Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 08.09.2015 № 754 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау және қадағалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2011 жылғы 15 шілдедегі заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметіне сәулет, кала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның бақылауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 21 қыркүйектегі № 1415 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 39, 383-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) қаулының атауы мынадай редакцияда жазылсын:
«Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау, лицензиялау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы»;
2) 1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қоса беріліп отырған Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау, лицензиялау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.»;
3) көрсетілген қаулымен бекітілген Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және лицензиялау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметіне сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның бақылауды жүзеге асыру ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2012 жылғы 30 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 25 қаңтардағы
№ 160 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 21 қыркүйектегі
№ 1415 қаулысымен
бекітілген
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік
сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау, лицензиялау
саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметін
сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі
уәкілетті мемлекеттік органның бақылауды және қадағалауды
жүзеге асыру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау, лицензиялау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес әзірленген.
2. Осы Қағидаларда сәулет және қала құрылысы, құрылыс, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау, лицензиялау істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі - жергілікті орган) қызметін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібі айқындалады.
3. Уәкілетті орган жергілікті жерге барып, тексеру жүргізу жолымен (бұдан әрі - тексерулер) жергілікті органдардың қызметіне бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.
4. Тексеруді жүзеге асырудың мақсаты сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қала құрылысы тәртібі мен регламенттерін, жобаларға сараптама жүргізу тәртібін, құрылыс объектілерін жобалау және жаңа әрі қазіргі қолда бар объектілерді өзгертуге арналған рұқсат ету рәсімдерінен өту үшін бастапқы материалдарды (деректерді) ресімдеу және беру қағидаларын, лицензияларды беру және біліктілік талаптарына өтініш берушілер мен лицензиаттардың сәйкестігін растау кезінде лицензиялау тәртібін, құрылыс сапасын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауды жүзеге асыру қағидаларын, сондай-ақ салынған объектілерді пайдалануға қабылдау қағидаларын сақтау жөніндегі қызметін бақылау мен қадағалау болып табылды.
2. Тексерулер жүргізу түрлері және тәртібі
5. Тексерулердің түрлері:
1) жоспарлы тексеру - уәкілетті орган тәуекелдерді бағалау жүйесіне сәйкес және алдыңғы тексерулерге қатысты белгіленген уақыт аралықтарын ескере отырып бекіткен тексерулердің жоспары негізінде жергілікті органға қатысты уәкілетті орган тағайындайтын тексеру;
2) жоспардан тыс тексеру - адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне тікелей төнген қатерді жою мақсатында жергілікті органға қатысты уәкілетті орган тағайындайтын тексеру.
6. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген уәкілетті органның тексеруді тағайындау туралы актісі (бұдан әрі - акт) тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады.
7. Актіде:
1) актінің нөмірі мен күні;
2) уәкілетті органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілетті адамның (адамдардың) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және лауазымы;
4) тексерулер жүргізуге тартылған мамандар, консультанттар және сарапшылар туралы мәліметтер;
5) жергілікті органның атауы және орналасқан жері, оның басшысының тегі, аты, әкесінің аты;
6) тағайындалған тексерудің мәні;
7) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабында көзделген тексерілетін субъектінің құқықтары мен міндеттері;
8) тексеру жүргізу мерзімі;
9) тексеру жүргізудің құқықтық негіздері, оның ішінде міндетті талаптары тексеруге жататын нормативтік құқықтық актілер;
10) тексерілетін кезең;
11) актіге қол қоюға уәкілетті адамның қолы және уәкілетті органның мөрі көрсетіледі.
8. Жеке және заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан ақпарат және өтініштер алу жергілікті органдарды жоспардан тыс тексеру үшін негіз болып табылады.
9. Тексерулерді жүргізу мерзімі 30 күнтізбелік күннен аспауы тиіс.
10. Жергілікті органға акт берілген сәттен бастап тексеруді жүргізу басталды деп есептеледі.
11. Уәкілетті орган тексеру жүргізудің, мерзімдері мен нысанасын көрсете отырып, тексерудің, өзі басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын жоспарлы тексерулерді жүргізу туралы актімен бірге жергілікті органды хабардар етеді.
Жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде уәкілетті орган тексеру жүргізу нысанасын көрсете отырып, тексеру басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталатыны туралы жергілікті органды хабардар етеді.
12. Жергілікті органдарды тексерулердің нәтижелері бойынша тексерулердің нәтижелері туралы акт ресімделеді.
13. Жергілікті органға тексерулердің нәтижелері туралы акт берілген күні тексерудің аяқталуы болып табылады.
14. Өзге де бақылау мен қадағалау түрлерін жүргізу арқылы бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі және «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» 2011 жылғы 6 қаңтардағы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Тексеру нәтижелері бойынша шаралар қабылдау
15. Бұзушылықтар анықталған кезде уәкілетті орган жергілікті органға жол берілген сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама жібереді.
16. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген шешім тексеру аяқталған күнінен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылданады.
17. Уәкілетті органның нұсқамалары белгіленген мерзімде (30 күнтізбелік күннен аспайтын) жергілікті органдардың орындауы үшін міндетті.
18. Жергілікті органдар нұсқамаларды орындамаған жағдайда уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет етеді.
19. Осы Қағидаларды бұзуға кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленгендей жауапты болады.