"Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысын ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 9 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысын ратификациялау туралы

      2008 жылғы 14 наурызда Дакарда жасалған Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысы «Қазақстан Республикасы Ислам Конференциясы Ұйымы Жарғысының Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына қайшы келмейтін ережелерін орындауға міндеттенеді» деген ескертпемен ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысы

      Аса Мейірімді, Рақымшыл Алланың атымен
      Біз, Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер:
      1969 жылғы 22 – 25 қыркүйекке сәйкес келетін Хижра бойынша 1389 жылғы Ражаб айының 9 – 12 аралығында Рабатта өткен мүше мемлекеттердің корольдері, мемлекеттер және үкіметтер басшылары конференциясының, сондай-ақ 1972 жылғы 29 ақпан – 4 наурызға сәйкес келетін Хижра бойынша 1392 жылғы Мұхаррам айының 14 – 18 аралығында Жиддада өткен Сыртқы істер министрлері конференциясының шешімдерін назарға алуға;
      мүше мемлекеттер арасында олардың халықаралық аренадағы ортақ мүдделерін қамтамасыз ету ісіндегі ілгерілеудің маңызды сипатын, сондай-ақ бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуды растай отырып, бірлік пен бауырластықтың игілікті исламдық құндылықтарын басшылыққа алуға;
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, осы Жарғының және халықаралық құқықтың қағидаттарына деген өзіміздің ұстанымымызды растауға;
      исламның бейбітшілік, аяушылық, төзімділік, теңдік, әділеттік және адам абыройы құндылықтарын сақтауға және ілгерілетуге;
      мүше мемлекеттер халықтарының орнықты дамуын және прогресі мен гүлденуін қамтамасыз етуде әлемдік ауқымдағы исламның бағыттаушы рөлін қалпына келтіру бойынша жұмысқа күш салу;
      мұсылман халықтары мен мүше мемлекеттер арасында бірлік пен ынтымақ дәнекерлерін күшейту мен нығайтуға;
      барлық мүше мемлекеттердің ұлттық егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеуге, сақтауға және қорғауға;
      халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке, өркениеттер, мәдениеттер және діндер арасындағы түсіністік пен диалогқа үлес қосуға және достық қарым-қатынастар мен тату көршілікті, өзара құрмет пен ынтымақтастықты ілгерілетуге және көтермелеуге;
      мүше мемлекеттердегі конституциялық және заңнамалық жүйелерге сәйкес олардың адам құқықтары мен іргелі бостандықтарын, тиісті түрде басқаруын, заң үстемдігін, демократия мен жауапкершілікті дамытуға ықпал етуге;
      мүше мемлекеттер және басқа да мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту және достық қатынастардың, өзара құрмет пен ынтымақтастықтың дамуына ықпал етуге;
      ұстамдылыққа, төзімділікке, мәдени ерекшеліктерді құрметтеуге, ислам белгілері мен ортақ мұраны сақтауға қатысты игілікті ислам құндылықтарын нығайтуға және ислам дінінің әмбебаптығын қорғауға;
      зияткерлік кемелдікке қол жеткізу үшін исламның игілікті мұраттарымен үндесетін білімге ие болу және оны танымал етуді жетілдіруге;
      әріптестік және теңдік қағидаттарына сәйкес, әлемдік экономикаға тиімді ықпалдасу мақсатында орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізу үшін мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа болысуға;
      қазіргі және болашақ ұрпақтар үшін қоршаған ортаны сақтауға байланысты барлық аспектілердің нығаюына ықпал етуге;
      әрбір мүше мемлекеттің өзін-өзі басқару және ішкі істеріне араласпау құқығын құрметтеуге, сондай-ақ егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеуге;
      қазіргі кезде шетелдік басқыншылыққа ұшырап отырған палестина халқының күресін қолдауға, оның өзін-өзі билеу, бұл ретте қаланың тарихи және исламдық сипатын, сондай-ақ онда орналасқан қасиетті жерлерді сақтай отырып астанасы әл-Құдыс әл-Шариф болатын егемен мемлекет құру құқығын қоса алғанда, сондай-ақ өзінің ажырамас құқығына қол жеткізуіне мүмкіндік беруге;
      мүше мемлекеттердің құқықтық нормалары мен заңнамасына сәйкес әйелдердің құқықтарын қорғауға және жүзеге асыруға, олардың өмірдің барлық салаларына қатысуына ықпал етуге;
      мұсылман балалары мен жастарына толыққанды тәрбие беру үшін қолайлы жағдайлар жасауға және білім арқылы мәдени, әлеуметтік, имандылық және этикалық мұраттарын нығайту мақсатында олардың бойында білім арқылы ислам құндылықтарын тәрбиелеуге;
      мүше мемлекеттерден тыс жерлердегі мұсылман азшылықтары мен қоғамдарына жәрдемдесуге, олардың өз қадір-қасиетін, мәдени және діни сәйкестігін сақтап қалуға;
      негізінен кез келген мемлекеттің ішкі құзыретіне жататын істерге қол сұқпау қағидаттарын мүлтіксіз басшылыққа ала отырып, осы Жарғының, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, халықаралық құқықтың, сондай-ақ халықаралық гуманитарлық құқықтың мақсаттары мен қағидаттарын ұстануға;
      мүше мемлекеттер арасында теңдік және өзара құрметтеу, сондай-ақ олардың ішкі құзыретіне жататын істерге араласпау қағидаттары негізінде халықаралық деңгейде тиісті түрде басқаруға қол жеткізуге және халықаралық қатынастарды демократияландыруға күш салуға шешім қабылдадық,
      сондай-ақ осы өзгертілген Жарғымен келісе отырып, аталған мақсаттарға жету үшін ынтымақтасуға шешім қабылдадық.

I тарау Мақсаттар мен қағидаттар 1-бап

      Ислам Конференциясы Ұйымының мақсаттары мыналар болып табылады:
      1. Мүше мемлекеттер арасындағы бауырластық пен татулық дәнекерлерін жақсарту және нығайту;
      2. Мүше мемлекеттердің ортақ мүдделерін сақтау мен қорғау, заңды құқықтарын қолдау, сондай-ақ ислам әлемі алдындағы, атап айтқанда, халықаралық қоғамдастық алдындағы сын-тегеуріндерді ескере отырып, мүше мемлекеттердің күш салуын үйлестіру мен біріктіру;
      3. Әр мүше мемлекеттің өзін-өзі билеу құқығын құрметтеу, ішкі істеріне араласпау, сондай-ақ тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын құрметтеу;
      4. Басқыншылық салдарынан жаулап алынған кез келген мүше мемлекеттің толық егемендігі мен аумақтық тұтастығын халықаралық құқық және тиісті халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастық негізінде қалпына келтіруге қолдау көрсету;
      5. Мүше мемлекеттердің ортақ мүдделерін қорғау үшін саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша шешімдер қабылдаудың жаһандық процестерінде олардың белсене қатысуын қамтамасыз ету;
      6. Жаһандық бейбітшілікті, қауіпсіздік пен үндестікті қамтамасыз ету үшін әділеттілік, өзара сыйластық және тату көршілік негізінде мемлекетаралық қатынастарды дамытуға жәрдемдесу;
      7. БҰҰ Жарғысында және халықаралық құқықта көзделген халықтардың құқығын қолдауды жаңадан растау;
      8. Палестина халқының өзін-өзі билеу және астанасы әл-Құдыс әл-Шариф қаласы мен қаланың тарихи және исламдық ерекшелігін, сондай-ақ онда орналасқан қасиетті жерлерді сақтай отырып, егемен мемлекет құру құқығын жүзеге асыру мүмкіндігін қолдау және көмек беру;
      9. Исламдық ортақ нарықты құруға әкелетін экономикалық интеграцияға қол жеткізу мақсатында ислам мемлекеттері арасындағы экономикалық және сауда ынтымақтастығын нығайту;
      10. Мүше мемлекеттерде адами әлеуетті және экономикалық әл-ауқатты дамытуды орнықты және тұтастай қамтуға қол жеткізу үшін күрес;
      11. Ұстамдылыққа және төзімділікке негізделген ислам ілімдері мен құндылықтарын тарату, ілгерілету және сақтау, ислам мәдениетін ілгерілету және ислам мұрасын сақтап қалу;
      12. Исламның шынайы бейнесін сақтау мен қорғау, исламға жала жабуға қарсы күресу және өркениеттер мен діндер арасындағы диалогты көтермелеу;
      13. Ғылым мен техниканы нығайту және дамыту, мүше мемлекеттердің осы салалардағы зерттеулері мен ынтымақтастығын көтермелеу;
      14. Әйелдерді, балаларды, жастарды, егде адамдарды және мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоса алғанда, адам құқықтары мен іргелі бостандықтарын жүзеге асыру мен қорғауға жәрдемдесу, сондай-ақ исламның отбасылық құндылықтарын сақтау;
      15. Қоғамның табиғи және негіз қалаушы бөлшегі ретінде отбасының рөліне айрықша маңыз беру, қорғау және жәрдемдесу;
      16. Мүше емес мемлекеттердегі мұсылман қоғамдастықтары мен азшылықтың құқықтарын, қадір-қасиетін, сондай-ақ діни және мәдени сәйкестігін қорғау;
      17. Халықаралық форумдарда ортақ мүдделілікті білдіретін мәселелер бойынша бірыңғай ұстанымды ілгерілету және қорғау;
      18. Лаңкестікке, оның барлық түрлері мен көріністеріне, ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына, сыбайлас жемқорлыққа, ақшаны жылыстатуға және адам саудасына қарсы күрес мәселелері бойынша ынтымақтасу;
      19. Табиғи апаттар сияқты төтенше жағдайлар кезінде ынтымақтасу және ізгілік көмекті үйлестіру;
      20. Мүше мемлекеттер арасында әлеуметтік, мәдени және ақпараттық салалардағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу.

2-бап

      Мүше мемлекеттер 1-бапта көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін қастерлі ислам ілімдері мен құндылықтарын басшылыққа ала отырып, одан құлшыныс алады, сондай-ақ мынадай қағидаттарға сәйкес әрекет етеді:
      1. Барлық мүше мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын ұстанады;
      2. Мүше мемлекеттер егемен, тәуелсіз және тең құқық пен міндеттерге ие;
      3. Барлық мүше мемлекеттер даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешеді және өзара қарым-қатынастарында күш көрсетуден немесе қатер төндіруден бас тартады;
      4. Барлық мүше мемлекеттер бір-бірінің ұлттық егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастықтарын құрметтеуге міндеттенеді, бір-бірінің ішкі істеріне араласпайды;
      5. Осы Жарғыда, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысында, халықаралық құқықта және халықаралық ізгілік құқықта бекітілгендей, барлық мүше мемлекеттер халықаралық бейбітшілікті және қауіпсіздікті сақтауға өз үлестерін қосуға міндеттенеді және бір-бірінің ішкі істеріне араласудан бас тартады;
      6. БҰҰ Жарғысында көрсетілгендей, осы Жарғының бірде-бір ережесі Ұйымға және оның органдарына кез келген мемлекеттің ішкі құзыретіне енетін немесе соған байланысты істерге араласуға құқық бермейді;
      7. Мүше мемлекеттер тиісті түрде басқаруға, демократияға, адам құқықтарын және негізгі бостандықтарды, сондай-ақ заң үстемдігін сақтауға ұлттық және халықаралық деңгейде қолдау көрсетеді және жәрдемдеседі;
      8. Мүше мемлекеттер қоршаған ортаны қорғауға және сақтауға ынта білдіреді.

II тарау Мүшелік 3-бап

      1. Ұйым Ислам Конференциясы Ұйымының 57 мүше мемлекетінен және 3-баптың 2-тармағына сәйкес осы Жарғыға қосылуы мүмкін басқа да мемлекеттерден тұрады.
      2. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше, халқының көпшілігі мұсылман болып табылатын және осы Жарғы талаптарын орындайтын, мүшелікке өтінім берген кез келген мемлекет Сыртқы істер министрлері кеңесінде қабылданған келісілген өлшемдер негізіндегі консенсус жолымен Сыртқы істер министрлері кеңесі шешім қабылдаған жағдайда ғана Ұйымға мүше болуы мүмкін.
      3. Осы Жарғыдағы ештеңе де қазіргі мүше мемлекеттердің мүшелігіне немесе кез келген басқа да мәселелеріне қатысты құқықтары мен артықшылықтарын қозғай алмайды.

4-бап

      1. Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болып табылатын Мемлекетке бақылаушы мәртебесін беру туралы шешімді Сыртқы істер министрлері кеңесі тек Сыртқы істер министрлері кеңесінің келісілген талаптар негізіндегі ортақ консенсус жолымен ғана қабылдайды.
      2. Халықаралық ұйымға Бақылаушы мәртебесін беру туралы шешімді Сыртқы істер министрлері кеңесі тек Сыртқы істер министрлері кеңесінің келісілген талаптар негізіндегі ортақ консенсус жолымен ғана қабылдайды.

III тарау Органдар 5-бап

      Ислам Конференциясы Ұйымының органдары мыналар болып табылады:
      1. Ислам саммиті;
      2. Сыртқы істер министрлері кеңесі;
      3. Тұрақты комитеттер;
      4. Атқарушы комитет;
      5. Халықаралық ислам соты;
      6. Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз тұрақты комиссия;
      7. Тұрақты өкілдер комитеті;
      8. Бас хатшылық;
      9. Қосалқы органдар;
      10. Мамандандырылған мекемелер;
      11. Үлестес ұйымдар.

IV тарау Ислам саммиті 6-бап

      Ислам саммиті мүше мемлекеттердің корольдерінен және мемлекеттер мен үкіметтер басшыларынан тұрады және Ұйымның жоғары басқарушы органы болып табылады.

7-бап

      Ислам саммиті саяси шешімдерді талқылайды және қабылдайды, Жарғыда көрсетілген мақсаттардың орындалуына қатысты барлық мәселелерге басшылық етуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ мүше мемлекеттер және Умма үшін мүдделілік танытатын басқа да мәселелерді қарайды.

8-бап

      1. Ислам саммиті мүше мемлекеттердің бірінде әрбір үш жыл сайын шақырылады.
      2. Саммиттің күн тәртібін және оны шақыруға арналған басқа да барлық қажетті іс-шараларды дайындауды Бас хатшылықтың жәрдемдесуімен Сыртқы істер министрлері кеңесі жүргізеді.

9-бап

      Уммаға қатысты өмірлік маңызы бар мәселелерді, соған сәйкес Ұйым саясатын үйлестіруді қарау үшін кезектен тыс сессиялар Умма мүддесі талап еткен кез келген уақытта өткізіледі.
      Кезектен тыс сессияларды, егер мұндай бастама мүше мемлекеттердің қарапайым көпшілігінен қолдау тапқан болса, Сыртқы істер министрлері кеңесінің ұсынысымен немесе мүше мемлекеттердің бірінің немесе Бас хатшының бастамашылығымен өткізуге болады.

V тарау Сыртқы істер министрлері кеңесі 10-бап

      1. Сыртқы істер министрлері кеңесі жылына бір рет мүше мемлекеттердің бірінде шақырылады.
      2. Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс сессиясы, егер мұндай бастаманы мүше мемлекеттердің қарапайым көпшілігі мақұлдаған болса, кез келген мүше мемлекеттің немесе Бас хатшының бастамасымен шақырылуы мүмкін.
      3. Сыртқы істер министрлері кеңесі Умма үшін мүдделілікті білдіретін нақты мәселелерді қарау үшін басқа да салалық министрлер кеңесін шақыру туралы ұсыным енгізе алады. Мұндай кеңестер өз есептерін Ислам саммитіне және Сыртқы істер министрлері кеңесіне беруі тиіс.
      4. Сыртқы істер министрлері кеңесі Ұйымның ортақ саясатын жүзеге асыруды:
      а. Ұйымның ортақ саясатын және мақсатын іске асыру кезінде ортақ мүдделілікті білдіретін мәселелер бойынша шешімдер мен қарарлар қабылдау;
      b. Алдыңғы саммиттерде және Сыртқы істер министрлері кеңесінде қабылданған шешімдер мен қарарларды орындау барысын тексеру;
      с. Бас хатшылық пен қосалқы органдардың бағдарламаларын, бюджетін, сондай-ақ басқа да қаржылық және әкімшілік есептерін қарап, бекіту;
      d. Мүдделі мүше мемлекет әлдебір тиісті шаралар қолдану туралы қажетті өтініш жасаған барлық жағдайда бір немесе бірнеше мүше мемлекеттерді қозғайтын кез келген мәселені қарау;
      e. Кез келген жаңа орган немесе комитетті құру туралы ұсынымдар енгізу;
      f. Жарғының 16 және 18-баптарына сәйкес тиісінше Бас хатшыны сайлау және Бас хатшының көмекшілерін тағайындау;
      g. Қажет болған жағдайда кез келген басқа да мәселені қарайды.

VI тарау Тұрақты комитеттер 11-бап

      1. Ұйым және оған мүше мемлекеттер үшін айрықша маңызды мәселелерді ілгерілету мақсатында Ұйым мынадай тұрақты комитеттерді құрды:
      і. әл-Құдыс қаласы істері жөніндегі комитет;
      іі. Ақпарат және мәдениет істері жөніндегі тұрақты комитет (COMIAC);
      ііі. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитет (COMCEC);
      іv. Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитет (COMSTECH).
      2. Тұрақты комитеттер корольдер мен мемлекеттер және үкіметтер басшыларымен басқарылады және саммиттің шешімдеріне сәйкес немесе Сыртқы істер министрлері кеңесінің және осы комитеттер мүшелерінің ұсынымы бойынша құрылады.

VII тарау Атқарушы комитет 12-бап

      Атқарушы комитет, қазіргі, алдыңғы және болашақ Ислам саммиттерінің және Бас хатшылықтың Штаб-пәтері орналасқан елдің Сыртқы істер министрлері кеңестері төрағаларынан, сондай-ақ атқаратын қызметіне қарай комитет мүшесі болып табылатын Бас хатшыдан тұрады. Атқарушы комитеттің отырысы оның Регламентіне сәйкес жүргізілетін болады.

VIIІ тарау Тұрақты өкілдер комитеті 13-бап

      Тұрақты өкілдер комитетінің айрықша құзыреттері мен жұмыс тәртібін Сыртқы істер министрлері кеңесі белгілейді.

IX тарау Халықаралық ислам соты 14-бап

      1987 жылы Кувейтте құрылған Халықаралық ислам соты, оның Статуты күшіне енген сәттен бастап Ұйымның басты заңды органы болады.

X тарау Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз тұрақты комиссия 15-бап

      Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз тұрақты комиссия ислам құндылықтарына сәйкес, Ұйымның шарттары мен декларацияларында, сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей келісілген құжаттарда бекітілген азаматтық, саяси, әлеуметтік және экономикалық құқықтарды қорғауға бағытталған.

XI тарау Бас хатшылық 16-бап

      Бас хатшылық, Ұйымның бас лауазымды тұлғасы болып табылатын Бас хатшыдан, сондай-ақ Ұйымға қажетті қызметкерлер штатынан тұрады. Бас хатшыны Сыртқы істер министрлері кеңесі тек бір рет қайта сайлану мүмкіндігімен бес жыл мерзімге сайлайды.
      Бас хатшы, әділ географиялық бөлініс, ротацияны және құзыреттілікті, адалдық пен тәжірибені ескере отырып, барлық мүше мемлекеттер үшін тең мүмкіндіктер қағидаттарына сәйкес мүше мемлекеттер азаматтарының арасынан сайланады.

17-бап

      Бас хатшының мынадай міндеттері бар:
      a. Оның пікірінше Ұйымның мақсаттарына септігін тигізуі немесе залал келтіруі мүмкін мәселелерді Ұйымның құзыретті органдарының назарына жеткізу;
      b. Ислам саммиттері, Сыртқы істер министрлері кеңесі және басқа да министрлік отырыстары шешімдерінің, қарарлары мен ұсынымдарының орындалуын қадағалау;
      c. Ислам саммиттері мен Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешімдерін, қарарлары мен ұсынымдарын орындау мақсатында мүше мемлекеттерді жұмыс бабындағы құжаттармен және меморандумдармен қамтамасыз ету;
      d. Ұйымның тиісті органдарының жұмысын үйлестіру мен келісу;
      e. Бас хатшылықтың жұмыс бағдарламасы мен бюджетін дайындау;
      f. Мүше мемлекеттер арасындағы байланыстарды дамыту, консультациялар өткізу мен пікір алмасуға, сондай-ақ мүше мемлекеттер үшін маңызды бола алатын ақпаратты таратуға жәрдемдесу;
      g. Ислам саммиті немесе Сыртқы істер министрлері кеңесі оған жүктеген басқа да функцияларды атқару;
      h. Ұйымның жұмысы туралы Сыртқы істер министрлері кеңесіне жыл сайын есептер ұсыну.

18-бап

      1. Бас хатшы әділ географиялық бөлініс қағидатына сәйкес және құзыреттілікті, ақниеттілік пен Жарғы мақсаттарына адалдықты ескере отырып, Бас хатшы көмекшілері лауазымына 5 жыл мерзімге тағайындау үшін Сыртқы істер министрлері кеңесіне кандидатуралар ұсынады. Бас хатшы көмекшілерінің бірі әл-Құдыс әл-Шариф және Палестина мәселелерімен айналысатын болады және осы лауазымға кандидатты Палестина Мемлекеті белгілейді.
      2. Бас хатшы Ислам саммиттері мен Сыртқы істер министрлері кеңестерінің қарарлары мен шешімдерін орындау үшін арнайы өкілдерді тағайындай алады. Мұндай тағайындауларды, сондай-ақ арнайы өкілдердің міндеттері шеңберін Сыртқы істер министрлері кеңесі бекітеді.
      3. Бас хатшы қағидаттарға және әділетті географиялық бөлініске сәйкес құзыретін, лауазым талаптарына сәйкестігін, адалдығы мен жынысын ескере отырып, мүше мемлекеттер азаматтарының қатарынан Бас хатшылықтың персоналын тағайындайды. Бас хатшы уақытша негізде сарапшылар мен консультанттарды тағайындауы мүмкін.

19-бап

      Бас хатшы, Бас хатшының көмекшілері, сондай-ақ Бас хатшылықтың персоналы өз міндеттерін атқару кезінде Ұйымнан басқа ешбір үкіметтен немесе органнан сұрау салуға немесе олардан нұсқау алуға тиіс емес. Олар тек Ұйым алдында ғана жауап беретін халықаралық қызметшілер мәртебесіне залал келтіретін қандай да бір әрекеттен аулақ болуға тиіс. Мүше мемлекеттер олардың қызметінің осы ерекше халықаралық сипаттамасын құрметтеуі тиіс және өз міндеттерін атқаруы кезінде оларға қандай да бір ықпал етуге әрекеттенбеуі тиіс.

20-бап

      Бас хатшылық тиісті әкімшілік және ұйымдастырушылық мәселелер шегінде қабылдаушы елмен тығыз ынтымақтаса отырып, Ислам саммиттері мен Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырыстарын дайындайды.

21-бап

      Әл-Құдыс қаласы азат етілгенге дейін Бас хатшылықтың штаб-пәтері Жидда қаласында орналасады, ол Ұйымның тұрақты штаб-пәтері болады.

XIІ тарау 22-бап

      Ұйым қосалқы органдарды, мамандандырылған мекемелерді құра алады және Сыртқы істер министрлері кеңесі оларды Жарғыға сәйкес бекіткеннен кейін үлестес ұйымдар мәртебесін бере алады.

Қосалқы органдар 23-бап

      Қосалқы органдар Ұйым шеңберінде Ислам саммиті немесе Сыртқы істер министрлері кеңесі қабылдаған шешімдерге сәйкес құрылады, ал олардың бюджеттерін Сыртқы істер министрлері кеңесі бекітеді.

XIІІ тарау Мамандандырылған мекемелер 24-бап

      Ұйымның мамандандырылған мекемелері Ұйым шеңберінде Ислам саммиті мен Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешімдеріне сәйкес құрылады. Мамандандырылған мекемелердегі мүшелік ерікті және Ұйым мүшелері үшін ашық болып табылады. Олардың бюджеттері тәуелсіз болып табылады және өздерінің Регламентінде ескертілгендей тиісті директивалық органдармен бекітіледі.

Үлестес ұйымдар 25-бап

      Үлестес ұйымдар – мақсаттары осы Жарғының мақсаттарына сай келетін және Сыртқы істер министрлері кеңесі үлестес ұйымдар ретінде таныған ұйымдар немесе органдар болып табылады. Бұл ұйымдарға мүшелік ерікті және мүше мемлекеттердің органдары мен ұйымдары үшін ашық болып табылады. Олардың бюджеттері Бас хатшылықтың, қосалқы органдардың және мамандандырылған мекемелердің бюджеттерінен тәуелсіз болып табылады. Үлестес ұйымдарға Сыртқы істер министрлері кеңесінің қарары негізінде бақылаушы мәртебесі берілуі мүмкін. Олар қосалқы органдардан немесе мамандандырылған мекемелерден, сондай-ақ мүше мемлекеттерден ерікті көмек ала алады.

XIV тарау Ислам ұйымдарымен және басқа ұйымдармен ынтымақтастық 26-бап

      Ұйым осы Жарғыда баяндалған мақсаттар үшін ислам ұйымдарымен және басқа да ұйымдармен ынтымақтастығын нығайтады.

XV тарау Дауларды бейбіт жолмен шешу 27-бап

      Одан әрі созылуы Ислам Уммасының мүдделеріне залал келтіретін немесе халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін қандай да бір дауға қатысушы мүше мемлекеттер дауды өз қалауынша ізгі ниетті әрекеттер, келіссөздер, сауал жолдау, делдалдық, татуласу, төрелік сот, соттық реттеу көмегімен немесе өзге де бейбіт жолмен шешуге ұмтылатын болады. Осы орайда, ізгі ниетті әрекеттерге Атқарушы комитетпен және Бас хатшымен өткізілетін консультациялар жатқызылуы мүмкін.

28-бап

      Ұйым халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ дауларды бейбіт жолмен шешу мақсатында өзге халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтасуы мүмкін.

XVI тарау Бюджет және қаржы 29-бап

      1. Бас хатшылық пен Қосалқы органдардың бюджетін мүше мемлекеттер өздерінің ұлттық табыстарына барабар түрде қаржыландырады.
      2. Ұйым Ислам саммитінің немесе Сыртқы істер министрлері кеңесінің мақұлдауымен мүше мемлекеттер, жеке тұлғалар мен ұйымдар ерікті негізде салымдарын қосатын арнаулы және діни-қайырымдылық қорлар (вакуфтер) құруы мүмкін. Мұндай арнаулы және діни-қайырымдылық қорлар Ұйымның қаржылық жүйесіне есеп береді және оны жыл сайын қаржылық бақылау органы тексеріп отырады.

30-бап

      Бас хатшылық және қосалқы органдар өзінің қаржылық істерін Сыртқы істер министрлері кеңесі мақұлдаған Қаржы регламентіне сай басқарады.

31-бап

      1. Сыртқы істер министрлері кеңесі мақұлдаған ережеге сәйкес, Бас хатшылықтың және оның қосалқы органдарының бағдарламасы мен бюджетін түбегейлі ресімдеу үшін Ұйымның Штаб-пәтерінде кездесетін қатысушы мүше мемлекеттердің аккредиттелген өкілдерінен Сыртқы істер министрлері кеңесі Тұрақты қаржы комитетін құрады.
      2. Тұрақты қаржы комитеті бағдарлама мен бюджетті қарастырып, бекітетін Сыртқы істер министрлері кеңесіне жыл сайын есеп ұсынады.
      3. Мүше мемлекеттердің қаржы сарапшыларынан (аудиторларынан) тұратын Қаржылық бақылау органы ішкі ережелер мен нұсқаулықтарға сәйкес Бас хатшылық пен оның қосалқы органдарына аудит жүргізеді.

XVII тарау Жұмыс регламенті мен дауыс беру 32-бап

      1. Сыртқы істер министрлері кеңесі жұмыстың өз регламентін қабылдайды.
      2. Сыртқы істер министрлері кеңесі Ислам саммитіне жұмыс регламентін ұсынады.
      3. Тұрақты комитеттер өздерінің тиісті регламенттерін белгілейді.

33-бап

      1. Ислам Конференциясы Ұйымы отырыстарының кворумы мүше мемлекеттердің үштен екісін құрайды.
      2. Шешімдер консенсус арқылы қабылданады. Консенсусқа келу мүмкін болмаған жағдайда, егер осы Жарғыда өзгеше көзделмесе, қатысушылар мен дауыс беруші мүшелердің үштен екісінің даусымен шешім қабылданады.

XVIII тарау Қорытынды ережелер Артықшылықтар мен иммунитеттер 34-бап

      1. Ұйым өз функцияларын жүзеге асыру және өз міндеттерін орындау үшін мүше мемлекеттерде қажетті артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
      2. Мүше мемлекеттердің өкілдері мен Ұйымның ресми тұлғалары 1976 жылғы Артықшылықтар мен иммунитеттер туралы келісімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
      3. Бас хатшылықтың, қосалқы органдар мен мамандандырылған ұйымдардың персоналы Ұйым мен қабылдаушы елдер арасындағы келісім бойынша өз міндеттерін атқару үшін қажетті артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
      4. Ұйымға қаржы жарналарын төлеу бойынша берешегін өтемеген мүше мемлекет, егер оның берешек сомасы алдыңғы толық екі жылдық жарна сомасына тең немесе асып кеткен жағдайда, Сыртқы істер министрлері кеңесінде дауыс беру құқығынан айырылады. Сонда да, егер Кеңес, борыштың мүше мемлекетке қатысты емес жағдайларға байланысты орын алған деп тапса, мұндай мүше мемлекетке дауыс беруге қатысуға рұқсат берілуі мүмкін.

Ұйымнан шығу 35-бап

      1. Кез келген мүше мемлекет өзінің шығуынан бір жыл бұрын Бас хатшыны хабардар етуі арқылы Ұйымнан шығуы мүмкін. Мұндай хабарлама барлық мүше мемлекеттерге таратылады.
      2. Шығу туралы өтініш берген мемлекет шығу туралы өтініш берілген қаржылық жыл аяқталғанға дейін өз міндеттемелерімен байланысты болады. Ол, сондай-ақ, Ұйым алдындағы кез келген басқа берешектерін жабуға міндеттенеді.

Өзгерістер мен толықтырулар 36-бап

      Осы Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар мынадай рәсімдерге сәйкес жүргізіледі:
      а. Кез келген мүше мемлекет осы Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді Сыртқы істер министрлері кеңесіне ұсынуы мүмкін;
      b. Өзгерістер мен толықтырулар Сыртқы істер министрлері кеңесінде дауыстардың үштен екісімен мақұлданған және мүше мемлекеттердің үштен екі даусымен ратификацияланған жағдайда күшіне енеді.

Түсінік беру 37-бап

      1. Осы Жарғының кез келген бабына түсінік беру, қолдану немесе орындау барысында туындауы мүмкін кез келген даулар бейбіт жолмен және барлық жағдайларда консультациялар, келіссөздер, татуластыру немесе төрелік сот арқылы шешілуі тиіс.
      2. Осы Жарғының ережелерін мүше мемлекеттер өздерінің конституциялық талаптарына сәйкес орындайды.

Тілдер 38-бап

      Ұйымның тілдері араб, ағылшын және француз тілдері болып табылады.

Өтпелі ережелер Ратификация және күшіне ену 39-бап

      1. Осы Жарғы Сыртқы істер министрлері кеңесінде дауыстардың үштен екісімен қабылданады және әрбір мүше мемлекеттің конституциялық рәсімдеріне сәйкес, мүше мемлекеттердің қол қоюы және ратификациялауы үшін ашық.
      2. Ратификациялық грамоталар Ұйымның Бас хатшысында сақталады.
      3. Осы Жарғы 1974 жылғы 1 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тіркелген Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысын алмастырады.
      Екі мың сегізінші жылғы он төртінші наурызға сай келетін, Хижра бойынша бір мың төрт жүз жиырма тоғызыншы жылғы Раби әл-Авал айының жетінші күнінде Дакар қаласында (Сенегал Республикасы) жасалды.

      Дакарда 2008 жылғы 14 наурызда жасалған Ислам Конференциясы Ұйымы Жарғысының куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық-құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Д. Есенбаев

      Дакарда 2008 жылғы 14 наурызда жасалған Ислам Конференциясы Ұйымы Жарғысының ағылшын тіліндегі нұсқасы қазақ аударылған нұсқасына  сай келетінін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Жалпыазиялық ынтымақтастық
      департаментінің
      Директоры                                  Е. Әли


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады