Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Кеден одағының сыртқы шекарасында көлік (автомобиль) бақылауын жүзеге асыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығымен Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Кеден одағының сыртқы шекарасында көлік (автомобиль) бақылауын жүзеге асыру туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 18 сәуірдегі
№ 422 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Кеден одағының сыртқы шекарасында көлік (автомобиль)
бақылауын жүзеге асыру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі Кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағы комиссиясы туралы шартты, Кеден одағы комиссиясының 2009 жылғы 25 қыркүйектегі № 94 және 2009 жылғы 21 қазандағы № 106 шешімдерін негізге ала отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында тауарлар мен көлік құралдарының өтуін оңайлату, Кеден одағы аумағы арқылы халықаралық автомобиль тасымалдарының жүзеге асырылуына Кеден одағының сыртқы шекарасында бақылау жүргізуде бірыңғай тәсілдерді ұйымдастыру мақсатында
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
«көлік (автомобиль) бақылауы» - халықаралық автомобиль тасымалдарының жүзеге асырылуын бақылау;
«көлік (автомобиль) бақылауы органдары» - Тарап мемлекетінің аумағында көлік (автомобиль) бақылауы жүзеге асыруға Тарап мемлекеті уәкілеттік берген құзыретті органдар;
«бақылау пункті» - Тарап мемлекеті заңнамасының талаптарына сәйкес жабдықталған стационарлық немесе жылжымалы пункт (бекет), сондай-ақ көлік (автомобиль) бақылауы жүзеге асырылатын мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті;
«тасымалдаушы» - меншік құқығында немесе өзге заңды негізде көлік құралын пайдаланатын заңды немесе жеке тұлға;
«көлік құралы»:
жүк тасымалдау кезінде - жүк автомобилі, тіркемесі бар жүк автомобилі, жартылай тіркемесі бар автомобильдік тартқыш (ершікті) немесе автомобильдік тартқыш (ершікті), шасси;
жолаушыларды тасымалдау кезінде - автобус, яғни жүргізушінің орнын қоса алғанда, отыру үшін тоғыздан астам орны бар, жолаушылар мен багажды тасымалдауға арналған, соның ішінде багажды тасымалдауға арналған тіркемесі бар көлік құралы;
«көлік құралының салмақтық және габариттік параметрлері» - жүкпен немесе жүксіз көлік құралы массасының, осіне жүктемесінің және габариттерінің (ені, биіктігі және ұзындығы бойынша) мәндері;
«Кеден одағының сыртқы шекарасы» - Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің аумақтары мен Кеден одағына қатысушы мемлекеттер емес мемлекеттердің аумақтарын бөлетін Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағының шегі.
Осы Келісімде арнайы айқындалмаған терминдер Тараптар мемлекеттерінің басқа халықаралық шарттарында, оның ішінде Кеден одағы шеңберінде жасалған шарттарда белгіленген мағынада пайдаланылады.
2-бап
Осы Келісім Тараптардың кез келген мемлекетінің аумағына келетін (кететін, транзитпен өтетін) көлік құралдарын Кеден одағының сыртқы шекарасында көлік (автомобиль) бақылауы органдарының көлік (автомобиль) бақылауын жүзеге асыруына бірыңғай тәсілдерді айқындайды.
3-бап
Бір Тарап мемлекетіне екінші Тарап мемлекетінің аумағы арқылы жүретін көлік құралдары Кеден одағының сыртқы шекарасында орналасқан бақылау пункттерінде көрсетілген көлік құралдары аумағы арқылы жүретін Тарап мемлекетінің заңнамасына және осы Келісімнің 4-6-баптарына сәйкес көлік (автомобиль) бақылауына жатады.
Көлік құралдарын, көлік (автомобиль) бақылауының мақсатына қол жеткізу үшін қажетті құжаттарды тексеру және оның нәтижелерін ресімдеу Кеден одағының сыртқы шекарасында олар аумағын кесіп өтетін Тарап мемлекетінің заңнамасына және осы Келісімге сәйкес жүргізіледі.
Көлік (автомобиль) бақылауы органдары көлік (автомобиль) бақылауының нәтижелері бойынша олар ресімдеген құжаттарды өзара таниды.
4-бап
Мемлекеттік шекарасы арқылы Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына (бұдан әрі - Кеден одағының аумағы) кіру жүзеге асырылатын Тарап мемлекетінің көлік (автомобиль) бақылауы органы бақылау пункттерінде көрсетілген мемлекеттің заңнамасында көзделген көлік бақылауы бойынша іс-қимылдардан басқа мыналарды:
1) аумақтары арқылы жүріп өту жүзеге асырылатын Тараптардың басқа мемлекеттерінің заңнамасында белгіленгенге ұқсас нормаларға, сондай-ақ Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумақтары арқылы ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты жүкті тасымалдауға не ірі көлемді және (немесе) ауыр салмақты көлік құралының жүріп өтуіне арналған арнайы рұқсаттарда көрсетілген деректерге көлік құралының салмақтық және габариттік параметрлерінің сәйкестігін тексеруді;
2) тасымалдаушыда аумақтары арқылы жүріп өту жүзеге асырылатын Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумақтары арқылы жүріп өтуге рұқсаттардың болуын, олардың орындалатын тасымалдар түріне сәйкестігін және көлік құралы сипаттамаларының осындай рұқсаттарда көзделген талаптарға сәйкестігін тексеруді;
3) тасымалдаушыда аумақтары арқылы жүріп өту жүзеге асырылатын Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумақтары арқылы ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты жүкті тасымалдауға, ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты көлік құралының жүріп өтуіне арналған арнайы рұқсаттардың, сондай-ақ қауіпті жүктерді тасымалдауға арналған рұқсаттардың болуын тексеруді;
4) тасымалдаушыда аумақтары арқылы жүріп өту жүзеге асырылатын Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумағына үшінші елдерге/ден тасымалдауға арналған рұқсаттардың (арнайы рұқсаттардың) болуын тексеруді;
5) егер тасымалдау Тараптардың басқа мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумағы арқылы жүріп өтуге рұқсатсыз жүзеге асырылуы тиіс болса, сондай-ақ тасымалдау көпжақты рұқсатқа сәйкес жүзеге асырылатын жағдайда, көлік (автомобиль) бақылауы органдарымен келісілген нысанда тасымалдаушыға есепке алу талонын беруді жүзеге асырады.
5-бап
Көлік (автомобиль) бақылауы органдары Кеден одағының сыртқы шекарасы арқылы көлік құралының шығуы кезінде осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген іс-қимылдардан басқа, бақылау пункттерінде мыналарды:
1) егер осындай алымды төлеу Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес міндетті болса, тасымалдаушыда аумақтары арқылы жүріп өту жүзеге асырылатын Тараптар мемлекеттерінің автомобиль жолдары арқылы көлік құралдарының жүріп өтуіне алымдар төлеу туралы түбіртектің болуын;
2) тасымалдаушыда жүргізушіде Тарап мемлекетінің аумағында халықаралық автомобиль тасымалдарын орындау тәртібін бұзғаны үшін айыппұл төлегенін растайтын түбіртектің немесе Тараптардың бірі мемлекетінің аумағы арқылы жүріп өтуге арналған рұқсатта немесе есепке алу талонында Тараптардың көлік (автомобиль) бақылауы органдарының тасымалдаушыға (жүргізушіге) осындай айыппұл салынғаны туралы белгі болса, тасымалдаушыға жүргізушіде тиісті әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыға шағымды қанағаттандыру туралы сот органдары шешімінің болуын;
3) Тараптар мемлекеттерінің тасымалдаушылары көлік құралдарының халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсаты болуын;
4) екінші Тараптың көлік (автомобиль) бақылауы органынан осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген хабарламаны алған жағдайда тасымалдаушыда қажетті құжаттардың болуын тексеруді жүзеге асырады.
6-бап
Осы Келісімнің 4-бабында көзделген бақылау іс-қимылдары барысында көлік құралының бақылау параметрлерінің сәйкессіздігі, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген құжаттардың болмауы немесе сәйкессіздігі анықталған кезде бір Тараптың көлік (автомобиль) бақылауы органы жүргізушіге Тараптардың көлік (автомобиль) бақылауы органдарымен келісілген нысан бойынша:
анықталған сәйкессіздіктер туралы;
екінші Тараптың мемлекетінің аумағына келгенге дейін жетіспейтін құжаттарды алу қажеттілігі туралы;
көлік құралының жүру маршрутын ескере отырып, екінші Тараптың көлік (автомобиль) бақылауы органының ең жақын бақылау пунктін көрсете отырып хабарлама береді, онда тасымалдаушы көлік құралының бақыланатын параметрлерінің сәйкессіздігін жою дәлелдемесін және (немесе) хабарламада көрсетілген құжаттарды ұсынуға тиіс.
Хабарламаны беру туралы ақпарат екінші Тараптың көлік (автомобиль) бақылауы органына жіберіледі және сәйкессіздікті анықтаған көлік (автомобиль) бақылауы органының ақпараттық базасына енгізіледі.
Егер бір Тараптың көлік (автомобиль) бақылауы органы осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес тасымалдаушыға хабарлама берсе, екінші Тараптың көлік (автомобиль) бақылауы органы бақылау пунктінде осы хабарламаның орындалуын тексеруді жүзеге асыруға және негіздемелер болған кезде тасымалдаушыға (жүргізушіге) ұлттық заңнамаға сәйкес шара қолдануға құқылы.
Кеден одағының аумағынан көлік құралын шығару тасымалдаушы осы Келісімнің 4 және 5-баптарында көзделген құжаттарды ұсынғанға дейін жүзеге асырылмайды.
Бір Тараптың көлік (автомобиль) бақылауы органы көлік құралының бақылау параметрлерінің сәйкессіздігін, екінші Тарап мемлекетінің аумағынан келе жатқан көлік құралының Кеден одағының сыртқы шекарасы арқылы шығуы кезінде Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген құжаттардың болмауын немесе сәйкессіздігін анықтаған кезде, ол туралы екінші Тараптың көлік (автомобиль) бақылауы органына хабарланады.
7-бап
Тараптар өзаралық негізде Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын, Кеден одағының сыртқы шекарасында көлік (автомобиль) бақылауын жүзеге асырудың әдістері мен технологияларын үйлестіру жөніндегі шараларды:
1) халықаралық көлік дәліздерінің құрамына кіретін жалпыға ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары арқылы қозғалыс кезінде көлік құралдарының салмақтық параметрлеріне қойылатын талаптар;
2) екінші Тарап мемлекетінің жалпыға ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары арқылы көлік құралдарының жүріп өткені үшін алымдар төлеудің толықтығын бақылау жүйесін құру;
3) үшінші елдердің тасымалдаушыларымен даулы жағдайлар туындаған жағдайда оларды реттеу жөнінде тетік әзірлеу;
4) Кеден одағының аумағы арқылы халықаралық автомобиль тасымалының шарттарын орындау бойынша белгіленген талаптарды бұзған жағдайда көлік құралдарын кері қайтару (ұстау) тетігін жасау бөлігінде қабылдайды.
8-бап
Рұқсаттар (арнайы рұқсаттар):
1) олар құзыретті органдары көрсетілген рұқсаттарды берген Тарап мемлекетінің заңнамасын бұзушылықпен ресімделсе немесе пайдаланылса;
2) Тарап мемлекетінің арнайы рұқсатында көрсетілген көлік құралының салмақтық және (немесе) габариттік параметрлері көлік құралын салмағын және габариттерін өлшеудің қорытындысына сәйкес келмесе;
3) көлік құралының сипаттамасы Тарап мемлекетінің аумағы арқылы жүріп өтуге арналған рұқсатта көзделген көлік құралының сипаттамаларына сәйкес келмесе, жарамсыз болып табылады.
Бақылау іс-қимылдары барысында көлік құралының параметрлері (сипаттамалары) рұқсатқа сәйкес келмесе, бір Тараптың көлік (автомобиль) бақылауы органының екінші Тараптың көлік (автомобиль) бақылауы органынан жедел тәртіппен рұқсаттардың жарамдылығын растауды сұратуға құқығы бар.
9-бап
Осы Келісімді іске асыру мақсатында көлік (автомобиль) бақылауы органдары:
1) жеке хаттамаларды жасайды, екінші Тараптың көлік (автомобиль) бақылауы органдарына өз мемлекеттерінің көлік (автомобиль) бақылауын жүзеге асыруға қойылатын талаптарды регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерінің ережелерін жеткізеді, бірін-бірі көрсетілген актілерге енгізілетін кез келген өзгерістер туралы хабардар етеді, сондай-ақ осы Келісімді іске асыру үшін қажетті құжаттардың үлгілерімен алмасады;
2) көлік (автомобиль) бақылауы нәтижесінде алынған ақпаратпен өзара және тұрақты түрде алмасады. Ақпаратпен алмасудың нысанын, құрамын және тәртібін Тараптар мемлекеттерінің көлік (автомобиль) бақылауы органдары айқындайды;
3) бір Тарап мемлекетінің аумағы арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына транзитпен жүретін көлік құралдары туралы дерекқорларды жүргізуді ұйымдастырады және осы базада бар ақпаратпен өзара алмасады.
Көлік (автомобиль) бақылауы нәтижесінде алынған ақпаратпен алмасу электрондық түрде жүзеге асырылады.
Тараптар мемлекеттерінің көлік (автомобиль) бақылауы органдары көлік (автомобиль) бақылауы нәтижесінде алынған халықаралық тасымалдағы көлік құралдары, тасымалданатын тауарлар туралы өзге ақпаратты ұсына алады.
10-бап
Көлік (автомобиль) бақылауы нәтижелерін және көлік құралдарын ресімдеу және есепке алу мақсатында көлік (автомобиль) бақылауы органдары осы Келісімнің 4-6-баптарына сәйкес жүзеге асырылатын көлік (автомобиль) бақылауы бойынша қосымша іс-қимылдар нәтижелері туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттың ресурстарды пайдаланады, сондай-ақ осы ақпараттық ресурстардың өзара пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
11-бап
Тараптар белгіленген тәртіппен шет мемлекеттердің құзыретті органдарын осы Келісімге сәйкес Кеден одағының сыртқы шекарасындағы көлік (автомобиль) бақылауын жүзеге асыру тәртібінің өзгергені туралы хабардар етеді.
12-бап
Осы Келісімнің ережелерін орындау үшін Тараптар бірлескен комиссия құрады, оның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.
13-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты дауларды Тараптар консультациялар және (немесе) келіссөздер жолымен шешеді.
Егер дауды Тараптар консультациялар және (немесе) келіссөздер арқылы Тараптардың бірін екінші Тарапқа жіберген оларды өткізу туралы ресми жазбаша өтініш жасалған күнінен бастап алты ай ішінде реттемесе, онда Тараптардың кез келгені осы дауды Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Сотына қарауға бере алады.
14-бап
Осы Келісім өз мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың әрқайсысының құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
15-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
16-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалды және оның күшіне енуі үшін қажетті барлық мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.
Тараптардың кез келгені осы Келісімнің қолданылуын тоқтату туралы жазбаша хабарламаны депозитарийге дипломатиялық арналар арқылы 60 (алпыс) күннен кешіктірмей жіберу арқылы оны тоқтата алады.
2011 жылғы «__» _________ ___________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы депозитарий болып табылатын және осы Келісімнің расталған көшірмесін әрбір Тарапқа жіберетін Кеден одағы комиссиясында сақталады.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін