Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 117 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2011 жылғы 15 сәуірде Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 19 қаңтардағы
№ 117 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Тараптар деп аталатын),
      1992 жылғы 22 ақпандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық қатынастар, ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді назарға ала отырып,
      екі мемлекет арасындағы достық және өзара тығыз қарым-қатынастарды және осы байланыстарды одан әрі нығайтуға деген ұмтылысты назарға ала отырып;
      атом энергиясы таптырмайтын, қауіпсіз, сенімді, экологиялық тұрғыдан қолайлы және болашақтағы қажеттілік есебін қамтамасыз ететін энергия көзі болып табылатынын назарға ала отырып,
      Тараптардың ядролық технологиялар саласындағы жетістіктерін тани отырып,
      екі мемлекеттің дамуы үшін олар тиісті халықаралық уағдаластықтар мен міндеттемелерді, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын сақтаған жағдайда атом энергетикасы саласында атом энергиясын игеруге және бейбіт мақсатта пайдалануға бағытталған ынтымақтастықты орнатуға ниеттене отырып;
      атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту екі Тарап мемлекеттерінің мүдделері мен пайдасына қызмет ететінін тани отырып;
      атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық екі мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық дамуына жәрдемдесуде маңызды фактор болып табылатындығын атап көрсете отырып;
      екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастардың негізінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Мақсаты

      Осы Келісімнің мақсаты, әрбір Тараптың құқықтарына қысым жасамай, халықаралық құқықты, екі Тарап мемлекеттерінің ішкі саясаты мен халықаралық міндеттемелерін тиісті түрде ескере отырып, Тараптардың атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы өзара тиімді ынтымақтастығы үшін, олардың арасындағы екі жақты ынтымақтастықты нығайту үшін құқықтық негіз жасау болып табылады.

2-бап
Анықтамалар

      Осы Келісімде мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
      «ядролық материал» Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) Жарғысының ХХ бабында айқындалғандай, кез келген бастапқы материалды немесе арнайы ыдырайтын материалды білдіреді;
      «арнайы ядролық емес материал» Тараптардың құзыретті органдары бірлесіп айқындауы мүмкін, реакторда шапшаң нейтрондарды баяулату және одан әрі бөліну ықтималдығын ұлғайту үшін пайдаланылатын ауыр су немесе басқа материал тәрізді, реакторларға арналған ядролық емес материалды білдіреді;
      «жабдықтар» машиналардың, өндірістік жабдықтардың немесе аспаптық қамтамасыз етудің негізгі бірліктерін, сондай-ақ ядролық қызмет үшін әдейі әзірленген немесе арналған олардың құрамдас бөліктерін білдіреді;
      «технология» қандай да бір ядролық материалды, арнайы ядролық емес материалды немесе жабдықтарды әзірлеу, жасау немесе пайдалану үшін қажетті нақты ақпаратты білдіреді. Мұндай ақпарат жазбаша түрде немесе басқа да жеткізушілерде (мысалы, дискілерде, есте сақтайтын құрылғыларда және т.с.с.) ұсынылған сызбаларды, жоспарларды, кестелерді, үлгілерді, формулаларды, техникалық жобалар мен сипаттама  құжаттарды, нұсқау мен нұсқаулықтарды қоса алғанда, техникалық деректер түрінде ұсынылуы мүмкін және Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ережелерінің қолданылу аясына түсетін ретінде анықталған және алуы Тараптың жазбаша растауы бойынша алынған болып есептеледі;
      «тұлға» жеке немесе Тараптардың өздерін қоспағанда, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес құрылған кез келген заңды тұлғаны білдіреді;
      «ақпарат» жалпыға бірдей қол жетімді болып табылмайтын және осы Келісімге сәйкес кез келген нысанда берілетін және Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімнің мәні болып табылатыны баспа көшірмесінде немесе сандық форматта осылай белгіленген және рәсімделген, бірақ ақпаратты қоғамдық пайдалану саласына берген немесе осындай ақпаратты оны беретін Тарап немесе қандай да бір үшінші тұлға заңды түрде жариялаған жағдайда ондай болмайтын кез келген ақпаратты білдіреді;
      «құпия ақпарат» ашық баспасөзде жарияланған ақпаратты қоспағанда, Тараптар немесе тұлғалар бір-біріне беретін және олардың шаруашылық, коммерциялық және өзге де қызметінің мәніне жататын, рұқсатсыз тарату Тараптардың қауіпсіздігі мен мүдделеріне және беруші Тарап қорғауға ұмтылатын құпиялыққа зиян келтіруі мүмкін ақпаратты білдіреді;
      «зияткерлік меншіктің» 1967 жылғы 14 шілдедегі Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымын құрушы Конвенцияның 2-бабында белгіленген мәні бар.

3-бап
Ынтымақтастық салалары

      Осы Келісімде көзделетін ынтымақтастық атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды, дамытуды және қолдануды қамтиды және басқалардың арасында мыналарды қамтуы мүмкін:
      1) азаматтық атом энергетикасы саласында пайдалану үшін ядролық материалдарды, арнайы ядролық емес материалдар мен жабдықтарды ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша беру;
      2) өзара уағдаластық арқылы ядролық отын циклына қатысты ғылыми-техникалық ақпаратпен алмасу;
      3) атом энергетикалық реакторлары үшін уран мен отын нарығына маркетингтік зерттеулерді бірлесіп жүргізу және осындай маркетингтік зерттеулермен алмасу;
      4) уранды және атом энергиясын пайдалануға қатысы бар басқа да табиғи ресурстарды барлау мен өндіру;
      5) атом энергиясын өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, медицинада және атом энергетикасында пайдалану бойынша бірлескен жобаларды іске асыру;
      6) атом электр станцияларын, зерттеу реакторларын немесе шағын және орташа қуатты реакторларды жобалау, салу, пайдалану, техникалық қызмет көрсету және пайдаланудан шығару, сондай-ақ оларды пайдалану үшін отын, отын құрауыштарын және ядролық жабдықтарды жеткізу;
      7) ядролық және радиациялық қауіпсіздік, қоршаған орта жай-күйінің мониторингі;
      8) мамандар даярлау және алмасу;
      9) бірлескен конференциялар, симпозиумдар, семинарлар мен жұмыс кеңестерін ұйымдастыру;
      10) бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және өзара қызығушылық білдіретін жобаларды іске асыру;
      11) Тараптардың өзара келісімі бойынша ынтымақтастықтың басқа да бағыттары.

4-бап
Ынтымақтастықты іске асыру

      Осы Келісімнің 3-бабында аталған ережелерге сәйкес ынтымақтастықты іске асыру шарттары әрбір нақты жағдайда:
      - Тараптар немесе олар көрсеткен тиісті ұйымдар арасындағы, атап айтқанда бағдарламалар мен ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік алмасу шарттары анықталатын жеке шарттарда;
      - тиісті ұйымдар, кәсіпорындар және мекемелер арасында өнеркәсіптік жобаларды іске асыру, сондай-ақ қызметтерді ұсыну, арнайы ядролық емес материалдарды, ядролық материалдарды, жабдықтарды, қондырғыларды немесе технологияларды жеткізу мақсатында жасалатын келісімшарттарда анықталады.

5-бап
Құзыретті органдар және атқарушылық келісімдер

      1. Осы Келісім шеңберінде Тараптардың міндеттемелерін орындау бойынша құзыретті органдар мыналар болып табылады:
      Қазақстан Республикасының атынан – Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі,
      Үндістан Республикасының атынан - Атом энергиясы департаменті.
      2. Осы Келісім бойынша Тараптардың бірінің құзыретті органы өзгергенде, ол бұл туралы басқа Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабардар етеді.
      3. Тараптардың құзыретті органдары ынтымақтастықты орындау жөнінде және осы Келісімді іске асыру шеңберінде туындайтын мәселелерді шешу үшін тұрақты негізде кездесулер өткізеді.
      4. Тараптар осы Келісімнің ережелерін басқа Тараптың коммерциялық қатынастарына араласу мақсатында пайдаланбайды.

6-бап
Ақпарат

      1. Тараптар осы Келісім бойынша ақпаратты беруші Тарап құпия ретінде белгілеген техникалық деректер мен ақпараттың қорғалуын және құпиялылығын қамтамасыз етеді. Мұндай техникалық деректер мен ақпарат беруші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа берілмейді. Егер беруші Тарап немесе қандай да бір үшінші тарап ақпаратты заңды түрде жарияласа, онда ол құпия болудан қалады.
      2. Тараптар осы Келісімнің шарттарына сәйкес өздері алмасқан кез келген техникалық деректер мен ақпаратты, беруші Тарап, құзіретті орган немесе осындай ақпаратқа ие лауазымды тұлға осындай ақпаратты пайдалану немесе тарату бойынша шектеулер туралы алдын ала жазбаша хабарламаған жағдайды қоспағанда, оларды еркін пайдалана алады.
      3. Тараптар өздеріне берілетін құпия техникалық деректер мен ақпаратты, қорғау, зияткерлік меншік құқығын қорғау үшін өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес барлық қажетті шараларды қолданады.
      4. Осы Келісімді орындау шеңберінде алынған зияткерлік меншік объектілері үшінші Тарапқа тек қана оның меншік иесі болып табылатын Тараптың келісімімен берілуі мүмкін. Бұл ретте, онда құпия ақпараты бар Тараптардың қандай да бірінің зияткерлік меншік объектілерін беруі мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы осы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      5. Зияткерлік меншік құқықтарын пайдалану, беру және тапсыру шарттары осы Келісімге сәйкес жасалатын нақты келісімдерде, өзара түсіністік туралы меморандумдарда және келісімшарттарда жеке тәртіппен айқындалады.

7-бап
Ядролық материалдарды, арнайы ядролық емес материалдарды, жабдықтар мен технологияларды беру

      1. Осы Келісімнің шеңберінде ядролық материалдарды, арнайы ядролық емес материалдарды, жабдықтарды, қондырғылар мен технологияларды беру беруші Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Осы Келісімнің қолданылу аясына түсетін ядролық материалды, арнайы ядролық емес материалды, жабдықтар мен технологияларды кейін үшінші тарапқа беруді немесе берілген жабдықтарды пайдалану кезінде алынған материалды, арнайы ядролық емес материалды, жабдықтар мен технологияларды беруді қарастыратын Тарап басқа Тараптың тиісті жазбаша рұқсатын және алушы мемлекеттің:
      а) мұндай беру тек бейбіт мақсатта ғана пайдаланылады;
      b) мұндай беруге қатысты МАГАТЭ-нің кепілдіктері қолданылады;
      c) кез келген мұндай беруге қатысты физикалық қорғаудың тиісті шаралары қолданылады деген кепілдігін алғаннан кейін ғана оны іске асыруға тиісті.
      3. Осы Келісімнің қолданылу аясына түсетін ядролық материал, арнайы ядролық емес материал, жабдықтар мен технологиялар, сондай-ақ жанама өнім ретінде шығарылған немесе алынған ядролық материал осы Келісімнің ережелерінің қолданылу аясында:
      а) осы Баптың 2-тармағына сәйкес үшінші тарапқа кейінгі тапсырылғанға немесе бастапқыда оларды берген Тарапқа қайтарылғанға дейін;
      b) Тараптар осындай материалдар осы Келісімнің қолданылу аясына енді түспейтіндігі және олар осы Келісімнің заңды құзырынан шығарылмайды деген өзара келісімге келгенге дейін;
      с) Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ немесе Үндістан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы келісімдер бойынша кепілдіктердің қолданылуын тоқтату шарттарына сәйкес ядролық материалға қатысты ол пайдаланылған немесе МАГАТЭ кепілдігі қолданылатын қандай да бір ядролық қызмет үшін немесе ол іс жүзінде қалпына келтірілуі мүмкін емес дәрежеде араластырылған деп МАГАТЭ белгілегенше қалады.
      4. Осы Келісім бойынша ядролық материалдарды, арнайы ядролық емес материалдарды, жабдықтар мен технологияларды тапсыру тікелей Тараптар арасында немесе олар белгілеген тұлғалар арасында жүргізілуі мүмкін. Тараптардың бірінің аумағынан басқа Тараптың аумағына тікелей немесе үшінші тарап арқылы тапсырылған ядролық материалдар, арнайы ядролық емес материалдар, жабдықтар, технологиялар қабылдаушы Тараптың құзыретті органы беруші Тараптың құзыретті органына осы ядролық материалдар, арнайы ядролық емес материалдар, жабдықтар мен технологиялар осы Келісімнің қолданылу аясына түсетінін және олардың алынғанын растаған кезде ғана осы Келісімнің шеңберінде берілген болып саналады.

8-бап
Қайта өңдеу және байыту

      1. Осы Келісімнің шеңберінде берілген немесе осылай берілген кез келген жабдықта пайдаланылатын уран Тараптардың жазбаша келісімінсіз U-235 изотопы бойынша жиырма (20%) пайыздан артық байытылмайды.
      2. Осы Келісім бойынша берілген ядролық материалды, немесе Келісім бойынша берілген арнайы ядролық емес материалды, ядролық материалды немесе жабдықты пайдалану кезінде пайдаланылған немесе алынған ядролық материалды қайта өңдеу және нысанын немесе құрамын кез келген басқалай өзгерту МАГАТЭ-нің кепілдігіндегі ұлттық ядролық кәсіпорындарда орындалуға тиісті. Қайта өңдеу арқылы бөлінуі мүмкін кез келген бөлінетін материал алушы елдің ұлттық кәсіпорындарында МАГАТЭ кепілдігімен сақталады және пайдаланылады.

9-бап
Бейбіт мақсатта пайдалану

      1. Тараптар осы Келісім бойынша ынтымақтастықты жарылғыш құрылғылар жасау үшін емес, тек қана бейбіт мақсаттарда жүзеге асырады.
      2. Осы Келісім бойынша берілетін ядролық метериалдар, арнайы ядролық емес материалдар, жабдықтар, технологиялар мен ақпарат, сондай-ақ жанама өнім ретінде шығарылған немесе алынған технологиялар мен ядролық материалдар негізінде шығарылған жабдықтар тек бейбіт мақсаттарға пайдаланылуға тиіс және ядролық қару-жарақтар, кез келген ядролық жарылғыш құрылғылар шығаруға немесе басқа да әскери мақсаттар үшін пайдаланылмауға тиіс.
      3. Осы баптың ережесін 1994 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа байланысты кепілдіктерді қолдану туралы келісімге сәйкес 2004 жылғы 6 ақпандағы оған Қосымша хаттаманы ескере отырып, Қазақстан Республикасы орындайды.
      4. Осы баптың ережесін МАГАТЭ Басқарушылар кеңесі 2009 жылғы 3 наурызда бекіткен (Gov/2009/11) МАГАТЭ құжаты) және оның күшіне енуі бойынша 2009 жылғы 15 мамырда қол қойылған Қосымша хаттаманы ескере отырып, 2009 жылғы 11 мамырдағы «Үндістан Үкіметімен азаматтық ядролық объектілерге МАГАТЭ кепілдіктерін қолдану туралы келісімге» сәйкес Үндістан Республикасы орындайды.

10-бап
Физикалық қорғау

      1. Тараптар МАГАТЭ ұсынғаннан төмен емес деңгейде, осы Келісім шеңберінде берілген арнайы ядролық емес материалдардың, ядролық материалдар мен жабдықтардың физикалық қорғалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
      2. Әрбір Тарап өзінің мемлекеттік саясатына және өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына, сондай-ақ өзі қол қойған халықаралық шарттарға сәйкес осы Келісім шеңберінде берілген арнайы ядролық емес материалдарды, ядролық материалдарды, жабдықтар мен технологияларды физикалық қорғауды қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдайды.

11-бап
Жауапкершілік

      Тараптар немесе осы Келісімді іске асыруға байланысты Тараптар тағайындаған тұлғалар, азаматтық ядролық жауапкершілікті қоса алғанда, нақты келісімдердегі немесе шарттардағы жауапкершілік мәселелерін қарайды.

12-бап
Консультациялар

      1. Тараптар Тараптардың келісімі бойынша және осы Келісімді іске асыру барысында қажеттілігіне қарай өзара консультациялар мен кездесулер өткізеді.
      2. Осы Келісімнің ережелерін орындауға немесе түсіндіруге қатысты даулар Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар арқылы бейбіт жолмен шешіледі.

13-бап
Өзгерістер мен толықтыруларды енгізу, күшіне ену және қолданылуын тоқтату

      1. Осы Келісім оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы Тараптардың соңғы жазбаша хабарламасы дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім қырық (40) жылға жасалады және егер Тараптардың ешбірі басқа Тарапты ағымдағы жиырма (20) жылдық кезең аяқталғанға дейін бір жыл бұрын өзінің оның қолданылуын ұзартпау ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы хабардар етпесе, жиырма жылдық кезеңге автоматты түрде ұзартылады.
      3. Осы Келісімнің қолданылуын Тараптардың кез-келгені кез келген уақытта басқа Тараптың тиісті жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап, Тараптардың бірі осы Келісімнің шарттарын бұзған немесе сақтамаған жағдайда тоқтатуы және тоқтата тұруы мүмкін.
      4. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
      5. Осы Келісім мерзімінің аяқталғанына немесе қолданылуы тоқтатылғанына қарамастан, осы Келісімнің 6, 7, 8, 9 және 10-баптарында қамтылған міндеттемелер, Тараптар өзге келісімге келгенге дейін өз күшінде қалады. Осы Келісім бойынша ынтымақтастықты тоқтату осы Келісім шеңберіндегі отын жеткізілімдері жөніндегі келісімшарттарды, қолданыстағы жобалар мен міндеттемелерді орындауға қандай да бір залал келтірмеуге тиіс.
      20__ жылғы «____» ____________ ____________ қаласында әрқайсысы қазақ, хинди, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, барлық мәтіндер тең дәрежеде сәйкес келеді. Осы Келісімді түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының      Үндістан Республикасының
            Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады