"Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге (ҚАЗСТАТ: Ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба) қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 шілдедегі № 801 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге (ҚАЗСТАТ: Ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба) қол қою туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                       К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму
Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге (ҚАЗСТАТ: Ұлттық
статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба) қол қою туралы

      «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімнің (ҚАЗСТАТ: Ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба) жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Болат Бидахметұлы Жәмішевке Қазақстан Республикасының атынан Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімге (ҚАЗСТАТ: Ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба) қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
            Президенті                           Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2011 жылғы __ ________
№ __ Жарлығымен  
МАҚҰЛДАНҒАН    

      Жоба    
 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
мен
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ
арасындағы ҚАРЫЗ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ
(ҚАЗСТАТ: Ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба)

      201_ жылғы _____________ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ (Қарыз алушы) мен ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКI (Банк) арасындағы Келiсiм. Осымен Қарыз алушы және Банк мыналар туралы уағдаласады:

І БАП — ЖАЛПЫ ШАРТТАР; АНЫҚТАМАЛАР

      1.01. Жалпы шарттар (осы Келісімге Толықтыруда айқындалған) осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
      1.02. Егер түпмәтінінен өзгеше туындамаса, Келісімде пайдаланылатын бас әріптен басталатын терминдер Жалпы шарттарда немесе осы Келісімге Толықтыруда олармен бекітілген мағыналарына ие болады. 

II БАП — ҚАРЫЗ

      2.01. Банк Қарыз алушыға осы Келісімге 1-қосымшада сипатталған жобаны (Жоба) қаржыландыруды қолдау үшін осы Келісімде жазылған немесе көрсетілген мерзімде және шарттарда жиырма миллион ($20,000,000) АҚШ доллары сомасын (Қарыз) береді.
      2.02. Қарыз алушы Қарыз қаражатын осы Келісімге 2-қосымшаның ІV бөліміне сәйкес алуға құқылы.
      2.03. Қарыз алушы Банкке Қарыз қаражатын резервте ұстағаны үшін Қарыз сомасының төрттен бір пайызына (0,25%) тең комиссия төлейді.
      2.04. Қарыз алушы әрбір пайыздық кезең ішінде Қарыз Валютасы үшін референттік ставкаға оған пайызды есептеудің әр кезеңіне құбылмалы спрэдті қосқанға тең ставка бойынша сыйақы төлейді; Қарыздың негізгі сомасының барлық немесе кез келген бөлігін Конверсиялау кезінде Қарыз алушы осындай сомаға Конверсиялау кезеңі уақытында төлеуге тиісті сыйақы Жалпы шарттардың IV бабының шарттарына сәйкес анықталуы тиіс. Жоғарыда айтылғандарға қарамастан, егер алынған Қарыз қаражатының сомасы бөліктерінің кез келгені уақтылы төленбей қалған және отыз күннің iшiнде төленбеген жағдайда, Қарыз алушы төлеуге жататын сыйақы мөлшерi Жалпы ережелердің 3.02 (d) бөлiмiнің ережелеріне сәйкес есептелуi тиiс.
      2.05. Төлем күндерi  әр жылдың 15 сәуірі және 15 қазаны.
      2.06. Қарыз алушы Қарыздың негізгі сомасын осы Келісімге 3-қосымшада көрсетілген өтеу кестесіне сәйкес төлейді.
      2.07. (а) Қарыз алушы кез келген уақытта борышты ұтымды басқаруды қамтамасыз ету үшiн Қарыз шартының кез келген мынадай Конверсияларын сұрата алады: (i) Мақұлданған Валютаға алынған да, алынбаған да Қарыз Валютасының барлық немесе Қарыздың негiзгi сомасының кез келген бөлiгiн өзгерту; (ii) Қалқымалы пайыздық ставкадан Тіркелген пайыздық ставкаға және керiсiнше немесе қалқымалы спрэдке негізделген Қалқымалы пайыздық ставкадан тіркелген спрэдке негізделген Қалқымалы пайыздық ставкаға Қарыздың алынған және өтелмеген негiзгi сомасының барлық немесе кез келген бөлiгiне қолданылатын пайыздық ставканың базисiн өзгерту, және (iii) Пайыздық Ставканың Жоғарғы Шегін немесе Қалқымалы ставка Пайыздық ставкасының Жоғарғы және Төменгi шектерiн белгiлеу арқылы Қарыздың алынған және өтелмеген негiзгi сомасының барлық немесе кез келген бөлiгiне қолданылатын Қалқымалы пайыздық ставка шектерін анықтау.
      (b) Осы тармақтың (а) тармақшасына сәйкес сұратылған Банк қабылдаған кез келген өзгеріс Жалпы шарттарда айқындалғандай, «Конверсия» болып саналады және Жалпы шарттардың IV бабының және Конверсия жөніндегі нұсқаудың ережелеріне сәйкес күшіне енеді.

ІІІ БАП — ЖОБА

      3.01. Қарыз алушы Жоба мақсаттарын өзінің жақтайтыны туралы мәлімдейді және осы мақсатта Жобаны Жалпы шарттардың V бабының ережелерiне сәйкес Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі арқылы жүзеге асырады.
      3.02. Осы Келісімнің 3.01-тармағы ережелері үшін шектелмей және егер Қарыз алушы мен Банк арасында өзгеше келісілмесе, Қарыз алушы осы Келісімге 2-қосымшаның ережелеріне сәйкес Жобаны іске асыруды қамтамасыз етеді. 

IV БАП — ҚАРЫЗДЫҢ КҮШIНЕ ЕНУI; БҰЗЫЛУЫ

      4.01. Күшіне енудің қосымша шарттары мынада:
      (a) ЖІТ-ны Қарыз алушы ҚРСА арқылы құрған, оның құрамы, ресурстары мен техникалық тапсырмалары Банк үшiн қолайлы болып табылады.
      (b) ҮЖН-ны Қарыз алушы құрған, оның құрамы, ресурстары мен техникалық тапсырмалары Банк үшiн қолайлы болып табылады.
      (с) Қарыз алушы Банк үшін қанағаттанарлық Жобаны іске асыру жөніндегі нұсқауды қабылдады.
      4.02. Күшіне енудің соңғы мерзімі осы Келісімнің күнінен кейін 180 (бір жүз сексен) күн өткен соң басталатын күн болып табылады.

V БАП — ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫҢ ӨКIЛI; МЕКЕНЖАЙЫ

      5.01. Қаржы министрi Қарыз алушының өкiлi болып табылады.
      5.02. Қарыз алушының мекенжайы:
      Қаржы министрлiгi
      Жеңiс даңғылы, 11
      Астана, 010000
      Қазақстан Республикасы
      Телекс: Факс:
      265126 (FILIN) 7-7172-717785
      5.03. Банктiң мекенжайы:
      Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi
      1818 H Street, N.W.
      Washington,D.C.20433
      United States of America
      Телеграф: Телекс: Факс:
      INTBAFRAD 248423(МСI) 1-202-477-6391
      Washington, D.C. 64145(МСI)
      _________, ______жоғарыда көрсетілген күні мен жылы КЕЛІСІЛДІ.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШIН   
Уәкiлеттi өкiл           

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА        
ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ ҮШІН    
      Уәкiлеттi өкiл          

1–ҚОСЫМША
Жобаның сипаттамасы  

      Халықаралық әдістемелер мен үздік тәжірибеге сәйкес қажетті, уақтылы және нақты деректермен қамтамасыз ету мақсатында ұлттық статистика жүйесінің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру Жобаның мақсаты болып табылады.
      Жоба мынадай құрауыштардан тұрады:
      1-құрауыш: Статистика жүйесінің институционалдық ортасын және операциялық қамтамасыз етілуін жетілдіру
      Мынадай мақсаттар үшін тауарларды беру, консультациялық қызметтер көрсету, оқыту бағдарламаларын ұсыну: (а) статистикалық деректерді шығарумен айналысатын үкіметтік мекемелер арасында өзара іс-қимылды үйлестіретін заңнамалық базаны жақсарту; (b) ҚРСА институционалдық құрылымын ұтымды ету; (с) стратегиялық жоспарлау рәсімдерін және әдіснамасын жақсарту; (d) персоналға жүктемені есепке алу жүйесін әзірлеу және енгізу; (e) сапаны басқару бағдарламасын енгізу; (f) жиһаздың және жабдықтың жай-күйін жақсарту.
      2-құрауыш: Ақпараттық-коммуникациялық жүйені және физикалық инфрақұрылымды жақсарту 
      Мынадай мақсаттар үшін тауарларды беру, консультациялық қызметтер көрсету, оқыту бағдарламаларын ұсыну: (a) деректерді өңдеудің интеграцияланған жүйесін жақсарту; (b) АКТ департаменті персоналының біліктілігін арттыру; (c) деректерді өңдеу процесін жылдамдату мақсатында ҚРСА компьютерлік жабдығын және бағдарламалық қамтымын жаңарту; және (d) ҚРСА қолданыстағы коммуникациялар желісін жақсарту.
      3-құрауыш: Кадр әлеуетін дамыту 
      Мынадай мақсаттар үшін тауарларды беру, консультациялық қызметтер көрсету, оқыту бағдарламаларын ұсыну: (а) басқарудың, мансапты дамытудың және ҚРСА-да лауазымға тағайындау тәжірибесінің жаңа әдістерін енгізу; (b) ҚРСА оқыту стратегиясын әзірлеу және енгізу; (c) ҚРСА өзінің қызметкерлерін шет елдерде оқыту және халықаралық семинарларға қатысу бағдарламасын әзірлеу және енгізу; және (d) ҚРСА-да қолданыстағы жалдау рәсімдерін және саясатын қайта қарау.
      4-құрауыш: Статистикалық инфрақұрылымды, стандарттарды және әдіснамаларды жақсарту
      Мынадай мақсаттар үшін тауарларды беру, консультациялық қызметтер көрсету, оқыту бағдарламаларын ұсыну: (a) Бизнес тіркелімді өзекті ету; (b) халық тіркелімін жақсарту; (c) тұрғын үй қоры объектілерінің тіркелімдерін жетілдіру; (d) ауылшаруашылық тіркелімін жақсарту; (e) жіктеуіштер мен стандартарды жетілдіру; (f) статистикалық құралдарды дамыту; (g) зерттеулер үшін іріктеуді қалыптастыру әдістерін жетілдіру; (h) уақытша қатарларды қалыптастыру және маусымдық тегістеу әдістерін енгізу; және (i) ҚРСА талдамалы функцияларын күшейту.
      5-құрауыш: Пайдаланушылармен және респонденттермен қарым-қатынастарды жетілдіру
      Мынадай мақсаттар үшін тауарларды беру, консультациялық қызметтер көрсету, оқыту бағдарламаларын ұсыну: (a) пайдаланушылармен өзара қарым-қатынастар саясатын жетілдіру; (b) статистикалық ақпаратты таратуды және оның мониторингін жетілдіру; (c) респонденттермен жұмыс жасау аясатын жақсарту; және (d) ҚРСА web-порталын жақсарту;
      6-құрауыш: Статистиканың нақты салаларында әдіснаманы және іс-тәжірибені жетілдіру
      Мынадай мақсаттар үшін тауарларды беру, консультациялық қызметтер көрсету, оқыту бағдарламаларын ұсыну: (a) макроэкономикалық статистиканы жетілдіру; (b) өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, инвестициялар, сыртқы және ішкі сауда-саттық статистикасын және көрсетілетін қызметтер статистикасын қоса алғанда макроэкономикалық статистиканы жетілдіру; (c) ауылшаруашылық статистикасын жетілдіру; (d) әлеуметтік статистиканы жетілдіру; (e) еңбек статистикасын жетілдіру; және (f) қоршаған орта статистикасын жетілдіру;
      7-құрауыш: Жобаны басқару
      Жобаны басқару, іске асыру, мониторингі және бағалау бойынша ҚРСА-ның тауарларын, консультациялық қызметтерін, оқыту бағдарламаларын және операциялық шығыстарын ұсыну.

2-ҚОСЫМША
Жобаны іске асыру

      I бөлiм. Iске асыру тетiктерi

      А. Ұйымдастырушылық тетiктер

      Қарыз алушы мынадай ұйымдастыру және басқа да шараларға сәйкес Жобаны iске асырады:
      1. ҮЖТ Жобаны іске асыру жөніндегі нұсқауда көрсетілген талаптарға, критерийлерге, ұйымдастыру тетіктеріне және операциялық рәсімдерге сәйкес Жобаны қадағалауға, ведомствоаралық үйлестіру және стратегиялық басқаруға жалпы жауаптылықта болады.
      2. Қарыз алушы Жобаны іске асыру жөніндегі нұсқауда көрсетілген талаптарға, критерийлерге, ұйымдастыру тетіктеріне және операциялық рәсімдерге сәйкес ҚРСА арқылы және ЖІК-ның қолдауымен Жобаны іске асырады және Банктің алдын ала мақұлдауынсыз Жобаны іске асыру жөніндегі нұсқаудың қандай да бір ережелерін бермеуі, өзгерістер енгізбеуі, жоюы немесе олардан бас тартпауы тиіс. ЖІК Жоба шеңберінде есептілік, сатып алу және қаржылық басқаруға жауапкершілікті қоса алғанда Жобаның іс-шараларын күнделікті үйлестіреді.
      3. Жобаның бүкіл іске асырылуы кезеңінде Қарыз алушы ҚРСА, ЖІТ және ҮЖТ-ні Банк үшiн қанағаттанарлық құраммен, ресурстармен және Техникалық тапсырмалармен қамтамасыз етеді.
      4. Қарыз алушы Жобаны іске асырудың әрбір жылының 20 желтоқсанынан кешіктірмей және 2011 жылғы 20 желтоқсаннан бастап Банкке құрауыштар мен кіші құрауыштар жөніндегі жобалау іс-шараларын анықтайтын келесі жылға арналған Жобаны іске асырудың жылдық жоспарын, сондай-ақ онымен байланысты шығыстар мен қаржылық ресурстарды ұсынады және Банкпен келесі жылға жоспарланатын Жоба жөніндегі іс-шараларды және тиісті бюджетті келіседі.
      5. Қарыз алушы 2011 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей Банк үшін қолайлы Техникалық тапсырманың негізінде тәуелсіз аудиторды іріктейді және жалдайды.

      B. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар

      Қарыз алушы Жобаны Банктiң Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл жөнiндегi нұсқаудың ережелерiне сәйкес iске асыруды қамтамасыз етедi.

      II бөлiм. Мониторинг бойынша есептiлiк және Жобаны бағалау

      А. Жоба бойынша есептер

      1. Қарыз алушы мониторингті жүзеге асырады және Жобаның iске асырылу барысын бағалайды және Жалпы шарттардың 5.08-бөлiмiнiң ережелерiне сәйкес және Банкпен келiсiлген индикаторлар негiзiнде Жоба бойынша Есептердi дайындайды. Жоба бойынша әрбiр Есеп бiр күнтiзбелiк жарты жылдық кезеңiн қамтуға және Банкке аталған есептi қамтитын кезең аяқталғаннан кейiн қырық бес (45) күннен кешiктiрмей тапсырылуға тиіс.
      2. Жалпы шарттардың 5.08-бөлiмiне (с) сәйкес осы бөліммен қарастырылған Жобаны іске асыру туралы есеп және тиісті жоспар Жобаның жабылу күнінен кейін 6 (алты) айдан кешіктірілмей Банкке жіберілетін болады.
      3. Жоба күшіне енген күннен бастап 30 айдан кешіктірмей Қарыз алушы Банкпен бірлесіп орта мерзімді шолу жүргізеді, ол өзгелерден басқа Жобаны іске асырудың жалпы табыстылығын бағалайды.
      4. Қарыз алушы Орта мерзiмдi шолуға дейiн кемінде 6 (алты) апта бұрын Банкке Жобаның әрбiр құрауышының iске асырылу барысын сипаттай отырып, жеке есепті және Жобаның жалпы iске асырылуы туралы жиынтық есеп бередi.      

      В. Қаржылық басқару, қаржылық есептiлiк және аудит

      1. Қарыз алушы Жалпы шарттардың 5.09-бөлiмiнiң ережелерiне сәйкес қаржылық басқару жүйесiн жүргiзуге немесе жүргізілуін қадағалауға міндетті.
      2. Осы бөлімнің А бөлігінің ережелеріне шектеусіз Қарыз алушы әрбiр күнтiзбелiк тоқсан аяқталғаннан кейiн қырық бес (45) күннен кешiктiрмей Банк үшiн қолайлы нысанда және мазмұнда тоқсан үшін Жоба бойынша аудиттелмеген аралық қаржылық есептерді дайындайды және Банкке ұсынады.
      3. Қарыз алушы өзiнiң Жалпы шарттардың 5.09 (b) бөлiмiнiң ережелерiне сәйкес Қаржылық есептіліктің аудитін жүргiзедi. Қаржылық есептіліктің әрбiр аудитi Қарыз алушының 1 (бiр) қаржы жылындағы кезеңiн қамтуға тиiс. Әрбір осындай кезең үшін аудиторлық тексеруден өткен қаржылық есептілік әрбiр осындай кезең аяқталғаннан кейiн 6 (алты) айдан кешiктiрілмей Банкке ұсынылады.
      4. Жобаны іске асыру басталғанға дейін Қарыз алушы бас бухгелтерге көмек көрсету және Жобаны қаржылық басқаруға жауаптылықта болу үшін біліктілігі және Банк үшін қолайлы техникалық тапсырмасы бар қаржылық басқару жөніндегі консультантты іріктейді және жалдайды.

      III бөлiм. Сатып алу

      А. Жалпы ережелер

      1. Тауарлар. Жоба үшiн қажеттi және Қарыз қаражатынан қаржыландырылатын барлық тауарлар Сатып алу жөнiндегi нұсқаудың I бөлiмiнде қамтылған немесе оларға сiлтемелер бар талаптарға сәйкес, сондай-ақ осы Қосымшаның ережелерiне сәйкес сатып алынады.
      2. Консультанттардың қызметтері. Жоба үшiн қажеттi және Қарыз қаражатынан қаржыландырылатын консультанттардың барлық қызметтерi Дүниежүзiлiк банк қарыз алушыларының консультанттарды iрiктеуі және жалдауы жөнiндегi Нұсқаудың (Консультанттар жөнiндегi Нұсқау) I және IV Бөлiмiнде қамтылған немесе оларға сiлтемелер бар талаптарға сәйкес, сондай-ақ осы Бөлiмнiң ережелерiне сәйкес сатып алынады.
      3. Анықтамалар. Сатып алудың белгілі бір әдістерін немесе Банктің белгілі бір келісімшарттарды қарау әдістерін сипаттау үшiн осы Бөлiмде төменде пайдаланылған бас әрiптерден басталатын терминдер нақты жағдайға қарай Сатып алу жөнiндегi нұсқауда немесе Консультанттар жөнiндегi нұсқауда оларға берілген анықтамаларға сәйкес келеді.

      В. Тауарлар сатып алудың ерекше әдiстерi

      1. Халықаралық конкурстық сауда-саттық. Егер төмендегi 2-тармақта өзгеше көзделмесе, тауарларды сатып алу Халықаралық конкурстық сауда-саттық рәсiмдерiне сәйкес жасалған келiсiмшарттар бойынша жүзеге асырылады.
      2. Тауарларды сатып алудың басқа да әдiстерi. Төмендегі кестеде Халықаралық конкурстық сауда-саттықтан басқа тауарларға қатысты қолданылуы мүмкін сатып алу әдiстерi берілген. Сатып алу жоспарында қандай да бір әдіс пайдаланылуы мүмкін мән-жайлар қамтылуға тиіс.

Сатып алу әдiсi

(а) Осы 2-қосымшаға Қосымшаның ережелері сақталған кезде ұлттық конкурстық сауда-саттық

(b) Еркін саудадағы сатып алу (Шопинг)

(с) Келiсiмшарттарды тiкелей жасасу


      C. Консультанттардың қызметтерiн сатып алудың ерекше әдiстерi 

      1. Сапа және құн негiзiнде iрiктеу. Егер төмендегi 2-тармақта өзгеше көзделмесе, консультациялық қызметтердi сатып алу Сапа және құн негiзiнде ірiктеу рәсiмiне сәйкес берілген келiсiмшарттар шеңберiнде жүзеге асырылады.
      2. Консультанттар қызметiн сатып алудың басқа да әдiстерi. Төмендегі кестеде Сапа және құн негiзiнде ірiктеуден басқа консультанттардың қызметтерiн сатып алу кезiнде пайдаланылуы мүмкiн сатып алудың әдiстерi берiлген. Сатып алу жоспарында қандай да бір әдіс пайдаланылуы мүмкін болатын мән-жайлар қамтылуға тиіс. 

Сатып алу әдiсi

(а) Сапа негізінде іріктеу

(b) Неғұрлым төмен құн кезінде іріктеу

(c) Тіркелген бюджет кезiнде iрiктеу

(d) Консультанттардың бiлiктiлiгi негiзiнде iрiктеу

(e) Бiр көзден сатып алу

(f) Жеке консультанттарды iрiктеу үшiн Консультанттар жөніндегі нұсқаудың 5.2, 5.3 және 5.4-параграфтарында белгiленген рәсiмдер

      D. Банктiң сатып алу жөнiндегi шешiмдердi қарауы

      Сатып алу жоспарында Банктің алдын ала қарауына жататын келiсiмшарттар тізбесі көрсетiледi. Барлық басқа келiсiмшарттар Банктiң Кейiннен қарау мәні болып табылады.

      IV бөлiм. Қарыз қаражатын шоттан алу 

      А. Жалпы ережелер 

      1. Қарыз алушы Қарыз қаражатын Жалпы шарттардың II бабының, осы Бөлiмнiң және Қарыз алушыға хабарламада Банк көрсететiн қосымша нұсқаулардың ережелерiне сәйкес белгіленген (осындай нұсқауларға сәйкес Банк кезең-кезеңімен қайта қарап отыратын және осы Келісімде қолданылатын 2006 жылғы мамырда күні қойылған «Дүниежүзiлiк банктiң жобалардың қаражатын игеру жөніндегі нұсқауын» қоса алғанда) төмендегi 2-тармақтың кестесiне сәйкес Заңды шығыстарды қаржыландыру үшін ала алады.
      2. Төмендегi кестеде Қарыз қаражатынан қаржыландырылуы мүмкін болатын Заңды шығыстар санаты («Санат»), әрбiр Санат бойынша Қарыздың бөлiнген сомасы және әрбiр Санат бойынша Заңды шығыстар ретінде қаржыландыруға жататын шығыстардың пайыздық үлесi айқындалған. 

Санат

Қарыздың бөлiнген сомасы (долларлық баламада)

Қаржыландыруға жататын шығыстар үлесi (салықтарды қоса алғанда)

(1) Тауарлар, консультанттардың қызметтерi, операциялық шығыстар және Жоба бойынша оқыту

20,000,000

100%

Жалпы сомасы

$20,000,000


      Кестеге түсініктеме:
      (а) «Операциялық шығыстар» деген термин ҚРСА Жобаны іске асыру бойынша байланысқа, аудармаларға, кеңсе тауарларына, хабарландыруға, ксерокөшiрмеге, почтаға және жол жүруге жұмсалатын негізді шығындарын білдіреді. Шығыстардың осы түрі Банк мақұлдаған жылдық жоспарға және Банк үшін қолайлы ҚРСА әкімшілік рәсімдеріне сәйкес Қарыз қаражатынан қаржыландырылатын болады. Операциялық шығыстар Қарыз алушының мемлекеттік қызметкерлерінің жалақысын қамтымайды.
      (b) «Оқыту» таныстыру мақсатындағы жол жүрулерді, оқыту курстарын, семинарларды және оқу материалдарына, үй-жайларды жалдау мен жабдықтарға, ел iшiндегi жол жүруге, бiлiм алушылардың тәулiкақылары мен оқытушылардың қызмет ақыларын, сондай-ақ ауызша және жазбаша аударма қызметтерiне төлеуге жұмсалатын шығындарды қоса алғанда, тауарлар мен қызметтердi сатып алуға арналған келiсiмшарттар тiзiмiне енгізілмеген басқа да оқу iс-шараларын қоса алғанда ҚРСА даярлаған және Банк мақұлдаған жылдық оқыту жоспарына сәйкес өткізілетін Жобаға қатысы бар тренингтер мен семинарларды білдіреді.

      В. Алу шарттары; алу кезеңi 

      1. Осы Бөлiмнiң А бөлiгiнiң ережелеріне қарамастан, қаражат мынадай жағдайларда:
      (а) Банкке Қарыз қаражатын резервте ұстағаны үшін комиссия толық көлемде төленгенінше Қарыз шотынан; не
      (b) осы Келiсiмнiң күнiне дейiн жасалған төлемдер бойынша алынбауға тиіс.
      2. Жабылу күнi – 2017 жылғы 30 сәуір.

2-ҚОСЫМШАҒА
Толықтырылған қосымша

      Қарыз алушының конкурстық сауда-саттығының ұлттық рәсімдері мынадай шарттар орындалған кезде Жобаның шеңберінде Жоба шеңберiнде тауарларды сатып алу үшiн пайдаланылуы мүмкiн:
      1. Конкурс қатысушыларына рұқсат беру ХҚДБ қарыздары және ХДҚ кредиттері бойынша сатып алу жөніндегі нұсқаудың І бөліміне сәйкес анықталады. Осыған байланысты бірде бір қатысушыға ХҚДБ қарыздары және ХДҚ кредиттері бойынша сатып алу жөніндегі нұсқаудың І бөлімінде көрсетілмеген шарттардың негізінде Қауымдастық қаржыландыратын келісімшарттарға арналған конкурсқа қатысуға бас тартылмайды.
      2. Сатып алушы ұйымдар Банк үшін қолайлы стандартты конкурстық құжаттаманы пайдалануға тиіс.
      3. Ерекше жағдайларда Конкурстық өтінімнің қолданылуын ұзарту олардың қолданылу мерзімі аяқталған күнге дейін және ұсыныстарды бағалауды аяқтау және келісімшарт жасасу үшін қажет аз мерзімге барлық конкурсқа қатысушылардан жазбаша нысанда сұралады.
      4. Мемлекеттік белгісі бойынша преференция қолданылмайды.
      5. Егер мемлекеттің басым қатысуы бар ұйымдар қаржылық және заңдылық жағынан тәуелсіз және коммерциялық құқық шеңберінде әрекет ететіні дәлелденбесе ғана, олар Үкімет өткізетін тендерлерге қатыспайды.
      6. Біліктіліктен кейінгі критерийлер тек қана өткен келісімшарттар тиімділігіне, конкурсқа қатысушылардың қаржылық және техникалық әлеуетіне қатысты қолданылады.
      7. Бірлескен кәсіпорындардың әріптестері бірлесіп және жеке жауаптылықта болады.
      8. Конкурстық өтінімдер өтінімдерді қабылдау аяқталған күннен кейін дереу жария түрде ашылады. Өтінімдерді беру мерзімі аяқталғаннан кейін алынғандардан басқа, бірде бір өтінім ашу сатысында жойылмайды.
      9. Тендерлік өтінім есептік құннан асып түсуі негізінде ғана қабылданбауы мүмкін емес.
      10. Өтінімдерді бағалау кезінде біліктілік критерий «өтті/өтпеді» қағидаты бойынша пайдаланылады.
      11. Келісімшарттар ең төменгі бағалау құнын ұсынған білікті қатысушыларға беріледі және баға бойынша келіссөздер жүргізілмейді.

3-ҚОСЫМША
Өтеу кестесі

      1. Келесі кестеде Негізгі борышты өтеу күндері және Негізгі борышты өтеудің әрбір күніне өтелуге тиіс Қарыздың жалпы сомасының пайызға шаққандағы үлесі («Өтеу үлесі») көрсетілген. Егер Қарыз қаражаты Негізгі борышты өтеудің бірінші күнінде толығымен алынатын болса, онда Қарыз алушы Негізгі борышты өтеудің әрбір осындай күніне өтеуге тиіс Қарыздың негізгі сомасын Банк: (а) Негізгі борышты өтеудің бірінші күні алынған Қарыз сомасын және (b) Негізгі борышты өтеудің әрбір күніне төлемнің Өтеу үлесін көбейту жолымен айқындайды. Төлеуге тиіс аталған сома осы Қосымшаның 4-тармағында көзделген және Валютаның конверсиясы қолданылатын соманы шегеру мақсатында қажеттілігіне қарай түзетілетін болады. 

Негізгі борыш бойынша төлем күні

Өтеу үлесі
(пайыздық шамада)

2016 жылғы 15 сәуірден бастап, 2025 жылғы 15 қазан аралығындағы әр жылғы 15 сәуір және 15 қазан

5.0%

      2. Егер Қарыз қаражаты Негiзгi борышты өтеудiң бiрiншi күнiнде толығымен алынбаса, онда Негiзгi борышты өтеудiң әрбiр осындай күнiне Қарыз алушы өтеуге тиіс Қарыздың негiзгi сомасы мынадай түрде айқындалатын болады:
      (а) Негiзгi борышты өтеудiң бiрiншi күнi алынған Қарыздың кез келген қаражаты шамасында Қарыз алушы осы Қосымшаның 1-тармағына сәйкес осындай күнге алынған Қарыз сомасын өтеуге тиiс.
      (b) Негiзгi борышты өтеудiң бiрiншi күнiнен кейiн алынған кез келген сома осындай алу күнінен кейін Негізгі борышты өтеудің бірінші күніне Банк әрбір осындай алу сомасын алымы осы Негізгі борышты өтеудің осы күні үшін осы Қосымшаның 1-тармағының кестесінде көрсетілген Өтеу үлесінің бастапқы сомасы («Төлемді өтеу үлесінің бастапқы сомасы») болып табылатын, ал бөлімі Негізгі борышты өтеу күніне осындай күнге немесе одан кейінгі Төлемді өтеу үлестерінің қалған барлық Бастапқы сомалары болып табылатын бөлшекке көбейту жолымен айқындалатын сомада өтелуге тиіс. Төлеуге тиіс аталған сома осы Қосымшаның 4-тармағында көзделген және оларға Валюта конверсиясы қолданылатын соманы шегеру мақсатында қажеттілігіне қарай түзетілетін болады.
      3. (a) Негізгі борышты өтеудің кез келген күніне төленуге тиіс негізгі борыш сомаларын есептеу мақсатында ғана Негізгі борышты өтеудің кез келген күніне дейін күнтізбелік екі ай ішінде алынған Қарыз сомалары алынған күннен кейін Негізгі борышты өтеудің екінші күнінде алынған және өтелмеген болып есептеледі және алынған күннен кейін Негізгі борышты өтеудің екінші күнінен бастап Негізгі борышты өтеудің әрбір Күніне өтеуге жататын болады.
      (b) Осы тармақтың (а) тармақшасының ережесiне қарамастан, егер кез келген уақытта Банк төлем мерзiмдерi бойынша шоттарды шығару жүйесiн қабылдаса, бұл ретте шоттар Негiзгi борышты өтеудiң тиiстi күнiне немесе одан кейiн берiледi, шоттарды шығарудың осындай жүйесi қабылданғаннан кейiн жасалған қандай да алуға осы тармақшаның ережесi қолданылмайтын болады.
      4. Қарыздың барлық немесе кез келген бөлiгiнiң валютасын Мақұлданған валютаға конверсиялау кезiнде осы Қосымшаның 1 және 2-тармақтарының ережелерiне қарамастан, Конверсиялау кезеңi iшiнде басталатын негiзгi борышты өтеудiң кез келген Күнiне өтеуге жататын осындай түрде Мақұлданған валютаға осылайша айырбасталатын соманы: (і) Конверсияға жататын Валюталық Хедждік мәмілелер шеңберінде Банк төлеуге тиіс Мақұлданған валютада негізгі борыш сомасын көрсететін айырбас бағамына; немесе (іі) егер Банк Конверсиялау жөніндегі нұсқауға сәйкес осындай шешім қабылдаса, Экрандық ставканың валюталық құрауышына айырбастау алдында тікелей оның деноминациясының валютасында осындай соманы көбейту жолымен Банк анықтауға тиіс.
      5. Егер Қарыз бір Қарыз валютасынан көбірек номинацияланған жағдайда, осы кестенің ережелері Қарыз валюталарының әрқайсысында сомаларға жеке, сондай-ақ сомалардың әрқайсысының жекелеген өтеу кестелерін есептеу үшін қолданылады. 

АНЫҚТАМАЛАР
I бөлім. Айқындамалар

      1. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнiндегi нұсқау» 2006 жылғы 15 қазандағы «ХҚДБ қарыздары және ХДҚ кредиттерi мен гранттары қаражатынан қаржыландырылатын жобалардағы алаяқтық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оларға қарсы күрес жөнiндегi нұсқауды» және 2010 жылғы мамырда және 2011 жылғы қаңтарда оларды жаңартуды бiлдiредi.
      2. «ҚРСА» ҚР Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы № 1460 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Статистика агенттігін не ЖІТ бірге Жобаны іске асыруға жауапты оның кез келген мирасқорын немесе мирасқорларын білдіреді.
      3. «Консультанттар жөнiндегi нұсқау» Банк 2004 жылғы мамырда жариялаған және 2006 жылғы қазан мен 2010 жылғы мамырда қайта қаралған «Дүниежүзiлiк банк қарыз алушыларының консультанттарды iрiктеуі және жалдауы жөнiндегi нұсқауды» бiлдiредi.
      4. «Үйлестіру жұмыс тобы» немесе «ҮЖТ» - Жобаны қадағалау және іске асырылу мониторингі мақсатында Келісімнің IV бабының 4.01 бөлім (b) бөлімшесіне сәйкес құрылған ведомствоаралық үйлестіру жұмыс тобы.
      5. «Жалпы шарттар» - 2010 жылғы 31 шілдедегі «Халықаралық Қайта құру және Даму банкінің қарыздарына арналған жалпы шарттар».
      6. «Жобаны іске асыру тобы» немесе «ЖІТ» Жобаны іске асыру және Жобаны күнделікті басқару үшін Келісімнің IV бабының 4.01 бөлім (а) бөлімшесіне сәйкес, ҚР Статистика агенттігі құрған Жобаны іске асыру командасын білдіреді және өзгелерден басқа, (i) Жобаны үйлестірушіден; (ii) қаржылық басқару жөніндегі маманнан; және (iii) сатып алушыдан тұрады.
      7. «Сатып алу жөніндегі нұсқау» Банк 2004 жылғы мамырда жариялаған және 2006 жылғы қазанда және 2010 жылғы мамырда қайта қаралған «ХҚДБ қарыздары және ХДҚ кредиттері шеңберінде сатып алу жөніндегі нұсқау».
      8. «Сатып алу жоспары» Сатып алу жөніндегі нұсқаудың 1.16-тармағында және Консультанттар жөніндегі нұсқаудың 1.24-тармағында оған сiлтеме жасалған, аталған тармақтардың ережелерiне сәйкес кезең-кезеңiмен түзетілетін, 2011 жылғы 16 ақпандағы Жоба үшін Қарыз алушының сатып алу жоспарын бiлдiредi.
      9. «Жобаны іске асыру жөніндегі нұсқау» Келісімнің IV бабының      4.01-тармағының (с) тармақшасына сәйкес Қарыз алушы қабылдаған, қаржы рәсімдері жөніндегі нұсқауды қоса алғанда, Келісімнің ұлттық заңнамаға және Қарыз алушының нұсқаулықтарына сәйкес келетін операциялық және әкімшілік міндеттерді, Жобаны іске асыру рәсімдерін және ережелерін анықтайтын нұсқауды білдіреді, оған Банктің алдын ала жазбаша келісімімен мерзімді өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады