Ұлттық нарықтарға тауарлар мен қызметтердi iлгерiлету үшiн ақпараттық-маркетингтiк орталықтардың мемлекетаралық желiсiн құрудағы, пайдаланудағы және дамытудағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң ынтымақтастығы туралы келiсiмді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 4 қазандағы № 1136 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2010 жылғы 21 мамырда Санкт-Петербург қаласында жасалған Ұлттық нарықтарға тауарлар мен қызметтердi iлгерiлету үшiн ақпараттық-маркетингтiк орталықтардың мемлекетаралық желiсiн құрудағы, пайдаланудағы және дамытудағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң ынтымақтастығы туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Ұлттық нарықтарға тауарлар мен қызметтердi iлгерiлету үшiн ақпараттық-маркетингтiк орталықтардың мемлекетаралық желiсiн құрудағы, пайдаланудағы және дамытудағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң ынтымақтастығы туралы келiсiм

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң үкiметтерi,
      Тараптар мемлекеттерiнiң ТМД мемлекеттерi басшылары кеңесiнiң 2007 жылғы 5 қазандағы шешiмiмен бекiтiлген Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығын одан әрi дамыту тұжырымдамасын iске асыру жөнiндегi негiзгi iс-шаралар жоспарын орындау жөнiндегi, сондай-ақ ТМД мемлекеттерi басшылары кеңесiнiң 2008 жылғы 14 қарашадағы шешiмiмен бекiтiлген Тәуелсiз Мемлекеттiк Достастығын экономикалық дамытудың 2020 жылға дейiнге кезеңге арналған стратегиясын орындау жөнiндегi экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарының бiрi ретiнде ұлттық нарықтарға тауарлар мен қызметтердi iлгерiлету үшiн ақпараттық-маркетингтiк орталықтардың мемлекетаралық желiсiн құрудағы, пайдаланудағы және дамытудағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында,
      ақпараттық-маркетингтiк орталықтардың мемлекетаралық желiсiн құру әлеуметтiк-экономикалық және гуманитарлық процестердiң тиiмдiлiгiн арттыратынына, сауда байланыстарын нығайтатынына, тең әрi өзара пайдалы негiзде Тараптар мемлекеттерiнiң өзара электронды iс-қимылының жаңа мүмкiндiктерiне қол жеткiзуге жол ашатынына сенiмдiлiгiн растай отырып,

      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Тараптар келiскен әдiснамалық негiзде ақпараттық-маркетинтiк орталықтардың ұлттық желiлерiн одан әрi құру, пайдалану және дамыту жөнiнде iс-шаралар жүргiзу және сыртқы экономикалық қызметтiң тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында Тараптар мемлекеттерiнiң тауарлары мен қызметтерiн олардың ұлттық нарықтарына iлгерiлету үшiн оларды мемлекетаралық желiге бiрiктiру осы Келiсiмнiң мақсаты болып табылады.

2-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары болады:
      ақпараттық жүйе – дерекқорда орналасқан ақпарат және оның өңдеудi қамтамасыз ететiн ақпараттық технологиялар мен техникалық құралдар жиынтығы;
      ақпараттық-маркетингтiк орталық (АМО) – АМО мемлекетаралық желiсiнде iске асырылатын ақпараттық жүйелер, ресурстар және технологиялардың базасында электрондық ақпараттық-коммуникациялық қызметтердi көрсету бойынша АМО мемлекетаралық желiсi операторының функцияларын жүзеге асыратын заңды тұлға;
      ақпараттық ресурс – электрондық өзара iс-қимылды жүзеге асыру үшiн АМО мемлекетаралық желiсi ақпараттық жүйелерiнiң дерекқорында орналасқан ақпарат жиынтығы;
      АМО мемлекетаралық желiсi – Тараптар келiскен ережелер мен қағидаттар бойынша АМО мемлекетаралық желiсi арқылы өзара iс-қимыл жасайтын және Тараптар мемлекеттерiнiң ұлттық тауар өндiрушiлерiнiң тауарлары мен қызметтерiн олардың нарықтарына iлгерiлетуге жәрдемдесетiн АМО ұлттық желiлерiнiң жиынтығы;
      мемлекетаралық АМО – АМО мемлекетаралық желiсiнiң операторы функцияларын жүзеге асыратын және Тараптар келiскен ережелер мен қағидаттар бойынша АМО ұлттық желiлерiнiң электрондық өзара iс-қимылын қамтамасыз ететiн заңды тұлға;
      АМО желiсiнiң субъектiлерi – АМО мемлекетаралық желiсi операторларының ақпараттық-коммуникациялық қызметтерiн пайдаланатын кәсiпорындар, ұйымдар, азаматтар, билiк органдары;
      электрондық өзара iс-қимыл – Тараптар келiскен ережелер мен қағидаттар бойынша АМО мемлекетаралық желiсiндегi ақпараттық алмасу;
      электрондық сауда – ақпараттық жүйелердi, ақпараттық-коммуникациялық желiнi және электрондық өзара iс-қимыл регламенттерiн пайдалана отырып, жүзеге асырылатын сауда;
      электрондық хабар – ақпараттық-телекоммункациялық желiнi пайдаланушы жiберген немесе алған ақпарат.

3-бап

      Тараптар АМО ұлттық желiсiн оларды кейiннен АМО мемлекетаралық желiсiне бiрiктiре отырып жасайды, пайдаланады әрi дамытады және оның негiзiнде мынадай мақсаттарды шешу үшiн электрондық сауданы жүзеге асырады:
      ұйымдарды және азаматтарды шығу мемлекеттерi осы Келісімге қатысушы мемлекеттер болып табылатын тауарлармен, жұмыстармен және қызметтермен жүйелi негiзде қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
      өндiрiстiк тұтыну саласында өндiрушiлер мен тұтынушылар арасында, сондай-ақ өндiрушiлер мен осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнiмдердi (жұмыстарды, қызметтердi) мемлекет мұқтаждығы үшiн сатып алуды жүзеге асыратын мемлекеттiк билiк органдары арасында ақпараттық өзара iс-қимылды қамтамасыз ету;
      өндiрiстiк тапсырыстарды қалыптастыру, өндiрiстiк кооперацияны дамыту және қаржы қаражаты мен инвестициялардың басқа да түрлерiн өндiрiстi дамыту мен жаңғыртуға тарту үшiн жағдайлар жасау;
      электрондық сауда құралдарын пайдалана отырып, мәмiлелер жасауды қамтамасыз ету;
      электрондық өзара iс-қимыл қызметтерiн, ақпарат берудiң жалпы форматтарын, өзара iс-қимыл процесiнде электронды саудаға қатысушылар мен АМО желiсiнiң өзге де субъектiлерi арасындағы заңды күшi бар операцияларды және электронды хабарлармен алмасуды бiрiздi құжаттандыруды қамтамасыз ету;
      мемлекеттiк және АМО мемлекетаралық желiсiне қатысушы коммерциялық ұйымдардың өзара электрондық iс-қимылы кезiнде ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету;
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттерде жұмыс iстейтiн тауарлар мен қызметтердi өндiрушiлер туралы дерекқор құру;
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің тауарлары мен қызметтерiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру.

4-бап

      1. АМО мемлекетаралық желiсi:
      электрондық ақпараттық ресурстарды құрылымдауға;
      ақпараттық жүйелердi құру және олардың электронды өзара iс-қимылын жүзеге асыру үшiн электронды сервистердiң кең ауқымды жиынына негiзделедi.
      2. АМО мемлекетаралық желiсiнде АМО ұлттық желiлерiн құру және олардың электронды өзара iс-қимылын ұйымдастыру кезiнде Тараптар мынадай шарттар мен қағидаттарды сақтайды:
      АМО мемлекетаралық желiсiн құру, пайдалану және дамыту жөнiндегi бiрлескен iс-шараларды жүргiзу осы Келісімге қатысушы әрбiр мемлекетiнiң экономикалық және географиялық ерекшелiктерiн ескере отырып, тең құқықтық және өзара пайдалы принциптер негiзiнде жүзеге асыру;
      ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша құралдарды қоса алғанда, келiсiлген форматтар мен стандарттар негiзiндегi ақпараттық өзара iс-қимылды жүзеге асыру;
      негiзiн қайта құрмай, АМО мемлекетаралық желiсiнiң сабақтастығын, функционалдық мүмкiндiктерiн өсiру мен дамытуды қамтамасыз ететiн бағдарламалық-техникалық және технологиялық шешiмдердi iске асыру;
      деректердiң сақталуы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
      деректердiң растығын қамтамасыз ету;
      деректердiң тең түпнұсқалығын және тұтастығын қамтамасыз ету;
      ұлттық өндiрушiлердiң мұқтаждарын негiзге ала отырып, тауарлар мен қызметтер туралы ақпараттық ресурстардың қажеттiлiгi мен жеткiлiктiлiгi шарттарын қамтамасыз ету;
      істен шыққаннан кейiн АМО мемлекетаралық желiсiнiң жұмыс iстеуiн қалпына келтiру үшiн құралдарды пайдалану;
      ақпараттық қауiпсiздiктiң қажеттi деңгейiн сақтау кезiнде электрондық сауданың басқа мемлекетаралық және ұлттық желiлерiмен электрондық өзара iс-қимыл жасау мүмкiндiгiн қамтамасыз ету.

5-бап

      Осы Келiсiмдi iске асыру жөнiндегi бiрлескен iс-шараларды қаржыландыруды осы Келісімге қатысушы мемлекеттер ТМД-ның үкiметтерi басшылары кеңесiнiң шешiмi бойынша осы мақсаттарға көзделетiн ұлттық бюджеттердiң, сондай-ақ бюджеттен тыс қаражат есебiнен жүзеге асырылады.

6-бап

      Тiзбесiн әрбiр Тарап айқындайтын және осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң орындалғаны туралы хабарландыруды беру кезiнде депозитарийге берiлетiн уәкiлеттi органдар немесе ұйымдар осы Келiсiмнiң iске асырылуы үшiн жауапты болып табылады.
      Тараптардың әрқайсысы 30 күн iшiнде депозитарийге оның уәкiлеттi органдар немесе ұйымдар тiзбесiндегi өзгерiстер туралы жазбаша хабарлайды.
      Уәкiлеттi органдар немесе ұйымдар АМО мемлекетаралық желiсiн дамыту және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды ұйымдастырады, осы Келісімге қатысушы мемлекеттердiң тауарлары мен қызметтерiн олардың ұлттық нарықтарына iлгерiлету үшiн АМО ұлттық желiлерiн қолдану және дамыту мәселелерi бойынша Тараптар арасында тәжiрибе алмасуды жүзеге асырады.

7-бап

      Осы Келiсiм Тараптардың әрқайсысының өз мемлекетi қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

8-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсiмi бойынша оның ажырамас бөлiгi болып табылатын, тиiстi хаттамамен ресiмделетiн және осы Келiсiмнiң күшiне енуi үшiн көзделген тәртiппен күшiне енетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

9-бап

      Осы Келiсiмдi қолдану мен түсiндiру кезiнде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер консультациялар және мүдделi Тараптардың келiссөздерi жолымен шешiледi.
      Даулы мәселелердi консультациялар және келiссөздер жолымен реттеу мүмкiн болмаған жағдайда Тараптар келiсiм бойынша Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық Сотына немесе басқа рәсiмге жүгiнедi.

10-бап

      Осы Келiсiм депозитарий оған қол қойған Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағандығы туралы үшiншi хабарламаны алған күнiнен бастап 30 күн өткен соң күшiне енедi.
      Мемлекетiшiлiк рәсiмдердi кешiрек орындаған Тараптар үшiн осы Келiсiм депозитарий тиiстi құжаттарды алған күнiнен бастап 30 күн өткен соң күшiне енедi.

11-бап

      Осы Келiсiм өз күшiне енгеннен кейiн депозитарийге қосылу туралы құжатты беру жолымен кез келген мемлекеттiң қосылуы үшiн ашық.
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үшiн осы Келiсiм депозитарий қосылу туралы құжатты алған күнiнен бастап 30 күн өткен соң күшiне енедi.
      ТМД-ға қатысушы мемлекет болып табылмайтын мемлекеттер үшiн осы Келiсiм депозитарийдiң оған қол қойған немесе осындай қосылуға қосылатын мемлекеттердiң келiсiмi туралы соңғы хабарлама алған күнiнен бастап 30 күн өткен соң күшiне енедi.

12-бап

      Осы Келiсiм белгiсiз мерзiмге жасалады. Әрбiр Тарап депозитарийге өзiнiң шығу ниетi туралы жазбаша хабарламаны шығуға дейiн 6 айдан кешiктiрмей жiбере отырып және осы Келiсiмнiң қолданысы уақытында туындаған қаржылық және өзге де мiндеттемелердi реттеп, осы Келiсiмнен шығуға құқылы.
      2010 жылғы 21 мамырда Санкт-Петербург қаласында орыс тiлiнде бiр түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы Комитетiнде сақталады, ол осы Келiсiмге қол қойған әрбiр мемлекетке оның расталған көшiрмесiн жiбередi.

      Әзiрбайжан Республикасының           Ресей Федерациясының
            Үкiметi үшін                       Үкiметi үшін

      Армения Республикасының         Тәжiкстан Республикасының
            Үкiметi үшін                        Үкiметi үшін

      Беларусь Республикасының                Түрiкменстанның
            Үкiметi үшін                        Үкiметi үшін

      Қазақстан Республикасының          Қырғыз Республикасының
            Үкiметi үшін                        Үкiметi үшін

      Өзбекстан Республикасының                  Украинаның
            Үкiметi үшін                         Үкiметi үшін

      Молдова Республикасының
            Үкiметi үшін

Ұлттық нарықтарға тауарлар мен қызметтердi iлгерiлету үшiн ақпараттық-маркетингтiк орталықтардың мемлекетаралық желiсiн құрудағы, пайдаланудағы және дамытудағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң ынтымақтастығы туралы келiсiм туралы ТМД-ның үкімет басшылары кеңесінің шешіміне Молдова Республикасының
      ТҮСІНДІРМЕСІ

2010 жылғы 21 мамыр                            Санкт-Петербург қаласы

      «Молдова Республикасы осы Келісімнің ережелерін ұлттық заннаманың талаптарына сәйкес, сондай-ақ елдің ұлттық жария бюджетінде жыл сайын бекітілетін қаржы қаражаты шегінде қолданатын болады».

Премьер-Министр
Владимир Филат

      Осымен, қоса беріліп отырған мәтін 2010 жылғы 21 мамырда Санкт-Петербург қаласында өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үкімет басшылары кеңесінің отырысында қабылданған Ұлттық нарықтарға тауарлар мен қызметтердi iлгерiлету үшiн ақпараттық-маркетингтiк орталықтардың мемлекетаралық желiсiн құрудағы, пайдаланудағы және дамытудағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердiң ынтымақтастығы туралы келiсiмнің теңтүпнұсқалы көшірмесі болып табылатынын куәландырамын. Жоғарыда аталып өткен Келісімнің түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады.

      ТМД Атқарушы комитеті төрағасының -
      атқарушы хатшысының
      бірінші орынбасары                         В. Гаркун

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады