"Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2012 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытындыны бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 29 желтоқсандағы № 1636 Қаулысы

      1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) ұсыну және алу тәртібі туралы келісімге сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса беріліп отырған «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2012 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытынды (бұдан әрі – Қорытынды) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2011 жылғы  30 желтоқсанға дейін Қорытындыны дипломатиялық арналар арқылы Ресей Тарапына жіберсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2011 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 1636 қаулысымен    
бекітілген       

«Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың 2012 жылға арналған жоспарлары бойынша қорытынды

      1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың және зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) ұсыну және алу тәртібі туралы келісімнің 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Ресей Тарапы ұсынған (Ресей Федерациясы СІМ 2011 жылғы 23 қарашадағы шығ. № 15696/3дснг):
      1) Ресейдің 2006 - 2015 жылдарға арналған Федералдық ғарыштық бағдарламасы, «2012 - 2020 жылдарға арналған ГЛОНАСС жүйесін ұстау, дамыту және пайдалану» федералдық нысаналы бағдарламасы, халықаралық ынтымақтастық бағдарламалары мен коммерциялық жобалар шеңберінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырудың 2012 жылға арналған жоспарымен, оның ішінде «Союз» тұрпатындағы зымырантасығыштардың бөлінетін бөлшектерінің жаңа құлау ауданын пайдалануды көздейтін ғарыш аппараттарын ұшыруды тиісті халықаралық шартқа қол қойылып және ол күшіне енгеннен кейін;
      2) «Байқоңыр» ғарыш айлағынан әскери мақсаттағы ғарыш аппараттарын ұшырудың 2012 жылға арналған жоспарымен;
      3) Зымырандарының ұшу трассасы Қазақстан Республикасының астанасы маңынан өтуіне байланысты, 2012 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған РС-18 ҚБЗ ұшыруды қоспағанда, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды сынақтық ұшырудың 2012 жылға арналған жоспарымен келіседі.
      Бұл ретте Қазақстан Республикасының Үкіметі 2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді практикалық іске асыруы қажеттілігіне Ресей тарапының назарын аударады, бұған сәйкес Тараптар зымыран отынының уыттылығы жоғары құрамдауыштарын пайдаланатын зымыран тасығыштарды пайдалануды кезең-кезеңмен қысқарту арқылы Қазақстан Республикасының аумағында зымыран-ғарыш қызметiнiң экологиялық қауiпсiздiгi деңгейiн арттырудың қажеттiлiгiн мойындады. Осыған байланысты «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жобасын Тараптардың бірлесіп қаржыландыру мәселелерін шешіп, оның іске асырылуын жеделдету қажет.
      Сондай-ақ, қоршаған ортаның жай-күйін мониторингтеу жүйесін, оның ішінде зымырандарды ұшырғаннан кейінгі (ұшыру трассалары өтетін аудандарда) метеорологиялық жағдайлардың өзгеруін бақылау арқылы жетілдіру қажет.
      Бұдан басқа қауіпсіздікті арттыру мақсатында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды ұшыруды өткізіп, жерге қонушы аппараттарды қондырған кезде, сондай-ақ жерге қонушы аппараттарды қондырған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағын пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалануды шарттық-құқықтық реттеуді қамтамасыз ету қажет деп санаймыз.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады