Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының Үкіметі арасындағы өзара визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республиасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 мамырдағы № 577 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының Үкіметі арасындағы өзара визалық талаптардан босату туралы келісімнің  жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Сейітханұлы Жошыбаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының Үкіметі арасындағы өзара визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2012 жылғы 5 мамырдағы
№ 577 қаулысымен  
мақұлданған   

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының Үкіметі арасындағы өзара визалық талаптардан босату туралы
келісім

      Бұдан әрі «Уағдаласушы Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Орталық Халық Үкіметі тиісті түрде өкілеттік берген Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының Үкіметі (бұдан әрі – Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданы) осы келісімді жасасады,
      Қазақстан Республикасы мен Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданы арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылысты басшылыққа ала отырып,
      Қазақстан Республикасының азаматтары мен Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындары сапарларының талаптарын жеңілдетуге тілек білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін «жол жүру құжаты» мыналарды білдіреді:
      1. Қазақстан Республикасының азаматтары үшін:
      - жарамды дипломаттық паспорт,
      - жарамды қызметтік паспорт,
      - Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты.
      2. Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындары үшін:
      - Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының жарамды паспорты.

2-бап

      1. Жол жүру құжаты бар және Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданы аумағында еңбек қызметін жүзеге асыруға, оқуға немесе тұруға ниеттері жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары Гонконг Арнайы Әкімшілік ауданы аумағына визасыз кіре алады, одан шыға алады, транзитпен өте алады және бола алады. Осындай әрбір келудің мерзімі он төрт (14) күннен аспайды.
      2. Жол жүру құжаты бар және еңбек қызметін жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасының аумағында оқуға немесе тұруға ниеттері жоқ Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындары Қазақстан Республикасының аумағына визасыз кіре алады, одан шыға алады, транзитпен өте алады және бола алады. Осындай әрбір келудің мерзімі он төрт (14) күннен аспайды.

3-бап

      1. Жол жүру құжаты және Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданы аумағына осы Келісімнің 2-бабының 1-тармағында көзделген мерзімнен асатын кезеңге кіру ниеті бар, Қазақстан Республикасының азаматтары Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданы аумағына кіргенге дейін виза алуы тиіс.
      2. Жол жүру құжаты және Қазақстан Республикасының аумағына осы Келісімнің 2-бабының 2-тармағында көзделген мерзімнен асатын кезеңге кіру ниеті бар Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындары Қазақстан Республикасының аумағына кіргенге дейін виза алуы тиіс.

4-бап

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданы аумағында болу кезінде жол жүру құжаттары жоғалған немесе бүлінген кезде Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының құзыретті органдарын және Қазақстан Республикасының Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданындағы консулдық мекемесін бұл туралы дереу хабардар етуі тиіс.
      2. Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданы аумағында болу кезінде жол жүру құжаттары жоғалған немесе бүлінген Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданындағы консулдық мекемесі берген жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасына оралуға құқық беретін уақытша құжаттар негізінде Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданы аумағынан тыс жерге шығуға және Қазақстан Республикасына қайтуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының құзіретті органдарының тиісті рұқсаты алынуы тиіс.
      3. Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындары Қазақстан Республикасының аумағында болу кезінде жол жүру құжаттары жоғалған немесе бүлінген кезде Қазақстан Республикасының құзыретті органдарын және Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиясын немесе консулдық мекемесін бұл туралы дереу хабардар ету тиіс.
      4. Қазақстан Республикасының аумағында болу кезінде жол жүру құжаттары жоғалған немесе бүлінген Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындарына Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы консулдық мекемесі берген жеке басын куәландыратын және Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданына қайтуға құқық беретін уақытша құжаттар негізінде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге шығуға және Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданына қайтуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының құзыретті органдарының тиісті рұқсаты алынуы тиіс.

5-бап

      Осы Келісімнің 2 және 3-баптарында көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан және Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының шекарасынан халықаралық жолаушылар қатынастары үшін ашылған шекаралық өту пункттері арқылы кесіп өтеді.

6-бап

      1. Қазақстан Республикасының құзыретті органдары болуын қолайсыз деп санайтын тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағына кіруін қабылдамау немесе болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.
      2. Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының құзыретті органдары болуын қолайсыз деп санайтын тұлғалардың Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының аумағына кіруін қабылдамау немесе болу мерзімін қысқарту құқығын сақтайды.

7-бап

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының аумағында болған кезде Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының аумағында қолданыста болатын заңдар мен ережелерді сақтауға міндетті.
      2. Гонконг Арнайы Әкімшілік Ауданының тұрақты тұрғындары Қазақстан Республикасының аумағында болған кезде Қазақстан Республикасының аумағында қолданыста болатын заңдар мен ережелерді сақтауға міндетті.

8-бап

      1. Уағдаласушы Тараптар ұлттық немесе қоғамдық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке немесе өз мемлекеттері тұрғындарының денсаулығына төнетін қауіпті болдырмау үшін осы Келісімнің қолданысын толығымен немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы. Уағдаласушы Тараптар мұндай шешім туралы осы Келісімнің қолданысы тоқтатыла тұрғанға дейін жетпіс екі (72) сағаттан кешіктірмей бір-бірін жазбаша түрде хабардар етеді.
      2. Уағдаласушы Тараптар осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұруды тоқтату туралы бір-бірін жазбаша түрде дереу хабардар етеді.

9-бап

      1. Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімге қол қойылғаннан кейін отыз (30) күннен кешіктірмей шекарадан өтуге құқық беретін жол жүру құжаттарының үлгілерімен алмасады.
      2. Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары шекарадан өтуге құқық беретін жол жүру құжаттарына қатысты кез келген өзгерістер туралы аталған өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін отыз (30) күннен кешіктірмей бір-бірін жазбаша түрде хабардар етеді және бір мезгілде бір-біріне өзгертілген жол жүру құжаттарының үлгілерін береді.
      3. Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген уақытша құжатқа қатысты ақпаратты жазбаша түрде алмасады.

10-бап

      Уағдаласушы Тараптар арасындағы осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты мәселелер бойынша кез келген даулар Уағдаласушы Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

11-бап

      1. Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісім өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін.
      2. Келісілген өзгерістер немесе толықтырулар осы Келісімнің 12-бабының 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

12-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Уағдаласушы Тараптардың бірінің екінші Уағдаласушы Тараптан оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап 6 (алты) ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      201_ жылғы « » ______________ екі данада, әрқайсысы қазақ және ағылшын тілдерінде жасалды, әрі екі мәтіннің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының     Қытай Халық Республикасының
      Үкіметі үшін                  Гонконг Арнайы Әкімшілік
                                     Ауданының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады