Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің біріздендірілген нормативтік-анықтамалық ақпаратты пайдалануы туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 17 мамырдағы № 533 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің біріздендірілген нормативтік-анықтамалық ақпаратты пайдалануы туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің біріздендірілген нормативтік-анықтамалық ақпаратты пайдалануы туралы хаттамаға қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2011 жылғы 17 мамырдағы
№ 533 қаулысымен   
мақұлданған     

жоба

Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің кеден
қызметтерінің біріздендірілген нормативтік-анықтамалық
ақпаратты пайдалануы туралы
ХАТТАМА

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты және 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты басшылыққа ала отырып, 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің қызметінде ақпараттық технологияларды қолдануға бірыңғай тәсілдері туралы келісімнің 3-бабын назарға ала отырып,
      Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің автоматтандырылған жүйелерінің ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің шекаралары арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуге кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын ақпаратты жіктеу мен кодтаудың біріздендірілген жүйесін пайдалана отырып, Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастыру негізінде ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің ақпараттық ресурстарын ықпалдастырудың қажеттілігін сезіне отырып,
      ақпаратты жіктеу мен кодтаудың халықаралық стандарттарын және оларды пайдаланудың Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл үшін қажеттігін мойындай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Хаттаманың мақсаты үшін пайдаланылатын терминдердің мынадай мәні бар:
      «анықтамалық» - өзінің мазмұны немесе мәні бойынша жүйелі, құрылымды және кодталған біртекті ақпарат тізбесі;
      «жіктеуіш» - жүйелі, құрылымды және кодталған жіктеу объектілері атауларының тізбесі;
      «нормативтік-анықтамалық ақпарат» - ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің кеден қызметтері арасында ақпарат алмасуды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын анықтамалықтар мен жіктеуіштер жиынтығы;
      «ақпаратты жіктеудің және кодтаудың біріздендірілген жүйесі» - анықтамалардың, нормативтік-анықтамалық ақпаратты жіктеуіштердің, сондай-ақ оларды әзірлеу, жүргізу және қолдану тәртібі мен әдіснамасының жиынтығы.

2-бап

      Осы Хаттаманың мақсаты 2009 жылғы 9 маусымдағы ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің қызметінде ақпараттық технологияларды қолдануға бірыңғай тәсілдер туралы келісімді іске асыру шеңберінде ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыруы үшін қажетті ақпаратты жіктеудің және кодтаудың біріздендірілген жүйесін кезең-кезеңмен қалыптастыру үшін жағдай жасау болып табылады.

3-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтерінің ақпарат жүйелері арасында ақпарат алмасу кезінде пайдалану үшін ақпаратты жіктеудің және кодтаудың біріздендірілген жүйесін қалыптастырады.

4-бап

      Ақпаратты жіктеудің және кодтаудың біріздендірілген жүйесін қалыптастыру үшін Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропа экономикалық комиссиясы ұсынған төменде келтірілген қағидаларды қолданады:
      көлік құралы үлгісінің коды көлік түрлерінің жіктеуішіне сәйкес болуға тиіс (Халықаралық сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі жұмыс тобының № 19 ұсынымы);
      ел коды ISO 3166-2006 «Елдердің атауларын ұсынуға арналған кодтар» анықтамалығына сәйкес болуға тиіс;
      валюта коды ISO 4217-2000 «Валюталар мен қорларды ұсынуға арналған кодтар» анықтамалығына сәйкес болуға тиіс;
      қосымша өлшем бірліктерінің кодтары мен атауы халықаралық саудада қолданылатын өлшем бірліктеріне арналған кодтар мен атаулар анықтамалығына сәйкес болуға тиіс (Халықаралық сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі жұмыс тобының № 20 ұсынымы. «Халықаралық саудада қолданылатын өлшем бірліктеріне арналған кодтар»).

5-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ақпарат жүйелері арасында алмасуға жататын ақпаратты қалыптастыру кезінде 2002 жылғы 20 қыркүйектегі Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сыртқы экономикалық қызметінің жалпы тауар номенклатурасы туралы келісімге сәйкес Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сыртқы экономикалық қызметінің жалпы тауар номенклатурасы тауарларының кодтарын пайдаланады.

6-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері осы Хаттаманың 4-бабында көрсетілген қағидаларға сәйкес анықтамалықтар мен жіктеуіштерді қалыптастырудың және Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің автоматтандырылған ақпарат жүйелерінде пайдаланудың тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді біріздендіреді.

7-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері біріздендірілген нормативтік-анықтамалық ақпарат пен Дүниежүзілік кеден ұйымы ұсынатын Деректер моделі арасындағы сәйкестікті белгілеу бойынша бірлескен жұмысты ұйымдастырады.

8-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері екіжақты немесе көпжақты халықаралық шарттар негізінде осы Хаттаманың 4-бабында келтірілген біріздендірілген анықтамалықтар мен жіктеуіштерді қалыптастыру қағидаларының тізбесін кеңейтеді.

9-бап

      Осы Хаттаманың ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктер олардың арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

10-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Хаттамаға оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

11-бап

      Осы Хаттама депозитарий болып табылатын ЕурАзЭҚ-тің Интеграциялық Комитеті оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Хаттама белгіленбеген мерзімге жасалады. Кез келген Тарап депозитарийге тиісті жазбаша хабарлама жолдай отырып, осы Хаттамадан шыға алады. Мұндай Тарап үшін осы Хаттаманың қолданылуы депозитарий осындай хабарламаны алған күннен бастап 6 ай өткен соң тоқтатылады.

      2011 жылғы «___» ________ _________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Хаттаманың түпнұсқа данасы Тараптардың әрқайсысына оның расталған көшірмесін жіберетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетіне сақтауға тапсырылады.

      Беларусь                   Қазақстан                 Қырғыз
   Республикасының            Республикасының         Республикасының
     Үкіметі үшін               Үкіметі үшін            Үкіметі үшін

                      Ресей                   Тәжікстан
                  Федерациясының           Республикасының
                   Үкіметі үшін              Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады