"Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 23 мамырдағы № 557 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Жоба  

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Газ және газбен жабдықтау туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасында газбен жабдықтау саласындағы қатынастарды реттеудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру негіздерін айқындайды және Қазақстан Республикасының газға деген ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін тиімді, сенімді және қауіпсіз пайдалану үшін жағдай жасауға бағытталған.

1. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) автогаз құю станциясы - сұйытылған мұнай газын сақтауға және отын ретінде сұйытылған мұнай газын пайдаланатын көлік құралдарының иелеріне бөлшек саудада сатуға арналған технологиялық кешен;
      2) автогаз толтыру компрессорлық станциясы - тауарлық газды сұйытуға, сақтауға және отын ретінде тауарлық газды пайдаланатын көлік құралдарының иелеріне бөлшек саудада сатуға арналған технологиялық кешен;
      3) жалғастырушы газ құбыры - шикі газды келісімшарт аумағынан газ өңдеу зауытына дейін не тауарлық газды газ өңдеу зауытынан магистральдық газ құбырына дейін тасымалдауға арналған газ құбыры;
      4) бірыңғай техникалық дәліз - бір трасса бойымен қатар салынған, бірыңғай бағытта (көліктік лекте) тауарлық газды тасымалдауды қамтамасыз ететін, магистральдық газ құбырларының (немесе учаскелерінің) және магистральдық газ құбырлары (оның ішінде әртүрлі қысымдағы) жүйелерінің жиынтығы;
      5) бөлшек саудада сату — одан әрі сатуды мақсат етпейтін, өз мұқтаждықтары үшін Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушыларға тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газды сату жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
      6) газ - шикі, тауарлық және сұйытылған газ;
      7) газ жабдығы — газ құбырларының құрамдас элементтері ретінде пайдаланылатын, толықтай зауытта дайындалатын техникалық бұйымдар (компенсаторлар, конденсат жинақтары, сақтандыру-ығыстыру арматурасы, құбыржолдық бекітпе арматура), сондай-ақ газ пайдаланушы қондырғылар (газ аспаптары, пештер мен плиталар);
      8) газ желісі ұйымы - газ толтыру станциясын, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалануды, сондай-ақ осы Заңда белгіленген жағдайларда сұйытылған мұнай газын көтерме және бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын заңды тұлға;
      9) газ құбыры - бекітпе арматурасы бар бір-бірімен қосылған құбырлардан тұратын және газ тәріздес немесе екі фазалық күйде газды тасымалдауға арналған құрылыс;
      10) газ тарату жүйесі - газ құбырларынан (желілік бөліктен) және олармен шектесіп жатқан объектілерден тұратын, тауарлық газды магистральдық газ құбырынан газ тұтынушы жүйелерге дейін тасымалдауға арналған технологиялық өзара байланысқан құрылыстар кешені;
      11) газ тарату ұйымы - тауарлық газды газ тарату жүйесі арқылы тасымалдауды, газ тарату жүйесін техникалық пайдалануды, сондай-ақ осы Заңда белгіленген жағдайларда тауарлық газды көтерме және бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын заңды тұлға;
      12) газ толтыру пункті - сұйытылған мұнай газын сақтауға, тұрмыстық баллондарға қотаруға және құюға арналған инженерлік құрылыс;
      13) газ толтыру станциясы - сұйытылған мұнай газын темір жол цистерналарына, автогазтасымалдағыштарға, тұрмыстық баллондарға қотаруға, құюға және сақтауға, сондай-ақ тұрмыстық баллондарды жөндеуге және кәдеге жаратуға арналған технологиялық өзара байланысты өндірістік және өзге де объектілер кешені;
      14) газ тұтынушы жүйе - газ тарату жүйесінен тауарлық газды немесе топтық резервуарлық қондырғыдан сұйытылған мұнай газын қабылдауға, сондай-ақ оларды отын ретінде пайдалануға арналған газ құбырларының (желілік бөліктің) және газ жабдықтарының кешені;
      15) газбен жабдықтау — тауарлық және (немесе) сұйытылған газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау, сату және (немесе) тұтыну саласындағы қызмет;
      16) газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің күзет аймағы - пайдаланудың қауіпсіз жағдайларын қамтамасыз ету және оларды зақымдау мүмкіндігін болдырмау мақсатында газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің айналасына орнатылатын, пайдалану жағдайы ерекше аумақ;
      17) газбен жабдықтау жүйесі - тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын өндіруге, тасымалдауға (тасуға), сақтауға, сатуға және тұтынуға арналған технологиялық өзара байланысқан объектілердің кешені;
      18) газдандыру - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінде, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы және өзге де объектілерде тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын отын ретінде пайдалануға бағытталған іс-шаралар кешені;
      19) газ-көлік ұйымы - осы Заңда белгіленген жағдайларда жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары арқылы тауарлық газды тасымалдау және (немесе) тауарлық газ қоймаларында тауарлық газды сақтау жөніндегі қызметтерді көрсететін заңды тұлға;
      20) есепке алу аспаптары - бір немесе бірнеше функцияларды орындайтын өлшеу құралдары және басқа да техникалық құралдар: өлшеу, жинау, сақтау, газдың шығысы (көлемі), температурасы, қысымы және аспаптың жұмыс уақыты туралы ақпаратты көрсету;
      21) коммуналдық-тұрмыстық тұтынушы - одан әрі сатуды мақсат етпейтін кәсіпкерлік, коммерциялық емес немесе өзге қызметті жүзеге асыру кезінде коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждар үшін тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;
      22) көтерме саудада сату - одан әрі сату не Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде сату мақсатында тауарлық және (немесе) сұйытылған газды ішкі нарыққа өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
      23) магистральдық газ құбыры - бір немесе бірнеше газ құбырларынан (желілік бөліктен) және онымен түйісетін, тасымалданатын газдың, телебасқару, байланыс құралдарының және өзге де коммуникациялардың қысымын арттыруды және төмендетуді қамтамасыз ететін объектілерден тұратын, тауарлық газды тасуға арналған инженерлік құрылыс. Магистральдық газ құбыры объектілерінің құрамы жобалық құжаттамада және техникалық регламенттердің талаптарында айқындалады;
      24) газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік -Қазақстан Республикасына тиесілі ілеспе газды тереңдетіп өңдеуді және өзара тиімді жағдайларда қосылған құны жоғары өнім өндіруді қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық және әлеуметтік міндеттерді шешу үшін мемлекет пен инвестордың өзара іс-қимыл жасау нысаны;
      25) өндіріс - көмірсутек шикізатын тауарлық және (немесе) сұйытылған газға дейін қайта өңдеу (жеткізу) жөніндегі қызмет;
      26) өндіруші - тауарлық және (немесе) сұйытылған газды өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;
      27) өнеркәсіптік тұтынушы - одан әрі сатуды мақсат етпейтін өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін газ сатып алатын заңды тұлға;
      28) сұйытылған газ - сұйытылған мұнай газы және сұйытылған табиғи газ;
      29) сұйытылған мұнай газы - шамасы артық қысымда сұйық күйде, ал қалыпты жағдайларда газ түрінде болатын, құрауыштарының сапалық және сандық мазмұны бойынша Қазақстан Республикасының техникалық регламенттері мен мемлекеттік стандарттарының талаптарына сай келетін жеңіл көмірсутектердің (пропан-бутан фракциясының, пропанның, бутанның) қоспасы;
      30) сұйытылған табиғи газ - тасымалдау және сақтау мақсатында сұйытылған күйге айналдырылған тауарлық газ;
      31) тасымалдау - газ құбырлары арқылы шикі немесе тауарлық газды айдаудың технологиялық процесі;
      32) тауарлық газ - шикі газды өңдеу өнімі болып табылатын және құрауыштарының сапалық және сандық мазмұны бойынша Қазақстан Республикасының техникалық регламенттері мен мемлекеттік стандарттарының талаптарына сай келетін, құрамында метан бар көмірсутектердің көп құрауышты қоспасы;
      33) тауарлық газ қоймасы - тауарлық газды сақтауға арналған технологиялық өзара байланысқан өндірістік және өзге де объектілер кешені;
      34) топтық резервуарлық қондырғы - сұйытылған мұнай газын сақтауға және газ тұтынушы жүйеге беруге арналған ыдыстар тобынан, сақтандыру-бекітпе және реттеуші арматурадан, газ құбырларынан тұратын инженерлік құрылыс;
      35) тұрмыстық тұтынушы - тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газын кәсіпкерлік қызметте пайдалануды және оны одан әрі сатуды мақсат етпейтін, тұрмыстық мұқтаждар үшін сатып алатын жеке тұлға;
      36) тұтыну нормасы — коммерциялық есепке алу аспаптары жоқ тұрмыстық тұтынушылар үшін тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын тұтынудың бір адамға шаққандағы орташа айлық көлемін көрсететін есептік шамасы;
      37) тұтынушы - тұрмыстық, коммуналдық-тұрмыстық немесе өнеркәсіптік тұтынушы;
      38) уәкілетті орган - газды өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада сатуды, сондай-ақ елді мекендердің шекараларынан тысқары тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сатуды және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      39) ұлттық оператор - Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында газбен жабдықтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;
      40) шикі газ - тазартылмай өндірілген табиғи, ілеспе, қатпарлы газ, көмір бассейндерінің газы, сондай-ақ шығу тегі өзге көмірсутекті газ;
      41) Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктері - Қазақстан Республикасының аумағында тұтынуға қажетті тауарлық және (немесе) сұйытылған газ көлемі.

      2-бап. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасы
      1. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
      1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады әрі газ және газбен жабдықтау саласындағы қатынастарға таралады.
      2. Осы Заңның ережелері жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде туындайтын қатынастарға таралмайды.
      3. Магистральдық газ құбыры саласындағы қатынастарды реттеу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленеді.

      4-бап. Газ және газбен жабдықтау туралы заңнаманың негізгі мақсаттары, қағидаттары мен міндеттері
      1. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасының мақсаттары энергетикалық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасы мынадай қағидаттарға негізделеді:
      1) газбен жабдықтаудың қауіпсіздігі мен сенімділігі;
      2) газ ресурстарын пайдаланудың ұғымдылығы;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында ендірілетін тауарлық және сұйытылған мұнай газымен Қазақстан Республикасының ішкі қажеттілігін қамтамасыз етудің басымдығы;
      4) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан тұрғын үй-коммуналдық объектілерді, өнеркәсіптік және өзге де ұйымдарды газдандыру басымдығы;
      5) газбен жабдықтау саласындағы теңгерімделген баға саясаты.
      3. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасының міндеттері:
      1) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесін құру;
      2) Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттілігін үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажетті жағдай жасау;
      3) Қазақстан Республикасында тұтынылатын отын-энергетика ресурстарының жалпы көлеміндегі тауарлық және сұйытылған мұнай газының үлесін ұлғайту.

2. Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік басқару
органдарының құзыреті

      5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) ұлттық операторды айқындайды;
      3) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын және оны әзірлеудің тәртібін бекітеді;
      4) басым құқық шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын тауарлық газдың бағасын айқындау тәртібін бекітеді;
      5) ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада сатудың шекті бағасын және оны айқындау тәртібін бекітеді;
      6) газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде ілеспе газды инвесторларға берудің тәртібі мен шарттарын бекітеді;
      7) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің жұмыс режимдерін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асырудың тәртібін бекітеді;
      8) тауарлық және сұйытылған газды өндіру, сақтау, сату және тұтыну мониторингі бойынша мәліметтер беру тәртібін бекітеді;
      9) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сатудың, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетудің үлгі шарттарын бекітеді;
      10) тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада сату және пайдалану тәртібін бекітеді;
      11) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтынуды есептеу тәртібін және тұтыну нормасын бекітеді;
      12) газбен жабдықтау саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;
      13) газбен жабдықтау жүйесі объектілерінің қауіпсіздік жөніндегі талаптарын бекітеді;
      14) тауарлық және сұйытылған газ экспортын реттейді;
      15) экспорттық және (немесе) транзиттік газ құбырларын салу туралы шешім қабылдайды;
      16) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      6-бап. Уәкілетті органның құзыреті
      Уәкілетті орган мынадай функцияларды орындайды:
      1) газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын және оны әзірлеу тәртібін әзірлейді;
      3) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасының іске асырылуын бақылауды жүзеге асырады;
      4) басым құқық шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын тауарлық газдың бағасын айқындау тәртібін әзірлейді;
      5) басым құқық шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын тауарлық газдың бағасын бекітеді;
      6) ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада сатудың шекті бағасының деңгейі бойынша ұсыныстарды және оларды айқындау тәртібін әзірлейді;
      7) газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде ілеспе газды инвесторларға берудің тәртібі мен шарттарын әзірлейді;
      8) ұлттық оператордың өз меншігінде тұрған тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін иеліктен шығаруын келіседі;
      9) тауарлық және сұйытылған газды ендіру, сату және тұтыну балансын жүргізуді ұйымдастырады;
      10) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің жұмыс режимдерін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асырудың тәртібін әзірлейді;
      11) тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сатудың, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтынушы жүйелеріне техникалық қызмет көрсетудің үлгі шарттарын әзірлейді;
      12) тауарлық және сұйытылған мұнай газын өндіру, тасымалдау, сақтау, сату және тұтыну мониторингі бойынша мәліметтер ұсынудың тәртібін әзірлейді;
      13) тауарлық және сұйытылған газды бөлшек саудада сатудың және пайдаланудың тәртібін әзірлейді;
      14) газбен жабдықтау саласындағы техникалық регламенттерді әзірлейді;
      15) елді мекендердің шекараларынан (сызығынан) тыс газбен жабдықтау саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді және бекітеді;
      16) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті ведомстволық есептілік, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, газбен жабдықтау саласындағы жыл сайынғы тексеру жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
      17) Қазақстан Республикасының ішкі нарығы үшін сұйытылған мұнай газын өндірудің және сатудың ең төменгі көлемін белгілейді;
      18) өзіне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

      7-бап. Газ және газбен жабдықтау саласындағы өзге де уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті
      1. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі уәкілетті орган:
      1) елді мекендер шекараларының (сызығының) шегінде газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты және салааралық үйлестіруді қалыптастырады және жүргізеді;
      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
      3) елді мекендер шекараларының (сызығының) шегінде газбен жабдықтау саласындағы нормативтік-техникалық құжаттамаларды әзірлейді және бекітеді;
      4) тауарлық және сұйытылған мұнай газын есептеу және тұтыну нормасын бекіту тәртібін әзірлейді;
      5) өзіне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган:
      1) газбен жабдықтау жүйелері объектілерін пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асырады;
      2) газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды әзірлейді;
      3) өзіне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      3. Табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган:
      1) жеке немесе ұжымдық есептеу аспаптары болмаған жағдайда, тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын бекітеді;
      2) өзіне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      4. Мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді салааралық және өңіраралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган:
      1) ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада сатудың шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды келіседі;
      2) өзіне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары:
      1) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
      2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтыну болжамын уәкілетті органға ұсынады;
      3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын өткізу жөніндегі мәліметтерді уәкілетті органға ұсынады;
      4) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасында газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу көзделген жер учаскелерін заңнамада белгіленген тәртіппен резервке қояды;
      5) газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер учаскелерін береді;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3. Газбен жабдықтау жүйелерінің жұмыс істеуі және дамуы

      8-бап. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі
      1. Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттілігін үздіксіз қамтамасыз ету, газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану, тауарлық газдың тасымалдануын, сақталуын үздіксіз диспетчерлік бақылауды ұйымдастыру және оны есепке алудың бірыңғай жүйесін құру мақсатында Қазақстан Республикасында тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі қалыптастырылады.
      2. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі жалғастырушы, магистральдық газ құбырларын, тауарлық газды сақтау қоймаларын, газ тарату және газ тұтыну жүйелерін, автогазтолтыру компрессорлық станцияларын және тауарлық газды өндіруге, тасымалдауға, сақтауға, сатуға және тұтынуға арналған өзге де технологиялық объектілерді қамтиды.
      Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің құрамына газды келісімшарттық аумақ шегінде тасымалдауға арналған кәсіпшілік газ құбырлары, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері, сұйытылған табиғи газды өндіруге және қайта газға айналдыруға, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын тасуға, сақтауға, сатуға және тұтынуға арналған технологиялық объектілер кірмейді.
      3. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілері мемлекеттік немесе жеке меншікте болады.
      4. Мыналар:
      1) ұлттық оператор;
      2) тауарлық газды өндірушілер;
      3) өздері өндірген шикі газды қайта өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері;
      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелері;
      5) газ тасымалдау және газ тарату ұйымдары;
      6) автогазтолтыру компрессорлық станцияларының иелері;
      7) тауарлық газдың өнеркәсіптік тұтынушылары тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің субъектілері болып табылады.
      5. Уәкілетті орган өздері өндірген шикі газды қайта өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газ өндірушілерінің, меншік иелерінің, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелерінің, газ тасымалдау және газбен жабдықтау ұйымдарының есебін жүргізеді және тізбесін интернет-ресурста жариялайды.
      6. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің тиімді жұмыс істеуі мақсатында өндірушілер, газ тасымалдау және газ тарату ұйымдары тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерін пайдаланудың белгіленетін технологиялық режимдерін сақтауға міндетті.

      9-бап. Ұлттық оператор
      1. Ұлттық оператор мынадай функцияларды орындайды:
      1) газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын әзірлеуге және іске асыруға қатысады;
      3) осы Заңға сәйкес тауарлық газды сатып алуға басым құқықты жүзеге асырады;
      4) осы Заңға сәйкес тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілеріне меншік құқығын, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілеріне ортақ меншік құқығындағы үлесті және заңды тұлғалардың - тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін) сатып алуға басым құқықты жүзеге асырады;
      5) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық операторға тиесілі газ тасымалдау ұйымдарының тауарлық газды үздіксіз тасымалдауын және сақтауын қамтамасыз етеді;
      6) тауарлық газды көтерме және бөлшек саудада сатуды жүзеге асырады;
      7) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің технологиялық жұмыс режимін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асырады;
      8) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының аумағына тауарлық газды тасымалдау, сақтау және сату жөніндегі, басым құқық шеңберінде тауарлық газды сатып алу, сондай-ақ тауарлық газға Қазақстан Республикасының ішкі қажеттілігінің алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамы жөніндегі мәліметтерді ұсынады;
      9) тауарлық газды тасымалдау режимдерін басқару мен орнықтылығын қамтамасыз ету бойынша шектес мемлекеттердің газ тасымалдау жүйелерімен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
      10) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесіндегі тауарлық газды коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
      2. Ұлттық оператор:
      1) осы Заңда белгіленген жағдайларда дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық операторға тиесілі газ тасымалдау, газ тарату ұйымдары иелік ететін тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілеріне қосылған тұтынушыларды тауарлық газбен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз етуге;
      2) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасына сәйкес тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін салуды, пайдалануды, жаңғыртуды, қайта жаңартуды және дамытуды қамтамасыз етуге;
      3) дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық операторға тиесілі газ тасымалдау, газ тарату ұйымдары иелік ететін тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінде энергия үнемдейтін және экологиялық таза жабдықтар мен технологияларды пайдалануды қамтамасыз етуге міндетті.
      3. Ұлттық оператордың немесе дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ұлттық операторға тиесілі газ тасымалдау ұйымдарының меншігіндегі тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілері уәкілетті органмен келісім бойынша иеліктен шығарылуы мүмкін.

      10-бап. Ұлттық оператордың тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерін сатып алуға басым құқығы
      1. Басқа тұлғалардың алдында ұлттық оператор тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің иеліктен шығарылатын объектісін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің ортақ меншік құқығындағы үлесті және заңды тұлғалардың - тауарлық газбен. жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін) басқа тұлғаларға ұсынылуы мүмкін жағдайлардан кем емес жағдайда сатып алудың басым құқығына ие.
      2. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектісін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің ортақ меншік құқығындағы үлесін және (немесе) заңды тұлғалардың - тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін) иеліктен шығаруды жүргізу ниеті бар тұлға ұлттық операторға осындай иеліктен шығарудың бағасын және өзге де жағдайларын көрсете отырып, коммерциялық ұсыныс жібереді.
      3. Ұлттық оператор коммерциялық ұсыныс түскен күннен бастап бір ай мерзімде осы баптың 1-тармағында көрсетілген басым құқықты іске асыру туралы шешім қабылдайды және осы мерзімде жазбаша түрде қабылданған шешім туралы коммерциялық ұсыныс жіберген тұлғаны хабардар етеді.
      4. Егер ұлттық оператор осы баптың 1-тармағында көрсетілген басым құқықтан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда не осы баптың 3-тармағында көрсетілген мерзімде оны іске асыру ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, мұндай тұлға тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілерін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің ортақ меншік құқығындағы үлесін және (немесе) заңды тұлғалардың -тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін) өзге тұлғаларға иеліктен шығарып беруді жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте мұндай тұлға үшін иеліктен шығару шартының пайдалылығы ол ұлттық операторға ұсынған шарттан кем болмауы тиіc.
      5. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылған тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілеріне, сондай-ақ автогаз толтыру компрессорлық станцияларына, өнеркәсіп тұтынушыларының газ тұтыну жүйелеріне қолданылмайды.

      11-бап. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелері
      1. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелері газ толтыру станцияларының, газ толтыру пункттерінің, топтық резервуарлық қондырғылардың, газ тұтыну жүйелерінің, автогаз құю станциялары мен сұйытылған мұнай газын тасуға, сақтауға, сатуға және тұтынуға арналған өзге де технологиялық объектілердің жиынтығын білдіреді.
      2. Сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерінің объектілері мемлекеттік немесе жеке меншікте болуы мүмкін.
      3. Өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілер, меншік иелері, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері, газ желісі ұйымдары, газ толтыру пункттерінің және автогаз құю станцияларының иелері, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын өндірістік тұтынушылары сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелерінің субъектілері болып табылады.
      4. Уәкілетті орган өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілердің, меншік иелерінің, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелерінің, газ желісі ұйымдарының және сұйытылған мұнай газының өнеркәсіптік тұтынушыларының есебін жүргізеді және тізбесін интернет-ресурста жариялайды.

      12-бап. Аумақтарды газдандырудың бас схемасы
      1. Қазақстан Республикасының аумақтарын газдандыру Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы Қазақстан Республикасының ішкі қажеттілігін тауарлық және сұйытылған газбен қамтамасыз етудің басымдығы ескеріліп, тауарлық және сұйытылған газды өндіру, сату және тұтыну теңгерімінің болжамдық негізінде әзірленеді.
      3. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін орналастырудың схемасын, жаңғырту, қайта жаңарту және салу жоспарланған газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің тізбесі мен техникалық сипаттамасын, қажетті қаржы ресурстары мен олардың көздерін, сондай-ақ, тауарлық және сұйытылған газдың перспективалы ресурстары мен қолданыстағы және салу жоспарланған газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері бойынша газ жеткізу схемасын қамтиды.
      4. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасы тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың тауарлық, оның ішінде сұйытылған табиғи газды қайта газдандыру процесінде алынған газды пайдалануының басымдығы ескеріле отырып әзірленеді.
      5. Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасының іске асырылуын қаржыландыру ұлттық оператордың, республикалық бюджеттің, жергілікті бюджеттердің табыстары және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен жүзеге асырылады.
      6. Газдандырудың бас схемасын іске асыру үшін жер учаскелерін резервке қою Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      13-бап. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін жобалау, салу және қайта жаңарту
      1. Магистральдық газ құбырларын салу, кеңейту және қайта жаңарту жобалары Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті органмен және мемлекеттік органдармен келісіледі.
      2. Газ тарату жүйелері мен сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйелері объектілерін салу және қайта жаңарту жобалары құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі.
      3. Экспорттық және (немесе) транзиттік газ құбырларын салу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
      4. Магистральдық газ құбырына қосылуға газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғыға арналған техникалық шарттарды тиісінше осындай объектіні пайдаланушы газ тасымалдау, газ тарату немесе газ желісі ұйымы береді. Бұл ретте берілген техникалық шарттар жаңадан салынып жатқан, кеңейтілетін, қайта жаңартылатын газбен жабдықтау жүйесі объектілерін жобалау үшін негіз болып табылады.
      5. Газбен жабдықтау жүйесі объектілерін магистральдық газ құбырына, газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғыға қосуға байланысты шығыстар газбен жабдықтау жүйесінің қосылатын объектілерінің иелері есебінен жүргізіледі.
      6. Тұтынушылардың жаңадан қосылатын және қайта жаңартылатын газ жабдығы техникалық регламенттерге және нормативтік техникалық құжаттарға сәйкес орындалуға тиіс, сондай-ақ жобалық және техникалық қабылдау-тапсыру құжаттамасына сәйкес қамтамасыз етілуге тиіс.

      14-бап. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерін салу және пайдалану кезінде жер пайдалануды құқықтық реттеу
      1. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін салу және пайдалану үшін берілетін жерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қала құрылысы және экологиялық талаптарға сәйкес келуге тиіс.
      2. Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар Қазақстан Республикасының азаматтық және жер заңнамасына сәйкес аталған объектілерді пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдарға газбен жабдықтау жүйелерінің объектілеріне кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
      3. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін күрделі жөндеу, қызмет көрсету, кеңейту және қайта жаңарту жөніндегі жұмыстарды орындау үшін аталған объектілерді пайдаланатын ұйымдарға жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес уақытша пайдалануға беріледі.

4. Газбен жабдықтаудың құқықтық негіздері

      15-бап. Мемлекетке тиесілі ілеспе газ
      1. Мына:
      1) жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға сәйкес жер қойнауын пайдаланушы өндірген және Қазақстан Республикасына тиесілі;
      2) жер қойнауын пайдалануға бұрын жасалған, өндірілген ілеспе газға жер қойнауын пайдаланушының меншігі көзделген келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар мемлекет меншігіне берген ілеспе газ мемлекеттің меншігінде болады.
      2. Уәкілетті органның шешімімен осы баптың 1-тармағында көрсетілген ілеспе газ ол айқындаған көлемде және Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және шарттарда газбен жабдықтау саласында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде жасалатын шарттың негізінде тартылатын инвестордың меншігіне беріледі.
      3. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасына тиесілі ілеспе газдан тауарлық және (немесе) сұйытылған газ шығаратын жер қойнауын пайдаланушылар уәкілетті органның шешімі бойынша тараптармен келісілген баға бойынша газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде одан әрі пайдалану үшін аталған тауарлық және (немесе) сұйытылған газды ұлттық операторға және (немесе) тартылған инвесторға береді.
      4. Газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде уәкілетті органмен жасалатын шарт, оның ішінде мынадай талаптарды қамтуға тиіс:
      1) ілеспе газды тауарлық және (немесе) сұйытылған газға қайта өңдеу;
      2) шығарылған тауарлық және (немесе) сұйытылған газдың белгілі бір көлемін Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын ескере отырып, бірінші кезекті тәртіппен Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткізу.

      16-бап. Тауарлық және сұйытылған газды сатудың жалпы шарттары
      1. Қоршаған ортаны және Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын қорғау мақсатында тұтынушыларға шикізат ретінде пайдалану үшін өнеркәсіптік тұтынушыларға шикі газды сатуды қоспағанда, тауарлық және (немесе) сұйытылған мұнай газы ғана жеткізілуі мүмкін.
      2. Осы Заңның талаптарын ескере отырып, тауарлық газды сатуға тек:
      1) ұлттық операторға;
      2) тауарлық газды өндірушілерге;
      3) өздері өндірген шикі газды қайта өңдеу процесінде өндірілген
тауарлық газдың меншік иелеріне;
      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелеріне;
      5) газ тарату ұйымдарына;
      6) автогазтолтыру компрессорлық станцияларының иелеріне ғана рұқсат етіледі.
      3. Сұйытылған табиғи газ сатуды жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасының шеңберінде немесе Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес тауар биржасы арқылы Қазақстан Республикасының ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етудің басымдығын ескеріп жүзеге асырады.
      4. Осы Заңның талаптарын ескере отырып, сұйытылған мұнай газын сатуға:
      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілерге;
      2) өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелеріне;
      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелеріне;
      4) газ желісі ұйымдарына;
      5) газ толтыру пункттерінің және автогаз құю станцияларының иелеріне ғана рұқсат етіледі.
      5. Тауарлық және (немесе) сұйытылған газды сату осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, тауарлық және (немесе) сұйытылған газды міндетті түрде есепке алудың бақылау аспаптары арқылы өткізе отырып жүзеге асырылады.
      6. Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сату және пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      7. Тауарлық және сұйытылған мұнай газды бөлшек саудада сату шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгі шарттарға сәйкес жасалады.
      8. Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сату шарттарын жасасудың басым құқығына тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар ие болады.
      9. Газ тасымалдау, газ тарату немесе газ желісі ұйымы осы Заңда белгіленген жағдайларда газ тарату жүйесіне немесе осындай ұйымның топтық резервуарлық қондырғысына қосылған тұтынушыларды тауарлық немесе сұйытылған мұнай газымен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз етуге міндетті.
      10. Мынадай:
      1) тұтынушы газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздік қағидаларын бұзған;
      2) газбен жабдықтау жүйесі объектілері техникалық жарамсыз болған;
      3) тұтынушы газ жабдығын өз бетінше қосқан;
      4) газ тасымалдау, газ тарату немесе газ желісі ұйымының өкілдерін газ құбырларына, газ жабдығына және есептеу аспаптарына жібермеген;
      5) тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сату шартына сәйкес жеткізілген тауарлық және сұйытылған мұнай газы үшін дебиторлық берешек туындаған жағдайларда газ тасымалдау, газ тарату немесе газ желісі ұйымы бұзушылықтар жойылғанға дейін тұтынушыға тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді бір жақты тәртіппен тоқтата тұруға құқылы.

      17-бап. Газ тұтыну жүйелерін пайдалану
      1. Газ тұтыну жүйелерінің иелері олардың тиісті техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
      2. Өнеркәсіптік тұтынушылар өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсететін білікті персонал, сондай-ақ газ тұтыну жүйелерінің сенімді және қауіпсіз жұмысы үшін жауапты адам ұстауға не газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын мамандандырылған ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге шарттар жасасуға міндетті.
      3. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді жүзеге асыратын газ тарату, газ желісі ұйымымен не газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын тәуелсіз мамандандырылған ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге шарт жасасуға міндетті.
      4. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге шарт жасаспай оларды пайдалануға тыйым салынады.
      5. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған үлгі шартты Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      6. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсететін ұйым олардың дұрыс техникалық жай-күйі үшін жауапты болады.
      7. Тұрмыстық тұтынушылар өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі газ тұтыну жүйелерінің техникалық жай-күйінің дұрыстығы үшін жауапты болады.

      18-бап. Ұлттық оператордың тауарлық газды сатып алуға басым құқығы
      1. Қазақстан Республикасының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының тауарлық газға ішкі қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында өзі өндірген шикі газды қайта өңдеу үдерісінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері мен өндірушілері иеліктен шығаратын тауарлық газды сатып алуға ұлттық оператордың басқа тұлғалардың алдында басым құқығы болады.
      2. Басым құқық шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын тауарлық Газдың бағасын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен өзі өндірген шикі газды қайта өңдеу үдерісінде өндірілген тауарлық газдың меншік иесі, өндіруші айқындайды және:
      1) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есептелетін шикі газ көлемінің бір бірлігін өндірудің өндірістік өзіндік құнының негізінде айқындалатын шикі газды өндіруге жұмсалған шығыстарды;
      2) тауарлық газды және шикі газды өндіруге жұмсалатын шығыстарды;
      3) ұлттық операторға сататын жерге дейін тауарлық газды тасымалдауға жұмсалатын шығыстарды;
      4) он пайыздан аспайтын мөлшердегі рентабельділік деңгейін қамтиды.
      3. Басым құқық шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын тауарлық газдың бағасы сараптауға және уәкілетті органның бекітуіне жатады.
      4. Алдағы күнтізбелік жылы тауарлық газды иеліктен шығаруды жүргізу ниеті бар, өзі өндірген шикі газды қайта өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иесі, өндіруші басым құқық шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын тауарлық газ бағасының негіздеуші материалдармен (шарттармен, шот-фактуралармен, қаржылық құжаттармен) расталған есептерін уәкілетті органға сараптамаға жібереді.
      5. Басым құқық шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын тауарлық газдың есептелген бағасын сараптау нәтижелері бойынша уәкілетті орган материалдарды алған күннен бастап отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей өзі өндірген шикі газды қайта өңдеу үдерісінде өндірілген тауарлық газдың меншік иесіне:
      1) басым құқық шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын тауарлық
газдың есептелген бағасын бекіту туралы хабарлама;
      2) басым құқық шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын тауарлық газдың есептелген бағасын осы баптың 2-тармағына сәйкес негізделген деңгейге дейін өзгерту қажеттілігі туралы уәжделген қорытынды жібереді.
      6. Өзі өндірген шикі газды қайта өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері, өндірушілер басым құқық шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын тауарлық газдың уәкілетті орган бекіткен бағасын арттырмауға міндетті.
      7. Алдағы күнтізбелік жылы тауарлық газды иеліктен шығаруды жүргізу ниеті бар, өзі өндірген шикі газды қайта өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иесі, өндіруші жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде бес ай бұрын ұлттық операторға мыналарды:
      1) иеліктен шығарылатын тауарлық газдың көлемін;
      2) иеліктен шығарылатын тауарлық газдың бағасын;
      3) иеліктен шығарудың өзге де шарттарын көрсете отырып, коммерциялық ұсыныс жібереді.
      8. Ұлттық оператор жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде төрт ай бұрын тауарлық газды сатып алу басым құқығын іске асыру туралы шешім қабылдайды және осы мерзімде коммерциялық ұсыныс жіберген тұлғаға қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабарлайды.
      9. Егер ұлттық оператор тауарлық газды сатып алуға басым құқықтан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда, өзі өндірген шикі газды қайта өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иесі, өндіруші осы Заңның талаптарына сәйкес өзге тұлғаларға тауарлық газды иеліктен шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
      10. Ұлттық оператор осы бапта көзделген басым құқықты іске асырған кезде өзі өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иесі, өндіруші мен ұлттық оператор арасында жасалатын шарттар күнтізбелік бір жылдан аспайтын мерзімге жасалуы мүмкін.
      11. Тараптардың келісімі бойынша көрсетілген шарттарға иеліктен шығарылатын тауарлық газдың көлемін ұлғайтуды және (немесе) осы баптың 3, 4, 5, 7 және 8-тармақтарында көзделген рәсімдерді сақтамай, шарттардың қолданылу мерзімдерін ұзартуды көздейтін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
      12. Осы баптың ережелері:
      1) газ және (немесе) газ конденсаты кен орындарында өндірілетін шикі газдан өндірілетін тауарлық газды;
      2) сұйытылған табиғи газды;
      3) сұйытылған табиғи газды қайта газдандыру үдерісінде өндірілген тауарлық газды;
      4) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде шығарылған және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газды;
      5) осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасынан тыс жерде өндірілген тауарлық газды;
      6) газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде жасалатын шарттың негізінде өндірілген тауарлық газды иеліктен шығару жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.

      19-бап. Тауарлық және сұйытылған газды өндіру, тасымалдау, сақтау, сату және тұтыну мониторингі
      1. Уәкілетті орган:
      1) Қазақстан Республикасында тауарлық және сұйытылған газ өндіру көлемінің мониторингін;
      2) тауарлық газды тасымалдау және сақтау көлемінің мониторингін;
      3) Қазақстан Республикасында тауарлық және сұйытылған газды көтерме және бөлшек саудада сату көлемінің, оның ішінде олардың экспорты мен импортының мониторингін;
      4) Қазақстан Республикасында сатылатын тауарлық және сұйытылған газдың көтерме сауда бағаларының мониторингін;
      5) Қазақстан Республикасында сатылатын тауарлық және сұйытылған
мұнай газының бөлшек сауда бағаларының мониторингін;
      6) Қазақстан Республикасының тауарлық және сұйытылған мұнай газына деген ішкі қажеттілігінің мониторингін қамтитын тауарлық және сұйытылған газды ендіру, тасымалдау, сақтау, сату және тұтыну мониторингін жүзеге асырады.
      2. Тауарлық газды көтерме және (немесе) бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын тұлғалар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың жиырмасыншы күнінен кешіктірмей уәкілетті органға тауарлық, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағына тұтыну үшін әкелінген газды сату туралы мәліметтерді ұсынады.
      3. Газ тасымалдау, газ тарату ұйымдары ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей, ұлттық операторға тауарлық газды тасымалдау және сақтау көлемі туралы мәліметтерді ұсынады.
      4. Ұлттық оператор уәкілетті органға:
      1) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың жиырмасыншы күнінен кешіктірмей тауарлық газды магистарльдық газ құбырлары арқылы тасымалдау және тауарлық газды жер асты газ сақтау қоймаларында сақтау жөніндегі мәліметтерді;
      2) жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші ақпанынан кешіктірмей, басым құқық шеңберінде тауарлық газ сатып алу жөніндегі мәліметтерді;
      3) жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын Қазақстан Республикасының тауарлық газға ішкі қажеттілігінің алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын ұсынады.
      5. Өндірушілер уәкілетті органға:
      1) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей тауарлық және сұйытылған газды ендіру жөніндегі мәліметтерді;
      2) жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын тауарлық және сұйытылған газ өндірудің алдағы бес жылға арналған болжамды көлемін ұсынады.
      6. Сұйытылған мұнай газын көтерме және (немесе) бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын тұлғалар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей аумақтарында осындай сату жүзеге асырылатын облыстардың, республикалық маңызды қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына сұйытылған газды сату туралы, оның ішінде өткен айда Қазақстан Республикасының аумағына импортталған газды сату туралы мәліметтерді ұсынады.
      7. Облыстың, республикалық маңызды қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті органға:
      1) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың он бесінші күнінен кешіктірмей облыстың, республикалық маңызды қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын сату және тұтыну жөніндегі мәліметтерді;
      2) жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде үш ай бұрын облыстың, республикалық маңызды қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтынудың алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамын ұсынады.
      8. Сұйытылған табиғи газды көтерме саудада сатуды жүзеге асыратын тұлғалар ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей, уәкілетті органға сұйытылған табиғи, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген газды сату туралы мәліметтерді ұсынады.
      9. Осы баптың 2-8-тармақтарында көзделген мәліметтер Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тәртіпке сәйкес ұсынылады.
      10. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың он бесінші күнінен кешіктірмей, уәкілетті органға Қазақстан Республикасындағы тауарлық және сұйытылған газдың импорты мен экспорты туралы мәліметтерді ұсынады.
      11. Тауарлық және сұйытылған газды өндіру, сату және тұтыну мониторингі деректерінің негізінде уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында тауарлық және сұйытылған газды өндірудің, сатудың және тұтынудың алдағы күнтізбелік жылға арналған болжамды балансын жасайды.

5. Тауарлық газды тасымалдауды, сақтауды және сатуды мемлекеттік реттеу

      20-бап. Тауарлық газды көтерме саудада сату
      1. Тауарлық газды көтерме саудада сатуды ұлттық оператор, өздері өндірген шикі газды қайта өңдеу үдерісінде өндірілген тауарлық газдың өндірушілері, меншік иелері, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелері, сондай-ақ тауарлық газ ұлттық операторға және (немесе) автогазтолтыру компрессорлық станцияларының иелеріне сатылған жағдайда газ тарату ұйымдары жүзеге асыруға құқылы.
      2. Ұлттық оператордан, өздері өндірген шикі газды қайта өңдеу үдерісінде өндірілген тауарлық газдың өндірушісінен, меншік иесінен және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иесінен тауарлық газды сатып алған тұлғаға, ұлттық операторға және (немесе) автогазтолтыру компрессорлық станциялардың иелеріне сату жағдайларын қоспағанда, оны көтерме саудада сатуды жүзеге асыруға тыйым салынады.
      3. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде ендірілетін тауарлық газды көтерме саудада сату жөнінде Қазақстан Республикасының осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған халықаралық шарттарының негізінде туындайтын қатынастарға қолданылмайды.

      21-бап. Тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада сату бағасын мемлекеттік реттеу
      1. Қазақстан Республикасында тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада сату бағасын мемлекеттік реттеу белгіленеді.
      2. Тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада сатудың шекті бағалары әрбір облысқа, республикалық маңызы бар қалаға, астанаға жеке белгіленеді және Қазақстан Республикасының өңірлерін газбен жабдықтаудың экономикалық және әлеуметтік жағдайлары ескеріліп түзетілуі мүмкін.
      3. Уәкілетті орган мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді салааралық және өңіраралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісім бойынша жыл сайын, жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде екі ай бұрын мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада сатудың алдағы күнтізбелік жылға арналған шекті бағаларының деңгейі бойынша ұсыныстар әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне жібереді.
      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы баптың 3-тармағында көрсетілген ұсыныстардың негізінде жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде бір ай бұрын мерзімде ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада сатудың алдағы күнтізбелік жылға арналған шекті бағаларын бекітеді.
      5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумағында тауарлық газды көтерме саудада сатуды жүзеге асыратын тұлғалар тауарлық газды көтерме саудада сатудың шекті бағаларының белгіленген деңгейін сақтауға міндетті.
      6. Осы баптың ережелері:
      1) ұлттық операторға, оның ішінде басым құқық шеңберінде;
      2) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде;
      3) сұйытылған табиғи газды қайта газдандыру үдерісінде алынған тауарлық газды көтерме саудада сату жөніндегі қатынастарға таралмайды.

      22-бап. Тауарлық газды тасымалдау және сақтау
      1. Жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары арқылы тауарлық газды тасымалдау жөніндегі, сондай-ақ тауарлық газды тауарлық газ сақтау қоймаларында сақтау жөніндегі қызметтерді газ тасымалдау ұйымдары көрсетеді.
      2. Бірдей жалғастырушы, магистральдық газ құбырлары мен тауарлық газ қоймаларын екі немесе одан көп газ тасымалдау ұйымдарының пайдалануына тыйым салынады.
      3. Газ тасымалдау ұйымдары тауарлық газды магистральдық газ құбырлары арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тасымалдау жөніндегі қызметтерді тек ұлттық операторға, өздері өндірген шикі газды қайта өңдеу үдерісінде өндірілген тауарлық газдың өндірушілеріне, меншік иелеріне, сондай-ақ оны Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдауды жүзеге асыруға ниет білдірген Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген тауарлық газдың иелеріне көрсетеді.
      4. Газ тасымалдау, газ тарату ұйымы:
      1) тауарлық газдың иелеріне Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес магистральдық газ құбырының, тауарлық газ сақтау қоймасының немесе газ тарату жүйесінің қуаттарына тең жағдайда қол жеткізуді ұсынуға;
      2) уәкілетті органның сұрауы бойынша магистральдық газ құбырының, жерасты газ сақтау қоймасының, газ тарату жүйесінің бос қуаттарының бар екені туралы ақпаратты, сондай-ақ оларды пайдалану бағдарламасын ұсынуға;
      3) тауарлық газдың иелерін және (немесе) тұтынушыларды тауарлық газды тасымалдау, сақтау және (немесе) бөлшек саудада сату жөніндегі міндеттемелерді орындауға әсер ететін жоспарланған жөндеу және профилактикалық жұмыстары туралы хабарлауға міндетті.
      5. Мынадай:
      1) тауарлық газ техникалық регламенттер мен мемлекеттік стандарттардың талаптарына сәйкес келмеген;
      2) өзі өндірген шикі газды қайта өңдеу үдерісінде өндірілген тауарлық газдың меншік иесі, өндіруші осы Заңның 18-бабының ережелеріне сәйкес тауарлық газды сатып алуға басым құқықтан ұлттық оператордың жазбаша бас тартуын ұсынбаған жағдайларда газ тасымалдау ұйымы тауарлық газдың иесіне тауарлық газды тасымалдаудан және сақтаудан бас тартуға міндетті.
      6. Газ тасымалдау ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында және тауарлық газды тасымалдау және сақтау жөніндегі қызметтерді ұсыну шартында көзделген тәртіппен тауарлық газды тасымалдаудан және сақтаудан негізсіз бас тартқаны үшін жауапты болады.

      23-бап. Тауарлық газды бөлшек саудада сату
      1. Тауарлық газды бөлшек саудада сатуды:
      1) газ тарату ұйымдары;
      2) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелері;
      3) газ тұтыну жүйелері магистральдық немесе жалғастырушы газ құбырына тікелей қосылған өнеркәсіптік тұтынушыларға тауарлық газды бөлшек саудада сатқан жағдайда, ұлттық оператор, өздері өндірген шикі газды қайта өңдеу үдерісінде өндірілген тауарлық газдың өндірушілері, меншік иелері, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелері жүзеге асырады.
      2. Өзге тұлғалардың тауарлық газды бөлшек саудада сатуды жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      3. Тұтынушылардың газ жабдығын газ тарату жүйесіне қосуды, бос қуаттар болмаған жағдайда, қосылатын тұтынушылардың қосымша жүктемелерін жабуға қажетті газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін кеңейтуді (қайта жаңарту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтау), сондай-ақ мұндай қосудың технологиялық схемасын өзгертуді газ тарату ұйымы осындай тұтынушылардың есебінен жүзеге асырады.
      4. Тауарлық газды тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне жіберуді газ тарату ұйымы жүзеге асырады.

      24-бап. Тауарлық газды есепке алу
      1. Тауарлық газдың көлемі есепке алынбайынша, оны тасымалдауға, сақтауға және сатуға жол берілмейді.
      2. Магистральдық газ құбырлары арқылы тасымалданатын тауарлық газ көлемін есепке алуды газ тасымалдау ұйымы газ өлшеу станцияларында тауарлық газды қабылдау (беру) пункттерінде орнатылған тауарлық газды есепке алу аспаптары арқылы деректерді ұдайы растай отырып, газды есепке алу аспаптары арқылы жүргізеді. Газ тасымалдау ұйымдары тасымалданатын тауарлық газдың көлемін есептеу жөніндегі деректердің ұлттық операторға берілуін қамтамасыз етеді.
      3. Газ тарату жүйелері арқылы тасымалданатын тауарлық газдың көлемін есепке алуды газ тарату ұйымдары газды есепке алу аспаптары арқылы жүргізеді. Газ тарату ұйымдары сатылатын тауарлық газдың көлемін есепке алу жөніндегі деректердің ұлттық операторға берілуін қамтамасыз етеді.
      4. Өнеркәсіптік және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар пайдаланатын тауарлық газ көлемін есепке алу:
      1) тауарлық газды қабылдау (беру) пункттерінде орнатылған есепке алу аспаптары арқылы;
      2) есепке алу аспаптары болмаған кезде, олар жарамсыз не газ жабдығының параметрлеріне сәйкес келмейтін жағдайда, газ тұтыну жабдығының қуаты арқылы жүргізіледі.
      5. Тұрмыстық тұтынушылар пайдаланатын тауарлық газ көлемін есепке алу:
      1) жеке есепке алу аспаптары арқылы;
      2) көп пәтерлі үйлердегі ұжымдық есепке алу аспаптары арқылы;
      3) жеке үйлердегі реттегіш шкафтарда немесе газ реттейтін пункттерде орнатылған ұжымдық есепке алу аспаптары арқылы;
      4) жеке немесе ұжымдық есепке алу құралдары болмаған, олар жарамсыз не газ жабдығының параметрлеріне сәйкес келмейтін жағдайларда табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін тұтыну нормалары бойынша жүргізіледі.
      6. Тауарлық газды есепке алу аспаптары Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерінің және мемлекеттік стандарттарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

6. Сұйытылған газды тасуды, сақтауды және сатуды мемлекеттік реттеу

      25-бап. Сұйытылған газды автомобиль және (немесе) темір жол көлігімен тасудың шарттары
      1. Сұйытылған газды автомобиль және (немесе) темір жол көлігімен Қазақстан Республикасының заңнамасында қауіпті жүкті тасуға қойылатын талаптарға сәйкес арнайы жабдықталған және тасуға рұқсат етілген көлік арқылы тасуға рұқсат етіледі.
      2. Сұйытылған газды автомобиль және (немесе) темір жол көлігімен тасуға байланысты құжаттар көліктің әрбір түріне арналған қауіпті жүкті тасу үшін белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
      3. Сұйытылған газды автомобиль және (немесе) темір жол көлігімен тасу және сақтау құралдарының конструкциясы мен пайдалану шарттары техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      26-бап. Сұйытылған мұнай газын өндіру және көтерме саудада сату
      1. Өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу процесінде ендірілетін сұйытылған мұнай газының өндірушілері, меншік иелері Қазақстан Республикасының ішкі нарығы үшін сұйытылған мұнай газын өндірудің және сатудың ең аз көлемін сақтауға міндетті.
      2. Қазақстан Республикасының ішкі нарығы үшін сұйытылған мұнай газын өндірудің және сатудың алдағы күнтізбелік жылға арналған ең аз көлемін уәкілетті орган жоспарланған кезең басталғанға дейін кемінде бір ай бұрын сұйытылған мұнай газын өндірудің, сатудың және тұтынудың болжамды балансын негізге ала отырып, сұйытылған мұнай газын өндірудің көлеміне барабар белгілейді.
      3. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада сатуды өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу үдерісінде өндірілген сұйытылған мұнай газының өндірушілері, меншік иелері, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын газ толтыру пункттерінің және (немесе) автогаз құю станцияларының иелеріне сатқан жағдайда, газ желісі ұйымдары жүзеге асыруға құқылы.
      4. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада сату сұйытылған мұнай газын Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде сатқан, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын газ желісі ұйымдары газ толтыру пункттерінің және (немесе) газ құю станцияларының иелеріне сатқан жағдайды қоспағанда, тауар биржалары арқылы жүзеге асырылады.
      5. Тауар биржаларында сатылатын сұйытылған мұнай газын сатып алу құқығына газ желісі ұйымдары және сұйытылған мұнай газының өнеркәсіптік тұтынушылары ие болады.
      6. Өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу үдерісінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілер, меншік иелері, Қазақстан.Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері, газ желісі ұйымдары және сұйытылған мұнай газының өнеркәсіптік тұтынушылары сұйытылған мұнай газының биржалық саудасына қатысу үшін брокердің және (немесе) дилердің қызметін пайдаланады не Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган беретін лицензияның негізінде дилер ретінде тауарлық биржада қызметін жүзеге асырады.
      7. Осы баптың 6-тармағында көрсетілген дилер ретінде тауар биржасында қызметін жүзеге асыратын тұлғалардың өзге биржалық тауарлармен биржалық саудаға қатысуға, сондай-ақ өзге тұлғаларға сұйытылған мұнай газымен мәмілелер жасасу жөніндегі қызметтерді көрсетуге құқығы жоқ.
      8. Брокерлер мен дилерлердің осы баптың 6-тармағында көрсетілмеген тұлғаларға сұйытылған мұнай газымен мәмілелер жасасу жөніндегі қызметтерді көрсетуге құқығы жоқ.
      9. Осы баптың 1 және 2-тармағының ережелері:
      1) сұйытылған мұнай газын өндірудің жобалық қуаты жылына бес мың тоннадан аспайтын тұтынушыларға;
      2) осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасынан тыс жерде өндірілетін сұйытылған мұнай газының меншік иелеріне таралмайды.

      27-бап. Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сату
      1. Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сатуды:
      1) газ желісі ұйымдары;
      2) газ толтыру станцияларының иелері;
      3) автогаз құю станциялардың иелері;
      4) сұйытылған мұнай газы өнеркәсіптік тұтынушыларға бөлшек саудада сатылған жағдайда өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутек шикізатын қайта өңдеу үдерісінде өндірілген сұйытылған мұнай газының өндірушілері, меншік иелері, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері жүзеге асырады.
      2. Өзге тұлғалардың сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сатуды жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      3. Газ желісі ұйымының жеке меншігінде немесе өзге де заңды негіздерде газ толтыру станциясының болуы міндетті.
      4. Газ толтыру станциялары мен топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалануды газ желісі ұйымдары жүзеге асырады. Топтық резервуарлық қондырғылардың сақталуы, және жарамды жай-күйі үшін жауапкершілік осындай қондырғыны пайдаланатын газ желісі ұйымына жүктеледі.
      5. Тұтынушылардың газ жабдығын сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйесіне қосуды, сұйытылған мұнай газымен жабдықтау жүйесінің объектілерін кеңейтуді (қайта жаңартуды, жаңғыртуды), сондай-ақ қосудың технологиялық схемасын өзгертуді осындай тұтынушылардың есебінен газ желісі ұйымы жүзеге асырады.
      6. Сұйытылған мұнай газын тұтынушыларға топтық резервуарлық қондырғылар арқылы бөлшек саудада сату тұтынушы мен газ желісі ұйымның арасындағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сату шартының негізінде жүзеге асырылады.
      7. Сұйытылған мұнай газын тұрмыстық баллондарда бөлшек саудада сатуды тұрмыстық баллондардың техникалық жай-күйіне жауапты болатын газ желісі ұйымдары мен газтолтыру пункттерінің иелері жүзеге асырады.
      8. Газ желісі ұйымдары мен газтолтыру пункттері толтырылатын тұрмыстық баллондарды техникалық жарамдылық тұрғысынан тексеруге және тұтынушыларға сатылатын әрбір тұрмыстық баллонның сапасына кепілдік талонын беруге міндетті.
      9. Қабаттылығы екі қабаттан артық көп пәтерлі тұрғын үйлерде тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын сақтауға және (немесе) пайдалануға тыйым салынады.
      10. Газ желісі ұйымдары мен газ толтыру пункттері тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын сатып алатын тұтынушыларды есепке алуға, абоненттік нөмір беруге, газ баллондық қондырғыларға авариялық және жоспарлы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге міндетті.
      11. Мыналарға:
      1) автогаз құю станцияларында тұрмыстық баллондарға сұйытылған мұнай газын құюға;
      2) бірдей газ толтыру станцияларын, газ толтыру пункттерін, топтық резервуарлық қондырғыларды екі және одан да көп газ желісі ұйымдарының бір уақытта пайдалануына;
      3) бірдей автогаз құю станцияларын екі және одан да көп автогаз құю станциялары иелерінің бір уақытта пайдалануына тыйым салынады.
      12. Сұйытылған мұнай газын тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне беру үшін пайдаланылатын үй ішіндегі газ жабдығының сақталуы мен ақаусыз жай-күйіне тұрғын үй-жайлардың ішіндегі, сондай-ақ жеке тұрғын үйлердегі газ жабдығын қоспағанда, оның пайдалануындағы газ желісі ұйымы жауапты болады.

      28-бап. Сұйытылған мұнай газын есепке алу
      1. Газ толтыру станцияларындағы, газ толтыру пункттеріндегі және топтық резервуарлық қондырғылардағы сұйылтылған мұнай газын есепке алу Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада сату және пайдалану тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Тұтынушыларға сатылатын сұйытылған мұнай газын есепке алу осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, есепке алу аспаптары бойынша жүзеге асырылады.
      3. Тұрмыстық тұтынушыларға топтық резервуарлық қондырғылар арқылы сатылатын сұйытылған мұнай газын есепке алу:
      1) жеке есептеу аспаптары бойынша;
      2) жеке есепке алу аспаптары болмаған, олар жарамсыз не газ жабдығының параметріне сәйкес келмеген жағдайда табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін тұтыну нормалары бойынша көлем әдісімен жүргізіледі.
      4. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының ережелері тұтынушыларға тұрмыстық баллондарда сатылатын сұйытылған мұнай газына таралмайды.

7. Газбен жабдықтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету

      29-бап. Газбен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету
      1. Газбен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік, өртке қарсы қауіпсіздік, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Газбен жабдықтау жүйесі объектілерінің иелері оларды қауіпсіз пайдалануды және ақаусыз жай-күйін қамтамасыз етуге, техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстар жүргізуге немесе өздеріне тиесілі объектілерге техникалық қызмет көрсетуге шарт жасасуға міндетті.
      3. Газбен жабдықтау жүйесінің объектілеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын тұлғалар техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстардың сапасына және уақытылы орындалуына жауапты болады.
      4. Газ тұтыну жүйелерінің, түтін және желдету арналарының, ғимараттардың, үй-жайлардың инженерлік коммуникацияларды енгізу тығыздығының жарамды жай-күйі үшін олардың иелері жауапты болады.
      5. Газ тасымалдау, газ тарату және газ желісі ұйымдары өзінің құрамында демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, тәулік бойы жұмыс режиміндегі авариялық-диспетчерлік қызметті ұстауға міндетті.
      6. Газ тасымалдау, газ тарату және газ желісі ұйымдары шарт негізінде авариялық жағдайларды жою үшін өзге ұйымдардың авариялық-диспетчерлік қызметін тартуға құқылы.
      7. Газбен жабдықтау жүйелерінің объектілері үздіксіз энергиямен жабдықтау объектілері болып табылады. Энергиямен жабдықтау ұйымдарына газбен жабдықтау жүйелерінің осы объектілерін пайдаланатын ұйымдармен келіспейінше, газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерінде белгіленген энергия тұтыну лимиттерін шектеу жөнінде режимдік іс-шараларды жүргізуге тыйым салынады.
      9. Бірыңғай техникалық дәліздегі газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін екі немесе одан да көп ұйымның пайдалануына тыйым салынады.

      30-бап. Газбен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік қадағалау
      1. Газбен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік қадағалау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      2. Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік қадағалаудың өзге нысандары «Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      31-бап. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің күзет аймағы
      1. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмау, сондай-ақ қауіпсіз пайдалану үшін жағдай жасау мақсатында газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің айналасында күзет аймағы белгіленеді. Газбен жабдықтау жүйелерінің бірнеше объектілерін бір техникалық дәлізде орналастыру кезінде олар үшін бірыңғай күзет аймағы белгіленеді.
      2. Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің күзет аймақтарының шекаралары техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес белгіленеді.
      3. Газбен жабдықтау жүйелері объектісінің күзет аймағында газбен жабдықтау жүйесінің объектісін пайдаланатын ұйым беретін жазбаша рұқсатсыз шаруашылық қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
      4. Күзет аймағындағы қауіпсіздікті бұзғаны үшін жауапкершілік шаруашылық қызметті газбен жабдықтау жүйесі объектісін пайдаланатын ұйымның жазбаша рұқсатынсыз жүргізуші тұлғаларға жүктеледі.

8. Қорытынды ережелер

      32-бап. Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік
      Қазақстан Республикасының газ және газбен жабдықтау туралы заңнамасының бұзылуына кінәлі тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілік жүктеледі.

      33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
      Осы Заң:
      1) 26-баптың алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарын;
      2) 27-баптың 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 9-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
             Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады