Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «KAZSAT-2» байланыс және хабар тарататын қазақстандық жер серігін жасау және ұшыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 3 қарашадағы № 1290 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2011 жылғы 16 шілдеде Байқоңыр қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «KAZSAT-2» байланыс және хабар тарататын қазақстандық жер серігін жасау және ұшыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «KAZSAT-2» байланыс және хабар тарататын қазақстандық жер серігін жасау және ұшыру саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

(2011 жылғы 2 желтоқсанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 2, 24-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      2008 жылғы 22 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін ескере отырып,
      2008 - 2011 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын назарға ала отырып,
      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін игеру және пайдалану саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мүдделерін басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты «KAZSAT-2» байланыс және хабар тарататын қазақстандық жер серігін (бұдан әрі - «KAZSAT-2» жер серігі) жасау және геостационарлық орбитаға шығару және оның негізінде қазақстандық ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесін құру саласындағы Тараптардың ынтымақтастығын жүзеге асырудың негізгі қағидаттары мен шарттарын айқындау болып табылады.

2-бап

      Осы Келісімді орындау үшін ынтымақтастық халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларын сақтай отырып, Тараптардың өз мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерді орындауына залал келтірілместен Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.

3-бап

      Осы Келісім бойынша уәкілетті органдар:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігі және Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі;
      Ресей тарапынан - Федералдық ғарыш агенттігі және Ресей Федерациясының Байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі болып табылады.
      Осы Келісімнің шеңберінде «KAZSAT-2» жер серігін әзірлеу, дайындау, геостационарлық орбитаға ұшыру және кейіннен пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында жерүсті басқару кешенін және Қазақстандық ғарыштық байланыс пен хабар тарату жүйесінің байланыс мониторингі жүйесін құруға және пайдалануға байланысты нақты жұмыстарды (қызметтерді) орындау бойынша ынтымақтасушы ұйымдар (бұдан әрі - ынтымақтасушы ұйымдар):
      Қазақстан Тарапынан - «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамы;
      Ресей Тарапынан - «М.В. Хруничев атындағы Мемлекеттік ғарыш ғылыми-өндірістік орталығы» федералдық мемлекеттік біртұтас кәсіпорны және «Ғарыштық байланыс» федералдық мемлекеттік біртұтас кәсіпорны болып табылады.
      Тараптар уәкілетті органдар және (немесе) ынтымақтасушы ұйымдар ауысқан немесе қосымша тағайындалған жағдайда дипломатиялық арналар арқылы дереу бір-бірін жазбаша түрде хабардар етеді.

4-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында орындалатын (көрсетілетін) және ұсынылатын жұмыстарға (қызметтерге) жататын ұйымдастырушылық, қаржылық, құқықтық және техникалық сипаттағы қағидаттар, нормалар және рәсімдер ынтымақтасушы ұйымдардың арасындағы жекелеген келісімшарттардың (шарттардың) мәнін құрайды.
      Жекелеген келісімшарттарда (шарттарда) ынтымақтасушы ұйымдар, атап айтқанда:
      «KAZSAT-2» жер серігінің, жерүсті басқару кешенінің және қазақстандық ғарыштық байланыс пен хабар тарату жүйесінің байланыс мониторингі жүйесінің сипаттамасын;
      «KAZSAT-2» жер серігін геостационарлық орбитаға ұшыру шарттарын;
      «KAZSAT-2» жер серігін пайдалануға қабылдау және оның меншік құқығына өту шарттарын;
      жерүсті басқару кешенінің және байланыс мониторингі жүйесінің объектілерін пайдалану шарттарын, сондай-ақ қазақстандық қызметкерлерді даярлау мен оқыту шарттарын айқындайды.
      Тараптар, «KAZSAT-2» жер серігіне меншік құқығы ресейлік ынтымақтасушы ұйымнан тапсырыс беруші ретінде қазақстандық ынтымақтасушы ұйымға Тараптардың тиісті ынтымақтасушы ұйымдары «KAZSAT-2» жер серігін пайдалануға қабылдап алу туралы актіге қол қойған сәттен бастап өтетінін назарда ұстайды.
      Тараптар ынтымақтасушы ұйымдар жасасқан келісімшарттардан (шарттардан) туындайтын міндеттемелер бойынша жауап бермейді.

5-бап

      Осы Келісімнің шеңберінде жасалатын «KAZSAT-2» жер серігі геостационарлық орбитаға шығарылады және уақытша берілетін үйлестірілген ресейлік орбиталық жайғасымда орналастырыла алады.
      «KAZSAT-2» жер серігі үшін геостационарлық орбитада нақты орбиталық жайғасымды пайдалану шарттары тиісті жайғасымдарды және жиілік иемденулерді бөлу мәселелері бойынша белгіленген тәртіппен өзара ic-қимыл жасайтын Тараптар мемлекеттерінің байланыс әкімшіліктері (бұдан әрі - байланыс әкімшіліктері) арасындағы жекелеген келісімде айқындалады.

6-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің байланыс әкімшіліктері арқылы Халықаралық электр байланысы одағында орбиталық-жиіліктік иемденуді үйлестіру мен қорғау мәселелерінде өзара жәрдем көрсетеді және осы мақсаттарда орбиталық-жиіліктік иемдену мәселелері бойынша ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

7-бап

      Қазақстан Тарапы 1975 жылғы 14 қаңтардағы Ғарыш кеңістігіне ұшырылатын объектілерді тіркеу туралы конвенцияға сәйкес «KAZSAT-2» жер серігін ғарыштық объект ретінде тіркеуді қамтамасыз етеді.

8-бап

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес осы Келісімнің шеңберінде жұмыстарды орындау (қызметтер көрсетуде) барысында жасалатын немесе ұсынылатын зияткерлік меншік құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.
      2. Осы Келісім шеңберінде бірлескен қызметті жүзеге асыру Тараптардың немесе бірлескен қызмет қатысушыларының, кез келген бірлескен қызмет басталғанға дейін құқықтарын алып немесе белгілеп қойған зияткерлік меншіктің, не өзіндік қызметтің немесе өзіндік зерттеудің нәтижелері болып табылатын зияткерлік меншіктің құқықтарын қозғамайды.

9-бап

      1. Тараптар, олардың уәкілетті органдары және ынтымақтасушы ұйымдар Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларының талаптарында таратылуына шектеулер қойылмаған ақпарат және қажет болған жағдайда жасырын ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
      2. Осы Келісімнің мақсаты үшін жасырын ақпарат құпия ақпарат болып табылмайтын қол жеткізуге шектеулі ақпарат дегенді білдіреді. Жасырын ақпаратты осындай ақпарат деп Тараптар, оның уәкілетті органдары және ынтымақтасушы ұйымдар көрсетілген ақпараттың жеткізгішіне «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгі қойып таңбалайды.
      Мұндай таңбалау үшін жауапкершілік ақпаратты осындай жасырындылықты талап ететін сол Тарапқа, уәкілетті органға немесе ынтымақтасушы ұйымға жүктеледі.
      Тараптардың әрқайсысы, оның уәкілетті органы немесе ынтымақтасушы ұйым екінші Тараптан, оның уәкілетті органынан немесе ынтымақтас ұйымнан алған жасырын ақпаратты өз мемлекетінің заңнамасына және ынтымақтасушы ұйымдардың арасындағы жеке келісімшарттарға (шарттарға) сәйкес қорғалуын қамтамасыз етеді.
      3. Осы Келісім шеңберінде орындалған бірлескен әзірлемелер туралы кез келген ақпарат үшінші тараптарға олардың берілетін ақпаратқа қатысты құзыретіне сәйкес тек Тараптардың немесе олардың уәкілетті органдарының немесе ынтымақтасушы ұйымдарының жазбаша түрдегі өзара келісімі бойынша беріле алады.
      4. Осы Келісімде ештеңе де осы Келісім шеңберіндегі кез келген Тараптың кез келген ақпаратты беруге міндеттемесі ретінде немесе егер мұндай беру өз мемлекетінің қауіпсіздік мүдделеріне қайшы келетін болса, басқа да кез келген ақпаратты беру үшін қандай да бір негіз ретінде қарастырылмайды.
      5. Егер Тараптардың кез келгені мемлекетінде құпия ақпарат санатына жатқызылған нақты ақпаратты Тараптар осы Келісімді іске асыру мақсатында беруді қажет деп мақұлдаса, онда мұндай ақпаратты беру және онымен жұмыс істеу тәртібі Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларымен және 2004 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы құпия ақпаратты өзара қорғау туралы келісіммен, сондай-ақ қажет болған жағдайда Тараптар арасындағы басқа жеке жазбаша түрдегі келісімде реттеледі.

10-бап

      Тараптар және олардың уәкілетті органдары өзара келісімі бойынша осы Келісімнің шеңберіндегі бірлескен қызмет туралы қоғамдастықты хабардар ете алады.

11-бап

      1. Осы Келісімді талқылауға және (немесе) орындауға байланысты Тараптар арасындағы туындаған даулар бірінші кезекте уәкілетті органдар арасындағы келіссөздер немесе консультациялар арқылы шешіледі. Егер дау осындай рәсім арқылы реттелмеген жағдайда, Тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша ол Тараптар арасындағы келіссөздер немесе консультациялар арқылы реттелуге жатады.
      2. Егер дау кез келген Тараптың өзге Тарапқа оларды өткізу туралы жазбаша өтініш жіберген күннен бастап алты айдың ішінде Тараптар арасында келіссөздер немесе консультациялар арқылы реттелмеген жағдайда, оның шешу әдістеріне қатысты Тараптар арасында өзге уағдаластықтар жоқ болған жағдайда Тараптардың кез келгенінің өтініші бойынша ол төрелік соттың талқылауына беріледі.
      3. Әр нақты жағдайда төрелік сот бөлек ұйымдастырылады.
      Тараптар бір-бір төрешіден тағайындайды, ал сол екі төреші үшінші төрешіні - үшінші мемлекет азаматын төрелік сотының төрағасы ретінде тағайындайды.
      Бірінші екі төреші екі ай аралығында, ал төрелік сот төрағасы - Тараптың бірі басқа Тарапқа дауды төрелік соттың талқылауына беру ниеті туралы хабарлаған сәттен бастап үш ай аралығында тағайындалады. Егер төрешілер осы бапта көрсетілген мерзімдерде тағайындалмаған жағдайда, өзге уағдаластықтар жоқ болған жағдайда, кез келген Тарап Халықаралық Сот төрағасына қажетті тағайындауларды өткізу үшін өтіне алады. Егер Халықаралық Соттың төрағасы Тараптар мемлекеттерінің кез келгенінің азаматы болса немесе ол қандай да бір себеп бойынша бұл функцияны орындай алмаса, одан кейінгі қызметі бойынша жоғары тұратын Халықаралық Соттың, Тараптар мемлекеттерінің кез келгенінің азаматы емес мүшесі қажетті тағайындауларды жүргізеді.
      4. Төрелік сот өз шешімін көпшілік дауыспен шығарады.
      Егер Тараптар шағым беру рәсімі туралы алдын ала жазбаша түрде келіспесе, осы шешім түпкілікті болады және шағымдануға жатпайды.
      5. Төрелік талқылау кезінде әрбір Тарап өзінің төрешісі және өз адвокатының қызметіне байланысты шығыстарды көтереді.
      Төрелік талқылау кезінде Төрелік сот төрағасының қызметіне байланысты шығыстарды Тараптар бірдей үлесте көтереді.
      Өзге мәселелердің барлығы бойынша Төрелік сот өз жұмыс тәртібін өзі белгілейді.

12-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы жазбаша нысанда соңғы хабарламаны дипломатиялық арналар бойынша алған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім Тараптар, олардың уәкілетті органдары және ынтымақтасушы ұйымдар өздеріне алған міндеттемелерді толық орындағанға дейін қолданылады.
      3. Тараптардың кез келгені екінші Тарапқа осы Келісімнің қолданылуын тоқтату болжамдалған күнге дейін кемінде алты ай бұрын оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар бойынша жазбаша хабарлама жіберу жолымен оны тоқтата алады.
      4. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданылуы тоқтатылғанға дейін заңды тұлғалардың осы Келісімнің орындалуына байланысты туындаған құқықтарын немесе міндеттемелерін қайта қарау үшін құқықтық негіз бола алмайды.
      5. Осы Келісімге Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалар жасасу арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізуі мүмкін.

      2011 жылғы 16 шілдеде Байқоңыр қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының        Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

      2011 жылғы 16 шілдеде Байқоңыр қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «KAZSAT-2» байланыс және хабар тарататын қазақстандық жер серігін жасау және ұшыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

        Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
         Халықаралық құқық
           департаменті
      Директорының орынбасары                        А.Исетов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады