"ҚАЗСТАТ: Ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба" жобасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру жұмыс тобын құру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 22 ақпандағы № 251 Қаулысы

      2011 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы "ҚАЗСТАТ: Ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба" Қарыз туралы келісімді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қосымшаға сәйкес "ҚАЗСТАТ: Ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба" жобасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру жұмыс тобы (бұдан әрі - Жұмыс тобы) құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған жұмыс тобы туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2012 жылғы 22 ақпандағы
№ 251 қаулысына  
қосымша       

"ҚАЗСТАТ: Ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба»
жобасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық
үйлестіру жұмыс тобының құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы, жетекші
      Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының орынбасары, жетекшінің орынбасары
      Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі Стратегиялық даму департаментінің директоры, хатшы
      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі
      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі
      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы
      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары
      Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Макроэкономикалық талдау және болжамдау департаменті директорының орынбасары
      Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Стратегиялық жоспарлау департаменті директорының орынбасары

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің        
2012 жылғы 22 ақпандағы
№ 251 қаулысымен  
бекітілген      

"ҚАЗСТАТ: Ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба" жобасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру жұмыс тобы туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "ҚАЗСТАТ: Ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба" жобасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру жұмыс тобы (бұдан әрі - жұмыс тобы) өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Жұмыс тобының міндеттері

      2. Жұмыс тобы өз құзыретінің шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен мәселелерді шешуді қамтамасыз етеді;
      2) "ҚАЗСТАТ: Ұлттық статистика жүйесін нығайту жөніндегі жоба" (бұдан әрі - Жоба) жобасын іске асыру мәселелерін Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің өкілдерімен талқылайды және Жобаны іске асыруға қатысты кез келген мәселелерді шешу бойынша келісілген шараларды қамтамасыз етеді;
      3) Жобаның іске асырылу барысына қадағалау және мониторинг жүргізеді;
      4) Жобаны уақтылы және тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге қажетті өзге де шараларды қабылдайды.

3. Жұмыс тобының жұмысын ұйымдастыру

      3. Жұмыс тобының жетекшісі оның қызметін басқарады, отырыстарын өткізеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің орындалуын жалпы бақылауды жүзеге асырады.
      Жұмыс тобының жетекшісі болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары орындайды.
      4. Жұмыс тобының отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде екі рет өткізіледі және жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады.
      5. Жұмыс тобының шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру жұмыс тобының отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Жұмыс тобы мүшелерiнiң ерекше пiкiр білдіруге құқығы бар, оны бiлдiрген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген жұмыс тобы отырысының есеп-хатына қоса берілуі тиiс.
      Жұмыс тобының отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтары негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.
      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, жұмыс тобының хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын жұмыс тобының мүшелеріне келісу үшін жібереді.
      Жұмыс тобының мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      6. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі жұмыс тобынының жұмыс органы болып табылады.
      Жұмыс органы жұмыс тобының жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде жұмыс тобы отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар жұмыс тобының отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса жұмыс тобының мүшелеріне жіберілуі тиіс.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      7. Жұмыс тобының отырысы өткізілгеннен кейін жұмыс тобының хатшысы хаттама ресімдейді. Хатшы жұмыс тобының мүшесі болып табылмайды.
      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      8. Дауыс беру парақтарымен қоса, комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды жұмыс тобының жұмыс органы жүзеге асырады.
      Ескерту. Ереже 8-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады