Ескерту. Күші жойылды - ҚР Yкiметiнiң 30.06.2015 № 495 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізiледі) қаулысымен.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 53-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Паллиативтік көмек және мейірбике күтімін көрсету қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 15 қарашадағы
№ 1343 қаулысымен
бекітілген
Паллиативтік көмек және мейірбике күтімін көрсету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Паллиативтік көмек және мейірбике күтімін көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 53-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және меншік нысанына қарамастан, медициналық ұйымдардың паллиативтік көмек және мейірбике күтімін көрсету тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) паллиативтік көмек - мақсаты денсаулық сақтау ұйымы берген медициналық қорытындымен расталған терминалдық (соңғы) сатыдағы сырқаты дауасыз пациенттердің өмір сүру сапасын және жалпы жағдайын жақсарту болып табылатын медициналық және әлеуметтік қызмет бағыты;
2) мейірбике күтімі - денсаулық сақтау ұйымы берген медициналық қорытыңдымен расталған ауыр сырқаты бар тұлғаларға психологиялық және әлеуметтік көмек пен тұрмыстық күтім көрсету жөніндегі медициналық және әлеуметтік қызметтің бағыты;
3) Ауруханаға жатқызу бюросы порталы (бұдан әрі - Портал) - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде пациенттерді стационарға жоспарлы түрде жатқызу жолдамаларын электрондық тіркеудің, есепке алудың, пысықтаудың және сақтаудың бірыңғай жүйесі;
4) стационарлық көмек - тәулік бойы медициналық бақылау жасалып, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек ұсыну нысаны;
5) стационарды алмастыратын көмек - бір күннің ішінде ұзақтығы төрт сағаттан сегіз сағатқа дейін медициналық бақылау жасалып, дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек ұсыну нысаны.
3. Паллиативтік көмек аурудың терминалдық (соңғы) сатысындағы дауасыз науқастарға мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерде, дербес медициналық ұйымдарда (хоспистарда) немесе үйдегі стационар нысанында дәрігердің басшылығымен көрсетіледі.
4. Мейірбике күтімі дәрігерлік бақылауды талап етпейтін жағдайларда мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерде, дербес медициналық ұйымдарда (мейірбике күтімі ұйымдарында) немесе үйдегі стационар нысанында жүзеге асырылады.
5. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (бұдан әрі - ТМККК) тізбесіне кірмейтін паллиативтік көмекті және мейірбике күтімін көрсету қызметтері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен ақылы негізде көрсетіледі.
2. Паллиативтік көмекті және мейірбике күтімін көрсету тәртібі
6. Паллиативтік көмекті және мейірбике күтімін көрсету үшін науқастарды ауруханаға жатқызу үшін мыналар айғақтар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген паллиативтік көмекке және мейірбике күтіміне жататын халық санаттары тізбесіне сәйкес аурулары немесе жай-күй;
2) науқасты кейіннен амбулаториялық жағдайда емдеуге ауыстыру үшін қолдаушы, ауырсындырмайтын терапияны таңдау қажеттілігі;
3) әлеуметтік-психологиялық мынадай айғақтардың болуы: депрессия жағдайы, реактивті жағдай немесе отбасындағы дау-жанжал жағдайы, науқастың күтімі үшін тұрмыс жағдайларының болмауы.
7. Науқастарға паллиативтік көмек және мейірбике күтімі стационарлық көмек және стационарды алмастыратын көмек нысанында көрсетіледі.
8. Пациентті ТМККК шеңберінде стационарға жатқызу:
1) стационарға емдеуге жатқызу күні туралы пациентке немесе оның заңды өкіліне хабарлай отырып, Портал арқылы бастапқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі - БМСК) мамандарының немесе медициналық ұйымның бейінді маманының жолдамасы бойынша жоспарлы тәртіппен;
2) жолдаманың болуына қарамастан, шұғыл айғақтары бойынша жүзеге асырылады.
9. Паллиативтік көмекті және мейірбике күтімін көрсету нысанындағы стационарды алмастыратын көмек бір күннің ішінде ұзақтығы төрт сағаттан сегіз сағатқа дейін білікті медициналық көмек және мейірбике күтімі түрінде жүзеге асырылады.
10. Пациентті емдеу кезінде:
1) күндізгі стационарда денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) бекіткен нысан бойынша күндізгі стационар науқасының картасы толтырылады;
2) үйдегі стационарда уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша үйдегі стационар науқасының картасы толтырылады.
11. Пациент туралы мәліметтер мынадай бастапқы медициналық есепке алу құжаттамасында:
1) уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша күндізгі стационар (емхана) науқастарын есепке алу журналында;
2) уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша үйдегі стационар науқастарын есепке алу журналында тіркеледі.
12. Пациентке паллиативтік көмек көрсетілген кезде күндізгі стационар (емхана) және үйдегі стационар дәрігері пациентті күн сайын тексеріп-қарап, емдеуге түзету жүргізеді.
13. Пациентке мейірбике күтімін көрсету кезінде күндізгі стационардың (емхананың) және үйдегі стационардың орта медицина қызметкері күн сайын күтімді жүзеге асырады.
14. Психологиялық және моральдық қолдау түріндегі паллиативтік көмек емдеудің басқа да түрлерімен қатарлас кез келген созылмалы, инкурабелді аурудың ерте сатысында жүзеге асырылуы мүмкін.
15. Тәуліктік бақылауды талап ететін үйдегі науқастың жағдайы нашарлаған кезде тез арада стационарға емдеуге жатқызу жүзеге асырылады.
16. Пациент келіп түскен кезден бастап емдеу ұзақтығы:
1) күндізгі стационарда кемінде 8 жұмыс күнін;
2) үйдегі стационарда кемінде 8 жұмыс күнін құрайды.
17. Стационарды алмастыратын көмек алған пациентті шығару кезінде күндізгі стационарда және үйдегі стационарда емдеуден өткен пациенттің уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша статистикалық картасы толтырылады.
18. Қажетті ұсынымдары бар науқастың медициналық картасынан алынған көшірме пациенттің немесе оның заңды өкілінің қолына беріліп, қолы қойғызылады және бекітілген жері бойынша БМСК ұйымына беріледі.