"Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 сәуірдегі № 507 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыру туралы келісімді ратификациялау туралы

      2011 жылғы 22 маусымда Мәскеу қаласында жасалған Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыру туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыру туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының Комиссиясы туралы шартты, Кеден одағы Комиссиясының 2009 жылғы 25 қыркүйектегі № 94 және 2009 жылғы 21 қазандағы № 106 шешімдерін негізге ала отырып,
      халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында тауарлар мен автомобиль көлік құралдарының орнын ауыстыруын жеңілдету, Кеден одағының бірыңғай кеден аумағы арқылы халықаралық автомобиль тасымалдарының жүзеге асырылуына Кеден одағының сыртқы шекарасында бақылау жүргізуде бірыңғай тәсілдерді ұйымдастыру мақсатында
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты үшін мынадай терминдер қолданылады:
      «көліктік (автомобильдік) бақылау» – халықаралық автомобиль тасымалдарының жүзеге асырылуын бақылау;
      «көліктік (автомобильдік) бақылау органдары» – Тарап мемлекетінің аумағында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыруға Тарап мемлекеті уәкілеттік берген құзыретті органдары;
      «бақылау пункті» – Тарап мемлекеті заңнамасының талаптарына сәйкес жабдықталған стационарлық немесе жылжымалы пункт (бекет), сондай-ақ көліктік (автомобильдік) бақылау жүзеге асырылатын мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті;
      «тасымалдаушы» – меншік құқығында немесе өзге заңды негізде көлік құралын пайдаланатын заңды немесе жеке тұлға;
      «көлік құралы»:
      жүк тасымалдау кезінде – жүк автомобилі, тіркемесі бар жүк автомобилі, автомобильдік (ершікті) тартқыш немесе жартылай тіркемесі бар автомобильдік (ершікті) тартқыш, шасси;
      жолаушыларды тасымалдау кезінде – автобус, яғни жүргізушінің орнын қоса алғанда, отыру үшін тоғыздан астам орны бар, жолаушылар мен багажды тасымалдауға арналған, соның ішінде багажды тасымалдауға арналған тіркемесі бар автомобиль көлік құралы;
      «көлік құралының салмақтық және габариттік параметрлері» – жүгі бар немесе жүксіз көлік құралы массасының, осіне жүктемесінің және габариттерінің (ені, биіктігі және ұзындығы бойынша) мәндері;
      «Кеден одағының сыртқы шекарасы» – Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің аумақтары мен Кеден одағына қатысушы болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтарын бөлетін Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағының шектері.
      Осы Келісімде арнайы айқындалмаған терминдер Тараптар мемлекеттерінің басқа халықаралық шарттарында, оның ішінде Кеден одағы шеңберінде жасалған шарттарда белгіленген мағынада қолданылады.

2-бап

      Осы Келісім кез келген Тараптар мемлекетінің аумағына келетін (кететін, транзитпен өтетін) көлік құралдарын Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылау органдарының көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыруына бірыңғай тәсілдерді айқындайды.

3-бап

      Бір Тарап мемлекетіне басқа Тарап мемлекетінің аумағы арқылы жүретін көлік құралдары аумағы арқылы көрсетілген көлік құралдары жүретін Тарап мемлекетінің заңнамасына және осы Келісімнің 4–6-баптарына сәйкес Кеден одағының сыртқы шекарасында орналасқан бақылау пункттерінде көліктік (автомобильдік) бақылауға жатады.
      Көлік құралдарын, көліктік (автомобильдік) бақылау мақсаты үшін қажетті құжаттарды тексеру және оның нәтижелерін ресімдеу Кеден одағының сыртқы шекарасында олар аумағын кесіп өтетін Тарап мемлекетінің заңнамасына және осы Келісімге сәйкес жүргізіледі.
      Көліктік (автомобильдік) бақылау органдары көліктік (автомобильдік) бақылау нәтижелері бойынша өздері ресімдеген құжаттарды өзара таниды.

4-бап

      Мемлекеттік шекарасы арқылы Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына (бұдан әрі – Кеден одағының аумағы) кіру жүзеге асырылатын Тарап мемлекетінің көліктік (автомобильдік) бақылау органы бақылау пункттерінде көрсетілген мемлекеттің заңнамасында көзделген көліктік бақылау бойынша іс-қимылдардан басқа мыналарды:
      1) аумағы арқылы жүріп өту жүзеге асырылатын Тараптардың басқа мемлекеттерінің заңнамасында белгіленгенге ұқсас нормаларға, сондай-ақ Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумақтары арқылы ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты жүкті тасымалдауға не ірі көлемді және (немесе) ауыр салмақты көлік құралының жүріп өтуіне арналған арнайы рұқсаттарда көрсетілген деректерге көлік құралының салмақтық және габариттік параметрлерінің сәйкестігін тексеруді;
      2) тасымалдаушыда жүріп өту жүзеге асырылатын Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумағы арқылы жүріп өтуге арналған рұқсаттардың бар болуын, олардың орындалатын тасымалдар түріне сәйкестігін және осындай рұқсаттарда көзделген талаптарға көлік құралы сипаттамаларының сәйкестігін тексеруді;
      3) тасымалдаушыда жүріп өту жүзеге асырылатын Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумақтары арқылы ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты жүкті тасымалдауға, ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты көлік құралының жүріп өтуіне арналған арнайы рұқсаттардың, сондай-ақ қауіпті жүктерді тасымалдауға арналған арнайы рұқсаттардың бар болуын тексеруді;
      4) тасымалдаушыда тасымалдау жүзеге асырылатын Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумағында үшінші елдерге (үшінші елдерден) тасымалдауға арналған рұқсаттардың (арнайы рұқсаттардың) болуын тексеруді;
      5) Тараптардың басқа мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес тасымалдауды жүзеге асыруға Тараптардың басқа мемлекеттерінің аумақтары арқылы жүріп өтуге арналған рұқсатсыз жол берілген жағдайда, сондай-ақ тасымалдау көпжақты рұқсатқа сәйкес жүзеге асырылған жағдайда, тасымалдаушыға көліктік (автомобильдік) бақылау органдарымен келісілген нысан бойынша есепке алу талонын беруді жүзеге асырады.

5-бап

      Көліктік (автомобильдік) бақылау органдары Кеден одағының сыртқы шекарасы арқылы көлік құралының шығуы кезінде осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген іс-қимылдардан басқа бақылау пункттерінде мыналарды:
      1) егер Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес осындай алымды төлеу міндетті болса, тасымалдаушыда аумағы арқылы жүріп өту жүзеге асырылған Тараптар мемлекеттерінің автомобиль жолдары арқылы көлік құралдарының жүріп өтуіне алымдар төлеу туралы түбіртектің болуын;
      2) тасымалдаушыда (жүргізушіде) Тарап мемлекетінің аумағында халықаралық автомобиль тасымалдарын орындау тәртібін бұзғаны үшін айыппұл төлегенін растайтын түбіртектің немесе Тараптардың бірі мемлекетінің аумағы арқылы жүріп өтуге арналған рұқсатта немесе есепке алу талонында көліктік (автомобильдік) бақылау органдарының тасымалдаушыға (жүргізушіге) осындай айыппұл салынғаны туралы белгі болған жағдайда, тасымалдаушыға (жүргізушіге) тиісті әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыға шағымды қанағаттандыру туралы сот органдары шешімінің болуын;
      3) Тараптар мемлекеттері тасымалдаушыларының көлік құралдарының халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсаты болуын;
      4) басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органынан осы Келісімнің 6-бабында көрсетілген хабарламаны алған жағдайда, тасымалдаушыда қажетті құжаттардың болуын тексеруді жүзеге асырады.

6-бап

      Осы Келісімнің 4-бабында көзделген бақылау іс-қимылдары барысында көліктік құралының бақыланбалы параметрлерінің сәйкессіздігі, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген құжаттардың болмауы немесе сәйкессіздігі анықталған кезде бір Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органы жүргізушіге Тараптардың көліктік (автомобильдік) бақылау органдарымен келісілген нысан бойынша:
      анықталған сәйкессіздіктер туралы;
      басқа Тарап мемлекетінің аумағына келгенге дейін жетіспейтін құжаттарды алу қажеттігі туралы;
      көліктік құралының жүру маршрутын ескере отырып, басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органының тасымалдаушының көлік құралының бақыланбалы параметрлерінің сәйкессіздігін жою дәлелдемесін және (немесе) хабарламада көрсетілген құжаттарды ұсынуы тиіс ең жақын бақылау пункті туралы ақпараты көрсете отырып, хабарлама береді.
      Хабарламаны беру туралы ақпарат басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органына жіберіледі және сәйкессіздікті анықтаған көліктік (автомобильдік) бақылау органының ақпараттық базасына енгізіледі.
      Егер бір Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органы осы бапқа сәйкес тасымалдаушыға хабарлама берсе, басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органы бақылау пунктінде осы хабарламаның орындалуын тексеруді жүзеге асыруға және негіздер болған жағдайда тасымалдаушыға (жүргізушіге) осы басқа Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес шаралар қолдануға құқылы.
      Олардың болуы осы Келісімнің 4 және 5-баптарында көзделген құжаттарды тасымалдаушы ұсынғанға дейін Кеден одағының аумағынан көлік құралын шығару жүзеге асырылмайды.
      Бір Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органы басқа Тарап мемлекетінің аумағынан келе жатқан көлік құралының Кеден одағының сыртқы шекарасы арқылы шығуы кезінде көлік құралының бақыланбалы параметрлерінің сәйкессіздігін, Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген құжаттардың болмауын немесе сәйкессіздігін анықтау туралы басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органын хабардар етеді.

7-бап

      Тараптар өзаралық негізде Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын, Кеден одағының сыртқы шекарасында көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асырудың әдістері мен технологияларын үйлестіру жөніндегі шараларды:
      1) халықаралық көлік дәліздерінің құрамына кіретін жалпыға ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары арқылы қозғалыс кезінде көлік құралдарының салмақтық параметрлеріне қойылатын талаптар;
      2) басқа Тарап мемлекетінің жалпыға ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары арқылы көлік құралдарының жүріп өткені үшін алымдар төлеудің толықтығын бақылау жүйесін құру;
      3) үшінші елдердің тасымалдаушыларымен даулы жағдайлар туындаған жағдайда оларды реттеу жөнінде механизм жасау;
      4) Кеден одағының аумағы арқылы халықаралық автомобиль тасымалының шарттарын орындау бойынша белгіленген талаптарды бұзған жағдайда, көлік құралдарын кері қайтару (ұстау) механизмін жасау бөлігінде қабылдайды.

8-бап

      Рұқсаттар (арнайы рұқсаттар):
      1) олар көрсетілген рұқсаттарды берген құзыретті органдары бар Тарап мемлекетінің заңнамасын бұзушылықпен ресімделсе немесе пайдаланылса;
      2) Тарап мемлекетінің арнайы рұқсатында көрсетілген көлік құралының салмақтық және (немесе) габариттік параметрлері көлік құралының салмағын және габариттерін өлшеу нәтижелеріне сәйкес келмесе;
      3) көлік құралының сипаттамалары Тараптар мемлекеттерінің аумағы арқылы жүріп өтуге арналған рұқсатта көзделген көлік құралының сипаттамаларына сәйкес келмесе, жарамсыз болып табылады.
      Бақылау іс-қимылдары барысында көлік құралының параметрлері (сипаттамалары) рұқсатта көрсетілген параметрлерге (сипаттамаларға) сәйкессіздігі анықталған жағдайда, бір Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органының басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органынан жедел тәртіпте рұқсаттардың жарамдылығын растауды сұратуға құқығы бар.

9-бап

      Осы Келісімді іске асыру мақсатында көліктік (автомобильдік) бақылау органдары:
      1) жеке хаттамаларды жасайды, басқа Тараптың көліктік (автомобильдік) бақылау органдарына өз мемлекеттерінің көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыруға қойылатын талаптарды регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерінің ережелерін жеткізеді, бірін-бірі көрсетілген актілерге енгізілетін кез келген өзгерістер туралы хабардар етеді, сондай-ақ осы Келісімді іске асыру үшін қажетті құжаттардың үлгілерімен алмасады;
      2) өзара және үнемі көліктік (автомобильдік) бақылау нәтижесінде алынған ақпарат алмасады. Ақпарат алмасудың нысанын, құрамын және тәртібін Тараптар мемлекеттерінің көліктік (автомобильдік) бақылау органдары айқындайды;
      3) бір Тарап мемлекетінің аумағы арқылы басқа Тарап мемлекетінің аумағына транзитпен жүретін көлік құралдары туралы деректер базасын жүргізуді ұйымдастырады және осы базада бар ақпаратпен өзара алмасады.
      Көліктік (автомобильдік) бақылау нәтижесінде алынған ақпарат алмасу электрондық түрде жүзеге асырылады.
      Тараптар мемлекеттерінің көліктік (автомобильдік) бақылау органдары көліктік (автомобильдік) бақылау нәтижесінде алынған тауарларды тасымалдайтын халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары туралы өзге ақпаратты бере алады.

10-бап

      Көліктік (автомобильдік) бақылау нәтижелерін және көлік құралдарын ресімдеу және есепке алу мақсатында көліктік (автомобильдік) бақылау органдары осы Келісімнің 4 - 6-баптарына сәйкес жүзеге асырылатын көліктік (автомобильдік) бақылау бойынша қосымша іс-қимылдар нәтижелері туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық ресурстарды пайдаланады, сондай-ақ осы ақпараттық ресурстардың өзара пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

11-бап

      Тараптар белгіленген тәртіпте осы Келісімге сәйкес Кеден одағының сыртқы шекарасындағы көліктік (автомобильдік) бақылауды жүзеге асыру тәртібінің өзгеруі туралы шет мемлекеттердің құзыретті органдарын хабардар етеді.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін орындау үшін Тараптар отырыстары қажеттілігіне қарай өткізілетін бірлескен комиссия құрады.

13-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар және (немесе) келіссөздер арқылы шешіледі.
      Егер дауды Тараптар Тараптардың бірі басқа Тарапқа консультациялар мен (немесе) келіссөздерді өткізу туралы ресми жазбаша өтініш жіберген күнінен бастап алты ай ішінде олар арқылы реттемесе, онда Тараптардың кез келгені осы дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының қарауына бере алады.

14-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының олардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

15-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

16-бап

      Осы Келісім шектелмеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін Тараптардың қажетті барлық мемлекетшілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарийдің алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Тараптардың кез келгені осы Келісімнің қолданылуын тоқтату болжамдалған күнге дейін 60 (алпыс) күннен кешіктірмей бұл туралы депозитарийге дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарлама жібере отырып, оны тоқтата алады.
      2011 жылғы «22» маусымда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы оның депозитарийі болып табылатын және осы Келісімнің расталған көшірмесін әрбір Тарапқа жолдайтын Кеден одағы Комиссиясында сақталады.

        Беларусь              Қазақстан             Ресей
    Республикасының        Республикасының      Федерациясының
      Үкіметі үшін           Үкіметі үшін        Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады