Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2010 жылғы 24 қарашада Душанбе қаласында жасалған Қазақстан
Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі
арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 7 сәуірдегі
№ 386 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім
(2011 жылғы 6 мамырда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., № 3, 48-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі,
туризм саласында тығыз және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты орнатуға өзара қызығушылықты тани отырып,
осы салада өз мемлекеттері арасындағы, сондай-ақ олардың ұлттық туристік ұйымдары арасындағы қатынастарды дамытуға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті
1-бап
Тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты теңдік, өзара пайда негізінде және осы Келісімге, өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес нығайтады және дамытады.
Тараптар екі халықтың тұрмыс-тіршілігімен, тарихымен және мәдениетімен таныстыру мақсатында Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы туристік алмасуды кеңейтуге ықпал етеді.
2-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің туризм саласындағы мемлекеттік органдары мен халықаралық және ішкі туризмнің дамуына қатысатын басқа да ұйымдар арасындағы неғұрлым тығыз ынтымақтастықты қолдайды.
3-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің туристік индустриясының дамуы туралы ақпарат, сондай-ақ жарнамалық науқандар, конференциялар мен семинарлар өткізу, жәрмеңкелер мен көрмелер ұйымдастыру туралы ақпарат алмасуға ықпал етеді.
4-бап
Тараптар өздерінің туризм саласындағы мемлекеттік органдары арқылы статистикалық деректер, туристік қызметке қатысты ұлттық заңнама туралы және халықаралық туристік ұйымдар шеңберіндегі қызмет туралы ақпарат алмасады.
5-бап
Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын өздерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
6-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
7-бап
Осы Келісімді қолдану кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды өзара консультациялар және келіссөздер жолымен шешеді.
8-бап
Тараптар осы Келісімді орындау барысында туындайтын шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмеген болса, өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.
9-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың ешқайсысы ағымдағы кезең аяқталғанға дейін 6 (алты) айдан кешіктірмейтін мерзімде өздерінің оның қолданылуын ұзартпау ниеті туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарламаса, келесі бесжылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.
Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату, егер Тараптар өзге туралы келіспесе, ол қолданыста болған кезеңде басталған бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асырылуына әсер етпейді.
2010 жылғы «24» қарашада Душанбе қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ, тәжік және орыс тілдерінде жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімді түсіндіруде немесе қолдануда келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін