"Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 қыркүйектегі № 992 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
          Премьер-Министрі                      К. Мәсімов  

      Жоба   

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы

      Осы Заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратынын, әр адамның ар-ұждан бостандығы құқығын растайтынын, Қазақстан Республикасы азаматтарының діни нанымына қарамастан, тең құқылы болуына кепілдік беретінін, халықтың мәдениеті мен рухани өмірін дамытуда ханафи мазхабындағы ислам және православтық христиан діндерінің тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни төзімділіктің және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) ғибадат үйі (ғимараты) - құдайға құлшылық ету, дұға оқу рәсімдері мен діни жиналыстарға, діни мінәжат етуге (құлшылық етуге) арналған объект;
      2) діни қызмет - діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет;
      3) діни қызметші - тиісті діни бірлестік рухани, уағызшылық қызметке уәкілеттік берген адам;
      4) діни бірлестік - Қазақстан Республикасы азаматтарының өз мүдделерінің ортақтығы негізінде рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестік;
      5) миссионерлік қызмет - Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі;
      6) уәкілетті орган - діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      2-бап. Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнама

      1. Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағы ережелерден өзге ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      3-бап. Мемлекет және дін

      1. Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.
      2. Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында бірдей жауапты.
      3. Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.
      4. Қазақстан Республикасында білім беру мен тәрбиелеу жүйесі, рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатқа ие.
      5. Азаматтардың дінге көзқарасына қарамастан олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қайсыбір дінді ұстанушылар қадір тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді.
      6. Қазақстан Республикасының азаматтары Конституцияға және осы Заңға сәйкес жеке өзі, сол сияқты басқа да діни және өзге де сенімдегі адамдармен бірлесіп, ұстануға және таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы.
      7. Ешкімнің де өз діни сенімдерін себеп етіп Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ.
      Діни бірлестіктердің діни қызметшілері, миссионерлері, басшылары немесе мүшелері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары саяси өмірге Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен бірдей тек өз атынан ғана қатыса алады.
      8. Дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес, мемлекет:
      1) азаматтың, шетелдік пен азаматтығы жоқ адамның дінге деген және ұстанатын дініне өз көзқарасын айқындау, ата-аналардың немесе олардың заңды өкілдерінің балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеу кезінде, мұндай тәрбиелеу баланың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп, оның құқықтарын шектеген жағдайды қоспағанда, араласпайды;
      2) діни бірлестіктерге мемлекеттік органдардың функцияларын орындауды жүктемейді;
      3) егер діни бірлестіктердің қызметі Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, діни бірлестіктердің қызметіне араласпайды;
      4) дін ұстанатын және оны ұстанбайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктер арасында өзара төзімділік пен құрмет қатынастарын орнықтыруға жәрдемдеседі.
      9. Дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес, діни бірлестіктер:
      1) мемлекеттік органдардың қызметтерін атқармайды және олардың қызметіне араласпайды;
      2) саяси партиялардың қызметіне қатыспайды, оларға қаржылық қолдау көрсетпейді;
      3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.
      10. Діни негіздегі партиялардың қызметіне, мақсаттары мен қызметі мемлекетте бір діннің үстемдігін орнықтыруға, діни өшпенділікті немесе алауыздықты, оның ішінде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен және өзге де құқыққа қарсы әрекеттермен байланысты діни өшпенділікті немесе алауыздықты қоздыруға бағытталған діни бірлестіктер құруға және оның қызметіне тыйым салынады.
      11. Заңдарда белгіленген тәртіппен тіркелмеген діни бірлестіктердің қызметіне, сол сияқты Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дінге деген көзқарасын айқындау кезінде діни бірлестіктердің қызметіне, діни жораларға және (немесе) дінді оқып-үйренуге қатысуға немесе қатыспауға қандай да бір күштеп мәжбүр етуге жол берілмейді.
      12. Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға зорлық-зомбылық көрсетумен немесе олардың денсаулығына басқа бір зиян келтірумен, не ерлі-зайыпты адамдардың некесін бұзумен немесе туыстық қарым-қатынастарды тоқтатумен, адамгершілікке зиян келтірумен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзумен, азаматтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін орындаудан бас тартуға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасының бұзылуына түрткі болумен байланысты діни бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді.
      13. Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, оның ішінде қайырымдылық қызмет арқылы және (немесе) олардың діни бірлестіктерден шығуына кедергі келтіретін, оның ішінде бопсалау, күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы, Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың материалдық немесе өзге де тәуелді жағдайын пайдалана отырып не алдау арқылы өз қызметіне мәжбүрлеп тартатын діни бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді.
      14. Діни бірлестіктің мүшелері мен ұстанушыларын өзіне тиесілі мүлкінен діни бірлестіктің, оның басшылары мен басқа мүшелерінің пайдасына иелігінен шығарып жіберуге жол берілмейді.
      15. Дін және діни көзқарастарды пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың қызметін бүлдіруге, олардың үздіксіз жұмыс істеуін бұзуға, елдегі басқарушылық деңгейін әдейі төмендетуге қабілеті бар шешімдерді қабылдауға және іс-әрекеттерді жасауға тыйым салынады.
      16. Діни бірлестіктің басшысы кәмелетке толмаған азаматтың ата-анасының біреуі немесе олардың заңды өкілдері қарсылық білдірген жағдайда, кәмелетке толмаған азаматтарды діни бірлестіктің қызметіне тартуға және (немесе) қатыстыруға жол бермеу шараларын қолдануға міндетті.

      4-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:
      1) діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында құрылған діни бірлестіктердің, миссионерлердің, рухани (діни) білім беру ұйымдарының қызметіне зерделеу мен талдау жүргізеді;
      3) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
      4) Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді;
      5) діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша қарым-қатынастарды реттеу саласында облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарының қызметін үйлестіреді;
      6) дінтану сараптамалары жүргізілуін және діни бірлестіктердің бастамашы-азаматтары тізімінің тексерілуін қамтамасыз етеді;
      7) Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзушылыққа қатысты өтініштерді қарайды;
      8) шет мемлекеттердің тиісті ұйымдарымен халықаралық байланыстар орнатады және оларды қолдайды;
      9) Республика аумағындағы шетелдік діни бірлестіктердің қызметін, Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер басшыларының шетелдік діни орталықтармен тағайындалуын келіседі;
      10) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      5-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
              астананың) діни қызмет және діни бірлестіктермен
              өзара іс-қимыл жасау мәселелері жөніндегі
              жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша қарым-қатынастарды реттеу саласындағы жергілікті атқарушы органдары:
      1) өңірдегі діни ахуалға зерттеу және талдау жүргізеді;
      2) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктердің қызметі саласындағы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
      3) жергілікті деңгейде өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;
      4) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты орын-жайларды орналастыруды бекітеді, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттардан) тыс жерлерде діни жораларды өткізу үшін орын-жайларды орналастыруға келіседі;
      5) уәкілетті органмен келісе отырып, ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу, олардың орналасу орнын анықтау, сондай-ақ үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп бейінін өзгерту (функционалдық міндеттерін өзгерту) туралы шешім қабылдайды;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      6-бап. Дінтану сараптамасы

      1. Уәкілетті орган осы бапта белгіленген негіздер бойынша дінтану сараптамасын жүргізуді қамтамасыз етеді.
      2. Дінтану сараптамасын жүргізу негіздері:
      1) уәкілетті органға келіп түскен жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өтініші;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарының кітапханалық қорларына, сондай-ақ уәкілетті органға діни әдебиеттің, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың келіп түсуі;
      3) жеке тұлғалардың миссионер ретінде тіркеуден өтуге және діни бірлестіктерді тіркеуге өтініші;
      4) жеке өзі пайдаланатын материалдарды қоспағанда, діни мазмұндағы ақпараттық материалдардың шетелден әкелінуі;
      5) уәкілетті органның шешімі.
      3. Құрылтай құжаттары, сондай-ақ діни мазмұндағы басқа да құжаттар, діни мазмұндағы ақпараттық материалдар және діни мақсаттағы заттар дінтану сараптамасы объектілеріне жатады.
      4. Дінтану сараптамасын дінтану саласында арнайы білімі бар адамдар, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың өкілдерін және өзге де мамандарды тарта отырып жүргізеді.
      5. Дінтану сараптамасын жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

2-бөлім. Қазақстан Республикасындағы діни қызмет

      7-бап. Діни жоралар мен рәсімдер

      1. Діни бірлестіктер табыну орындарын ұстауға құқылы.
      2. Діни жоралар мен рәсімдер ғибадат үйлерінде (ғимараттарда) және оларға бөлінген аумақта, табыну орындарында, діни бірлестіктер мекемелерінде, зираттар мен крематорийлерде салттық қажеттілік туындаған жағдайда жақын тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделерін сақтау шартымен үйлерде бөгетсіз жүргізіледі. Басқа жағдайларда діни іс-шаралар жиналыстар, митингілер, демонстрациялар мен шерулер өткізу үшін белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.
      3. Діни жоралар мен рәсімдерді, сондай-ақ миссионерлік қызметті:
      1) осы баптың 2 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің;
      2) қарулы күштер, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың, құқық қорғау органдарының, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен байланысты басқа да қызметтердің;
      3) рухани (діни) оқу орындарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының ғимараттарында және оларға бөлінген аумақта өткізуге (орындауға) жол берілмейді.
      4. Қамауда ұстайтын және жазаны өтеу орындарындағы тұлғалар, ауруханалардың, қарттар мен мүгедектер үйлерінің емделушілері тілек білдірген немесе олардың туыстарының салттық қажеттіліктері жағдайында Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпте тіркеуден өткен діни бірлестіктердің діни қызметшілері шақырылады. Бұл орайда діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізу кезінде аталған ұйымдар мен мекемелердің қызметіне кедергі жасалмау, басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылмауы керек.

      8-бап. Миссионерлік қызмет

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионерлік қызметті тіркеуден өткеннен кейін жүзеге асырады.
      2. Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын адамдарды тіркеуді уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері құжаттар ұсынған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде жүргізеді. Миссионер ұсынылған материалдар бойынша қорытынды алу үшін дінтану сараптамасын жүргізу кезінде тіркеудің мерзімі тоқтатыла тұрады.
      3. Қазақстан Республикасының аумағындағы миссионерлер уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде жыл сайын қайта тіркеуден өтуге міндетті.
      4. Миссионерлер есептік тіркеу үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне мынадай құжаттар мен материалдарды:
      1) төлкұжаттың немесе жеке басын куәландыратын өзге де құжаттың көшірмесін;
      2) миссионерлік қызмет аумағы мен мерзімі көрсетілген өтінішті;
      3) миссионерлік қызметті жүзеге асыру құқығына діни бірлестік берген құжатты;
      4) өкілі миссионер болып табылатын Қазақстан Республикасындағы діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің және оның жарғысының көшірмесін;
      5) миссионерлік қызметке арналған әдебиет, аудио-, бейне материалдар және (немесе) діни мақсаттағы өзге де заттарды ұсынады.
      Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионер ретінде есептік тіркеу үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне қосымша мынадай құжаттарды:
      1) миссионер оның атынан өкілдік ететін діни бірлестіктің шет мемлекетінің заңнамасы бойынша ресми тіркелгендігін куәландыратын заңдастырылған немесе апостиль қойылған құжатты;
      2) Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктің шақыру қағазын ұсынады.
      Шет мемлекеттер берген құжаттар қазақ және орыс тілдеріне дұрыс аудармасы Қазақстан Республикасында нотариалдық куәландырылған және аударманы жүзеге асырған аудармашының өз қолы Қазақстан Республикасында нотариалдық куәландырылған түрінде табыс етіледі.
      5. Миссионер ретінде тіркеуден өту үшін құжаттар ұсынған Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға теріс дінтану сараптамасы негізінде, сондай-ақ егер олардың миссионерлік қызметі конституциялық құрылымға, қоғамдық тәртіпке, адамның құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, есептік тіркеуді өткізуден бас тартылады.
      6. Миссионерлердің діни мазмұндағы материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануына тек дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін ғана жол беріледі.
      7. Миссионерлік қызметті тіркеусіз жүзеге асыруға тыйым салынады.

      9-бап. Діни әдебиет және діни мақсаттағы заттар

      1. Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өздері қалаған діни әдебиетті, сондай-ақ, басқа да діни мақсаттағы заттар мен діни мазмұндағы материалдарды иемденуге және пайдалануға құқылы.
      2. Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек діни үйлерде (ғимараттарда), рухани (діни), сондай-ақ облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты орын-жайларда таратуға жол беріледі.
      3. Қазақстан Республикасының аумағына діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, жеке өзі пайдаланатын материалдарды қоспағанда, шетелден әкелуді тек тіркеуден еткен діни бірлестіктер дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін жүзеге асырады.
      4. Діни бірлестік шығаратын және (немесе) тарататын діни әдебиетте және діни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдарында діни бірлестіктің толық ресми атауы болуы тиіс.

      10-бап. Қайырымдылық қызметі

      1. Діни бірлестіктер қайырымдылық қызметін жүзеге асыруға және қайырымдылық үйлерін (баспаналар, интернаттар, ауруханалар және басқаларын) ашуға құқылы.
      2. Қайырымдылықты жүзеге асыру кезінде діни қызметке тарту мақсатында Қазақстан Республикасының азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың тұрмыс жағдайын (мұқтаждығын) пайдалануға жол берілмейді.

      11-бап. Дінге сенушілердің және діни бірлестіктердің
               халықаралық байланыстары

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен діни бірлестіктер топтық немесе жеке негізде халықаралық және жеке байланыстар орнатуға, оны сақтауға, оның ішінде қажылыққа, жиналыстар мен басқа да діни шараларға қатысу үшін шетелге шығып тұруға құқылы.
      2. Діни бірлестіктер рухани оқу орындарында оқу үшін шетелге Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды жіберіп, Қазақстан Республикасы аумағындағы рухани оқу орындарында оқу үшін шетел азаматтарын, азаматтығы жоқ адамдарды қабылдай алады.

3-бөлім. Діни бірлестіктерді құру, мемлекеттік тіркеу,
қайта ұйымдастыру, тарату

      12-бап. Діни бірлестіктердің мәртебесі

      1. Қазақстан Республикасында жергілікті, аймақтық және республикалық деген мәртебемен діни бірлестіктер құрылып, әрекет етуі мүмкін.
      2. Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматының бастамасымен құрылған, бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, Қазақстан Республикасының астанасы шегінде әрекет ететін діни бірлестік жергілікті діни бірлестік болып танылады.
      3. Кемінде екі облыстан, республикалық маңызы бар қаладан, Қазақстан Республикасының астанасынан өкілдік ететін, әрқайсысында кемінде екі жүз елу адам саны бар екі және одан да көп жергілікті діни бірлестіктердің мүшелері болып табылатын Қазақстан Республикасының кемінде бес жүз азаматының бастамасымен құрылған діни бірлестік аймақтық діни бірлестік болып танылады.
      Аймақтық діни бірлестіктер аталған жергілікті діни бірлестіктердің қызметі аумағының шегінде құрылып, өз қызметін жүзеге асырады.
      4. Барлық облыстардан, республикалық маңызы бар қаладан, Қазақстан Республикасының астанасынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасының кемінде бес мың азаматының бастамасымен құрылған, әрқайсысында кемінде үш жүз адам саны бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық аумағында өз құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар діни бірлестік республикалық діни бірлестік болып танылады.

      13-бап. Діни бірлестіктерді құру

      1. Діни бірлестік Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған, құрылтай жиналысын (съезін, конференциясын) шақыратын азаматтарының бастамашылығымен құрылады. Құрылтай жиналысында (съезде, конференцияда) діни бірлестікті ашу, оның атауы, жарғысы туралы шешім қабылданып, оның басшылық етуші органдары құрылады. Азаматтар құрылтай жиналысына (съезге, конференцияға) өзі қатысады.
      2. Діни бірлестіктің мынадай белгілері болуы тиіс:
      1) ортақ діни ілімі;
      2) діни жораларды, рәсімдер мен уағыздарды орындау;
      3) өз ұстанушыларын діни тәрбиелеу;
      4) қызметінің рухани бағыты.
      3. Республикалық діни бірлестіктер және өңірлік діни бірлестіктер өз жарғыларына сәйкес діни қызметшілер даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын рухани (діни) мекемелері мен білім беру ұйымдары нысанында құруға құқылы.
      4. Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, діни бірлестік сияқты өзгеше ұйымдастыру-құқықтық нысанда діни қызметпен айналысатын заңды тұлғаларды құруға және олардың қызметіне жол берілмейді.
      5. Мемлекеттік органдарда, ұйымдар мен мекемелерде, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында діни бірлестіктердің ұйымдастыру құрылымдарын құруға жол берілмейді.

      14-бап. Діни бірлестіктің атауы

      1. Діни бірлестіктің атауы ұстанатын діни тиістілігі мен мәртебесін қамтуы тиіс.
      2. Толық және қысқартылған атауы мен оның символикасы Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің мемлекеттік рәміздері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықпен байланысты тыйым салынған және (немесе) таратылған діни бірлестіктердің атауы мен символикасы толықтай немесе маңызды бір бөлігінде қайталанбауы тиіс.

      15-бап. Діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу

      1. Діни бірлестік мемлекеттік тіркеуден өткен сәттен бастап заңды тұлғаның құқықтық қабілетіне ие болады.
      2. Республикалық діни бірлестіктерді және аймақтық діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүзеге асырады.
      Жергілікті діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеуді, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді аумақтық әділет органдары жүзеге асырады.
      3. Діни бірлестікті құру жөніндегі шешім қабылданған сәттен бастап екі ай мерзім ішінде тіркелу үшін тіркеуші органға өтініш беріледі. Өтінішке:
      1) діни бірлестік басшысының қолы қойылған діни бірлестіктің жарғысы;
      2) құрылтай жиналысының (съездің, конференцияның) хаттамасы;
      3) тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша электрондық және қағаз тасығыштарда құрылатын діни бірлестіктің бастамашы-азаматтарының тізімі;
      4) діни бірлестіктің орналасқан жерін растайтын құжат;
      5) діни ілімнің негіздерін ашып көрсететін және осы ілімге сәйкес діни қызмет туралы мәліметтер көрсетілген баспа діни материалдар;
      6) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін алымдар төлемін растайтын құжат;
      7) діни бірлестік басшысын сайлау туралы шешім не шетелдік діни орталықпен басшысы тағайындалған жағдайда, уәкілетті органмен келісілгенін растайтын құжат қоса тіркеледі.
      4. Республикалық діни бірлестіктер мәртебесін растау үшін тіркелген күнінен бастап бір жыл өткенге дейін аталған бірлестікті тіркеуден өткізген органға бірлестіктердің құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) аумақтық әділет органдарында есептік тіркеуден өткендігін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
      5. Осы баптың 4-тармағын орындамау республикалық діни бірлестікті Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуді болдырмауға әкеп соғады.
      6. Діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу және филиалдарды (өкілдіктерді) есептік тіркеу, қайта тіркеу, тіркеуден бас тарту Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырылады.
      7. Мемлекеттік тіркеудің (қайта тіркеудің) мерзімі дінтану сараптамасын жүргізу және діни бірлестіктің бастамашы-азаматтары тізімінің осы заңның талаптарына сәйкестігі мәніне тексеру үшін тоқтатыла тұрады.
      8. Тіркеуші орган мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) мерзімінің үзілісі туралы шешімді қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға дінтану сараптамасын жүргізуді және бастамашы-азаматтар тізімін тексеруді ұйымдастыру үшін қажетті құжаттардың көшірмелерін жолдайды.
      9. Ұсынылған құжаттардың заңнамаға сәйкестігін тексерудің, жүргізілген дінтану сараптамасының, діни бірлестікті құруға бастамашы-азаматтардың тізімін тексерудің қорытындысы бойынша діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу немесе мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданады.

      16-бап. Діни бірлестіктің жарғысы

      1. Діни бірлестік өз қызметін жарғының негізінде жүзеге асырады, онда мыналар:
      1) атауы, қызметінің мәні мен мақсаты;
      2) орналасқан жері және шегінде ол өз қызметін жүргізетін аумақ;
      3) құрылымы, қалыптасу тәртібі және басқару органдарының құзыреті;
      4) мүшелердің (қатысушылардың) құқықтары мен міндеттері;
      5) ұстанатын діні, діни ілімнің негіздері және осы ілімге сәйкес діни қызмет туралы мәліметтер;
      6) діни бірлестіктің мүшесі етіп қабылдаудың және одан шығудың (мүшелігі болған жағдайда) шарты мен тәртібі;
      7) мүлікті қалыптастыру көздері;
      8) құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;
      9) қызметін қайта ұйымдастырудың және тоқтату шарттары;
      10) таратылған жағдайда мүлікті пайдалану тәртібі;
      11) филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтер болуы тиіс.
      2. Діни бірлестіктің жарғысында оның қызметіне қатысты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер болуы мүмкін.
      3. Діни ілім негіздері және діни қызмет туралы мәліметтерде негізгі діни идеялар, діни бірлестік қызметінің түрлері, аталған діни бірлестік ұстанушыларының және басқа да адамдардың неке мен отбасыға, білімге, денсаулыққа қарым-қатынасының ерекшеліктері, бірлестік мүшелері мен қызметшілерінің конституциялық құқықтары мен міндеттерін іске асыруға көзқарасы болуы тиіс.

      17-бап. Діни бірлестікті тіркеуден бас тарту

      1. Діни бірлестікті мемлекеттік тіркеуден, оның құрылымдық бөлімшесін (филиалы мен өкілдігін) есептік тіркеуден бас тарту Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, сондай-ақ құрылтай құжаттары және өзге де ұсынылған құжаттардағы мәліметтер анық емес болса және (немесе) құрылатын бірлестік дінтану сараптамасының қорытындысы негізінде діни бірлестік ретінде танылмаған жағдайда жүргізіледі.
      2. Тіркеуден бас тартылған жағдайда сотқа шағымдануға болады.

      18-бап. Діни бірлестікті қайта ұйымдастыру және тарату

      1. Діни бірлестіктерді қайта ұйымдастыру заңдарға сәйкес, қосылу, бірігу, бөліну, қайта құру, бөлініп шығу жолымен Қазақстан Республикасының аумағындағы олардың жоғарғы басқару органының шешімі бойынша жүзеге асырылады. Діни бірлестік тек басқа діни бірлестік немесе мекеме болып қайта ұйымдастырылуы мүмкін. Діни бірлестіктерді қайта ұйымдастыру нәтижесінде пайда болған ұйымдар діни бірлестіктер ретінде осы Заңның талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана тіркелуі мүмкін.
      2. Діни бірлестіктің қызметін тоқтата тұру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

      19-бап. Мемлекет және шетелдік діни бірлестіктер

      1. Шетелдік діни орталықпен тағайындалған діни бірлестік басшысының өз қызметін уәкілетті органмен келісусіз жүзеге асыруына жол берілмейді.
      2. Шетелдік діни орталық діни бірлестіктің басшысы лауазымына кандидатты келісу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттар ұсынады:
      1) кандидат туралы, оның шетелдік діни орталықтағы бұрынғы қызметі жөніндегі мәліметтер көрсетілген қолдау хат;
      2) кандидатты Қазақстан Республикасының аумағында әрекет ететін діни бірлестіктің басшысы етіп тағайындау туралы шешім;
      3) діни бірлестіктің басшысы лауазымына тағайындалатын кандидаттың төлқұжатының немесе жеке басын куәландыратын өзге де құжаттың көшірмесі.
      Құжаттардың мемлекеттік және орыс тілдеріне дұрыс аудармасы Қазақстан Республикасында нотариалдық куәландырылған және аударманы жүзеге асырған аудармашының өз қолы Қазақстан Республикасында нотариалдық куәландырылған түрінде табыс етіледі.
      3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды уәкілетті орган оларды ұсынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн мерзім ішінде қарайды.
      4. Уәкілетті орган шетелдік діни орталықпен Қазақстан Республикасында діни бірлестіктің басшысын тағайындауды келісуден, егер оның қызметі конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адам құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, бас тартады.

4-бөлім. Діни бірлестіктердің мүліктік құқықтық қатынастары

      20-бап. Діни бірлестіктердің меншігі

      1. Діни бірлестіктердің өз қаржысына сатып алған немесе жасаған, Қазақстан Республикасының азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, ұйымдардың қайыр-садақаға берген немесе Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін басқа да негіздер бойынша сатып алынған мүлікті меншіктенуге құқығы бар.
      2. Үйлер, мінәжат заттары, өндірістік, әлеуметтік және қайырымдылық мақсаттағы объектілер, ақша және олардың қызметін қамтамасыз етуге қажетті меншік құқығындағы басқа да мүлік діни бірлестіктердің меншігі болып табылады.
      3. Діни бірлестіктер меншігінде сондай-ақ Қазақстан Республикасының шегінен тыс орналасқан мүлкі де болуы мүмкін.
      4. Діни бірлестіктер ерікті түрде қаржылай және басқадай қайыр-садақа сұрауға және оларды алуға құқылы.
      5. Діни бірлестіктердің меншік құқығы заңмен қорғалады.

      21-бап. Мемлекеттің, қоғамдық ұйымдар мен жеке тұлғалардың
               меншігі болып табылатын мүлікті пайдалану

      1. Діни бірлестіктер өздеріне шарттық негізде берілген үйлерді, аумақты және мүлікті пайдаланады.
      2. Діни мақсаттағы тарих және мәдениет ескерткіштері діни бірлестіктерге пайдалануға заңнамаға сәйкес беріледі.

      22-бап. Таратылған діни бірлестіктің мүлкіне иелік ету

      1. Діни бірлестік қызметі таратылған немесе тоқтатылған ретте оның меншігінде болған мүлікке иелік ету оның жарғысына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Құқықтық мұрагерлер жоқ болған жағдайда мүлік Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекет меншігіне көшеді.

5-бөлім. Қорытынды ережелер

      23-бап. Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы
               заңнаманы бұзған үшін жауапкершілік

      Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманың бұзылуына кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке тартылады.

      24-бап. Өтпелі ережелер

      1. Діни бірлестіктер осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жылдың ішінде осы Заңның талаптарына сәйкес өз құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге міндетті. Сонымен бір уақытта тіркеуші органға діни бірлестіктің мәртебесін растайтын құжаттар ұсынылады.
      2. Діни мүдделер мен қажеттіліктерді қанағаттандырумен айналысатын және осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін діни бірлестік сияқты өзгеше ұйымдастыру-құқықтық нысанда құрылған заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жылдың ішінде өз құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге міндетті.
      3. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін өз құрылтай құжаттарын осы Заңның талаптарына сәйкес келтірмеген заңды тұлғалар діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырушы органның өтініші бойынша сот тәртібімен таратылады.

      25-бап. Қорытынды ережелер

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілген күнінен бастап «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» 1992 жылғы 15 каңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1992 ж., № 4, 84-құжат; 1995 ж., № 20, 120, 121-құжаттар; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 205-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат, № 13, 53-құжат; 2007 ж., № 9,67-құжат).

      Қазақстан Республикасының
           Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады