"Ұжымдық қауіпсiздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауiпсiздiк жүйесінің күштерi мен құралдарын құру және қолдану тәртiбi туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 14 қаңтардағы № 54 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Ұжымдық қауіпсiздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауiпсiздiк жүйесінің күштерi мен құралдарын құру және қолдану тәртiбi туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Жоба 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ Ұжымдық қауіпсiздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауiпсiздiк
жүйесінің күштерi мен құралдарын құру және қолдану тәртiбi
туралы келісімді ратификациялау туралы

      Мәскеуде 2010 жылғы 10 желтоқсанда жасалған Ұжымдық қауіпсiздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауiпсiздiк жүйесінің күштерi мен құралдарын құру және қолдану тәртiбi туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Ұжымдық қауіпсiздік туралы шарт ұйымы ұжымдық
қауiпсiздiк жүйесінің күштерi мен құралдарын құру және
қолдану тәртiбi туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шартқа (бұдан әрi – ҰҚШҰ және/немесе Ұйым) мүше мемлекеттер,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты және 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысын негізге ала отырып,
      барлық Тараптардың Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 51-бабына сәйкес жеке немесе ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын мойындай отырып,
      ұжымдық қауiпсiздiк жүйесін коалициялық және өңірлік негізде құру қағидатын ескере отырып,
      бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қарулы шабуылға (агрессияға), сондай-ақ басқа да қыр көрсетулер мен қатерлерге барабар ден қоюды қамтамасыз ететін ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құру және жетілдіру жөніндегі іс жүзіндегі шараларды қабылдау қажеттігіне сүйене отырып,
      халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудағы Ұйымның рөлін одан әрі нығайтуға, БҰҰ Жарғысының, қару-жарақты бақылау және әскери саладағы сенімді нығайту мәселелері жөніндегі халықаралық құқық пен халықаралық шарттардың жалпыға ортақ қағидаттары мен нормаларының негізінде жанжалдарды болдырмауда және реттеуде оның тиімділігін арттыруға белсенді және лайықты үлес қосуға өзінің ұмтылысын растай отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

1-бап

      Осы Келісімде қолданылатын терминдер мыналарды білдіреді:
      «ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесі» – халықаралық құқық пен ұлттық заңнамаға сәйкес Тараптардың мүдделерін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын ұжымдық қорғауды қамтамасыз ететін ҰҚШҰ органдарының және Тараптардың ұлттық мемлекеттік басқару органдарының, сондай-ақ Тараптардың күштері мен құралдарының жиынтығы;
      «ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағы» – шегінде Тараптардың ұлттық және ұжымдық қауіпсіздігінің мүдделері қамтамасыз етілетін ішкі суларды, аумақтық теңіз бен олардың әуе кеңістігін қоса алғанда, мемлекеттік шекара учаскелерімен (сыртқы шекаралармен) ҰҚШҰ-ға мүше болып табылмайтын басқа мемлекеттермен шектелген Тараптардың аумақтары;
      «ұжымдық қауіпсіздік өңірі» – шегінде ұлттық және ұжымдық қауіпсіздік мүдделері қамтамасыз етілетін бір немесе бірнеше Тараптар аумағының геостратегиялық жағдайын ескере отырып, қамтылатын ҰҚШҰ жауапкершілік аймағының бөлігі;
      «әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасы» – арнайы мақсаттағы күштердің әскери контингенттері мен құралымдарын қоса алғанда, ҰҚШҰ шеңберінде көпжақты (ұжымдық) негізде Тараптар құрған әскерлер (күштер) топтамасы;
      «әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріктірілген) топтамасы» – ұжымдық қауіпсіздіктің тиісті өңірі шеңберінде екіжақты немесе көпжақты негізде Тараптар құрған әскерлер (күштер) топтамасы;
      «әскери контингенттер» – әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріктірілген) топтамасының құрамына Тараптар бөлген Тараптар қарулы күштерінің бірлестіктері, құрамалары, әскери бөлімдері;
      «арнайы мақсаттағы күштер құралымдары» – әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасы құрамына Тараптар бөлген ішкі істер (полиция) органдарының, ішкі әскерлердің, қауіпсіздік органдарының және арнайы қызметтердің, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы уәкілетті органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелері (мамандар топтары);
      «жеке құрам» – әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріктірілген) топтамасы құрамына Тараптар бөлген немесе уақытша іссапарға жіберілген әскери қызметшілер, қауіпсіздік, ішкі істер (полиция) органдарының, ішкі әскерлердің, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы уәкілетті органдардың қызметкерлері, сондай-ақ әскери бөлімдерде, ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істейтін адамдар;
      «біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелер» – функционалдық мақсаты бойынша біртекті және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындау мақсатында Тараптар бөлетін күштер мен құралдар жиынтығы;
      «ұжымдық бітімгершілік күштері» – Тараптардың бітімгершілік контингенттері құрамынан бітімгершілік операцияларын жүргізу кезеңіне бөлінетін бөлімдер (бөлімшелер);
      «төтенше жағдай» – адам құрбандарының болуына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған табиғи ортаға залал келтіруге, елеулі материалдық шығындарға және адамдардың тіршілік әрекетінің жағдайларын бұзуға әкеп соқтыруы мүмкін немесе әкеп соқтырған авария, қауіпті табиғат құбылысы, апаттар, дүлей немесе өзге де зілзала нәтижесінде қалыптасқан жағдай;
      «төтенше жағдайларды жою» – төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін құтқару мен денсаулығын сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілетін залалдың және материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдайлар аймақтарын оқшаулауға, оларға тән қауіпті факторлардың әрекетін тоқтатуға бағытталған авариялық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстар.

2-бап

      ҰҚШҰ ұжымдық күштері жүйесінің әлемге төнген қатердің алдын алу және жою, соғыстар мен әскери жанжалдарды тоқтату, бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қарулы қақтығыстан (агрессиядан) бірлесіп қорғану, басқа да қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру, ал ол болған (басталған) жағдайда – Тараптардың ұлттық және ұжымдық мүдделерін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын кепілді қорғауды қамтамасыз ету жолымен Тараптардың берік және жан-жақты дамуы үшін қолайлы бейбіт жағдайларды қамтамасыз ету мақсаты бар.
      Осы мақсатты басшылыққа ала отырып, Тараптар:
      бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қарулы шабуылды (агрессияны), өзге де қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерді барлық Тараптарға қатысты қарулы шабуыл (агрессия), өзге де қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлер ретінде қарайды және өздерінің қарамағындағы барлық күштер мен құралдарды пайдалана отырып, тиісті қарсы шаралар қолданатын болады;
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормалары мен қағидаттары негізінде барлық мемлекеттермен және одақтас мемлекеттермен өздерінің қарым-қатынастарын құрады, әскери саладағы сенім шараларын кеңейтуге жәрдемдеседі, соғыстар мен қарулы жанжалдарды тоқтатуға бағытталған жүйелі саясатты жүргізеді;
      өңірлік және ғаламдық деңгейде ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберінде әскери қауіп-қатерлердің алдын алу, тоқтату және жою үшін әскери-дипломатиялық және өзге де әскери емес құралдарға басымдық береді;
      ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын құрады.

3-бап

      ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесін құрудың және қолданудың негізгі қағидаттары:
      ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің қорғаныстық сипаты;
      барлық Тараптар үшін ұжымдық қауіпсіздікті бөліп-жармау және қауіпсіздіктің тең деңгейі;
      ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Тараптардың тең жауапкершілігі;
      қарулы шабуылға (агрессияға) коалициялық және/немесе өңірлік (біріккен) негізде тойтарыс беруге Тараптардың қатысуын көздейтін өзін-өзі қорғау ұжымдығы;
      аумақтық тұтастығын сақтау, егемендігі мен ұлттық мүдделерін құрметтеу, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау;
      ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын Тараптардың арасындағы дауларды шешу үшін пайдалануға жол бермеу;
      ұжымдық қауіпсіздік жүйесін коалициялық және өңірлік негізде құру және дамыту болып табылады.

4-бап

      Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары:
      бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қауіп-қатерді болдырмауға және қарулы шабуылға (агрессияға) тойтарыс беруге, қарулы акциялар мен жанжалдарды оқшаулауға;
      халықаралық терроризмге, есірткі заттарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының, қару мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымына, сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың басқа да түрлеріне қарсы күресті қоса алғанда, Тараптардың қауіпсіздігіне қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге қарсы тұру жөніндегі іс-шараларға;
      әскери іс-қимылдарды жүргізу кезінде немесе осы іс-қимылдар салдарынан туындайтын қауіптерден халықты қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауға, төтенше жағдайларды жоюға және төтенше гуманитарлық көмек көрсетуге;
      Тараптардың мемлекеттік шекараларын, сондай-ақ мемлекеттік және әскери объектілерін күзетуді күшейтуге;
      бітімгершілік операцияларына;
      сондай-ақ ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындаған өзге де міндеттерді шешу үшін қатысуға арналған.

5-бап

      ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құрамына:
      ұлттық басқару органдарына бағынысты және ҰҚШҰ органдарының шешімі бойынша қолданылатын Тараптардың ұлттық қарулы күштерi мен басқа да әскерлерiнің бірлестіктері, құрамалары, әскери бөлiмдері мен бөлiмшелері, сондай-ақ ішкі істер (полиция) органдарының, ішкі әскерлердің, қауіпсіздік органдарының және арнайы қызметтердің арнайы мақсаттағы бөлімшелері (мамандар топтары), Тараптардың төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы уәкілетті органдарының құралымдары;
      әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасы;
      әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріктірілген) топтамасы;
      біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелер топтамасы;
      ұжымдық бітімгершілік күштері кіреді.
      Ресей Федерациясының стратегиялық ядролық күштері бір немесе бірнеше Тарапқа қатысты қарулы шабуылды (агрессияны) жүзеге асырудың мүмкін болатын іс-қимылдарын тоқтату функциясын орындайды.

6-бап

      Әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасын Ұйымның ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының ұдайы әзірліктегі құрамдасы болып табылатын және ҰҚШҰ жауапкершілік аймағындағы қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға арналған арнайы мақсаттағы күштердің әскери контингенттері мен құралымдарын қоса, Тараптардың күштері мен құралдары құрайды.
      Әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасын құру, қолдану тәртiбiн және құрамын ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайды.

7-бап

      Әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріктірілген) топтамасын ықтимал қарулы шабуылға (агрессияға) тойтарыс беру үшін бейбіт уақытта орналастырылған немесе қауіпті кезеңде өрістетілген ұжымдық қауіпсіздіктің тиісті өңірі Тараптарының қарулы күштері мен басқа да әскери құралымдарының басқару органдары мен әскерлері (күштері) құрайды.
      Тараптар әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріктірілген) топтамалары ретінде:
      ұжымдық қауiпсiздiктiң Шығыс Еуропа өңірі әскерлерінің (күштерінің) өңірлік топтамасын (Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы Одақтас мемлекеттерi шеңберiнде құрылады);
      ұжымдық қауiпсiздiктiң Кавказ өңірі әскерлерінің (күштерінің) біріктірілген топтамасын (Армения Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы екiжақты келiсiмдер негiзiнде құрылады);
      ұжымдық қауiпсiздiктiң Орталық Азия өңірі әскерлерінің топтамасын (ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы екiжақты және көпжақты (өңірлік) келiсiмдер негiзiнде құрылады);
      ұжымдық қауiпсiздiк өңірлеріндегі (аудандарындағы) бiрiктірілген (бірлескен) әскери жүйелер топтамасын (ӘШҚ, барлау, байланыс, басқару және т.б.) қарастырады.

8-бап

      Бiрiктірілген (бірлескен) әскери жүйелер топтамаларын Тараптар функционалдық арналуы бойынша (әуе шабуылына қарсы қорғаныс, барлау, байланыс, күштерді (құралдарды) автоматтандырылған басқару, зымыран шабуылы туралы ескерту, химиялық, радиациялық және биологиялық жағдайды бақылау, ғарыштық кеңістікті бақылау және басқалар) біртекті ұлттық күштер мен құралдар бөлімдерін ұйымдастыру-техникалық біріктіру жолымен құрады.
      Біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелердің негізгі міндеттерін, оларды құру мен қолдану қағидаттарын ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайды.

9-бап

      Әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріктірілген) топтамасының және біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелердің құрамын ұжымдық қауіпсіздіктің тиiстi өңіріне кіретін Тараптар айқындайды.
      Әскерлердің өңірлік (біріктірілген) топтамасы мен біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелердің құрамына бөлінетін бiрлестiктердiң, құрамалар мен әскери бөлiмдердiң тiзбесiн ұжымдық қауiпсiздiк өңірінің мемлекеттер басшылары бекітедi.
      Қалыптасқан әскери-стратегиялық жағдайға байланысты әскерлердің өңірлік (біріктірілген) топтамасының және біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелердің құрамына бөлінетін бiрлестіктердiң, құрамалар мен әскери бөлiмдердiң тізбесi ұжымдық қауiпсiздiктiң тиiстi өңірі (ауданы) Тараптарының күштерi мен құралдары есебiнен нақтылануы және толықтырылуы мүмкiн.

10-бап

      Бітімгершілік операцияларына қатысу үшін Тараптар оларды қолдану тиісті Келісіммен регламенттелетін ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштерін құрады.

11-бап

      Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын жасақтау Тараптардың ұлттық заңнамасына, ҰҚШҰ шеңберінде қабылданатын халықаралық шарттарға, ҰҚШҰ органдарының шешімдеріне және Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Арнайы мақсаттағы күштердің әскери контингенттері мен құралымдары әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріктірілген) топтамасын өрістетуге және қолдануға шешім қабылдағанға дейін тұрақты орналасу пункттеріндегі ұлттық заңнама қарауында болады және олардың қойылған міндеттерді орындауға әзірлігінің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін Тараптардың тиісті министрліктері мен ведомстволарының тікелей бағынысында қалады.
      Коалициялық және/немесе өңірлік топтаманың және біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелердің басқару органдары мен әскерлерінің (күштерінің) жауынгерлiк әзiрлiгiн ұстау мақсатында арнайы мақсаттағы күштердің әскери контингенттері мен құралымдарын жедел (жауынгерлiк) даярлау ұйымдастырылады және жүргізіледі, ол келiсiлген жоспарларға сәйкес жүзеге асырылады.

12-бап

      Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының құрамы, өрістету және қолдану мерзімдері туралы шешімді ҰҚШҰ Жарғысына немесе ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қолдануды регламенттейтін басқа да халықаралық шарттармен айқындалған тәртіпке бір немесе бірнеше Тараптың ресми өтініші негізінде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі қабылдайды.
      Әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік топтамасын және біріктірілген (бірлескен) әскери жүйелерін өрістету тиісінше ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі немесе ұжымдық қауіпсіздік өңірі Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мүшелері бекітетін алдын ала әзiрленген жоспарларға сәйкес жанжалдың басталуына тiкелей ықпал ететiн жағдайдың шиеленiсуi кезеңінде жүзеге асырылады. Жоспардың құрылымын, мазмұнын, оны әзірлеу, сақтау және нақтылау тәртібін мүдделі Тараптардың қорғаныс министрлері және/немесе қауіпсіздік кеңесінің хатшылары айқындайды.
      Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын жауынгерлiк әзiрлiктiң жоғары дәрежесiне келтiру, ұлттық құрамдастарды коалициялық және/немесе өңірлік (біріктірілген) қолбасшылыққа қайта бағындыру, әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасын және/немесе өңірлік (біріктірілген) топтамасын және бiрiккен жүйелерді өрiстету тәртiбi жекелеген ережелермен айқындалады.

13-бап

      Әскерлердің (күштердің) коалициялық және/немесе өңірлік (біріктірілген) топтамасының құрамына бөлінген Тараптардың күштері мен құралдарын өрістетуге және қолдануға ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін іске асыру, оларды операцияларды дайындау мен өткізу кезінде басқару, Тараптардың мүдделі министрліктерімен және ведомстволарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру үшін қолбасшылықтар құрылады.
      Операцияны жүргізу үшін күштер мен құралдарды өрістетуге және қолдануға шешім қабылдаған кезде әскерлердің (күштердің) коалициялық топтамасы қолбасшылығының жалпы санын, оны құру, өрістету және орналастыру тәртібін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі айқындайды.
      Әскерлердің (күштердің) өңірлік (біріктірілген) топтамасы қолбасшылығын құру, қаржыландыру және қызметiн ұйымдастыру тәртiбiн тиісті ұжымдық қауiпсiздiк өңірінің Тараптары алдын ала айқындайды.

14-бап

      Тараптар өздерiнiң әскери контингенттері мен арнайы мақсаттағы күштері құралымдарын техникалық және тылдық қамтамасыз етудi дербес жүзеге асырады, материалдық құралдар қорларын жасайды және белгіленген тәртiпке сәйкес келiсiлген нормаларға дейiн толықтырады. Техникалық және тылдық қамтамасыз етудiң өзге де тәртiбi Тараптардың келiсiмi бойынша әрбiр нақты жағдайда белгіленуі мүмкiн.

15-бап

      Осы Келiсiм оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшiне енедi.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кешiктіріп орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшiне енедi.
      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін 2001 жылғы 25 мамырда қол қойылған 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсiздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттердiң ұжымдық қауiпсiздiк жүйесінің күштерi мен құралдарын құру және қолдану тәртiбi туралы хаттама қолданысын тоқтатады.

16-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және/немесе қолдануға байланысты туындауы мүмкін даулы мәселелер мен келіспеушіліктерді Тараптар консультациялар мен келіссөздер жолымен шешеді.

17-бап

      Осы Келiсiмге Тараптардың кез келгенінің ұсынысы бойынша және басқа Тараптардың келісімімен оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Келiсiмнiң 15-бабында көзделген тәртiппен күшiне енетін, жеке хаттамамен ресiмделетiн өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілуi мүмкiн.

      Мәскеу қаласында 2010 жылғы 10 желтоқсанда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жолдайтын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады.

      Армения Республикасы үшін      Ресей Федерациясы үшін

      Беларусь Республикасы үшін     Тәжікстан Республикасы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін    Өзбекстан Республикасы үшін

      Қырғыз Республикасы үшін

      2010 жылғы 10 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Ұжымдық қауіпсiздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауiпсiздiк жүйесінің күштерi мен құралдарын қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртiбi туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырылған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық департаментінің
      Басқарма бастығы                           Б. Пискорский

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады