Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көму және сарқынды суларды ағызу қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 сәуірдегі № 347 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2012 жылғы 21 қарашадағы № 1474 Қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкiметiнiң 2012.11.21 № 1474 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк жиырма бiр күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Қаулысымен.

      «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабының 19) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көму және сарқынды суларды ағызу қағидасы бекітілсін.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Қазақстан Республикасында радиоактивті қалдықтарды көмудің тәртібі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 18 қазандағы № 1283 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 42, 401-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасында зиянды заттарды және пайдаланылған ағын суды жер қойнауына көмудің тәртібі туралы Ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 18 қазандағы № 1286 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 42, 404-құжат);
      3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жер қойнауын пайдалану жөніндегі кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 22 маусымдағы № 578 қаулысының 1-тармағының 2) және 3) тармақшалары (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., № 19, 172-құжат).
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2011 жылғы 2 сәуірдегі
№ 347 қаулысымен 
бекітілген      

Жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды
көму және сарқынды суларды ағызу қағидасы

1. Жалпы ережелер

            
      1. Осы Қағида «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабының 19) тармақшасына сәйкес
әзірленген және жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивті қалдықтарды көму және сарқынды суларды ағызу тәртібін анықтайды.
      2. Осы Қағидада мынадай ұғым пайдаланылады:
      талдау зертханасы - заттар мен материалдарды зерттеу бойынша кешенді талдау жұмыстарын орындайтын ұйым немесе ұйымның құрылымдық бөлімшесі.

2. Жер қойнауына зиянды заттарды көму
және сарқынды суларды ағызу тәртібі

      
      3. Жер қойнауына зиянды заттарды көму және сарқынды суларды ағызу қоршаған ортаны улы химикаттарды, сілтілерді, қышқылдарды, қолдануға тыйым салынған өнімдер мен материалдарды одан әрі пайдалануға және қайта өңдеуге жарамайтын жер бетінде және ашық алаңдарда сақталатын зиянды улы қалдықтармен ластаудың алдын алуға бағытталған шара болып табылады.
      4. Жер қойнауына зиянды заттарды көму және сарқынды суларды ағызу үшін тиісті түрде жабдықталған табиғи жерасты қуыстары, кен шығарылған жерлер, ұңғымалар мен арнайы салынған қоймалар пайдаланылады.
      Жер қойнауына зиянды заттарды көмуді және сарқынды суларды ағызуды жеке немесе заңды тұлға жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) беретін және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген келісім шарттық аумақта немесе одан тыс жерлерде барлауға немесе өндіруге байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған және радиоактивті қалдықтарды, зиянды заттарды және сарқынды суларды көмуге арналған рұқсат (бұдан әрі - рұқсат) негізінде жүзеге асырады.
      5. Жер қойнауына зиянды заттарды көмуге және жер қойнауына сарқынды суларды ағызуға бір реттік және мерзімсіз берілетін рұқсатты алу үшін жеке немесе заңды тұлға уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
      1) жер қойнауына зиянды заттарды көмуге және сарқынды суларды ағызуға арналған өтінімді;
      2) жер қойнауына көмілуге тиіс зиянды заттардың және сарқынды суларды ағызудың сипаттамасын;
      3) зиянды заттарды және сарқынды суларды жинақтау, тасымалдау және сақтау жүйесінің сипаттамасын;
      4) зиянды заттарды және сарқынды суларды пайдалану мен залалсыздандырудың қолданылатын технологиялары туралы қысқаша мәліметтерді екі данада ұсынады.
      6. Уәкілетті орган жеке немесе заңды тұлғадан осы Қағиданың 5-тармағында көрсетілген құжаттар келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде осы құжаттардың бір данасын рұқсатты келісу туралы мәселені қарау үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жолдайды.
      7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Қағиданың 5-тармағында көрсетілген құжаттар келіп түскен сәттен бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оларды қарайды және уәкілетті органға рұқсат беруге арналған келісімді немесе осы Қағиданың 13-тармағында көзделген жағдайларда, жазбаша түрде дәлелді бас тартуды жібереді.
      8. Уәкілетті орган осы Қағиданың 5-тармағында көрсетілген құжаттар келіп түскен сәттен бастап жиырма жұмыс күні ішінде көрсетілген құжаттарды қарайды және уәкілетті органға оларды қарау нәтижелері түскеннен кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органда жеке немесе заңды тұлғаға қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген рұқсатты немесе осы Қағиданың 13-тармағында көзделген жағдайларда, жазбаша түрде дәлелді бас тартуды береді.
      9. Жер қойнауына көмуге жататын зиянды заттар мен сарқын сулардың сипаттамасы мынадай мәліметтерді:
      1) өнімнің (материалдың) атауын;
      2) шаруашылық қызметі объектісінің иесі берген, нәтижесінде зат түзілетін техникалық өндіріс немесе үдеріс туралы ақпаратты;
      3) мемлекеттік немесе аккредиттелген жеке талдамалық зертхананың қорытындысында ұсынылған заттың жеке сипаттамасын (өрт-жарылыс қауіптілігі, ерігіштігі, сақтау кезінде басқа заттармен ұйлесімділігі);
      4) шаруашылық қызмет объектісінің иесі анықтайтын, нәтижесінде зиянды заттар мен сарқынды сулар түзілген зиянды заттардың және сарқынды сулардың түзілуі мен сақталуының жылдық көлемін;
      5) мемлекеттік немесе аккредиттелген жеке талдамалық зертхананың қорытындысы бойынша ұсынылған қауіптілік сыныбын көрсете отырып, зиянды заттардың және сарқынды сулардың толық химиялық құрамын, уытты компоненттері болуын қамтуы тиіс.
      10. Жер қойнауына зиянды заттарды көмуге және сарқынды суларды ағызуға арналған жерасты құрылыстарын салуды және (немесе) пайдалануды жобалау тек белгілі бір шекараларда (келісімшарттық аумақта) зиянды заттарды көму және сарқынды суларды ағызуды оқшаулау мүмкіндігі туралы және олардың жер қойнауының көршілес учаскелеріне және жерасты суларына қосылуын болғызбау кепілдігін қамтамасыз ету туралы инженерлік-гидрогеологиялық экологиялық зерттеулердің кешені негізінде алынған геологиялық-гидрогеологиялық, инженерлік-геологиялық, экологиялық деректер болғанда ғана рұқсат беріледі.
      11. Жеке және заңды тұлғалар жер қойнауына зиянды заттарды көмуге және сарқынды суларды ағызуға арналған жерасты құрылыстарын салуда және (немесе) пайдалануда:
      1) халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауды;
      2) табиғи ландшафттарды және жарамсыз болған жерлерді қайта өңдеуді, өзге де геоморфологиялық құрылымдарды сақтауды;
      3) жер сілкінісін, көшкінді, су басуды, жер астындағы судың тасуын болдырмау мақсатында жер қойнауының жоғары қабаттарының энергетикалық жай-күйінің қасиеттерін сақтауды;
      4) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауды;
      5) авариялар мен олардың салдарын оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау мен жүзеге асыруды;
      6) аварияларды, оқыс оқиғалар оқшаулау және жою үшін материалдық және қаржылық ресурстардың резервтерін;
      7) авариялар, оқыс оқиғалар жағдайында бақылау, хабарландыру, байланыс және іс-қимылды қолдау жүйесін құруды қамтамасыз етеді.
      12. Уәкілетті орган жеке немесе заңды тұлғаға беретін жер қойнауына зиянды заттарды көмуге және сарқынды суларды ағызуға арналған рұқсатта: рұқсаттың кімге берілетіні (жеке немесе заңды тұлғаның атауы), жер қойнауына көмуге немесе ағызуға жататын заттың түрі, географиялық координаттар көрсетілген көму орны, көму объектісі  құрылысының басталуы  және аяқталуы, зиянды заттарды көму және сарқынды суларды ағызу мерзімдері, жеке немесе заңды тұлғаның жер қойнауының көршілес учаскелеріне зиянды заттар мен сарқынды суларды ағызудың таралмауына кепілдік беруі көрсетіледі.
      13. Жеке немесе заңды тұлғаға қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның рұқсатын беру мен зиянды заттарды көму және жер қойнауына сарқынды суларды ағызу үшін уәкілетті органның рұқсатын беруге келісуден мына жағдайларда:
      егер жеке немесе заңды тұлға осы Қағиданың 5-тармағында көрсетілген құжаттардың барлығын ұсынбаса;
      егер көмуге арналған зат мемлекеттік немесе аккредиттелген жеке талдамалық зертхананың қорытындысына сәйкес өрт-жарылыс қауіпті, сақтау кезінде басқа заттармен үйлеспейтін болса;
      егер жерасты құрылысының жобалық параметрлері олардың жер қойнауының көрші учаскелеріне енуіне және әсерін тигізбейтініне кепілдікті қамтамасыз етпесе, бас тартылады.
      Уәкілетті орган, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган рұқсатты келісуден дәлелді бас тартқан жағдайда да жеке немесе заңды тұлғаға рұқсат беруден бас тартады.

      
3. Радиоактивті қалдықтарды көмудің тәртібі

      14. Радиоактивті қалдықтарды жер қойнауына көму үшін тиісті түрде жабдықталған табиғи жерасты қуыстары, тау-кен өнімдері, ұңғымалар мен арнайы салынған қоймалар пайдаланылады.
      15. Радиоактивті қалдықтарды көмуді заңды тұлға уәкілетті орган беретін және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі уәкілетті органмен келісілген радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған рұқсат болған кезде жүзеге асырады.
      16. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған рұқсатты алу үшін Қазақстан Республикасының аумағында шаруашылық қызметі радиоактивті қалдықтармен (сақтау, көму) байланысты заңды тұлға (бұдан әрі - заңды тұлға) уәкілетті органға радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған өтінімді екі данада, оған қоса:
      1) көмуге жататын радиоактивті қалдықтардың сипаттамаларын;
      2) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған лицензияны
береді.
      17. Уәкілетті орган заңды тұлғадан осы Қағиданың 16-тармағында көрсетілген құжаттар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы құжаттардың бір данасын рұқсатты келісу туралы мәселені қарау үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жолдайды.
      18. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Қағиданың 16-тармағында көрсетілген құжаттар келіп түскен сәттен бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде осы құжаттарды қарайды және уәкілетті органға рұқсатты келісуді немесе осы Қағиданың 26-тармағында көзделген жағдайларда жазбаша түрде дәлелді бас тартуды жібереді.
      19. Уәкілетті орган осы Қағиданың 16-тармағында көрсетілген құжаттар келіп түскен сәттен бастап жиырма жұмыс күні ішінде осы құжаттарды қарайды және заңды тұлғаға қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген рұқсатты немесе осы Қағиданың 26-тармағында көзделген жағдайларда жазбаша түрде дәлелді бас тартуды береді.
      20. Көмуге жататын радиоактивті қалдықтардың сипаттамасы мына мәліметтерді:
      1) өнімнің (материалдың) атауын;
      2) шаруашылық қызметі объектісінің иесі берген, нәтижесінде радиоактивті қалдықтар түзілетін техникалық өндіріс немесе үдеріс туралы ақпаратты;
      3) шаруашылық қызмет объектісінің иесі анықтайтын, нәтижесінде радиоактивті қалдықтар түзілген радиоактивті қалдықтардың түзілуінің және сақталуының жылдық көлемін;
      4) мемлекеттік немесе аккредиттелген жеке сараптамалық зертхана берген радиоактивті қалдықтарды көмуге өтінім берген кәсіпорынның өндірістік үдерісінде радиоактивті қалдықтарды одан әрі пайдаланудың мүмкін еместігі туралы қорытындысын қамтуы тиіс.
      21. Радиоактивті қалдықтарды сақтау/көму пункттері:
      1) өз мақсаты бойынша:
      сақтау пункттері;
      көму пункттері;
      2) жер үстіне қатысты орналасу тереңдігі бойынша:
      жерүсті (жер бетінің деңгейінде немесе жоғары);
      үстіге таяу бет (қорғау жабынының қуаттылығы 10 метрге дейін, қалдықтар жер бетінен төмен орналасқан);
      терең (қалдықтар жер бетінен 10 метрден астам тереңдікте орналасқан) болып жіктеледі.
      22. Радиоактивті қалдықтарды көму үшін жерасты құрылыстарын салуды жобалау тек радиоактивті қалдықтарды көмуді таратпау мүмкіндігі туралы және олардың қоршаған орта мен халыққа әсерін болдырмайтын кепілдікті қамтамасыз ету туралы инженерлік-гидрогеологиялық, экологиялық зерттеулер кешенінің негізінде алынған геологиялық-гидрогеологиялық, инженерлік-геологиялық, экологиялық деректер бар болғанда ғана рұқсат  етіледі.
      23. Заңды тұлғалар радиоактивті қалдықтарды жер қойнауына көмуге арналған жерасты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға беру кезінде:
      1) халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауды;
      2) табиғи ландшафттарды және жарамсыз болған жерлерді қайта өңдеу және өзге де геоморфологиялық құрылымдарды сақтауды;
      3) жер сілкінісін, көшкінді, су басуды, топырақтардың шөгуін болдырмау мақсатында жер қойнауының жоғары қабаттарының энергетикалық жай-күйінің қасиеттерін сақтауды;
      4) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауды;
      5) авариялар мен олардың салдарын таратпау және жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау мен жүзеге асыруды;
      6) аварияларды, оқыс оқиғаларды оқшаулау мен жою үшін материалдық, әрі қаржылық ресурстардың резервтерін;
      7) авариялар, оқыс оқиғалар жағдайында бақылау, хабарлау, байланыс және іс-қимылды қолдау жүйесін құруды қамтамасыз етеді.
      24. Радиоактивті қалдықтарды көмуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар жыл сайын уәкілетті органға статистикалық есептіліктің белгіленген нысаны бойынша радиоактивті қалдықтардың түзілуі мен қозғалысы туралы мәліметтерді жібереді.
      25. Уәкілетті органның заңды тұлғаға беретін жер қойнауына радиоактивті қалдықтарды көмуге арналған рұқсатта рұқсат кімге берілетіні (заңды тұлғаның атауы), көмуге жататын (радиоактивті қалдықтар) заттың түрі, географиялық координаттары көрсетілген көму орны, көму объектісі құрылысының басталуы және аяқталуы, көму мерзімі, жер қойнауының көршілес учаскелеріне радиоактивті қалдықтардың таралмауына кепілдік беруді қамтамасыз етуі көрсетіледі.
      26. Заңды тұлғаға жер қойнауына радиоактивті қалдықтарды көмуге уәкілетті органның рұқсатын және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның келісімін беруден мына:
      егер өтініш беруші осы Қағиданың 16-тармағында көрсетілген барлық құжаттарды ұсынбаса;
      егер сақтау қоймасының жобалық параметрлер одан тысқары жерлерде халықтың және қоршаған ортаның радиациялық қауіпсіздігі бойынша рұқсат етілген нормалармен қамтамасыз етпесе, бас тартылады.
      Уәкілетті орган сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның рұқсатты келісуден дәлелді бас тартуы болған жағдайда заңды тұлғаға рұқсат беруден бас тартады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады