"Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенцияны ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 маусымдағы № 614 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
           Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

Жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік
құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған
шаралар туралы конвенцияны ратификациялау туралы

      1970 жылғы 14 қарашада Парижде жасалған Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы конвенция ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
             Президенті

Мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік
құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алуға бағытталған
шаралар туралы конвенция
(Париж, 1970 жылғы 14 қараша) 

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бас конференциясы 1970 жылғы 12 қазаннан 14 қараша аралығында Парижде өзінің он алтыншы сессиясына жиналып,
      Бас конференцияның он төртінші сессиясында (1966 ж.) қабылданған Мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастық принциптері декларациясы ережелерінің маңыздылығын еске сала отырып,
      білім, ғылым және мәдениет мақсаттары үшін елдер арасындағы мәдени құндылықтармен алмасу адамзат өркениеті туралы білімді кеңейтеді, барлық халықтардың мәдени өмірін байытады және елдер арасында өзара сыйластық пен түсіністікті туындатады деп есептей отырып,
      мәдени құндылықтар халықтар өркениеті мен мәдениетінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады және олар шығу төркіні, тарихы мен қоршаған ортасы нақты белгілі болған жағдайда ғана өзінің шынайы құндылығына ие болады деп есептеп,
      әрбір мемлекет өз аумағындағы мәдени құндылықтардан тұратын игілікті қауіпті ұрлау қаупінен, жасырын қазу мен заңсыз әкетудегі қорғауға міндетті деп есептей отырып,
      осы қауіптердің алдын алу үшін, әр мемлекет өзінің мәдени игілігіне де, сондай-ақ барлық халықтардың мәдени игілігіне де моральдық міндеттемелер сезімін одан сайын тереңдете түсуі керек деп есептеп, мәдениет мекемелері бола отырып, мұражайлар, кітапханалар мен мұрағаттар өз коллекцияларын жалпыға танылған моральдық қағидаттардың негізінде жасаудың қамын ойластыруы тиіс деп есептей отырып,
      мәдени құндылықтарды заңсыз әкелу, әкету және оларға меншік құқығын беру халықтар арасындағы, оған ЮНЕСКО жәрдемдесуге міндетті, атап айтқанда мүдделі мемлекеттерге тиісті халықаралық конвенцияларды ұсыну арқылы өзара түсіністікке нұқсан келтіреді деп есептей отырып, тиімді болуы үшін мәдени игілікті қорғау ұлттық деңгейде де, сондай-ақ халықаралық ауқымда да ұйымдастырылуы тиіс және мемлекеттер арасында тығыз ынтымақтастықты талап етеді деп есептей отырып,
      1964 жылы ЮНЕСКО-ның Бас конференциясы осы мәселе бойынша ұсыным қабылдағанын назарға ала отырып,
      мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салумен олардың алдын алуға бағытталған шараларға қатысты жаңа ұсыныстарды ала отырып (сессияның күн тәртібінің 19-тармағы), өзінің он бесінші сессиясында осы мәселе халықаралық конвенцияның мәні болып табылады деп шеше отырып, 1970 жылғы он төртінші қарашада осы Конвенцияны қабылдады.

1-бап

      Осы Конвенцияның мақсаттары үшін діни немесе зайырлы сипаттағы құндылықтар мәдени құндылықтар болып саналады, әрбір мемлекет археология, тарихқа дейінгі кезең, тарих, әдебиет, өнер және ғылым үшін маңызы бар деп қарайтын және сол құндылықтар төменде санамаланатын санаттарға жатады:
      а) сирек коллекциялар және флора мен фаунаның, минералогияның, анатомияның үлгілері және палеонтология үшін қызығушылық тудыратын заттар;
      b) ғылым мен техниканың тарихын, соғыстар мен қоғамдардың, сондай-ақ ұлт қайраткерлерінің, ойшылдардың, ғалымдар мен артистердің өміріне және ірі ұлттық оқиғаларға байланысты тарихты қоса алғанда, тарихқа қатысты құндылықтар;
      с) археологиялық олжа (кәдімгі және құпиялы олжаны қоса алғанда) мен археологиялық жаңалықтар;
      d) бөлшектелген көркем және тарихи ескерткіштер мен археологиялық орындардың құрамдас бөліктері;
      e) жазулар, нақышталған монеталар және мөрлер сияқты 100 жылдан аса уақыт бұрынғы көне заттар;
      f) этнологиялық материалдар;
      g) мынадай:
      i) кез келген негізде және кез келген материалдардан тұтастай қолдан жасалған полотнолар, картиналар мен суреттер (қолмен безендірілген сызбалар мен өнеркәсіп бұйымдарын қоспағанда);
      ii) кез келген материалдан жасалған мүсін өнерінің бірегей туындылары;
      iii) бірегей гравюралар, эстамптар мен литографиялар;
      iv) кез келген материалдардан жасалған бірегей көркем топтамалар мен монтаждар сияқты көркем құндылықтар:
      h) сирек қолжазбалар мен инкунабулалар, көне кітаптар, ерекше қызығушылық тудыратын (тарихи, көркем, ғылыми, әдеби және т.б.), құжаттар мен басылымдар жеке немесе коллекцияларда;
      i) пошта маркалары, салық және соған ұқсас маркалар, жеке немесе коллекцияларда;
      j) фоно-, фото- және киномұрағаттарды қоса алғанда, мұрағаттар;
      k) бұдан 100 жылдан аса уақыт бұрынғы жиһаз бен ескілікті музыка аспаптары.

2-бап

      1. Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер, мәдени құндылықтарды заңсыз әкелу, әкету және оларға меншік құқығын беру осы құндылықтар шығарылған елдердің мәдени мұрасының кедейленуінің басты себептерінің бірі болып табылатынын және халықаралық ынтымақтастық өздеріне тиесілі мәдени құндылықтарды соған байланысты барлық қауіптерден қорғауды қамтамасыз етудің неғұрлым пәрменді құралы болып табылатынын мойындайды.
      2. Осы мақсатта қатысушы мемлекеттер осындай практиканың, оның себептерін түбірімен жою, оны жүзеге асыруды тоқтату және қажетті орнын өтеуді жүргізуге көмектесу арқылы өздерінің билігіндегі құралдармен бұған қарсы іс-қимыл жасауға міндеттенеді.

3-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер қабылдаған қағидаларды бұза отырып, мәдени құндылықтарды әкелу, әкету және оларға меншік құқығын беру заңсыз болып есептеледі.

4-бап

      Осы Конвенцияға сәйкес қатысушы мемлекеттер осы Конвенцияның мақсаттарына сәйкес әрбір мемлекеттің мәдени мұрасы төменде санамаланған құндылықтардың санаттарын қамтитынын мойындайды:
      а) осы мемлекеттің азаматтары болып табылатын жеке адамдар немесе адамдардың ұжымы жасаған мәдени құндылықтарды және осы мемлекет үшін үлкен маңызы бар әрі осы мемлекеттің аумағында шетелдік азаматтар немесе осы мемлекеттің аумағында тұратын азаматтығы жоқ адамдар жасаған мәдени құндылықтар;
      b) ұлттық аумақтан табылған мәдени құндылықтар;
      c) осы құндылықтар шыққан елдің құзыретті биліктерінің келісімімен археологиялық, этнологиялық және жаратылыстану-ғылыми экспедициялар алған мәдени құндылықтар;
      d) ерікті айырбастар нәтижесінде алынған мәдени құндылықтарды;
      е) осы құндылықтар шыққан елдің құзыретті биліктерінің келісімімен, тарту ретінде алынған немесе заңды түрде сатып алынған мәдени құндылықтар.

5-бап

      Егер төменде аталған функцияларын тиімді түрде жүзеге асыру үшін қажетті сандағы білікті персонал құрамымен қамтамасыз етілген мұндай қызметтер әлі құрылмаса, осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер өздерінің мәдени құныдылықтарын заңсыз әкелуден, әкетуден және меншік құқығын беруден қорғауды қамтамасыз ету мақсатында әр елдің жағдайын ескере отырып, өз аумағында мәдени мұраны қорғайтын бір немесе бірнеше ұлттық қызметтер құруға міндеттенеді:
      а) мәдени мұраны қорғауды, атап айтқанда маңызды мәдени құндылықтарды заңсыз әкелудің, әкету мен оларға меншік құқығын берудің жолын кесуді қамтамасыз ететін заңнамалық және регламенттейтін мәтіндердің жобаларын әзірлеуге жәрдемдесу;
      b) ұлттық қорғау тізілімі базасында әкетілуі ұлттық мәдени мұраның айтарлықтай кедейленуін білдіретін мемлекеттік және жеке маңызды мәдени құндылықтар тізбесін жасау және жаңарту;
      c) мәдени құндылықтарды сақтау және танимал ету үшін қажетті ғылыми және техникалық мекемелерді (мұрайжалар, кітапханалар, мұрағаттар, зертханалар, шеберханалар және т.б.) дамытуға немесе құруға жәрдемдесу;
      d) археологиялық қазба жұмыстарын бақылауды ұйымдастыру, белгілі бір мәдени құндылықтардың «in situ» (өз орнында) сақталуын қамтамасыз ету және болашақ археологиялық қазба жұмыстары үшін қалдырылатын кейбір аудандарды қорғау;
      е) мүдделі тұлғалар (сақтаушылар, коллекционерлер, антикварлар және т.б.) үшін осы Конвенцияда тұжырымдалған этикалық қағидаттарға жауап беретін қағидаларды белгілеу және осы қағидалардың сақталуын қадағалау;
      f) барлық мемлекеттердің мәдени игілігін құрметтеуге қозғау салу мен оны нығайту және осы Конвенцияның ережелерін танымал ету мақсатында тәрбиелік қызметті жүзеге асыру;
      g) мәдени құндылықтың жоғалуының кез келген жағдайына тиісті жариялылық беруді қадағалау.

6-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер:
      a) экспорттаушы мемлекет бір немесе бірнеше мәдени құндылықты әкетуге рұқсат бергенін куәландыратын тиісті куәлік жасауға. Бұл куәлік қолданыстағы қағидаларға сәйкес әкетілетін бір немесе бірнеше құныдылықтарға қоса берілуге тиіс;
      b) жоғарыда аталған куәлік қоса берілмеген мәдени құндылықтарды өз аумағынан әкетуге тыйым салуға;
      c) осы тыйым салуды жұртшылықтың және атап айтқанда, мәдени құндылықтарды әкете немесе әкеле алатын тұлғалардың назарына тиісті түрде жеткізуге міндеттенеді.

7-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер:
      a) ұлттық заңнамаға сәйкес осы Конвенция күшіне енгеннен кейін Конвенцияға қатысушы басқа мемлекеттен шыққан, заңсыз әкетілген өз аумақтарына орналасқан мәдени құндылықтарды мұрайжайлар мен басқа да ұқсас ұйымдардың сатып алуын болдырмауға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдауға. Мүмкіндік болған сайын, осы мәдени құндылық шығатын және осы Конвенцияның қатысушысы болып табылатын мемлекетті осы Конвенция екі мемлекетте де күшіне енгеннен кейін осы мемлекеттен заңсыз әкетілген осындай мәдени құндылықты қайтару ұсынысы туралы хабардар етуге;
      b) i) осы Конвенция мүдделі мемлекеттерде күшіне енгеннен кейін осы Конвенцияға қатысушы басқа мемлекеттің мұражайынан немесе діни немесе зайырлы тарихи ескерткішінен немесе ұқсас осы мекемеден ұрланған мәдени құндылықтарды, мұндай құндылықтың осы мекемеге тиесілі заттардың тізімдемесінде болуы шартымен әкелуге тыйым салуға;
      ii) алайда, өтініш жасаушы мемлекет адал сатып алушыға немесе осы құндылыққа заңды құқығы бар тұлғаға әділ өтемақы төлеуі шартымен қатысушы мемлекеттің талап етуі бойынша осы Конвенция мүдделі екі мемлекетте де күшіне енгеннен кейін әкелінген кез келген ұқсас құндылықты табу және қайтару үшін тиісті қадамдар жасауға міндеттенеді. Іздестіруге немесе қайтаруға қатысты өтініштер дипломатиялық арналар арқылы жіберіледі. Талап етуші тарап іздестіруге және қайтаруға қатысты талап ету құқығын белгілеу үшін қажет құжаттама мен басқа да айғақтарды өз есебінен ұсынады. Осы бапқа сәйкес қайтарылатын мәдени құндылықтарға Тараптар ешқандай кедендік алымдар немесе басқа да алымдар салмайды. Аталған бір немесе бірнеше мәдени құндылықтарды қайтаруға байланысты барлық шығыстарды талап етуші тарап көтереді.

8-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер, жоғарыда, 6 «b» және 7 «b» баптарда көзделген тыйым салуларды бұзғаны үшін жауапты тұлғаларды қылмыстық немесе әкімшілік жазаға тартуға міндеттенеді.

9-бап 

      Мәдени мұрасы археологиялық немесе этнологиялық материалдары ұрлау қаупіне ұшырайтын осы Конвенцияға қатысушы кез келген мемлекет осыған қатысы бар басқа қатысушы мемлекеттерге жүгіне алады. Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер мұндай жағдайларда тиісті нақты мәдени құндылықтарды әкетуді, әкелуді және олардың халықаралық саудасын бақылауды қоса алғанда, қажетті нақты шараларды айқындау мен жүзеге асыру жөніндегі келісілген халықаралық күш-жігерлерге қатысуға міндеттенеді. Келісімге дейін әрбір мүдделі мемлекет ықтимал шекте өтініш жасаған мемлекеттің мәдени мұрасына орны толмас нұқсан келтірудің алдын алуға бағытталған алдын ала шаралар қабылдайды.

10-бап 

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер:
      а) тізілім жүргізуді осы Конвенцияға қатысушы кез келген мемлекеттен заңсыз әкетілген мәдени құндылықтарды тасымалдауды білім, ақпарат және қырағылық арқылы шектеуге және әрбір елдің жағдайына қарай қылмыстық санкциялар антикварлардың міндетіне, әрбір мәдени құндылықтың шығу төркіні, жеткізушінің аты-жөні мен мекенжайы, әрбір сатылған заттың сипаты мен құны көрсетіледі, сондай-ақ мәдени құндылықтарды сатып алушыларды осы құндылықтарды әкетуге тыйым салынуы мүмкін екені туралы хабардар етуге;
      b) ағарту құралдарының көмегімен қоғамдық пікір алдында мәдени құндылықтардың маңызы және мәдени мұраға ұрлық, жасырын қазу жұмыстары мен заңсыз әкету төндіретін қауіп туралы түсінік сіңіруге және оны дамытуға ұмтылуға міндеттенеді.

11-бап 

      Елді шетелдік держава оккупациялауының тікелей немесе жанама нәтижесі болып табылатын мәдени құндылықтарды мәжбүрлеп әкету және оларға меншік құқығын беру де заңсыз болып есептеледі.

12-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер сыртқы қатынастарын жүргізуге жауапты болатын аумақтардағы мәдени игілікті құрметтейді және өздерінің аумақтарында мәдени құндылықтарды заңсыз әкелуге, әкетуге және оларға меншік құқығын беруге тыйым салу мен олардың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдайды.

13-бап

      Бұдан басқа, осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер әрбір мемлекеттің заңнамасына сәйкес:
      а) осы құндылықтарды заңсыз әкелуге немесе әкетуге ықпал ететін мәдени құныдылықтарға меншік құқығын берудің барлық тиісті құралдар арқылы алдын алуға;
      b) заңсыз әкетілген мәдени құндылықтарды заңды меншік иелеріне мүмкіндігінше неғұрлым тез қайтару мақсатында өздерінің құзыретті қызметтерінің ынтымақтасуы үшін шаралар қабылдауға;
      c) заңды меншік иесінің тарапынан немесе соның атынан жоғалған немесе ұрланған мәдени құндылықтарды қайтаруға бағытталған талап қоюға жол беруге;
      d) бұдан басқа, осы Конвенцияға қатысушы әрбір мемлекеттің мәдени құндылықтарды осыған байланысты шығарылмайтын оның кейбіреулерінің иеліктен айырылмайды деп жіктеуге және жариялауға ажырамас құқығын мойындауға және егер мұндай құндылықтар бұрын әкетілген жағдайда, оларды мүдделі мемлекеттерге қайтаруға жәрдемдесуге міндеттенеді. 

14-бап

      Заңсыз әкетуді болғызбау және осы Конвецияны жүзеге асыруға байланысты міндеттемелерді орындау үшін Конвенцияға қатысушы әрбір мемлекет өз мүмкіндіктеріне қарай мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық қызметтерге жеткілікті қаражат беруге тиіс және қажет болған жағдайда жоғарыда аталған мақсаттар үшін қорлар құра алады. 

15-бап

      Осы Конвенция қатысушы мемлекеттерге өзара арнайы келісімдер жасауға немесе осы Конвенция мүдделі мемлекеттерде күшіне енгенге дейін шығарылған аумақтардан қандай да бір себептер бойынша әкетілген мәдени құндылықтарды қайтару туралы жасалған келісімдерді қолдануды жалғастыруға ешқандай кедергі жасамайды. 

16-бап 

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бас конференциясына белгіленген мерзімде және нысанда осы Конвенцияны орындау мақсатында өздері қабылдаған заңнамалық және регламенттеуші ережелер мен басқа да шаралар, сондай-ақ осы салада өздері жинақтаған тәжірибе туралы мәліметтер туралы беретін мерзімді баяндамаларда хабарлайтын болады. 

17-бап 

      1. Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша, атап айтқанда:
      a) ақпарат пен ағартуға,
      b) сарапшылардың консультациялары мен қызметтеріне,
      c) үйлестіру мен ізгі қызметтерге қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымынан техникалық жәрдем сұрай алады.
      2. Білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы өз бастамасымен мәдени құндылықтарды заңсыз өткізуге қатысты мәселелер жөнінде зерттеулер жүргізе алады және монографиялар жариялай алады.
      3. Осы мақсаттарда Біріккен Ұлттар Ұйымы білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша ынтымақтасуға кез келген құзыретті үкіметтік емес ұйымға да жүгіне алады.
      4. Біріккен Ұлттар Ұйымы білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша өз бастамасымен қатысушы мемлекеттерге осы Конвенцияны орындауға бағытталған ұсыныстар жасай алады.
      5. Осы Конвенцияны қолдануға қатысты араларында келіспеушіліктер туындаған кемінде екі қатысушы мемлекеттің өтініші бойынша ЮНЕСКО олардың арасында келісімге қол жеткізу үшін өзінің ізгі қызметтерін ұсына алады. 

18-бап 

      Осы Конвенция ағылшын, испан, француз және орыс тілдерінде жасалды, әрі барлық төрт мәтіннің де бірдей күші бар. 

19-бап 

      1. Осы Конвенция өз конституцияларында көзделген тәртіппен білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің бекітуіне немесе қабылдауына жатады.
      2. Ратификациялық грамоталары немесе қабылдау туралы актілер Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Бас директорына сақтауға тапсырылады. 

20-бап 

      1. Осы Конвенцияға Ұйымның Атқарушы кеңесінен оған қосылуға шақыру алатын білім, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болып табылмайтын кез келген мемлекет қосыла алады.
      2. Қосылу Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бас директорына сақтауға қосылу туралы актіні тапсыру жолымен жүзеге асырылады. 

21-бап 

      Осы Конвенция өздерінің ратификациялау, қабылдау немесе қосылу туралы актілерін көрсетілген күні немесе ерте сақтауға тапсырған мемлекеттер үшін ғана үшінші ратификациялық грамотасын немесе қабылдау немесе қосылу туралы актісін сақтауға тапсырған күннен бастап үш айдан кейін күшіне енеді. Конвенция басқа кез келген мемлекетке қатысты ол өзінің ратификациялау, қабылдау немесе қосылу туралы өзінің актісін сақтауға тапсырғаннан кейін үш айдан соң күшіне енеді. 

22-бап

      Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер оның қолданысы өздерінің метрополияларының аумағына ғана емес, сыртқы қатынастар үшін өздері жауапты болатын аумақтарға да таралатынын мойындайды; олар, егер қажет болса, ратификациялау, қабылдау немесе қосылу кезінде немесе одан бұрын Конвенцияның осы аумақтарда жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін осы көрсетілген аумақтардың үкіметтерімен немесе құзыретті биліктерімен консультациялар өткізуге, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бас директорын, Конвенция жүзеге асырылатын аумақтар туралы нотификациялауға міндеттенеді. Осы нотификация оны алған күннен кейін үш ай өткен соң күшіне енеді. 

23-бап

      1. Осы Конвенцияға қатысушы әрбір мемлекет өз атынан немесе сыртқы қатыныстары үшін жауапты болған кез келген аумақтың атынан Конвенцияның күшін жоя алады.
      2. Күшін жою, Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бас директорына тапсырылатын жазбаша актімен нотификацияланады.
      3. Күшін жою туралы актіні алғаннан кейін он екі ай өткеннен соң күшіне енеді. 

24-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бас директоры Ұйымға мүше мемлекеттерге, 20-бапта аталған Ұйымға мүше емес мемлекеттерге, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымына 19 және 20-баптарда аталған ратификациялау, қабылдау немесе қосылу туралы барлық актілердің сақтауға тапсырылғаны туралы, сондай-ақ 22 және 23-баптарда көрсетілген нотификациялау және күшін жою туралы хабарлайды. 

25-бап

      1. Осы Конвенцияны Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бас конференциясы қайта қарай алады. Алайда оның қайта қаралған мәтіні қайта қаралған Конвенцияның тараптары болатын мемлекеттерді ғана міндеттейді.
      2. Егер Бас конференция осы Конвенцияны толық немесе ішінара қайта қараудың нәтижесінде жаңа конвенция қабылдаған болса және егер жаңа конвенция басқа нұсқауларды қамтымаса, осы Конвенция қайта қаралған мәтінді қамтитын жаңа конвенция күшіне енген күннен бастап ратификациялау, қабылдау немесе қосылу үшін жабық болады. 

26-бап

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес осы Конвенция Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бас директорының өтініші бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығында тіркеледі.
      Он алтыншы сессияға жиналған Бас конференция төрағасының және Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бас директорының қолымен Парижде 1970 жылғы он жетінші қарашада дәлме-дәл түпнұсқа екі данада жасалды; бұл даналар Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі мұрағатына сақтауға тапсырылады және олардың тиісті түрде расталған көшірмелері 19 және 20-баптарда көрсетілген барлық мемлекеттерге, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымына жіберіледі.
      Жоғарыда келтірілген мәтін Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бас конференциясы Парижде өткен және 1970 жылы он төртінші қарашада аяқталған өзінің он алтыншы сессиясында тиісті түрде қабылдаған Конвенцияның түпнұсқа мәтіні болып табылады.
      Осыны куәландыру үшін осы Конвенцияға 1970 жылы он жетінші қарашада қол қойылды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады