Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 1696 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2011 жылғы 17 маусымда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  K. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Қылмысқа қарсы
күрестегі ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

(2012 жылғы 15 тамызда күшіне енді - ҚР халықаралық шарттары
бюллетені, 2012 ж., N 5, 71-құжат)

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі,
      трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, атап айтқанда, есірткінің заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонға, терроризмге және қылмыстың өзге де түрлеріне байланысты қылмыстардың тиімді алдын алу және оларға қарсы күресу мақсатында халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екендігіне көз жеткізе отырып,
      есірткінің заңсыз айналымының және онымен байланысты қылмыстардың өсуінің артуына алаңдаушылық білдіре отырып және 1961 жылғы 30 наурыздағы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияның, 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға 1972 жылғы 25 наурыздағы Қосымша хаттаманың, 1971 жылғы 21 ақпандағы Психотроптық заттар туралы конвенцияның және БҰҰ-ның 1988 жылғы 20 желтоқсандағы Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының мақсаттарын негізге ала отырып,
      терроризмге қарсы тиімді күрес жүргізуге өздерінің ниетін растай отырып,
      заңсыз көші-қон үшін пайдаланылатын құжаттарды қолдан жасауға қарсы күрес жөнінде тиімді шаралар қабылдауға ниеттене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және бір уақытта Тараптар қатысушылары болып табылатын қылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес және осы Келісімді орындаушы органдардың құзыреті шеңберінде қылмыстық қызметтің мынадай түрлеріне:
      1) терроризмге;
      2) жеке адамға, халықтың денсаулығы мен имандылығына қарсы қылмыстарға;
      3) БҰҰ-ның 1988 жылғы 20 желтоқсандағы Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының 3-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құқық бұзушылықтарды білдіретін есірткі құралдарының, психотроптық заттардың заңсыз айналымына;
      4) заңсыз көші-қонға және адам саудасына байланысты қылмыстарға;
      5) адамдарды бас бостандығынан заңсыз айыруға және ұрлауға;
      6) құжаттарды қолдан жасауға, дайындауға немесе оларды өткізуге;
      7) экономикалық контрабандаға;
      8) заңсыз жолмен алынған ақшалай қаражатты жылыстатуға немесе өзге мүлікті заңдастыруға;
      9) қолдан жасалған валютаны, төлем құралдарын, чектер мен құндылықтарды бұрмалауға (дайындауға, өзгертуге) және таратуға;
      10) автокөлік ұрлауға, оның заңсыз айналымына және оларға байланысты қылмыстық қызметке;
      11) қарудың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың, стратегиялық шикізаттың (ядролық және радиоактивтік материалдардың), сондай-ақ басқа да қауіпті заттардың заңсыз саудасына;
      12) тарихи құндылығы бар мәдени байлықтың, сондай-ақ өнер туындыларының заңсыз саудасына;
      13) салық төлеуден жалтаруды қоса алғанда, экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарға, қаржылық қылмыстарға;
      14) жыныстық бостандыққа қарсы, әсіресе кәмелетке толмағандарға қарсы бағытталған қылмыстардың ұйымдасқан нысандарына, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қатысуымен порнографиялық материалдарды дайындауға, таратуға және жеткізуге;
      15) компьютерлік жүйелерді пайдалана отырып жасалған қылмыстарға;
      16) экологиялық қылмыстарға қарсы күресте өзара ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      2. Өзара келісім бойынша Тараптар алдын алу, ашу және тергеу өз мемлекеттерінің құзыретті органдарының ынтымақтастығын қажет ететін басқа да кез келген қылмыстарға қарсы күресте де ынтымақтасады.
      3. Осы Келісім қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және адамдарды беру мәселелерін қозғамайды.

2-бап

      1. Осы Келісімнің ережелерін орындау мақсатында барлық байланыстар Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдары арқылы тікелей жүзеге асырылады, атап айтқанда:
      Қазақстан Республикасы үшін:
      1) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі;
      2) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы;
      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
      4) Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы);
      5)Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті;
      6) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
      7) Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі.
      Испания Корольдігі үшін:
      - басқа министрліктердің өкілеттіктеріне зиян келтірмей, Ішкі істер министрлігі.
      2. Тараптар осы Келісімге сәйкес Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының ресми атаулары немесе функциялары өзгергені туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін дереу хабардар етеді.

3-бап

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары ынтымақтастықты мынадай нысандарда жүзеге асырады:
      1) сұрау салуларды орындау;
      2) жедел-іздестіру, жедел-анықтамалық, криминалистикалық және мұрағаттық ақпарат алмасу;
      3) келісілген, ал қажет болған жағдайда жедел-іздестіру іс-шараларын және тергеуді бірлесіп жүргізу;
      4) қылмыстың алдын алу және оған қарсы күрес саласында тәжірибе алмасу;
      5) ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестің түрлі салаларында өзара қызығушылық тудыратын ақпарат алу мақсатында және криминалистикалық жабдық бойынша уақытша мамандар алмасу;
      6) ұйымдасқан қылмыстың алдын алу және оған қарсы күрес саласындағы нормативтік құқықтық актілермен алмасу;
      7) криминалистика, криминология және соттық медицина саласында ғылыми зерттеулер нәтижелерімен алмасу;
      8) мамандарды оқытуда, мамандандыруды және техникалық және кәсіби дағдыларын арттыруда өзара негізде жәрдем көрсету.

4-бап

      Құрамында есірткі құралдары, психотроптық заттар мен олардың прекурсорлары бар өсімдіктерді заңсыз өсіруді, сондай-ақ оларды өндіру және өңдеу үшін пайдаланылатын құралдар мен жабдықты заңсыз сатып алу, иелену, сату, лизингі немесе айналымы ретінде, сондай-ақ есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын заңсыз өндіруді және олардың айналымға ескерту және бақылау мақсатында Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде:
      1) есірткілерді бақылау саласындағы халықаралық шарттар шеңберінде жүзеге асырылатын мұндай өндіру және айналымы кезіндегі экспорттық-импорттық операциялар туралы ақпаратты қоса алғанда, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын заңды өндіру және олардың айналымы саласында бақылауды жүзеге асыру саласындағы жұмыс тәжірибесімен алмасады;
      2) есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымын болдырмауға бағытталған шараларды бірлесіп жүзеге асырады;
      3) қылмыстарды анықтау немесе ескерту мақсатында қылмыстардың жасалу мән-жайлары және оларға тартылған адамдар туралы, атап айтқанда есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын жасыру орындары, тасымалдау нысандары мен құралдары, шыққан жерлері мен жеткізу тәсілдері туралы ақпаратпен алмасады;
      4) «бақыланатын жеткізілім» әдісін қолдана отырып, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына, сондай-ақ ақшаны жылыстатуға қарсы күресте бірлескен әрекеттерді және тергеуді жүзеге асырады;
      5) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына байланысты ғылыми және талдамалық материалдармен алмасады;
      6) ақшаны жылыстатуды ескерту және бақылау бойынша ақпаратпен, тәжірибемен және ноу-хаумен алмасады;
      7) ұсынылуы сұрау салынатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін кез келген басқа ақпаратпен алмасады.

5-бап

      Тараптар терроризмге қарсы күресте осы Келісімнің және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларының ережелеріне сәйкес:
      1) терроризм актілерінің жасалуына күдікті жекелеген адамдар, топтар немесе ұйымдар туралы;
      2) Тараптар мемлекеттерінің мүдделеріне қарсы және/немесе басқа мемлекеттерге, олардың үкіметтерінің мүшелеріне және халықаралық ұйымдарға қарсы террористік актілер туралы тиісті ақпарат алмасу және жедел ынтымақтасу жолымен ынтымақтасады;
      3) ақпарат алмасу мүдделі Тараптың сұрау салуы негізінде немесе мұндай ақпарат екінші Тарап үшін қызығушылық тудырады деп ұйғаратын Тараптардың бірінің бастамасы бойынша жүзеге асырылады.

6-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде заңсыз көші-қонға қарсы күресте жедел ынтымақтасу және:
      1) Тараптардың кез келген мемлекеті азаматтарының мемлекеттік шекарадан заңсыз өту фактілері туралы;
      2) адамдарды заңсыз тасымалдауға тартылған, сондай-ақ осы қызметке байланысты криминалдық ұйымдар туралы;
      3) Тараптардың кез келген мемлекетінің аумағында жарамды және шекарадан өту үшін Тараптардың кез келген мемлекетінің немесе басқа мемлекеттердің азаматтары пайдаланатын құжаттарды бұрмалау фактілері туралы ақпарат алмасу жолымен ынтымақтасады.

7-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестің түрлі көріністерінде оған қарсы күресте:
      1) ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар адамдар, әсіресе оның ұйымдастырушылары туралы деректермен алмасу;
      2) қылмыстардың жасалу мән-жайлары, атап айтқанда қылмыстардың жасалған уақыты, орны және тәсілі туралы, қылмысқа қатысы бар адамдар және заттар, детальдар туралы, сондай-ақ оларды Тараптар мемлекеттерінің қылмыстық заңнамасы бойынша саралау туралы деректермен алмасу.
      Деректер мен ақпарат алмасу, егер бұл әрбір нақты жағдайда қоғамдық тәртіпке қауіп төндіруі мүмкін елеулі қылмыстарды тергеу немесе анықтау немесе құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін қажет болса, жүргізіледі;
      3) жедел және тергеу іс-шараларын іске асыру, өзара практикалық, материалдық және ұйымдастырушылық көмек көрсету барысында үйлестірілген әрекеттерді жүзеге асыру;
      4) ұйымдасқан қылмысқа оның барлық көріністеріне және қылмыстардың басқа де түрлеріне қарсы күресте техникалық деңгейді жақсарту мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлерін оқытуда, қайта даярлауда өзара көмек көрсету және мамандар алмасу;
      5) бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру мақсатында нақты тергеліп  жатқан қылмыстық істер бойынша жұмыс кездесулерін өткізу жолымен ынтымақтасады.

8-бап

      1. Ақпарат алмасу және осы Келісімде көзделген әрекеттерді жүзеге асыру туралы сұрау салу Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдарына жазбаша нысанда жіберіледі. Сұрау салу:
      1) негізін айқындайтын дәлелді тұжырымды, сондай-ақ сұрау салушы және сұрау салынатын қызметті немесе органды;
      2) оған байланысты көмек сұралатын істің сипаттамасын;
      3) сұрау салудың мазмұнын және оны орындау үшін қажетті мәліметтерді қамтуы тиіс.
      Қылмыстардың жолын кесу, ескерту немесе ашу үшін қажетті сұрау салуларды жедел орындау қажет етілетін жағдайларда, Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдары осы Келісімді орындау үшін кейіннен келісілген арналар бойынша сұрау салуды дереу жазбаша растай отырып, алдын ала ауызша өтініш білдіре алады.
      2. Сұрау салу, растайтын құжаттар мен кейінгі хабарламалар сұрау салушы Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармамен ілесе жүруі тиіс.
      3. Сұрау салушы Тарап егер алдыңғы сұрау салу бойынша алынған ақпарат жеткіліксіз деп есептесе, қосымша ақпаратқа сұрау сала алады. Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдары мұндай сұрау салуларды дереу орындайды.

9-бап

      Тараптар осы Келісімнің ережелерінде көзделген ынтымақтастықтың дамуына ықпал ету үшін Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдарының басшы қызметкерлерінен тұратын Бірлескен Комиссия құрады, ол қажеттілігіне қарай кездесулер өткізеді. Тараптар Бірлескен Комиссияның құрамы туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды. Қажет болғанда Бірлескен Комиссия жекелеген мәселелермен жұмыс үшін ол арнайы тағайындайтын сарапшыларды тарта алады.
      Тараптар жекелеген уағдаластықтар жолымен Бірлескен Комиссияның әрекет ету саласын, өкілеттіктері мен жұмыс регламентін айқындайды.

10-бап

      1. Егер Тараптардың бірі сұрау салуды орындау немесе нақты іс-шараны жүзеге асыру өз мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне қауіп төндіреді, құқықтық жүйесінің негізгі қағидаттарына немесе басқа да маңызды мүдделеріне қайшы келеді деп есептесе, көрсетілген Тарап сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тарта алады немесе оны орындау үшін белгілі бір талаптар қоя алады.
      2. Сұрау салушы Тарап мемлекетінің орталық құзыретті органы мұндай бас тартудың себебі туралы хабардар етілуі тиіс.

11-бап

      Адамдар туралы деректерді беру кезінде Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес мынадай ережелерді пайдаланады:
      1) сұрау салушы Тарап деректерді тек сұрау салынатын Тарап белгілеген мақсаттарда және шарттарға сәйкес пайдалануға құқылы;
      2) сұрау салынатын Тарап сұрау салушы Тараптан деректерді пайдалану және бұл ретте алынған нәтижелер туралы ақпаратты талап етуге құқылы;
      3) адамдар туралы деректер осы Келісімнің 2-бабында белгіленген Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдарына ғана беріледі. Сұрау салушы Тарап алған деректер басқа органдарға тек сұрау салынатын Тараптың алдын ала рұқсатымен ғана беріледі;
      4) сұрау салынатын орталық құзыретті орган берілетін деректердің шынайылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ сұрау салушы Тарап білдірген мақсаттарға сәйкес мұндай берудің қажеттілігін тексереді;
      5) шынайы емес немесе беруге жатпайтын деректерді берген жағдайда сұрау салушы Тарап бұл туралы сұрау салынатын Тарапқа дереу хабарлайды, екінші Тарапты міндетті түрде хабардар ете отырып, қажетті өзгерістерді енгізеді немесе оларды жояды;
      6) жеке деректерді беру сұрау салынатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Тараптардың әрқайсысы кез келген уақытта осы Келісімнің әрекетін дереу тоқтату үшін негіз ретінде осы баптың талаптарын орындамауды келтіруге немесе дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа тиісті жазбаша хабарламаны жіберу жолымен оны өздігінен тоқтатуға құқылы.

12-бап

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптардың кез келгені шектелген рұқсатқа арналған ақпарат ретінде таныған алынған ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету және таратылмауы үшін барлық шараларды алдын ала қабылдайды.
      2. Тараптардың осы Келісімге сәйкес алынған мәліметтерді, құжаттаманы және техникалық жабдықты сұрау салынатын Тарап мемлекетінің орталық құзыретті органдарының алдын ала келісімінсіз үшінші тарапқа беруге құқығы жоқ.

13-бап

      Осы Келісімнің ережелерінде көзделген ынтымақтастықтың детальдарын Тараптар мемлекеттерінің орталық құзыретті органдары жекелеген уағдаластықтар жолымен айқындайды.
      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен  толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және оның ажырамас бөліктері болып табылады.

14-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды өзара консультациялар және келіссөздер жолымен шешеді.
      Қажет болғанда даулы мәселелерді реттеу үшін Тараптардың өкілетті өкілдерінен Келісім Комиссиясы құрылады. Тараптардың жоғарыда келтірілген өкілетті өкілдері қол қойған Келісім Комиссиясының хаттамасын екі Тарап та орындауға қабылдайды.

15-бап

      Тараптар өздерінің осы Келісімді орындауы барысында туындайтын шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

16-бап

      Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды және ынтымақтастықтың өзара тиімді өзге де нысандарын әзірлеуде және дамытуда кедергі келтірмейді.

17-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.

18-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа оның әрекетін тоқтату туралы өзінің ниеті туралы жазбаша хабарлама жібергенге дейін күшінде болады. Бұл жағдайда осы Келісімнің әрекеті Тараптардың бірі мұндай хабарламаны алғаннан кейін алты айдан соң тоқтатылады.
      Осыны куәландыру үшін Тараптардың уәкілеттік берілген өкілдері осы Келісімге қол қойды.

      2011 жылғы 17 маусымда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, испан, орыс және ағылшын тілдерінде бірдей күші бар екі түпнұсқа данада жасалды.

      Қазақстан Республикасының          Испания Корольдігінің
             Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

      2011 жылғы 17 маусымда астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімнің куәландырылған туралы келісімнің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                                 Н. Сәкенов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады