Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы
Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің дамуы мен қалыптасуына және егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарын көтермелеу мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту үшін ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі тағайындалсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен наградтау қағидасы;
2) «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің сипаттамасы бекітілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2011 жылғы _______
№__ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл»
мерекелік медалімен наградтау
ҚАҒИДАСЫ
1. Осы Қағида «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен (бұдан әрі - мерекелік медаль) наградтау тәртібін реттейді.
2. Мерекелік медальмен Қазақстан Республикасының мемлекеттілігінің қалыптасуы, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының және шетелдік азаматтар наградталады.
3. Мерекелік медальмен наградтауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентіне Қазақстан Республикасының Парламенті, Үкіметі, министрліктері, өзге де орталық мемлекеттік органдары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар енгізеді.
4. Мерекелік медальді Қазақстан Республикасының Президенті тапсырады.
Қазақстан Республикасы Президентінің атынан және оның тапсырмасы бойынша мерекелік медальді, сондай-ақ:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы;
2) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сондай-ақ Мемлекет басшысы уәкілеттік берген өзге де лауазымды адамдар тапсыра алады.
Наградталған адамға медальмен қоса белгіленген үлгідегі куәлік табыс етіледі.
5. Мерекелік медальді тапсыру салтанатты жағдайда және жария түрде жүргізіледі. Ол наградталушының жеке өзіне тапсырылады. Тапсыру алдында Қазақстан Республикасы Президентінің наградтау туралы Жарлығы жария етіледі.
6. Мерекелік медаль сол жақ омырауға тағылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары болған жағдайда солардан кейін орналасады.
7. Мерекелік медальдің табыс етілгендігі туралы наградтауға арналған тізімге тиісті жазба жазылады.
Табыс етілмеген медальдер мен олардың куәліктері қайтарылу себептері көрсетіле отырып, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Ордендер қоймасына қайтарылады, бұл туралы тізімдерге тиісті белгі қойылады.