді іске асыру ұлттық органдарға жүктеледі.
      2. Тараптар бірін-бірі және Кеден одағының комиссиясын өзінің ұлттық органдарын тағайындауы және олардың толық атауы туралы осы Келісім күшіне енген күннен бастап 30 күннен кешіктірмей хабардар етеді.
      3. Бірыңғай экономикалық кеңістікті кезең-кезеңмен қалыптастыру мақсатында Кеден одағының комиссиясы мынадай функцияларды орындайды:
      1) Бірыңғай экономикалық кеңістікті (секторалдық (салалық) бөліністе) қалыптастырудың кезең-кезеңдік жоспарына ұсыныстар дайындайды, оның ішінде Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастырудың кезең-кезеңдік жоспарын іске асыру мониторингін жүргізу өлшемдері мен тәртібі жөнінде ұсыныстар қалыптастырады;
      2) ұлттық органдардың табиғи монополиялар салаларына қатысты шешімдерін үйлестіру (әзірлеу және іске асыру) тәсілдерін талдайды және ұсынады;
      3) Тараптар мемлекеттеріндегі табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу жүйесі мен практикасына жыл сайынғы тиісті есептер мен баяндамаларды дайындай отырып, салыстырмалы талдау жүргізеді;
      4) экологиялық аспектілерге, энергия тиімділігіне қатысты табиғи монополиялар салаларындағы реттеудің үйлесімділігіне жәрдемдеседі;
      5) секторалдық (салалық) келісімдерде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      4. Келісімнің осы бабында көрсетілген жүргізіліп отырған жұмыстың нәтижелерін Кеден одағының комиссиясы Тараптардың ұлттық органдарымен келісім бойынша ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің (Кеден одағының жоғары органы) қарауына ұсынады.
      5. Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу саласындағы Тараптардың ұлттық заңнамасын үйлестіру мақсатында ЕурАЗЭҚ-тың Мемлекетаралық кеңесі (Кеден одағының жоғарғы органы) Кеден одағы комиссиясының ұсынысы бойынша Тараптардың осы саладағы жақындасуы тиiс нормативтік құқықтық актілерін белгілейді және осы саладағы заңнаманы үйлестіру жөніндегі тиісті шараларды жүзеге асырудың дәйектілігін айқындайды.
      6. Кеден одағының комиссиясына осы Келісімнің орындалуын бақылау өкілеттіктері беріледі.

3-бөлім
Қорытынды ережелер 9-бап
Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен, оның ішінде Кеден одағы комиссиясының қатысуымен шешіледі, ал осындай консультациялар немесе келіссөздер басталғаннан кейін алты ай ішінде келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, мүдделі Тараптардың кез келгені Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына береді.
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына жүгінген Тарап басқа мүдделі Тараптарды бұл туралы өтініш берген сәттен бастап 30 күннен кешіктірмейтін мерзімде хабардар етуге тиіс.

10-бап
Келісімге өзгерістер енгізу

      Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

11-бап
Келісімді үшінші елдерге қатысты қолдану

      Осы Келісімде ештеңе осы Келісімге қатысушы болып табылмайтын үшінші мемлекетке немесе осындай үшінші мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне осы Келісімнен туындайтын қағидаларды және/немесе артықшылықтарды қолдануға міндеттеуші ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

12-бап
Келісімнің күшіне ену тәртібі

      Осы Келісім оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы олардың жазбаша хабарламаларын депозитарийдің алған күнінен бастап күшіне енеді.

      Мәскеу қаласында 2010 жылғы 9 желтоқсанда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы депозитарий болып табылатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады.
      Түпнұсқа данасының көшірмелерін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті куәландырады және әрбір Тарапқа жібереді.

      Беларусь                    Қазақстан                 Ресей
  Республикасының              Республикасының         Федерациясының
    Үкіметі үшін                 Үкіметі үшін            Үкіметі үшін

Табиғи монополиялар субъектілерінің
қызметтерін реттеудің бірыңғай  
қағидаттары мен қағидалары    
туралы келісімге         
1-қосымша            

Тараптар мемлекеттеріндегі табиғи монополиялардың салалары 


Беларусь Республикасы

Қазақстан Республикасы

Ресей Федерациясы

1

магистральдық мұнай құбыржолдары арқылы мұнайды және мұнай өнімдерін тасымалдау

магистральдық мұнай құбыржолдары арқылы мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін тасымалдау жөніндегі қызметтер

магистральдық мұнай құбыржолдары арқылы мұнайды және мұнай өнімдерін тасымалдау

2

электр энергиясын беру және тарату

электр энергиясын беру және (немесе) тарату жөніндегі қызметтер

электр энергиясын беру жөніндегі қызметтер

3


электр энергиясын желіге босатуды техникалық диспетчерлендіру және тұтыну жөніндегі қызметтер;
электр энергиясын өндіруді - тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер

электр энергетикасындағы жедел-диспетчерлік басқару жөніндегі қызметтер

4

жалпы пайдаланудағы көлік қозғалысын қамтамасыз ететін темір жол көлігі коммуникациялары көрсететін қызметтер, поездардың қозғалысын басқару, темір жол тасымалдары

магистральдық темір жол желілерінің қызметтері

темір жол тасымалдары

Табиғи монополиялар субъектілерінің
қызметтерін реттеудің бірыңғай  
қағидаттары мен қағидалары    
туралы келісімге         
2-қосымша            

Тараптар мемлекеттеріндегі табиғи монополиялардың салалары


Беларусь Республикасы

Қазақстан Республикасы

Ресей Федерациясы

1

газды магистральдық және таратушы құбыржолдары арқылы тасымалдау

газды немесе газ конденсатын сақтау, магистральдық және (немесе) таратушы құбыржолдар арқылы тасымалдау, газ таратушы қондырғыларды және олармен байланысты газ таратушы газ құбыржолдарын пайдалану жөніндегі қызметтер

газды құбыржолдар арқылы тасымалдау

2

көлік терминалдарының, әуежайлардың қызметтері;
қатынас трассаларына қызмет көрсету және пайдалану, әуе қозғалысын басқару

аэронавигация қызметтері


порттардың, әуежайлардың қызметтері

көлік терминалдарындағы, порттардағы және әуежайлардағы қызметтер

3

жалпы пайдаланудағы электр және пошта байланысының қызметтері

телекоммуникациялардың әмбебап қызметтерін қоспағанда, қызметтердің осы түрлерін ұсынудың технологиялық мүмкін еместігі не экономикалық тиімсіз себепті нақты байланыс операторының болмауы жағдайындағы телекоммуникациялардың қызметтері;
кабілдік арнаны және телекоммуникациялар желілерін жалпы пайдаланудағы телекоммуникациялар желілеріне қосумен технологиялық байланысты өзге негізгі құралдарды мүліктік жалдауға (жалға) беру немесе пайдалану жөніндегі қызметтер, пошта байланысының жалпы қолжетімді қызметтері

жалпы қолжетімді электр байланысының және жалпы қолжетімді почта байланысының қызметтері

4

жылу энергиясын беру және тарату

жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және (немесе) жабдықтау жөніндегі қызметтер

жылу энергиясын беру жөніндегі қызметтер

5

орталықтандырылған сумен жабдықтау және

су шаруашылығы және (немесе) кәріз жүйелерінің қызметтері


6



ішкі су жолдарының инфрақұрылымын пайдалану жөніндегі қызметтер

7


концессия шарттары бойынша темір жол көлігінің объектілері бар темір жолдарының қызметтері


8


кірме жолдардың қызметтері


      2010 жылғы 9 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында қол қойылған  Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады