Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 20 қазандағы № 1195 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Хозеұлы Қазыхановқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, ол Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімге қол қойсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
           Премьер-Министрі                      К. Мәсімов

жоба  

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң      
2011 жылғы 20 қазандағы
№ 1195 қаулысымен  
мақұлданған     

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан
Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің
ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі,
      екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту,
      Қазақстан Республикасының Әзірбайжан Республикасындағы және Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің болуы мен жұмыс істеуінің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында,
      1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Қазақстан Тарабы Әзірбайжан Тарабына Қазақстан Республикасындағы Әзірбайжан Республикасы Елшілігінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласындағы Президенттік саябақ ауданында Ш.Қалдаяқов көшесінің оңтүстігіне қарай жалпы алаңы 0,5 га жер учаскесін қырық тоғыз (49) жыл мерзімге, жылына 1 теңге мөлшеріндегі жалға алу ақысымен жерді өтемді пайдалануға (жалға алуға) береді.
      Әзірбайжан Тарабы Қазақстан Тарабына Әзірбайжан Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің ғимараттарын салу үшін Баку қаласындағы Хатаин ауданының Н.Рафиев көшесінің 1210 кварталында жалпы алаңы 0,5 га жер учаскесін қырық тоғыз (49) жыл мерзімге, жылына 1 манат мөлшеріндегі жалға алу ақысымен жерді өтемді пайдалануға (жалға алуға) береді.
      Тараптар осы бапта көрсетілген жер учаскелерінің жалға алу төлемін біржолғы тәртіппен осы Келісім күшіне енген күннен бастап 180 күннен кешіктірмей төлеуге міндеттенеді.

2-бап

      Тараптардың осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін кеңейтуге, сатуға, ауыртпалық түсіруге немесе үшінші тараптарға қосалқы жалға тапсыруға құқығы жоқ.

3-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелері қарыздардан, ауыртпалықтардан және үшінші тараптардың құқықтарынан бос, олар осы Келісімнің мақсаттарында пайдалануға кедергі келтірмейтіндей сипатта беріледі.

4-бап

      Тараптар дипломатиялық өкілдіктердің объектілерін жобалау және салу кезінде болу мемлекетінің қала құрылысы және сәулет саласындағы ұлттық заңнамасын сақтауға міндеттенеді.

5-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемді қоспағанда, болу мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес алынатын барлық салықтардан, алымдардан, баждардан тепе-теңдік негізде босатылады.

6-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде салынған ғимараттар мен құрылыстар болу мемлекетінің оларды сатып алуға деген артықшылықты құқығын ескере отырып сатылуы мүмкін.
      Осы Келісімнің қолданысы сатылған жылжымайтын мүлікке қатысты автоматты түрде тоқтатылады.

7-бап

      Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде жерге орналастыру және топографиялық-геодезиялық, ғимаратты жобалау және құрылысын салу сараптамасы сияқты нақты жұмыс түрлеріне арналған барлық шығыстарды, сондай-ақ оны күтіп ұстауға және жөндеуге, электр қуатымен, газбен, сумен және жылумен жабдықтауға, байланыс қызметтері мен басқа да нақты қызмет көрсету түрлері үшін шығыстарды болу мемлекетінің қолданыстағы нормативтері мен тарифтеріне сәйкес дербес төлейді.

8-бап

      Тараптар болу мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген барлық қолданылатын рәсімдерді міндетті түрде сақтаған жағдайда, Тараптар осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерінде жобалық құжаттаманы келісуде және бекітуде, ғимараттар мен қосалқы құрылыстарды салуға рұқсат беруді ұйымдастыруда бір-біріне жәрдем көрсетеді.

9-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өзара негізде ғимараттар мен құрылыстарға меншік құқықтарын және осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген жер учаскелерін жалға алу құқығын заңды түрде ресімдеуді қамтамасыз етеді.

10-бап

      Өз мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметін қамтамасыз ету мақсаты үшін осы Келісімнің 1-бабында көрсетілгеннен басқа жер учаскелерін Тараптардың жалға алуы жеке халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылады.

11-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің 13-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде туындауы мүмкін барлық дауларды өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешеді.

13-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар бойынша алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім қырық тоғыз (49) жыл ішінде қолданыста болады, егер Тараптардың бірде-бірі осы мерзім өткеннен дейін дипломатиялық арналар арқылы оның қолданысын өзінің ұзартпау ниеті туралы ағымдағы қырық тоғыз жылдық кезең өткенге дейін кемінде 1 жыл бұрын екінші Тарапты жазбаша нысанда хабардар етпесе, келесі қырық тоғыз жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      2011 жылғы «___» ______ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, әзірбайжан және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының            Әзірбайжан Республикасының
           Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады