2000 жылғы 25 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 мамырдағы № 537 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2000 жылғы 25 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. Қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізу құқығымен 2000 жылғы 25 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2011 жылғы 18 мамырдағы
№ 537 қаулысымен 
мақұлданған    

Жоба

2000 жылғы 25 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы мемлекеттердің тұтынушылар құқықтарын қорғау
саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы
келісімге өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА

      2000 жылғы 25 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
      тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін одан әрі дамыту, ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қызметті үйлестіруді жақсарту мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      2000 жылғы 25 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы келісімнің 6-бабы мынадай редакцияда жазылып, оған өзгерістер енгізілсін:
      «Осы Келісімді іске асыруды өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында белгіленген құзырет шегінде осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің тиісті ұлттық органдары жүзеге асырады.
      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі бірлескен қызметті үйлестіру мақсатында Тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау жөнінде консультативтік кеңес (бұдан әрі - Кеңес) құрады.
      Кеңестің мәртебесі және оның міндеттері осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау жөніндегі консультативтік кеңес туралы ережеде белгіленеді (қоса беріледі).
      Кеңес осы Келісімді іске асыру үдерісінде тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерімен өзара іс-қимыл жасасады.
      Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері өздерінің жарғыларына және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес осы Келісімді іске асыруға қатыса алады».

2-бап

      Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді. Мемлекетішілік рәсімдерді кеш орындаған Тараптар үшін осы Хаттама депозитарий тиісті хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
      2011 жылғы «__» ______ _____ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.

      Әзірбайжан Республикасының            Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

      Армения Республикасының               Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

      Беларусь Республикасының              Түрікменстан
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының             Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының                Украина
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

                                            Молдова Республикасының
                                            Үкіметі үшін

2000 жылғы 25 қаңтардағы Тәуелсіз
Мемлекеттер Достастығына   
қатысушы мемлекеттердің    
тұтынушылар құқықтарын қорғау
саласындағы ынтымақтастығының 
негізгі бағыттары туралы келісімге
қосымша            

ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау
жөніндегі консультативтік кеңес туралы
ЕРЕЖЕ 1. Жалпы ережелер

      1.1. ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау жөніндегі консультативтік кеңес (бұдан әрі - Кеңес) 2000 жылғы 25 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы келісімді іске асыру мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік басқару органдарының өзара іс-қимыл жасасуын үйлестіру үшін құрылған ТМД-ның салалық ынтымақтастық органы болып табылады.
      1.2. Кеңес өз қызметінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Жарғысын, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде қабылданған шарттар мен шешімдерді және осы Ережені басшылыққа алады.

2. Кеңестің міндеттері мен қызметінің негізгі бағыттары

      2.1. Кеңестің міндеттері:
      ынтымақтастықты дамытуға және тереңдетуге, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау саласындағы тиімді саясатты қалыптастыруға жәрдемдесу;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің азаматтары үшін тең жағдайларды қалыптастыруға, олардың тұтынушылық құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін транспарентті жағдайлар жасауға жәрдемдесу;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер заңнамасының тауарлар мен көрсететін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі бойынша талаптарын бұзатын шаруашылық жүргізуші субъектілердің жосықсыз қызметінің алдын алу мақсатында тұтынушылар нарығында бақылаудың тиімді жүйесін құруға жәрдемдесу;
      ТМД шеңберінде көрсетілген бағыттағы бірлескен жұмыс тетіктерін одан әрі дамыту үшін жағдайлар жасау болып табылады.
      2.2. Кеңес қызметінің негізгі бағыттары:
      тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер ынтымақтастығының келісілген саясатын жүргізу қағидаттары мен қағидаларын әзірлеу, оны тәжірибеде іске асыруға жәрдемдесу;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдары арасында, оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер азаматтарының тиісті құқықтарын қамтамасыз етудің ұлттық тәжірибесі туралы, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі әлемдік тәжірибе туралы ақпарат алмасудың тиімді жүйесін құру;
      қызметтің негізгі бағыттары бойынша бірлескен жобалар мен шараларды әзірлеу және іске асыру;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заңнамаларын үйлестіруге және құқық қолдану практикасы жөнінде тәжірибе алмасуға жәрдемдесу болып табылады.

3. Кеңестің функциялары мен құқықтары

      3.1. Кеңестің негізгі функциялары:
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі үшін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимыл жасасуының басым бағыттарын айқындау;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау туралы заңнаманы және оны қолдану практикасын, экономиканың барлық салаларында туындайтын тұтынушылардың құқықтарын қорғауға байланысты құқықтық қарым-қатынастарды реттеу проблемаларын талдау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында өзара іс-қимыл жасасудың басым міндеттері мен перспективалық нысандарын іске асыру жөнінде практикалық шаралар әзірлеу;
      жүргізілген талдау негізінде Кеңестің міндеттерін шешу жөнінде ұсыныстар дайындау;
      ұлттық, әрі мемлекетаралық деңгейде «өндіруші-тұтынушы» қатынастарын ұйымдастыруға және қалыптастыруға жалпы ұстанымдарды айқындау;
      тұтынушылардың құқықтарын қозғайтын мәселелер жөніндегі нормативтік құқықтық актілер мен халықаралық шарттардың жобаларын талдау;
      тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеуге қатысу;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үйлестірілген тұтынушылар саясатын жүргізуі жөнінде ұсынымдар дайындау және енгізу;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі істің жай-күйін талдау.
      3.2. Кеңес өз функцияларын жүзеге асыру үшін:
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тиісті мемлекеттік билік органдарынан, қоғамдық бірлестіктерінен тұтынушылардың құқықтарын қорғауға байланысты ақпарат сұратуға;
      өз құзыреті шегінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуінің жалпы ұстанымдарын қалыптастыру мәселелері жөнінде шешімдер мен ұсынымдар қабылдауға;
      Кеңестің құзыретіне жатқызылған қызмет бағыттары жөніндегі ұсыныстарды белгіленген тәртіппен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің қарауына енгізуге;
      өз функцияларын орындау үшін Кеңестің тұрақты және уақытша жұмыс топтарын құруға, олардың басшыларын тағайындауға және олардың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыруға;
      өз жұмысының Регламентін әзірлеуге және бекітуге;
      тұтынушылардың құқықтарын қорғау проблемалары жөнінде конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруға және өткізуге;
      тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында білікті кадрлар даярлауға және қайта даярлауға жәрдемдесуге;
      ТМД-ның салалық ынтымақтастығының басқа органдарымен, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің заңнамалық және өзге де органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасуға құқылы.

4. Кеңестің құрамы және құрылымы

      4.1. Кеңес ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билігінің осы қызмет бағытына жауапты тиісті органдарының басшыларынан құрылады. Бұл ретте әр мемлекет бір дауысқа ие болады.
      Кеңестің отырыстарына Кеңес мүшелерін алмастыратын адамдарды жіберген кезде олардың өкілеттіліктерін жіберуші тарап растауы тиіс.
      4.2. Кеңес құрамына кеңесші дауыс құқығымен тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері (ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билігінің тиісті органдарының ұсынуы бойынша) және ТМД-ның Атқарушы комитетінің өкілі кіруі мүмкін.

5. Кеңестің жұмысын ұйымдастыру

      5.1. Кеңеске төрағалық етуді ТМД-ға қатысушы мемлекеттер атауларының орыс әліпбиі тәртібімен өз өкілінің тұлғасында Келісімге қатысушы әрбір мемлекет кезекпен, егер Кеңестің шешімімен өзгеше белгіленбесе, бір жылдан аспайтын мерзімге жүзеге асырады.
      Кеңес төрағасы:
      Кеңестің жұмысын ұйымдастырады;
      Кеңес отырысын жүргізеді және Кеңес қабылдаған құжаттарға қол қояды;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тиісті мемлекеттік билік органдарымен, ТМД-ның салалық ынтымақтастық органдарымен өзара қатынастарда Кеңесті білдіреді.
      Кеңестің алдыңғы және келесі төрағалары оның тең төрағалары болып табылады. Кеңес Төрағасы уақытша болмаған жағдайда, оның міндеттері тең төрағалардың біріне жүктеледі.
      5.2. Кеңестің қызметін ұйымдастыру-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді Кеңес хатшылығы жүргізеді.
      Кеңес хатшылығының функцияларын басшысы Кеңеске төрағалық ететін ТМД-ға қатысушы мемлекеттің мемлекеттік билік органы орындайды.
      Кеңеске төрағалық етуші мемлекеттің мемлекеттік билік органының өкілі Кеңес хатшылығының басшысы, ал ТМД-ның Атқарушы комитетінің өкілі хатшылық басшысының орынбасары болып табылады.
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Кеңестің және Кеңес хатшылығының функцияларын орындауда оларға қажетті жәрдем көрсетеді.
      5.3. Кеңес жұмысының Регламенті Кеңестің отырысында бекітіледі.
      5.4. Кеңестің отырыстары қажетіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі.
      5.5. Кеңестің кезектен тыс отырысы Кеңеске қатысушы бір немесе бірнеше мемлекет өкілдерінің бастамасымен Кеңес мүшелерінің кем дегенде үштен бірінің келісімімен шақырылуы мүмкін.
      5.6. Егер мүшелерінің жартысынан астамы отырысқа қатысқан болса, Кеңестің отырысы заңды болып табылады.
      5.7. Кеңестің отырыстарына ТМД-ның мүдделі салалық ынтымақтастық органдарының, мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бақылаушылар және сарапшылар ретінде шақырылуы мүмкін.
      5.8. Кеңестің кезекті отырысын өткізу уақыты, орны және күн тәртібі оның алдыңғы өткен отырысында анықталады.
      Кеңестің кезекті отырысының күн тәртібі Кеңес мүшелерінің ұсыныстары ескеріле отырып, аталған отырысты дайындау кезінде нақтылануы мүмкін.
      Кеңестің кезектен тыс отырысының өткізілетін күні мен күн тәртібін мұндай отырысты өткізуге бастамашы болған Кеңес мүшелерінің ұсыныстарына сәйкес Кеңес төрағасы айқындайды.
      5.9. Кеңес отырысының күн тәртібі отырысқа қатысушыларға отырыс басталғанға дейін кемінде 30 күн бұрын жіберіледі.
      5.10. Кеңес ұсынымдық сипаты бар шешімдер қабылдайды.
      5.11. Кеңес әзірлеген құжаттардың жобалары мен рәсімдік мәселелер бойынша шешімдер дауыстардың қарапайым көпшілігімен қабылданады.
      Кеңестің кез келген мүшесі қаралатын мәселеде өз мемлекетінің қызығушылық танытпайтынын мәлімдеуге құқылы, бұл мұндай мәселе бойынша шешім қабылдау үшін кедергі болып табылмайды.
      5.12. Кеңес отырысының қорытындылары Кеңестің төрағасы қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
      5.13. Кеңес отырыстары хаттамаларының және басқа да құжаттардың түпнұсқалары ТМД-ның Атқарушы комитетінде сақталады.
      5.14. Кеңес жыл сайын ТМД-ның Атқарушы комитетіне өзінің қызметі және кезекті жылға межеленген іс-шаралар туралы ақпарат береді.

6. Қорытынды ережелер

      6.1. Кеңес отырыстарын өткізуді қаржыландыруға байланысты шығыстар ТМД-ға қатысушы қабылдайтын мемлекеттің тиісті мемлекеттік билік органдарының есебінен жүзеге асырылады.
      6.2. Кеңес мүшелерін, уәкілетті өкілдерді, сондай-ақ отырысқа қатысушыларды іссапарға жіберуге арналған шығыстарды ТМД-ға қатысушы жіберуші мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары мен ұйымдары жүзеге асырады.
      6.3. Кеңестің жұмыс тілі орыс тілі болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады