Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министр К. Мәсімов
Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы
Осы Заң Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі саласындағы құқықтық қатынастарды реттейді және адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мазмұны мен қағидаттарын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін, мақсаттары мен бағыттарын айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық инфрақұрылым - ақпаратты қалыптастыру, құру, қайта құру, өңдеу, беру, пайдалану және сақтау техникалық құралдары мен жүйелерінің жиынтығы;
2) ақпараттық кеңістік - жеке және қоғамдық санаға, ақпараттық инфрақұрылым мен ақпараттың өзіне ықпал ететін ақпаратты қалыптастыруға, құруға, қайта құруға, өңдеуге, беруге, пайдалануға, сақтауға байланысты қызмет саласы;
3) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі (бұдан әрі - ұлттық қауіпсіздік) - адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің серпінді дамуын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы ұлттық мүдделерінің нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі;
4) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету (бұдан әрі - ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету) - ұлттық мүдделерді нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғауға бағытталған ұлттық қауіпсіздік субъектілерінің қызметі;
5) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі - ұлттық қауіпсіздік саласында бірыңғай мемлекеттік саясат шеңберінде ұлттық қауіпсіздік субъектілері іске асыратын құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, техникалық және өзге де шаралар жиынтығы;
6) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері - іске асырылуынан мемлекеттің адамның және азаматтың құқықтарын, қазақстандық қоғамның құндылықтарын және конституциялық құрылыс негіздерін қорғауды қамтамасыз ету қабілеті байланысты болатын Қазақстан Республикасының заңнамалық танылған және саяси, экономикалық, әлеуметтік кепілдендірілген және басқа да қажеттіліктерінің жиынтығы;
7) ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатерлер - Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін іске асыруға кедергі жасайтын немесе кедергі жасауы мүмкін сыртқы және ішкі факторлардың (үдерістер мен құбылыстардың) жиынтығы;
8) ұлттық қауіпсіздік объектілері - жеке адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары; қоғам, оның материалдық және рухани құндылықтары; мемлекет, оның конституциялық құрылысы;
9) ұлттық қауіпсіздік стратегиясы - ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында негізгі проблемаларды және қатерлерді, стратегиялық мақсаттарды және нысаналы индикаторларды, міндеттерді және нәтиже көрсеткіштерін айқындайтын Қазақстан Республикасы дамуының стратегиялық құжаты;
10) ұлттық қауіпсіздік субъектілері - өз өкілеттіктерін заң шығарушы, атқарушы және сот өкіметі тармақтары органдары арқылы жүзеге асыратын мемлекет, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдары.
2-бап. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық негіздері
1. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше нормалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3. Мынадай:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін немесе мемлекеттік тәуелсіздікті жоғалтуға әкеп соғатын;
2) Қазақстан Республикасының егемендік құқықтарының аясын тарылтатын халықаралық шарттарды жасасуға жол берілмейді.
3-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін
қамтамасыз ету қағидалары
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаттары:
1) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде заңдылықты сақтау;
2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштерінің жедел өзара хабардар етілуі және іс-қимылдарының келісімділігі;
3) ұлттық қауіпсіздіктің барлық түрлерінің бірлігі, өзара байланысы және теңдестірілімдігі, ахуалдың дамуына байланысты олардың басымдығының жедел өзгеруі;
4) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде ескерту-профилактикалық шараларының басымдығы;
5) ұлттық мүдделерге келтірілген және/немесе ықтимал нұқсанның ауқымы мен сипатына ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының уақытылығы мен лайықтылығы;
6) адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекет мүдделерінің теңдестігін сақтау, олардың өзара жауапкершілігі;
7) ұлттық қауіпсіздікті қорғау жөніндегі іс-қимылдардың барлық жиынтығын іске асырудың бақыланымдылығы;
8) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің халықаралық қауіпсіздік жүйелерімен ықпалдастығы;
9) мемлекеттік өкімет органдары өкілеттілігінің ара жігін айқын ажырату, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдылығы болып табылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің түрлері
Ұлттық қауіпсіздік түрлері:
1) қоғамдық қауіпсіздік - азаматтар өмірінің, денсаулығының және ырыс-берекесінің, қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарының және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің нақты әрі ықтимал қатерлерден қорғалуының жай-күйі, бұл орайда қоғамның тұтастығы мен оның тұрақтылығы қамтамасыз етіледі;
2) әскери қауіпсіздік - мемлекеттің тұрақты және бейбіт дамыту қамтамасыз етілетін, елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығына әскери сипаттағы нақты және ықтимал қауіп-қатерлер мен қол сұғушылықтан Қазақстан Республикасының қорғалуының жай-күйі;
3) саяси қауіпсіздік - азаматтардың, әлеуметтік топтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау және олардың мүдделерінің теңдестігі, мемлекеттің тұрақтылығы, тұтастығы және қолайлы халықаралық жағдай қамтамасыз етілетін конституциялық құрылыс негіздерінің, мемлекеттік органдар жүйесі қызметінің және мемлекеттік басқару тәртібінің нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі;
4) экономикалық қауіпсіздік - экономиканың орнықты дамуы және экономикалық тәуелсіздігі қамтамасыз етілетін Қазақстан Республикасының ұлттық экономикасының нақты және ықтимал қатерлерден қорғалуының жай-күйі;
5) ақпараттық қауіпсіздік - елдің орнықты дамуы және ақпараттық тәуелсіздігі қамтамасыз етілетін ақпарат саласында нақты және ықтимал қатерлерден Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігінің, сондай-ақ адамның және азаматтық құқықтары мен мүдделерінің, қоғам мен мемлекеттің қорғалуының жай-күйі;
6) экологиялық қауіпсіздік - қоршаған ортаға антропогендік және табиғи әсерлер нәтижесінде туындайтын қатерлерден адамның және азаматтың өмірлік маңызды мүдделері мен құндылықтарының, қоғам мен мемлекеттің қорғалуының жай-күйі болып табылады.
