Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы «Алтай» трансшекаралық резерватын құру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Сарыбайұлы Мамытбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы «Алтай» трансшекаралық резерватын құру туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 25 тамыздағы
№ 954 қаулысымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы
Үкіметінің арасындағы «Алтай» трансшекаралық
резерватын құру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
халықаралық құқықтың жалпы жұртшылыққа танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді орындауға зор маңыз бере отырып,
Алтайдың таулы бөлігінің биологиялық әртүрлілігі мен экологиялық жүйелерінің бірегейлігін, оның экологиялық, эстетикалық, ғылыми және мәдени маңызын назарға ала отырып,
қазіргі және келешек ұрпақ игілігі үшін Алтайдың таулы бөлігінің ландшафтары мен биологиялық әртүрлілігін сақтауға Тараптардың ортақ мүдделілік білдіретінін тани отырып,
ғылыми зерттеулер, биологиялық әртүрлілікті сақтау және орнықты табиғат пайдалану саласындағы Тараптар арасындағы ынтымақтастықтың көп жылғы дәстүрлерін, сондай-ақ олардың мемлекеттері арасындағы мемлекеттік шекараға іргелес ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың болуын атап өте отырып,
Алтайдың таулы бөлігінің биологиялық әртүрлілігі антропогендік әсердің теріс үдерісіне ұшырып отырғанына алаңдаушылық білдіре отырып,
табиғи кешендерді ортақ күш-жігер жұмсап қана сақтап қалуға болатынын және оларды сақтаудың мемлекеттік қана емес, сонымен бірге дүниежүзілік маңызы бар екенін басшылыққа ала отырып,
Қазақстан-Ресей трансшекаралық резерватын құру осы ландшафты қаз-қалпында сақтауға жәрдемдесетініне, экологиялық тепе-теңдікті, табиғи ресурстарды қорғауды және еселеп көбейтуді қамтамасыз ететініне, бұл Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ұлттық мүдделеріне және жалпы халықаралық қоғамдастықтың мүдделеріне сай келетініне кәміл сенімді бола отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының трансшекаралық аумақтарында «Алтай» трансшекаралық резерватын құрады, оның құрамына Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (Қазақстан Республикасы), бұдан әрі – ұлттық парк және Ресей Федерациясының «Катун» мемлекеттік табиғи биосфералық қорығы (Ресей Федерациясы), бұдан әрі – қорық енеді.
Тараптар ұлттық парк пен қорық шекараларының келісілген координаттар жүйесінде картографиялық бекітілуін қоса алғанда, өздерінің мемлекеттерінің аумақтары шегінде олардың шекараларын дербес анықтайды және өзгертеді.
2. «Алтай» трансшекаралық резерватының аумағында табиғи кешендер мен объектілерді қорғау, ғылыми зерттеулер жүргізу және табиғи ортаның жай-күйіне экологиялық мониторингті жүзеге асыру саласындағы іс-шаралар осы Келісімге және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2-бап
«Алтай» трансшекаралық резерваты:
Алтайдың таулы бөлігінің бірегей биологиялық және ландшафтық әртүрлілігін сақтау;
экологиялық, әлеуметтік және мәдени басымдықтарды ескере отырып, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы екі жақты ынтымақтастыққа жәрдемдесу;
экологиялық мониторингті жүзеге асыру және табиғи кешендер мен объектілерді зерттеу;
халықты экологиялық ағарту мен экологиялық туризмді дамыту мақсатында құрылады.
3-бап
1. Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыруға жауапты органдары (бұдан әрі – өкілетті органдар):
Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі;
Ресей тарапынан – Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі болып табылады.
2. Осы Келісімді орындау барысында Тараптардың өкілетті органдары өзара тікелей іс-қимыл жасайды. Тараптар сондай-ақ тікелей байланыстарды жүзеге асыру үшін «Алтай» трансшекаралық резерватының құрамына енгізілген ерекше қорғалатын табиғи аумақтар деңгейіндегі жауапты ұйымдарды анықтай алады, бұл жайында олар бір бірін дипломатиялық арналар бойынша жазбаша хабардар етеді.
4-бап
1. Осы Келісімді іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру және оны орындауға байланысты мәселелерді шешу үшін Тараптар Аралас Қазақстан-ресей комиссиясын (бұдан әрі – Аралас комиссия) құрады, ол өкілетті органдармен келісім бойынша өздерінің мәжілістерін Тараптар мемлекеттерінің бірінде алма кезек өткізіп тұрады. Аралас комиссияның бірінші мәжілісі осы Келісім күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде шақырылады.
2. Тараптар Аралас комиссияның ұлттық бөліктерін осы Келісімді іске асыру мәселелері қарауында болатын органдар мен ұйымдардың өкілдіктерін енгізіп, тепе-теңдік негізде қалыптастырады.
3. Аралас комиссия оның бірінші мәжілісінде қабылданатын Ереженің негізінде әрекет жасайды, бірлескен іс-шаралар жоспарлары мен оларды іске асыру әдістерін қоса алғанда, ынтымақтастық бағдарламасы мен жоспарын бекітеді.
5-бап
1. Өкілетті органдар осы Келісімге сәйкес трансшекаралық резерваттың табиғи кешендері мен объектілерін қорғау, зерттеу және мониторинг жүргізу кезінде ынтымақтастық жасайды, көрсетілген салаларда бірлесіп келісілген қызмет жасайды.
2. Өкілетті органдар мына бағыттар бойынша Тараптардың ынтымақтастығын жүзеге асырады:
а) трансшекаралық резерваттың шекарасында жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген объектілерін қоса алғанда, табиғи кешендер мен объектілерді қорғау;
б) экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу және тыю;
в) қоршаған ортаның ластануы, экологиялық құқық бұзушылықтар, індеттердің, орман өрттерінің таралуы және олардың алдын алу мен жою жайында, трансшекаралық резерваттың аумағындағы экожүйелердің өзгеруіне, жануарлар мен өсімдіктер таралымдарының жойылуына душар етуі мүмкін өзге де табиғи құбылыстар жайында, сондай-ақ трансшекаралық резерваттың экожүйесіне әсер етуі мүмкін шаруашылық жобаларды іске асыру жоспарлары жайында бір бірін хабардар ету;
г) трансшекаралық резерваттың аумағында жабайы жануарлардың бөгетсіз жылыстауы үшін жағдайларды қамтамасыз ету.
3. Өкілетті органдар ынтымақтастықты мына нысандарда жүзеге асырады:
а) трансшекаралық резерваттың аумағындағы қоршаған ортаның, табиғи кешендер мен объектілердің, оның ішінде Тараптар мемлекеттерінің аумағында мекендейтін және қоныс аударатын жануарлар дүниесінің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген объектілері топтарының жай-күйіне бірлескен мониторинг өткізу;
б) осы Келісімнің 4-бабына сәйкес құрылатын Аралас комиссия бекітетін тақырыптар бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер ұйымдастыру;
в) табиғи кешендер мен объектілерді қорғау және зерделеу, ғылыми зерттеулер, экологиялық мониторинг және экологиялық-ағартушылық қызмет жүргізу саласында тәжірибе алмасу;
г) ғылыми және ғылыми-танымал сипаттағы бірлескен жарияланымдар әзірлеу және шығару;
д) бірлескен ғылыми және ғылыми-практикалық семинарлар мен конференциялар, сондай-ақ тиісті бағыттағы мамандардың біліктілігін арттыру курстарын өткізу;
е) жастардың экологиялық лагерьлері мен экспедицияларын қоса алғанда, экологиялық-ағартушылық сипатындағы бірлескен іс-шараларды өткізу;
ж) трансшекаралық резерваттың бірлескен интернет-сайтын құру және жүргізу.
4. Өкілетті органдар Тараптар келіскен өзге де ынтымақтастық нысандарын дамытады және іске асырады.
6-бап
1. Осы Келісімде көзделген бірлескен қызметті жүзеге асыру кезінде өкілетті органдар Тараптардың көзделген мемлекеттік шекараның жолағы шегінде қызметті Тараптар мемлекеттерінің шекаралық органдарымен келісім және іс-қимыл бойынша өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген мемлекеттік шекара режимін сақтай отырып жүзеге асырады.
2. Тараптар мамандарының қажетті көлік құралдарын, жабдықтар мен материалдарды пайдаланып мемлекеттік шекарадан өтуі Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
7-бап
1. Тараптар осы Келісімнің ережелеріне және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес ақпарат алмасып тұрады.
Осы Келісімнің шеңберінде Қазақстан Республикасы немесе Ресей Федерациясының мемлекеттік құпиясын құрайтын ақпарат алмасу жүзеге асырылмайды.
Егер ақпарат беру осы Тарап мемлекетінің қауіпсіздік мүдделеріне қайшы келетін болса, Тараптардың бір біріне ақпарат беруге құқығы болмайды.
Осы Келісімге сәйкес берілетін, беруші Тарап ол жөнінде құпиялылықты сақтау қажеттігін ескертетін ақпарат осындай ақпарат ретінде анық айқындалады және белгіленеді. Осылай белгілеу үшін жауапкершілік ақпараты осындай құпиялылықты қажет ететін Тарапқа және оның өкілетті органына жүктеледі. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай ақпарат «Қызмет бабында пайдалануға арналған» ақпарат ретінде пайдаланады, Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес осындай ақпарат «Қызмет бабында пайдалануға арналған» ақпарат ретінде пайдаланылады. Мұндай ақпарат беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз жария етілмейді, үшінші тұлғаларға немесе тараптарға берілмейді.
2. Бір Тарап мемлекетінің «Алтай» трансшекаралық резерватының шекаралық аумағында картографиялық, геодезиялық жұмыстар мен аэрофототүсірілімдер басқа Тараптың өкілетті органдарын жазбаша хабардар еткеннен кейін, ал Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасынан өту қажет болған жағдайда - Тараптар мемлекеттерінің шекара органдарының рұқсатын алғаннан кейін жүзеге асырылады.
3. Өкілетті органдар «Алтай» трансшекаралық резерватының аумағы шегінде бірыңғай қысқа толқынды және әсіре қысқа толқынды радио жиіліктерін пайдалану тәртібін келісіп алады.
8-бап
Әрбір Тарап трансшекаралық резерват аумағының ұлттық өңірі шегінде осы Келісімді орындауға байланысты шығындарды дербес көтереді.
Тараптар өкілдерін Аралас комиссияның мәжілістеріне қатысу үшін іссапарға жіберген кезде барлық шығындарды жіберуші Тарап көтереді.
Қабылдаушы Тарап Аралас комиссияның мәжілістерін ұйымдастыруға және өткізуге байланысты шығындарды көтереді.
Трансшекаралық резерваттың жұмыс істеуіне байланысты іс-шаралар да Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары тыйым салмаған бюджеттен тыс көздердің есебінен қаржыландырылуы мүмкін.
9-бап
Тараптар арасында арнайы уағдаластық болмаған кезде осы Келісімнің шеңберіндегі бірлескен қызметтің арқасында алынған нәтижелер үшінші тарапқа берілмейді.
10-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты Тараптар арасында туындайтын барлық даулар келіссөз жүргізу жолымен шешіледі.
11-бап
Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
12-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім 5 жыл мерзімге жасалады. Егер Тараптардың бірде біреуі оның қолданылуын ұзартпау жөніндегі өзінің ниеті туралы ағымдағы кезең аяқталғанға дейін 6 айдан кешіктірмей басқа Тарапты жазбаша нысанда дипломатиялық арналар арқылы хабардар етпесе, осы Келісімнің қолданылуы автоматты түрде 5 жылдық кезеңдерге ұзартылады.
___________________ қаласында 20__ жылғы «__» ______________ әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.
Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясы
Үкіметінің атынан Үкіметінің атынан