Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2005 жылғы 31 наурызда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасында Терроризмге, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына, ұйымдасқан және өзге де қылмыс түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 5 желтоқсандағы
№ 1450 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасында Терроризмге, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына, ұйымдасқан және өзге де қылмыс түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(2012 жылғы 26 қаңтарында күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 3, 35-құжат)
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузия Үкіметі,
терроризмге, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресу мақсатында ынтымақтастықтың маңызды мәні бар екеніне көз жеткізе отырып,
терроризмге қарсы бірлесіп күрес жүргізудегі өздерінің ниеттерін растай отырып,
есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымының және оларды теріс пайдалану үрдісінің өсуіне алаңдаушылық білдіре отырып,
заңсыз көші-қонға және экономика саласындағы қылмыстарға қарсы күрес жөнінде тиімді шаралар қабылдауға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Егер Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында қылмыс жасалатын немесе оларға дайындық жүргізілетін болса Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына, терроризмге қарсы күрес саласында ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2-бап
Терроризмнің қандай да бір көріністеріне қарсы күресу үшін Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес, сондай-ақ осы Келісімнің ережелеріне сәйкес:
1) терроризмнің жоспарланған және жасалған актілері туралы, террористік ұйымдар мен топтар, сондай-ақ мұндай қылмыстарға қатысатын адамдар туралы, мұндай қылмыстарды жасаудың нысандары мен әдістері және пайдаланатын құралдар туралы ақпаратпен, сондай-ақ терроризмге қарсы күресу және Тараптардың қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қылмыстардың жолын кесу үшін қажетті мәліметтермен алмасады;
2) террористік ұйымдар мен террористік іс-әрекетке қатысы бар адамдарға көрсетілетін қолдау, оның ішінде қаржыландыру көздері туралы ақпаратпен алмасады;
3) қару-жарақты, оқ-дәрілерді, әскери техниканы, жарылғыш және улы заттарды, ядролық және радиоактивті материалдарды заңсыз сатумен айналысатын адамдар мен ұйымдар туралы, сондай-ақ олардың Тараптар мемлекеттерінің аумағы бойынша жүріп-тұру арналары туралы ақпаратпен алмасады;
4) террористік сипаттағы қылмыстардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге бағытталған Тараптардың біреуінің сұрау салуы бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын өткізеді;
5) терроризмге қарсы күрес, террористік көріністерге қарсы іс-қимылдың нысандары мен әдістеріне қатысты тәжірибе алмасу мәселелері бойынша бірлескен жұмыс кездесулері мен консультациялар өткізеді.
3-бап
Құрамында есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды, прекурсорларды өндірудің, оларды дайындауға пайдаланылатын құрал-саймандардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымының жолын кесу үшін Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларының негізінде:
1) есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына тартылған адамдар туралы; осы адамдардың жасырын баспаналары, көлік құралдары және жұмыс әдістері туралы; есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың шығу жері мен мақсаты туралы ақпаратпен, сондай-ақ есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлармен байланысты қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге қажетті өзге де ақпаратпен алмасады;
2) есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымының әдістері туралы ақпаратпен алмасады;
3) есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен және оларды теріс пайдаланумен байланысты қылмыстар бойынша криминалистикалық және криминологиялық зерттеулердің нәтижелерімен алмасады;
4) теріс мақсатта пайдаланылатын есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың үлгілерін бір-біріне ұсынады;
5) есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымын осы салада болуы мүмкін теріс пайдалануларға баса назар аудара отырып, бақылау жөнінде тәжірибе алмасады;
6) есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымын болдырмау жөнінде келісілген шаралар қабылдайды.
4-бап
Қылмысты, әсіресе ұйымдасқан қылмысты анықтауда, алдын алуда, жолын кесуде және оның деңгейін төмендетуде ынтымақтастықты жүзеге асыра отырып, Тараптар:
1) ұйымдасқан қылмыстық әрекетке тартылған адамдар, қылмыскерлердің байланыстары, ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрылымы, жекелеген қылмыскерлер мен ұйымдасқан қылмыстық топтардың қарым-қатынастары, істер бойынша фактілер туралы (әсіресе, қылмыстың жасалған уақыты, орны және әдісі туралы), қылмыстардың дәрежесі мен түрлері, қабылданған шаралар, мұндай қылмыстарды ескертуге және жолын кесуге қажет деңгейде іске қатысты басқа да кез-келген детальдар туралы ақпаратпен алмасады;
2) Тараптардың біреуінің сұрау салуы бойынша сұрау салып отырған Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында көзделген жедел және тергеу іс-шараларын жүзеге асырады;
3) халықаралық қылмыс жасаудың әдістері мен оның жаңа нысандары саласындағы ақпаратпен және тәжірибемен алмасады;
4) өздерінің криминалистикалық, криминологиялық және басқа да іске қатысты криминалдық зерттеулердің нәтижелерімен алмасады. Тергеу және өздерінің жұмыс әдістерін пайдалану жөніндегі өздерінің тәжірибесі және жабдықтары туралы оларды жетілдіру мақсатында өзара бір-біріне хабарлайды;
5) ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөнінде өзара іс-қимыл жасасуды нығайту мақсатында мамандардың біліктілігін арттыру үшін оларды өзара тағылымдамадан өткізеді, криминалистикалық, криминологиялық және сот-медициналық сараптама саласындағы тәжірибемен және ғылыми жетістіктермен алмасады;
6) қажет болған жағдайда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөнінде бірлескен іс-шараларды жүзеге асырады, оларды дайындау және оны іске асыру үшін жұмыс кездесулерін өткізеді.
5-бап
Сонымен қатар Тараптар ынтымақтастығы мыналарды:
1) заңсыз өндірілген табыстарды заңдастыруға, сондай-ақ заңсыз қаржы операцияларына қарсы күрестегі ынтымақтастықты;
2) қылмыстық іс-әрекет нәтижесінде туындаған заңсыз табыстар туралы ақпаратпен алмасуды;
3) заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласындағы тәжірибемен және нормативтік актілермен, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағына шетелдіктердің келу тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілермен алмасуды;
4) адамдарды сатуға қарсы күресте екінші Тарап үшін қажетті, сондай-ақ заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға қатысы бар заңды және жеке тұлғаларға және көшіп-қонушыларды ауыстырудың анықталған арналарына қатысты ақпаратпен алмасуды қамтиды;
5) осы Келісімде көрсетілген қылмыстық іс-әрекеттерге қарсы күрес саласындағы нормативтік актілермен алмасуды қосады.
6-бап
1. Осы Келісімнің ережелерін орындау мақсатында барлық байланыстар тікелей Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдары арасында жүзеге асырылатын болады.
2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдары мыналар болып табылады:
1) Қазақстан тарапынан:
Бас Прокуратура,
Ұлттық қауіпсіздік комитеті,
Ішкі істер министрлігі,
Қаржы министрлігі,
Әділет министрлігі,
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттігі (қаржы полициясы).
2) Грузия тарапынан:
Ішкі істер министрлігі,
Сыртқы арнайы барлау қызметі,
Қаржы министрлігінің кеден департаменті,
Грузияның қаржы мониторингі қызметі.
3. Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы шеңберінде бір-бірімен тікелей ынтымақтасады және жеке Хаттамада өз ынтымақтастығының белгілі бір салалары мен нысандарын белгілеуі мүмкін.
4. Әрбір Тарап орталық құзыретті органдардың тізбесіндегі өзгерістер туралы екінші Тарапқа уақытылы дипломатиялық арналар бойынша хабарлап отырады.
7-бап
1. Ақпаратпен алмасу және осы Келісімде көзделген іс-әрекеттерді жүзеге асыру туралы сұрау салулар Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдарына жазбаша түрде жіберіледі. Сұрау салуда мыналар көрсетіледі:
1) сұрау салып отырған орган, сондай-ақ сұрау салу жіберілген орган анықтайтын дәлелденген тұжырымдама;
2) көмек көрсетуді сұратуға байланысты істің сипаттамасы;
3) сұрау салудың мазмұны, сондай-ақ оның орындалуы үшін қажетті мәліметтер;
4) қажет болған жағдайда сұраудың орындалу мерзімдері.
Шұғыл жағдайларда Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдары осы Келісімнің ережелерін орындау туралы ауызша түрде алдын ала өтініш жасайды, содан кейін дереу қағаз жөнінде жазбаша түрде расталуы тиіс.
2. Егер сұрау салып отырған Тарап сұрау салудағы ақпаратты жеткіліксіз деп тапса, ол қосымша ақпарат сұратуы мүмкін. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары сұрау салуларды дереу арада орындайды.
8-бап
Ынтымақтастық барысында ұсынылған дербес деректерді қорғау мақсатында Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес мынадай шарттарды сақтайды:
1) сұрау салатын Тарап дербес деректерді тек сұрау салынатын Тарап белгілеген мақсаттарда және жағдайларда ғана пайдаланады;
2) сұрау салынатын Тараптың сұрауы бойынша сұрау салатын Тарап жеткізілген дербес деректерді пайдаланғаны және осы ретте алынған нәтижелер туралы ақпарат ұсынады;
3) дербес деректер тек 6-бапта айқындалған және осы Келісімде көзделген қылмыстарға қарсы күресті жүзеге асыратын орталық құзыретті органдарға ғана жіберілуі мүмкін. Дербес деректер басқа билік органдарына сұрау салынатын органның тек жазбаша келісімімен ғана берілуі мүмкін;
4) сұрау салынатын Тарап берілуі тиіс, сондай-ақ беруге қажетті дербес деректердің дұрыстығына көз жеткізеді. Бұл ретте сұрау салынатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында белгіленген дербес деректердің жеткізілуін шектеу сақталады. Егер дұрыс емес немесе шектелген дербес деректер жіберілгені дәлелденсе, онда сұрау салатын Тарап дереу бұл туралы хабарландырылады. Ол қажетті түзетулер енгізеді немесе дереу шектеулі дербес деректерді жояды;
5) мүдделі адамға оның өтініші бойынша сұрау салынатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес оған қатысты берілген дербес деректер және оларды пайдалану мақсаттары туралы анықтама берілуі мүмкін;
6) дербес деректерді жіберу кезінде сұрау салынатын Тарап өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы дербес деректерді жою үшін ең ақырғы мерзімді белгілейді. Осыған қарамастан жеткізілген дербес деректер егер олар қажетсіз болған жағдайда жойылуы тиіс. Әрбір Тарап алынған дербес деректердің жойылғаны және мұндай жоюдың негізі туралы тез арада екінші Тарапқа хабарлайды. Алынған дербес деректер осы Келісімнің қолданылу мерзімі тоқтатылған кезде жойылады;
7) әрбір Тарап дербес деректерді жіберу, алу және жою регистрін жүргізеді;
8) Тараптар алынған дербес деректерді санкциясыз алудан, өзгертуден немесе жариялаудан қорғайды.
9-бап
1. Тараптар осы Келісімді орындау мақсатында алмасу нәтижесінде алынған барлық деректер мен ақпараттарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қорғауға кепілдік береді. Беретін Тарап белгілеген қорғау дәрежесі өзгертілмеуі тиіс.
2. Осы Келісімге сәйкес жеткізілген құжаттар, деректер мен техникалық жабдықтар сұрау салынатын Тараптың тек жазбаша түрдегі келісімімен ғана үшінші мемлекетке берілуі мүмкін.
10-бап
1. Осы Келісімді орындау жөніндегі шығыстарды Тараптар олардың өздерінің міндеттемелерін орындау үшін қажет шегінде өздерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес төлейді.
2. Қажет болған жағдайда Тараптар осы Келісімнен туындайтын іс-әрекеттерді жүзеге асыруға арналған шығыстарды бірге көтереді, ол әрбір нақты жағдайда өзара келісілген уағдаластықпен ресімделеді. Бірлескен шығыстар бойынша Тараптардың міндеттемелері осы уағдаластықтармен реттеледі.
11-бап
1. Осы Келісімнің ережелерін іске асыру мақсатында Тараптар бірлескен комиссия құруы мүмкін. Комиссияның құрамы туралы Тараптар дипломатиялық арналар бойынша бір-бірін хабарландырады.
2. Бірлескен комиссияның отырысы қажеттілігіне қарай Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында кезек-кезек өткізіледі.
12-бап
1. Сұрау салынатын Тарап, егер сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тарап мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне зиян келтіретін болса немесе ұлттық заңнамасына қарама-қайшы келсе сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартуы мүмкін.
2. Сұрау салуды орындаудан немесе оны жартылай орындаудан бас тартқан жағдайда бұл туралы бас тартудың немесе жартылай орындаудың себептерін көрсете отырып, сұрау салатын Тарапқа жазбаша түрде хабарлайды.
13-бап
Тараптар ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде осы Келісімнің шеңберінде орыс тілін пайдаланады.
14-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын Хаттамалармен ресімделеді.
15-бап
Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.
16-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындауы туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші бір Тараптың өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде болады.
Астана қаласында 2005 жылғы 31 наурызда әрқайсысы қазақ, грузин және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасының Грузия
Үкіметі үшін Үкіметі үшін