5-бап. Қазақстан Республикасының негізгі ұлттық мүдделері
1. Қазақстан Республикасының негізгі ұлттық мүдделері:
1) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету;
2) заңдардың мүлтіксіз орындалуы және құқық тәртібін сақтау;
3) елде қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау;
4) қазақстандық патриотизм және Қазақстан халқының бірлігі;
5) қазақстандық қоғамның материалдық және рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтау мен еселеу;
6) азаматтар мен қоғамның әл-ауқатын жақсарту қажеттіліктеріне барабар денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің деңгейі мен сапасына қол жеткізу және оны ұстау;
7) қоғам мен азаматтардың әлеуметтік-экономикалық және зияткерлік даму қажеттіліктеріне лайықты елдің білім және ғылым әлеуетінің деңгейі мен сапасына қол жеткізу және оны ұстау;
8) Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының, оның ішінде елдің мемлекеттік тәуелсіздігінің, біртұтас құрылымы мен президенттік басқару нысанының, мемлекеттік шекарасының тұтастығының, қол сұғылмаушылығының және аумағының бөлінбестігінің мызғымастығы;
9) мемлекеттік институттардың орнықты жұмыс істеуі, олардың қызметінің тиімділігін арттыру;
10) Қазақстанның бүкіл халқының игілігі үшін экономикалық даму;
11) экономикалық қауіпсіздікті толық көлемде қамтамасыз ететін агроөнеркәсіптік, отын-энергетика кешендері, көлік және өндірістік сала, қаржы жүйесі субъектілерінің орнықты жұмыс істеуі;
12) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету;
13) Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін толық көлемде қамтамасыз ететін қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыруды қамтамасыз ету және отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені субъектілерін дамыту;
14) бәсекеге қабілетті және қорғалған ұлттық ақпараттық кеңістікті қолдау және дамыту;
15) қоршаған табиғи орта жай-күйін сақтау және жақсарту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;
16) Қазақстан Республикасының даму басымдылықтарына сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың жай-күйі;
17) халықаралық деңгейде Қазақстан Республикасының жағымды имиджі мен беделін нығайтуға бағытталған саяси бастамаларды алға жылжыту;
18) Қазақстан халқы мен аумағын төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезінде немесе осы қақтығыстардың салдарынан туындайтын қауіп-қатерлерден бейбіт және соғыс уақытында қорғау болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері Қазақстан Республикасының заңнамасымен, стратегиялық және бағдарламалық құжаттармен толықтырылуы және нақтылануы мүмкін.
6-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне
негізгі қатерлер
1. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне негізгі қатерлер:
1) заңдылық пен құқық тәртібі деңгейінің төмендеуі, оның ішінде қылмыстылықтың, оның ұйымдасқан нысандарын қоса алғандағы өсуі, мемлекеттік органдардың қылмыстық құрылымдармен, террористік немесе экстремистік ұйымдармен кірігуі, лауазымды тұлғалардың капиталдың заңсыз айналымына қолдау жасауы, ұлттық мүдделердің қорғалу деңгейінің төмендеуіне ықпал ететін сыбайлас жемқорлық, қару-жарақтардың және есірткі заттарының заңсыз айналымы;
2) демографиялық ахуалдың және халық денсаулығының нашарлауы, оның ішінде бала туудың күрт төмендеуі, өлім-жітімнің, сондай-ақ оларға байланысты бақылаусыз көші-қон үдерістерінің көбеюі;
3) елдің денсаулық сақтау, білім және зияткерлік әлеуеті деңгейі мен сапасының төмендеуі;
4) рухани-адамгершілік, тарихи және мәдени мұра объектілерінің жоғалуы;
5) ұлтаралық және конфессияаралық қақтығыстардан, жаппай тәртіпсіздіктерден көрінетін әлеуметтік және саяси жағдайдың ушығуы;
6) конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған іс-әрекет, оның ішінде Қазақстан Республикасының біртұтас құрылысына, тұтастығына, қол сұғылмаушылығына, аумағының бөлінбестігіне, күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін іс-әрекеттер;
7) кез-келген нысандардағы және көріністердегі терроризм, экстремизм мен сепаратизм;
8) Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған шет мемлекеттер арнаулы қызметінің, сондай-ақ ұйымдар мен жеке адамдардың барлау-бүлдіру іс-әрекеті;
9) мемлекеттік органдардың қызметіне іріткі салу, олардың іркіліссіз жұмыс істеуін бұзу, елде басқару деңгейінің төмендеуі;
10) стратегиялық ресурстардың ел мүдделеріне кереғар пайдаланылуын қоса алғанда, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, инновациялық даму және инвестициялық белсенділіктің артуына кедергі жасау, капитал мен тауарларды елден сыртқа бақылаусыз әкету, көлеңкелі экономиканың өсуі;
11) қаржы жүйесі орнықтылығының төмендеуі;
12) өндірістің қысқаруы, өнімдер мен тауарлар сапасының, бәсекеге қабілеттілігінің, экспорттық, транзиттік әлеуетінің және қолжетімділігінің төмендеуі, олардың Қазақстан Республикасында өндірілмейтін өнімдер мен тауарлардың басқа мемлекеттерден берілуінің қысқаруы;
13) елдің қорғаныс қабілеті деңгейінің төмендеуі, мемлекеттік шекараның қол сұғылмаушылығына қауіп - қатер, Қазақстан Республикасына қатысты күш қолдану, оған қарсы агрессия;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген әскерилендірілген құралымдар құру;
15) рұқсатсыз енуден елдің ақпарат кеңістігін және ұлттық ақпарат ресурстарын қорғау деңгейінің төмендеуі;
16) бұқаралық сананы арбау мақсатында шетелдік субъектілер және іріткі салуға ниеттенген қылмыстық құрылымдар тарапынан қазақстандық азаматтарға, қоғам мен мемлекетке келеңсіз ақпараттық-психологиялық ықпал жасау;
17) экологиялық жағдайдың, оның ішінде ауыз су сапасының күрт нашарлауы, табиғи апаттар мен табиғи және техногендік сипаттағы өзге де төтенше жағдайлар, жұқпалы аурулар мен індеттер;
18) халықаралық деңгейде Қазақстанның ұлттық мүдделеріне, саяси беделіне және экономикалық рейтингіне нұқсан келтіру болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қауіп - қатерлер Қазақстан Республикасының заңнамасында, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда толықтырылуы және нақтылануы мүмкін.
2-тарау. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігін
қамтамасыз ету жүйесі және оның негізгі функциялары 7-бап. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі
1. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін адамның және азаматтың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайтын оны қамтамасыз ету күштері, саяси, құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, әскери және өзге де сипаттағы шараларды жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар құрайды.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады.
8-бап. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
жүйесінің негізгі функциялары
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің негізгі функциялары:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін айқындау;
2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің мақсаттарын, міндеттері мен негізгі бағыттарын айқындау;
3) ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерді анықтау, талдау, бағалау және болжау;
4) ұлттық қауіпсіздікке қатердің алдын алу және оны залалсыздандыру жөнінде жедел және ұзақ мерзімді шаралар кешенін әзірлеу және жүзеге асыру;
5) халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған саяси бастамаларды алға жылжыту;
6) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштерін ұдайы дайындықта ұстау;
7) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысу болып табылады.
9-бап. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштері
1. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштеріне:
1) барлау, қарсы барлау қызметін, күзету іс-шараларын, сондай-ақ күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық және ұйымдастырушылық шаралар кешенін жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік органдар;
2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары;
3) ішкі істер, қаржы полициясы, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары, кеден органдары және авариялық-құтқару қызметтері жатады.
2. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету заңнамада белгіленген өкілеттіктерге сәйкес барлық мемлекеттік органдар мен мемлекеттің лауазымды тұлғалары үшін міндетті болып табылады.
3. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштері және өзге де мемлекеттік органдар өзара іс-қимыл жасайды, Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау жөнінде бірлескен іс-шараларды іске асырады және өздерінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша бір-бірін өзара хабардар етеді.
3-тарау. Қазақстан Республикасы Президентінің,
Қауіпсіздік Кеңесінің, Парламентінің, Үкіметінің, соттарының,
мемлекеттік органдарының ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
саласындағы өкілеттіктері 10-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі
Қазақстан Республикасының Президенті:
1) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды;
2) елдің ұлттық мүдделерін қорғау саласында барлық мемлекеттік өкімет тармақтарының келісілген қызметін қамтамасыз етеді;
3) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша актілер шығарады;
4) Қауіпсіздік Кеңесін құрады және басқарады, оның міндеттері мен өкілеттігін белгілейді;
5) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында өзге де стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды бекітеді;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзге де қажетті өкілеттікті жүзеге асырады және шаралар қабылдайды.
11-бап. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік
Кеңесінің өкілеттігі
1. Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ұйымдастыруды және тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
12-бап. Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттігі
Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстан Республикасының Конституциясымен белгіленген өкілеттіктері шегінде ұлттық қауіпсіздік саласындағы өз өкілеттіктерін жүзеге асырады.
13-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілеттігі
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңдардың жобаларын енгізеді және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді;
2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша қаулылар шығарады;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеуді және іске асыруды ұйымдастырады;
4) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде министрліктердің, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық жасайды;
5) мыналардың:
ұлттық холдингтердің және (немесе) ұлттық компаниялардың не олардың аффилиирленген тұлғаларының, сондай-ақ мемлекет қатысатын өзге де заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына берілген және (немесе) олардың меншігіндегі стратегиялық объектілердің;
мемлекетпен аффилирленбеген заңды тұлғалардың, сондай-ақ жеке адамдардың меншігіндегі стратегиялық объектілердің тізбелерін түзеді;
6) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан стратегиялық объектілер жөнінде комиссия құрады;
7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы стратегиялық объектілер жөніндегі комиссияның ұсынымдары негізінде жеке және заңды тұлғаларға тиесілі Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қауіп туғызуы мүмкін стратегиялы объектілермен азаматтық-құқықтық мәміле жасасуға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды;
8) Қазақстан Республикасы Конституциясына, заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзге де қажетті өкілеттіктерді жүзеге асырады.
14-бап. Қазақстан Республикасы соттарының өкілеттігі
Соттар:
1) азаматтардың, ұйымдар мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғауды, Конституцияның, осы Заңның және өзге де нормативтік құқықтық актілердің, сондай-ақ халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді;
2) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қол сұғылатын қылмыстар және құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырады.
15-бап. Қазақстан Республикасының өзге де орталық
мемлекеттік органдарының өкілеттігі
1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде өзге де орталық мемлекеттік органдар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жүзеге асырады:
1) ұлттық қауіпсіздік органдары - конституциялық құрылысты, мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін қорғау жөнінде қарсы барлау қызметін, мемлекеттік шекараны қорғауды, үкіметтік байланысты қолдауды және қамтамасыз етуді, сондай-ақ терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында ведомствоаралық қызметті үйлестіруді жүзеге асырушы, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік органдар;
2) сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Президентін, Парламенті мен Үкіметін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен мемлекеттік ұйымдарын, Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қозғайтын, барлау ақпаратымен қамтамасыз ететін, саяси, әскери-саяси, қаржылық-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, экологиялық және өзге де салаларда мемлекет басшылығы саясатын іске асыруға ықпал ететін, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі - күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұйымдастырушы және үйлестіруші орган болып табылатын Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган;
4) қаржы полициясы органдары - экономикалық және қаржылық қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында адамның және азаматтың құқықтарына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін арнаулы мемлекеттік органдар;
5) ішкі істер органдары - қоғамдық тәртіпті қорғауды, қылмысқа, есірткі құралдары мен қару-жарақтардың заңсыз айналымына, бақылаусыз көші-қонға қарсы күресті, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қылмыстық жазалардың орындалуын ұйымдастырушы ұйымдарды қорғауды, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы органдар;
6) Қорғаныс министрлігі - мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігін, Қарулы Күштердің тұрақты жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын, әскери барлауды, сондай-ақ әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қолдайтын және қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
7) сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган - сыртқы саясат бағдарын, күш-жігерін іске асыруды дипломатиялық құралдармен және әдістермен, Қазақстан Республикасының халықаралық бейбітшілікті, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуды, Қазақстан Республикасының егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын және шекарасының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастарында және халықаралық аренада саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерін қорғауды, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
8) байланыс және ақпарат саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасында бірыңғай ақпараттық кеңістік пен байланыс инфрақұрылымын қалыптастыруды, дамытуды және қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
9) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган - ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құқықтық, әкімшілік және өзге де шараларды әзірлейді, олардың іске асырылуы мен сақталуына бақылауды, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
10) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган - қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын қалыптастыруды, жұмылдыру даярлығын және жұмылдыру саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын, ішкі және сыртқы сауданы реттеу мен дамытуды, сондай-ақ заңнамада белгіленген құзыреті шегінде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
12) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган - агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
13) көлік және коммуникациялар саласындағы уәкілетті орган - көлік-коммуникациялар саласына басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
14) қаржы саласындағы уәкілетті орган - қаржылық мониторингті жүзеге асыратын және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдайтын, салық, кеден және бюджет заңнамаларының сақталуын, мемлекеттік мүліктің ұтымды пайдаланылуын және сақталуын, сондай-ақ қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
15) индустрия саласындағы уәкілетті орган - елдің экономикасында өнеркәсіптің және өндірістің индустриалдық-инновациялық және ғылыми-техникалық дамуын қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
16) энергетика саласындағы уәкілетті орган - экономиканың энергия және энергия қорларына қажеттілігін қанағаттандыруды, отын-энергетика кешені дамуын, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
17) төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган - табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, азаматтық қорғаныс саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыруды, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында салааралық үйлестіруді, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыруды және дамытуды, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюдың, өрттің алдын алу мен сөндірудің мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
18) әділет органдары - мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың жұмысында заң тәртібін қолдайтын және азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуші органдар;
19) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган - әлеуметтік және еңбек қатынастарында заңдылықтың сақталуын және келісімді нығайтуды, халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуші орталық атқарушы орган;
20) мәдениет саласындағы уәкілетті орган - қоғамның тарихи-мәдени және рухани - адамгершілік құндылықтарын сақтауды, мемлекеттік және басқа да тілдердің серпінді дамуын, ішкі саяси тұрақтылықты және этникааралық келісімді нығайтуды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
21) білім беру саласындағы уәкілетті орган - сапалы және қол жетімді білім беруді, қазақстандық ғылымның орнықты дамуын, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
22) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган - халық денсаулығын қорғауды, аса қауіпті және карантиндік инфекциялық аурулардың таралуынан қорғауды, азаматтардың тиімді, сапалы және қол жетімді дәрілік заттарға қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
23) туризм, дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкілетті орган - Қазақстанда туризмнің, бұқаралық спорттың дамуын, ел тұрғындарының дене шынықтыру мәдениетін нығайтуды қамтамасыз етуші орталық атқарушы орган;
24) жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті орган - жерді ұтымды пайдалануды және қорғауды, жер заңнамасының сақталуын қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
25) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган - өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
26) бәсекелестікті қорғау саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының бұзылуының алдын алуды, анықтау мен жолын кесуді қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
27) жер қойнауларын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган - геологиялық зерделеу саласында мемлекеттік саясатты және бақылауды іске асыруды, жер қойнауларын ұтымды және кешенді пайдалануды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жер қойнауларын пайдалану саласында өзге де функцияларды қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
28) діни істер жөніндегі уәкілетті орган - конфессияаралық қатынастарда тұрақтылық пен келісімді нығайтуды, азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган;
29) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі - қаржылық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал ететін, Қазақстан Республикасының Президентіне есеп беретін Қазақстан Республикасының орталық банкі;
30) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті - бюджеттік қаражаттарды, мемлекеттік мүлікті, соның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің активтерін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының бюджеттік және өзге де заңнамаларының бұзылуын анықтауды, жоюды және жол бермеуді қамтамасыз ететін, сондай-ақ республикалық бюджетке түсімдердің толықтығы мен уақтылығын, салықтық және кедендік әкімшілік етудің тиімділігіне бақылауды жүзеге асырушы Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін сыртқы мемлекеттік қаржы бақылауының жоғары органы болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздерінің құзыреті шегінде:
1) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапкершілік алады;
2) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жоспарлау және өткізу жөнінде ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметіне басшылық етеді;
3) ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің сақталуын қамтамасыз етеді;
5) мемлекеттік құпияларды сақтау саласындағы заңнаманы сақтай отырып, ұлттық қауіпсіздіктің жай күйі мен оны қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы халықты хабардар етеді, насихат және қарсы насихат жұмыстарын жүргізеді;
6) әрекеттері (немесе әрекетсіздігі) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерінің бұзылуына, ұлттық қауіпсіздігіне қауіп-қатерге әкеп соқтыратын лауазымды тұлғаларды, мемлекеттік қызметшілерді тиісті жауапқа тартады.
16-бап. Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және
атқарушы органдарының өкілеттіктері
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді және атқарушы органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде:
1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолданады және жұмысты ұйымдастырады;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген жұмылдыру қуаттары мен жұмылдыру резервтерінің (ресурстарының) сақталуын қамтамасыз етеді;
3) қақтығыстар туындауы кезінде пайдалануға арналған, Қазақстан Республикасының шекаралас аудандарында жабдықталған фортификациялық объектілер мен құрылыстардың сақталуын қамтамасыз етеді.
4-тарау. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету 17-бап. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезіндегі адамның
және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері
1. Қазақстан Республикасы ұлттық заңнама мен халықаралық шарттарға сәйкес өз аумағындағы әрбір адамның және азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мемлекет Қазақстан Республикасынан тысқары жердегі Қазақстан азаматтарын қорғау мен қамқорлыққа алуға кепілдік береді.
2. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылымды, қоғамдық тәртіпті сақтауды, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен адамгершілігін қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, соншалықты тек қана заңдармен шектелуі мүмкін. Бұл орайда аталған тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік органдардан өз құқықтары мен бостандықтарының шектелуі жөнінде түсіндірме алуға құқылы.
3. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде өз өкілеттігін асыра пайдаланған лауазымды тұлғалар заңда белгіленген жауаптылыққа тартылады.
4. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмек көрсететін адамдарға мемлекеттік қолдау жасауға, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды құқықтық жағынан қорғалуына кепілдік беріледі.
18-бап. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
жөніндегі шаралар
1. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мемлекеттің барлық органдары мен лауазымды адамдары, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыруға заңды негізде қатысатын азаматтар мен ұйымдар құзыретінің ара-жігін дәл ажыратқан және олардың келісілген жұмыс істеуін қамтамасыз еткен кезде біртіндеп іске асырылатын біртұтас мемлекеттік саясат арқылы қол жеткізіледі;
2. Қазақстан Республикасы өзінің ұлттық қауіпсіздігін өз билігінде бар барлық, оның ішінде біржақты немесе халықаралық шарттарға сәйкес қолданылатын экономикалық, саяси, әскери, құқықтық, арнаулы (барлау, қарсы барлау) құралдармен және әдістермен қамтамасыз етеді.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптар:
1) елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бағыттары мен кезеңдерін стратегиялық жоспарлау;
2) ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, қабылдау мен орындау кезінде міндетті тәртіпте ескеріледі.
3. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету:
1) осы саладағы мемлекет қызметінің негізгі бағыттарын белгілеу;
2) ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерді, сондай-ақ шетелде Қазақстан Республикасының саяси бастамаларын алға жылжыту мүмкіндіктерін анықтау және болжау;
3) ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатердің алдын алу және оны зарарсыздандыру жөнінде, оның ішінде осы қатерді туғызатын себептер мен жағдайларды жою жөнінде жедел және ұзақ мерзімді шаралар кешенін жүзеге асыру;
4) ұлттық мүдделерге тікелей қатер төнген, оларға қол сұғылған жағдайларда, оның ішінде мемлекетішілік, трансшекаралық және жаһандық сипаттағы тосын және төтенше жағдайлар туындаған жағдайларда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштері мен құралдарын жұмылдыру;
5) ұлттық мүдделерді қорғау жөніндегі шешімдер мен іс-әрекеттерді дереу қабылдау, ұлттық қауіпсіздікке қол сұғатын заңсыз іс-әрекеттердің жолын кесу, өзге де құқық шектеу шараларын жүзеге асыру;
6) ұлттық мүдделерге қол сұғушылыққа байланысты зардаптарды оқшаулау және жою, қалпына келтіру шаралары кешенін жүзеге асыру арқылы ұлттық мүдделерді қорғаудың қажетті деңгейіне қол жеткізу мен оны сақтап отырудан тұрады.
19-бап. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Қоғамдық қауіпсіздік мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың:
1) азаматтардың жеке қауіпсіздігін, олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету кепілдіктерін нығайтуға;
2) қазақстандық патриотизмге және ұлтаралық келісімге негізделген мемлекеттік идеологияны қалыптастыруға;
3) Қазақстан халқының бірлігін және қоғамда тағаттылықты нығайтуға;
4) халықтың табиғи өсімін көтермелеуге және дағдарысты демографиялық үдерістерге қарсы әрекет ету жөнінде уақытылы шаралар қолдануды қамтамасыз етуге;
5) қылмысқа, соның ішінде оның ұйымдасқан нысандарына, сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге және экстремизмге қарсы күресті күшейтуге;
6) жұмыссыздықтың өсуі мен халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуін тежеуге;
7) халықтың денсаулығы мен адамгершілігіне, Қазақстан халқының гендік қорына қауіп төндіретін нашақорлық пен маскүнемдіктің, сондай-ақ басқа да әлеуметтік факторлардың алдын алуға;
8) елдің зияткерлік әлеуетінің төмендеуіне кедергі жасауға;
9) қазақстандық қоғамның тарихи, дәстүрлік, рухани және мәдени құндылықтарын сақтауды қамтамасыз етуге;
10) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылға бағытталған шешімдерімен және іс-қимылдарымен қамтамасыз етіледі.
2. Мыналарға:
1) Қазақстан халқының бірлігін бұзуға және этносаралық және конфессияаралық қатынастардың жай-күйін нашарлатуға;
2) қоғамдық татулықты бұзуға;
3) қоғамдық және діни бірлестіктердің мемлекет істеріне және мемлекеттің қоғамдық және діни бірлестіктердің істеріне заңсыз араласуына;
4) қылмыстылық пен құқық бұзушылықтың өсуіне;
5) білім беру және медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен сапасының төмендеуіне;
6) тарихи және мәдени шара объектілерін жоғалтуға;
7) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуге алып келуге көрінеу ықпал ететін шешімдер қабылдау мен әрекеттер жасауға жол берілмейді.
3. Қоғам салауаттылығына нақты қауіп-қатер туғызатын аса қауіпті және карантиндік жұқпалы аурулары бар шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне рұқсат берілмейді.
Қазақстан Республикасының аумағындағы және қоғам салауаттылығына қауіп-қатер туғызатын жұқпалы аурулары бар шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар елден тысқары шығарылуға тиіс.
20-бап. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Әскери қауіпсіздік:
мемлекеттің қорғаныс қабілетінің қажетті деңгейін қолдаумен;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлік даярлығын қолдаумен;
елдің экономикасы мен халқының жұмылдыру даярлығын қамтамасыз етумен;
қауіпсіздіктің өңірлік және халықаралық құрылымдарының шеңберіндегі әскери ынтымақтастық пен серіктестік қарым-қатынастарды кеңейтумен, әлемде өзара сенімді күшейту және әскери қауіпсіздік деңгейін төмендету мақсатында ядролық қарусыздандыру бастамасын алға жылжытумен;
азаматтық қорғаныстың елдің тұрғындары мен аумағын қорғау даярлығын қолдаумен қамтамасыз етіледі.
2. Мемлекеттің барлық органдары мен лауазымды адамдарының, меншік нысандарына қарамастан ұйымдар мен азаматтардың міндеті:
1) Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін нығайтуға;
2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлік даярлық деңгейін сақтап қалуға және арттыруға;
3) жұмылдырушы қуаттарды сақтауға көмек көрсету мен жұмылдыру резервтер жүйесін жетілдіру болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетіне және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлік даярлығына нұқсан келтіруге қабілетті шешімдер мен іс-қимылдарды қабылдауға тыйым салынады.
4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда:
1) Қазақстан аумағында шет мемлекеттердің әскери базаларын орналастыруға;
2) шет мемлекеттердің әскери құрамаларының, қару-жарақтары мен әскери техникасының Қазақстан аумағы арқылы транзитіне жол берілмейді.
5. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес тартылады.
21-бап. Саяси қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Саяси қауіпсіздік мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың:
1) конституциялық құрылысты, мемлекеттік егемендікті және аумақтық тұтастықты құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауға;
2) саяси шешімдер қабылдауда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін сақтауға;
3) мемлекеттік органдардың қызметін және мемлекеттік басқару тәртібін жетілдіруге;
4) мемлекеттік институттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
5) қоғамның саяси мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған шешімдерімен және іс-қимылдарымен қамтамасыз етіледі.
2. Азаматтардың, соның ішінде саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің:
1) конституциялық құрылысты құлатуға немесе күштеп өзгертуге, соның ішінде лаңкестікке, экстремизмге, сепаратизмге немесе Қазақстан Республикасының біртұтас құрылысына, оның аумағының тұтастығына, қол сұғылмаушылығына және бөлінбейтіндігіне озбырлық жасайтын өзге де іс-әрекеттерге;
2) билікті басып алуға;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкес құрылған немесе сайланған (тағайындалған) Қазақстан Республикасының органдары мен лауазымды тұлғаларының өкілеттігін күш қолданып тоқтатуға немесе қызметіне кедергі келтіруге;
4) орын алып отырған конфессиялық айырмашылықтар мен түрлі діни көзқарастарды саяси, экстремистік және террористік мақсаттарға пайдалануға шақыруы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді және заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады деп танылады.
3. Мемлекеттік институттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары басшыларының міндеті болып табылады және олардың қызметтік іс-қимылын бағалау өлшемдерінің бірі ретінде қарастырылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері өз қызметінде жалпы мемлекеттік мүдделерді басшылыққа алуға міндетті. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік биліктің беделіне күмән келтіруге қабілетті, лауазымдық жағдайын қызметтен тыс мүдделерге пайдалануға әкелетін шешімдер қабылдауына және іс-қимыл жасауына тыйым салынады.
4. Мемлекет:
1) мемлекеттік қызметтің беделі мен абыройын арттыруға;
2) белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін адамдардың мемлекеттік қызметке кіруіне жол бермейтін ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктер қалыптастыруға бағытталған шаралар қолданады.
5. Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының бірыңғай жүйесінің;
2) Қазақстан Республикасының бірыңғай құқықтық жүйесінің қалыптасуы мен үздіксіз жұмыс істеуі мүдделеріне қайшы келетін шешімдер қабылдауға және іс-әрекет жасауға жол берілмейді.
6. Мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалардың:
1) республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражатын, оның ішінде мемлекеттік сатып алуға арналған қаражатты және бөлінетін кредиттік ресурстарды бөлуге;
2) рұқсаттар мен лицензиялар беруге;
3) шаруашылық қызмет субъектілеріне заңнамада белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтар беруге;
4) мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіруге байланысты шешімдер қабылдау рәсімдері заңнамада белгіленген шектерде ашық және бақылаушы сипатта болуға тиіс.
7. Қазақстан Республикасына қарсы зиянкестік қызметті жүзеге асыратын, Қазақстанның егемендігіне, аумақтық тұтастығына, оның халқының бірлігіне, елдегі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылыққа жария қарсы шығатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне жол берілмейді. Қазақстан Республикасының аумағында болатын және осындай мазмұнда ел алдында сөз сөйлеуге жол беретін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ел шегінен қуылады және Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарына сәйкес өзге де жауаптылыққа тартылады.
22-бап. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Экономикалық қауіпсіздік мыналарды:
мемлекет қаржы жүйесінің тұтастығын, тәуелсіздігін және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті қаржылық жүйесінің нақты және ықтимал қауіптерден қорғалу жай-күйін көздейтін қаржылық қауіпсіздікті;
мемлекет тұтынудың физиологиялық нормаларын және демографиялық өсуді қанағаттандыру үшін жеткілікті болатын сапалы және қауіпсіз азық-түлік тауарларына халықтың нақты және экономикалық қол жеткізуін қамтамасыз етуге қабілетті экономиканың, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің қорғалу жай-күйін көздейтін азық-түлік қауіпсіздігін;
мемлекет қоғам мен мемлекеттің энергоресурстарға қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін энергетикалық тәуелсіздік пен олардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті экономиканың жылу-энергетикалық, мұнай-газ және атом-энергетикалық кешендерінің нақты және әлеуетті қауіптерден қорғалу жай-күйін көздейтін энергетикалық қауіпсіздікті;
мемлекет автомобиль, темір жол, әуе, теңіз және өзен көлігі түрлерімен тасымалдарда және олармен байланысты қызметтерде экономика мен тұрғындардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жағдай жасауды, көлік инфрақұрылымын қалыптастыруды және дамытуды қамтамасыз етуге қабілетті, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын тұрақты дамыту мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуді нақты және әлеуетті қатерлерден экономиканың көлік саласы қорғалуының жай-күйін көздейтін көлік қауіпсіздігін қамтиды.
2. Экономикалық қауіпсіздік мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалар мен азаматтардың:
1) ұлттық экономиканың, оның ішінде оның индустриялық-инновациялық құрамдас бөліктерінің тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз етуге;
2) Қазақстанның қаржылық, энергетикалық, азық-түлік және көліктік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге;
3) Қазақстанның дүниежүзілік экономикалық жүйеден экономикалық оқшаулануына жол бермеуге;
4) экономикалық шешімдерді қабылдауда, соның ішінде экономикалық кірігудің ұлттық органдардан жоғары тұратын органдар шеңберінде шешімдер қабылдауда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін сақтауға;
5) экономиканы әрі қарай әртараптандыру, ел экономикасының ресурстық-энергетикалық негізін сақтау мен нығайтуға;
6) Қазақстанның геосаяси айналасында туындайтын теріс факторлардың әсерінен мемлекет экономикасының осал деңгейін барынша азайтуға;
7) отандық және халықаралық қаржы институттарымен өзара тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етуге, отандық экономиканы қалпына келтіру мен дамытуға арналған ішкі, сыртқы кредиттік ресурстар мен инвестициялық мүмкіндіктер бағытының басымдығына;
8) мемлекеттік бюджет тапшылығының шекті рұқсат етілетін деңгейінен асып кетпеуіне және оның кіріс бөлігін нығайтуға;
9) бюджет қаражаты мен мемлекеттік ресурстардың мақсатсыз пайдаланылмауына жол бермеуге, көлеңкелі экономика көлемін қысқартуға;
10) сыртқы қарыздың «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мөлшерге қарағанда ұлғайып кетуіне жол бермеуге;
11) Қазақстан өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы қатерлі теңдессіздікке жол бермеуге;
12) бәсекені көтермелеу және монополизмді шектеу жағдайында ел экономикасында отандық тауарларды өндіру мен қызмет көрсету үлесін арттыруға;
13) Қазақстан Республикасында өндірілетін, әкелінетін және өткізілетін тауарлардың және қызметтер көрсетудің физикалық және экономикалық қолжетімділігін, олардың сапасы мен қауіпсіздігі деңгейіне қойылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге;
14) отандық тауарлар мен қызметтер көрсетудің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға;
15) ішкі және сыртқы қолайсыз факторлардың әсеріне қарамастан азық-түлік тауарларының мемлекеттік ресурстарында басымдық қалыптастыруды, жаңартуды және толықтыруды қамтамасыз етуге;
16) экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпкерлер қауымдастықтарының (одақтарының) рөлін арттыруға;
17) экономиканың жай-күйі және шет мемлекеттермен тауарлы-экономикалық қатынастар туралы ақпараттың қол жетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шешімдермен және іс-қимылдармен қамтамасыз етіледі.
3. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау, оның ішінде өнеркәсіптік әлеуетті сақтау мен нығайту мақсатында мемлекет шетелдік инвесторларға берілетін кепілдіктерді сақтай отырып, Қазақстан экономикасының шетелдік ұйымдар мен шетелдіктер қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншігіндегі объектілердің жай-күйі мен пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.
4. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының стратегиялық ресурстарын пайдалану жөніндегі келісім-шарттар жасалған (өзгертілген), осы келісім-шарттарды орындаған және олардың орындалуын бақылаған кезде, сондай-ақ мемлекеттік орган жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану құқығын басқа тұлғаға ішінара немесе толық беруіне рұқсат беруі немесе рұқсат беруден бас тартуы туралы шешім қабылдаған кезде және жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы қатысу үлесін (акциялар пакетін) иеліктен айыруға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту кезінде міндетті түрде ескеріледі.
Бұл ретте мемлекеттік орган өтінім берушіге осы тармақта көзделген мәмілелерді жасауға рұқсат беруден, егер бұл бір елден шыққан бір тұлғада немесе тұлғалар тобында операциялар жүргізу құқықтарының шоғырлануына әкеп соғатын болса, бас тартуға құқылы.
Үлестес тұлғалармен мәмілелерге қатысты да осы шарттың сақталуы міндетті.
5. Мыналарға:
1) оның шегінде еңбек, қаржы және өзге де ресурстардың еркін орын ауыстыруы жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының нарықтық кеңістігінің;
2) Қазақстан Республикасының қаржылық жүйесінің, оның ішінде елдің бүкіл аумағында ұлттық валюта - теңге айналысының;
3) Қазақстан Республикасының біртұтас және дербес коммуникациялық және энергетикалық жүйелерінің қалыптасуы мен үздіксіз жұмыс істеуі мүдделеріне қайшы келетін қабылдауға және іс-қимыл жасауға жол берілмейді.
6. Мыналарға:
1) Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына және экономикасына инвестициялардың ағынына кедергі жасайтын;
2) капиталдың және тауарлардың елден сыртқа бақылаусыз әкетілуіне ықпал ететін;
3) тауарлар мен қызметтерге бағалардың негізсіз өсуіне ұрындыратын;
4) халықтың денсаулығы мен өміріне қауіпті тауарлар мен қызметтердің ішкі нарыққа әкелінуіне ықпал ететін;
5) ұлттық мүдделерге залал келтіре отырып, пайдалы қазбалардың кен орындарын және экономика объектілерін шаруашылық жүргізуші субъектілерге беруге ықпал ететін шешімдер қабылдауға және іс-әрекетке тыйым салынады және жауаптылыққа әкеп соғады.
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының стратегиялық ресурстарына (объектілеріне) меншік құқығының ауысуына және туындауына шектеу қояды.
8. Қазақстан Республикасының Үкіметі экономикалық қауіпсіздік жай-күйі нашарлаған кезде тауарлардың экспорты мен импортына уақытша тыйым салуды және шектеу қоюды енгізуге құқылы.
23-бап. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Ақпараттық қауіпсіздік мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:
1) Қазақстанның ақпараттық тәуелділігіне жол бермеуге;
2) басқа мемлекеттердің, ұйымдар мен жекелеген адамдардың тарапынан ақпараттық экспансия жасау мен қоршауға алудың алдын алуға;
3) Қазақстан Республикасының Президентін, Парламентін, Үкіметін және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуші күштерді ақпараттық жағынан оқшаулауға жол бермеуге;
4) Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін сақтау мақсатында, оның ішінде ерекше кезеңде әрі табиғи, техногендік және антропогендік сипаттағы төтенше жағдайлар, карантиндер, өзге де төтенше жағдайлар туындаған кезде байланыс желілерінің үздіксіз және тұрақты пайдаланылуын қамтамасыз етуге;
5) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің және өзге де заңмен қорғалатын құпияның таралуы мен жоғалуын айқындауға, алдын алуға және жолын кесуге;
6) қоғамдық және жеке санаға теріс ақпараттық ықпал етуге жол бермеуге, оның салдарын азайтуға және оның алдын алуға;
7) мемлекеттік шешімдер әзірлеу мен қабылдау үдерісіне жасырын теріс ақпараттық ықпал ету тетіктерін табуға және бұзуға;
8) ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді және мемлекеттік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер айналыста болатын байланыс инфрақұрылымын қорғаудың тиімді жүйесін қолдауға және дамытуға бағытталған шешімдері мен іс-әрекеттері арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Қазақстан Республикасында ақпаратты, оның ішінде мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қорғаудың ұлттық жүйесі құрылып, нығайтылады.
3. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау және ақпараттық оқшаулануын болдырмау мақсатында мемлекеттік уәкілетті органдар инвесторларға берілетін кепілдіктерді сақтай отырып, магистралдық байланыс желілерін басқару мен пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметіне, сондай-ақ шетел қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншігіндегі байланыс желілеріне заңнамада айқындалған тәртіппен бақылау жасауды жүзеге асырады.
4. Жеке және заңды тұлғалар байланыс желілерін салу, пайдалану және дамыту мәселелері жөнінде шешім қабылдау кезінде байланыс саласындағы уәкілетті орган белгілейтін Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін сақтау талаптарын басшылыққа алуға тиіс.
Терроризмге қарсы операциялар жүргізген және жаппай тәртіпсіздіктің жолын кескен кезде жедел штаб басшысының шешімі бойынша байланыс желілерінің иелері мен операторларына жеке және (немесе) заңды тұлғаларға байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұру және (немесе) байланыс желілері мен құралдарын пайдалануды шектеу, сондай-ақ байланыс желілері мен құралдарының жұмыс режимін өзгерту туралы орындалуға міндетті нұсқау берілуі мүмкін.
5. Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігін қалыптастыру және оның үздіксіз жұмыс істеуі;
2) Қазақстанның әлемдік байланыс және ақпараттандыру жүйесіне кіруі;
3) Қазақстан Республикасының ақпараттық ресурстарын, ақпараттық жүйелерін және байланыс инфрақұрылымын қорғауды қамтамасыз ету және оның деңгейін арттыру ұлттық мүдделерін қайшы келетін шешімдер қабылдауға және іс-әрекет жасауға жол берілмейді.
6. Мыналарға:
1) мазмұны ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының баспа өнімдері мен өнімін Қазақстан Республикасының аумағында таратуға;
2) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны жариялауға;
3) шетелдік жеке және заңды тұлға, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасындағы заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің немесе осы салада қызметін жүзеге асыратын акциялар пакетінің (үлесінің, пайлардың) 20 пайызынан астамын тікелей және (немесе) жанама түрде иеленуіне, пайдалануына, билік етуіне және (немесе) басқаруына;
4) шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік заңды тұлғалардың магистралдық байланыс желілерін басқаруына және пайдалануына;
5) басқару орталығы Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан байланыс желілерін оның аумағында құруға және пайдалануға;
6) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретінде байланыс жолын иеленуші және (немесе) оларды басқару немесе пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымның дауыс беретін акцияларының, сондай-ақ үлестерінің, пайларының 10 пайызынан астамын байланыс және ақпарат саласындағы уәкілетті органның келісімінсіз жеке және заңды тұлғалардың дербес немесе топ құрамында сатып алуына немесе өзгеше меншікке алуына;
7) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретінде телекоммуникация саласындағы қызметті жүзеге асыратын, жер бетіндегі (кәбілдік, оның ішінде талшықты-оптикалық, радиорелелік) байланыс желілерін иеленетін заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының, сондай-ақ үлестерінің, пайларының жиынтығында 49 пайыздан астамын шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік заңды тұлғалардың тікелей және (немесе) жанама иеленуіне, пайдалануына, билік етуіне және (немесе) басқаруына;
8) жедел іздестіру іс-шараларын қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сай келмейтін байланыс желілерін пайдалануға беруге тыйым салынады.
7. Байланыс саласында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың акцияларын (үлестерін, пайларын) иелену немесе олардың қызметіне қатысу бөлігіндегі өзге де шектеулер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
24-бап. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Экологиялық қауіпсіздік мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен лауазымды тұлғалардың:
1) табиғи ресурстарды сақтауға, ұтымды пайдалануға және қалпына келтіруге;
2) қоршаған орта мен ел халқы үшін антропогендік факторлардың қауіптілік деңгейін азайтуға;
3) өндірістік күштерді дамыту мен орналастырудың экологиялық-экономикалық теңгерімділігін қамтамасыз етуге;
4) қоршаған орта мен Қазақстан халқы үшін экологиялық апат аймағының теріс салдарын жоюға;
5) экономиканы, заңнаманы және қоғамды экологияландыруға мемлекеттің тұрақты дамуы үшін барлық қоғамдық қатынастарды реттеуге экожүйелік көзқарас орнатуға;
6) қоғамдық санаға экологиялық мәдениетті қалыптастыруға экологиялық тәрбиелеу мен білім беру жүйесін жақсартуға;
7) халықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізуін және оның экологиялық проблемаларды шешуге қатысуын қамтамасыз етуге;
8) төтенше жағдайлардан туындайтын қауіптерді азайтуға және төтенше жағдайлардың зардаптарын жеңілдетуге;
9) халықаралық ынтымақтастықта әріптестік қатынастар орнату және халықаралық құқық нормаларын сақтауға бағытталған шешімдерімен және іс-қимылдарымен қамтамасыз етіледі.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды тұлғалардың міндеті:
1) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қорғау;
2) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптары мен нормаларын мүлтіксіз сақтау;
3) ел аумағының радиоактивті, химиялық ластануына, бактериологиялық зарарлануына жол бермеу;
4) экологиялық қауіпті және жетілдірілмеген технологиялардың қолданылу ауқымын қысқарту;
5) шаруашылық және өзге де қызметтің келеңсіз экологиялық зардаптарын жою;
6) қоршаған ортаға және адамның денсаулығына келтірілген залалға өтемақы төлеу;
7) басқару органдары мен күштерін төтенше жағдайлардың зардаптарының алдын алу мен оларды жою жөніндегі, зақымдаудың қазіргі заманғы құралдарының дамуын ескере отырып, азаматтық қорғаныс жөніндегі іс-қимылдарға міндетті түрде даярлау, төтенше жағдайлар қаупі туындаған жағдайда тұрғындарды іс-қимыл жасауға үйрету;
8) болжанған және туындаған төтенше жағдайлар, олардың алдын алу мен оларды жою жөнінде қабылданған шаралар туралы тұрғындар мен ұйымдарға жария ету және ақпарат беру;
9) төтенше жағдайларға және авариялық-құтқару мен басқа да кейінге қалдыруға болмайтын жұмыстарға жедел ден қоюға азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарының тұрақты түрде даярлығын қамтамасыз ету болып табылады.
25-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық
қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысуы
1. Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздіктің халықаралық кепілдіктерін алу мақсатында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі болып табылатын халықаралық (жаһандық, өңірлік) қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысады.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметі:
1) ғаламдық бейбітшілік тәртібін қалыптастыру мәселелерінде Қазақстанның рөлін нығайтуды;
2) Қазақстанның геосаяси айналасында ұжымдық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін қалыптастыру мен нығайтуды;
3) Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің мүдделеріне сай қызмет істейтін халықаралық ұйымдар мен форумдарға қатысуды;
4) елден тыс жерлерде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға қатысуды;
5) қажет болған жағдайларда шектес мемлекеттермен бірлесіп, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді шешуді;
6) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мүдделеріне сай келетін халықаралық шарттарды жасасуды көздейді.
26-бап. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі
іс-шараларды қаржыландыру
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызмет бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады.
5-тарау. Қорытынды ережелер 27-бап. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің қолданылуын қадағалау
Осы Заңның және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәл және біркелкі қолданылуына жоғары дәрежелі қадағалауды Қазақстан Республикасының Прокуратурасы жүзеге асырады.
28-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік
саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
29-бап. Осы Заңның өзге де нормативтік құқықтық
актілермен арақатынасы
Осы Заңның нормалары ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жекелеген бағыттары мен әдістерін регламенттейтін заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау үшін негіз болып табылады.
30-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 26 маусымдағы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 11-12, 173-құжат; 2000 ж., № 5, 115-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 16, 70-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 20, 153-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті