Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мәскеу қаласындағы Бүкіл ресейлік көрме орталығының аумағында Қазақстан Республикасының сауда-көрме орталығын кұру туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 730 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2011 жылғы 10 наурызда Мәскеуде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мәскеу қаласындағы Бүкілресейлік көрме орталығының аумағында Қазақстан Республикасының сауда-керме орталығын құру туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                      К Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Мәскеу қаласындағы Бүкілресейлік көрме
орталығының аумағында Қазақстан Республикасының сауда-көрме
орталығын құру туралы
КЕЛІСІМ

(2011 жылғы 27 шілдеде күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы достық қатынастарды ескере отырып,
      2002 жылғы 7 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының    Мемлекет басшылары кеңесінің Бүкілресейлік көрме орталығының
базасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің тұрақты жұмыс істейтін көрмелерін құру туралы шешімін және осы мақсаттарда тиісті шарттық-құқықтық негіз құру қажеттілігін негізге ала отырып,
      өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, мәдени, ғылыми, білім байланыстарын дамыту мүддесі үшін,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты Мәскеу қаласындағы Бүкілресейлік көрме орталығының аумағында Қазақстан Республикасының сауда-көрме орталығын құру болып табылады.

2-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көзделген мақсатқа сәйкес Ресей Тарапы жалпы ауданы 4833,1 ш.м. құрайтын, Мәскеу қаласы, Мир даңғылы, 119-үй, 11 құрылыста орналасқан федералдық маңызы бар мәдени мұра объектісі - «Металлургия» павильонын (бұдан әрі - объект) жылына 1 ресей рублі мөлшеріндегі жалдау ақысымен және тікелей объекті алып жатқан және онымен тарихи және фунционалдық байланысты жер учаскесін (бұдан әрі - жер учаскесі) жылына 1 ресей рублі мөлшеріндегі жалдау ақысымен Қазақстан Тарапына 50 жылға жалға береді.
      Ресей Тарапы жер учаскесін Қазақстан Тарапына жер учаскесіне арнап жалдау шартын жасасу құқығы үшін ақы алмай береді.

3-бап

      Осы Келісімді іске асыру бойынша Тараптардың уәкілетті ұйымдары:
      Қазақстан Тарапынан - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы;
      Ресей Тарапынан - Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі федералдық агенттік болып табылады.
      Тараптардың әрқайсысы өзінің уәкілетті ұйымының өзгергені туралы басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.

4-бап

      Осы Келісім күшіне енген күннен бастап 3 ай ішінде Тараптардың уәкілетті ұйымдары Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес осы Келісімнің 2-бабында көзделген талаптарға орай объекті мен жер учаскесін жалдау шартын жасасатын болады.
      Осы келісімнің 11-бабының ережелеріне сәйкес Келісімнің қолданылу мерзімі ұзартылған жағдайда, Тараптардың уәкілетті ұйымдары жаңа жалдау шарттарын осындай талаптармен кезекті 50 жылдық кезеңге жасасады.

5-бап

      Ресей Тарапы объекті мен жер учаскесінің оларды осы Келісімнің мақсаттарында пайдалануға кедергі келтіретіндей қарыздардан, үшінші тұлғалардың құқығынан бос екендігіне, кепілдікке берілмегендігіне және қандай да бір түрдегі ауыртпалықтары жоқ екендігіне кепілдік береді.

6-бап

      Объекті мен жер учаскесі сауда-көрме қызметін жүзеге асыру, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, ұлттық тағам мейрамханаларын (дәмханаларын) ашу жолымен осы Келісімнің 1-бабында көзделген мақсатқа сәйкес ғана пайдаланылады. Объектіні және ол алып жатқан жер учаскесін өзге мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді.
      Жер пайдалану мен объектіні сақтау, пайдалану және мемлекеттік қорғау саласындағы қала құрылысына байланысты қатынастар Ресей Федерациясының жер заңнамасымен, Ресей Федерациясының қала құрылысы мен сәулет қызметі туралы заңнамасымен, Ресей Федерациясының қоршаған ортаны қорғау туралы заңнамасымен, сондай-ақ Ресей Федерациясының Ресей Федерациясы халықтарының мәдени мұра (тарих және мәдениет ескерткіштері) объектілерін сақтау, пайдалану және қорғау саласындағы заңнамасымен реттеледі.

8-бап

      Объекті мен жер учаскесін күрделі жөндеуді, жөндеу-реставрациялық жұмыстарын, пайдалану және күтіп ұстауды, сондай-ақ пайдалану жауапкершілігі шекарасы шегінде жөндеудің барлық түрлері мен инженерлік коммуникацияларды ұстау Қазақстан Тарапының уәкілетті ұйымының есебінен жүзеге асырылады.

9-бап

      Осы Келісімді іске асыру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар өзара консультациялар және келіссөздер жүргізу жолымен шешеді.

10-бап

      Осы Келісімге Тараптардың келісуі бойынша осы Келісімнің 11-бабында көзделген тәртіппен күшіне енгізіліп, жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер және толықтырулар енгізілуі мүмкін.

11-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім 50 жыл мерзімге жасасылады және егер Тараптардың ешқайсысы басқа Тарапқа ағымдағы кезең аяқталғанға дейін кемінде бір жыл бұрын өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша нысанда дипломатиялық арналар арқылы хабарламаса, келесі 50 жылдық кезеңге өздігінен ұзартылады.
      2011 жылғы 10 наурызда Мәскеу қаласында қазақ және орыс тілдерінде екі дана етіп жасалды, екі мәтіннің де заңдық күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының             Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                         Үкіметі үшін

      2011 жылғы 10 наурызда Мәскеу қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мәскеу қаласындағы Бүкілресейлік көрме орталығының аумағында Қазақстан Республикасының сауда-көрме орталығын құру туралы келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                              Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады