2007 жылғы 25 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 маусымдағы № 691 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2007 жылғы 25 мамырда Ялта қаласында жасалған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
      2. 2007 жылғы 25 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

         Қазақстан Республикасының
         Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2012 жылғы 28 маусымдағы
№ 691 қаулысымен  
мақұлданған     

Жоба

2007 жылғы 25 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қою туралы

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын 2007 жылғы 25 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      16-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«16-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін».

2-бап

      Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қатысушылардың Дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесі туралы ережеге (бұдан әрі – Ереже) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      Ереженің І-бөлімі мынадай редакцияда жазылсын:

«I. Жалпы ережелер

      1.1. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қатысушылардың Дене шынықтыру және спорт жөніндегі кеңесі (бұдан әрi –Кеңес) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді (бұдан әрі – Келісім) іске асыру, Келісімге қатысушылардың халықаралық байланыстарын кеңейту және нығайту мақсатында құрылады.
      Кеңес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының салалық ынтымақтастық органы болып табылады және мемлекет басшыларының кеңесі, үкімет басшыларының кеңесі, сыртқы істер министрлерiнiң кеңесі ТМД экономикалық кеңесі қабылдаған шешімдердің орындалуын өз құзыреті шеңберінде ұйымдастыруға және үйлестіруге мүдделі.
      1.2. Кеңес өз қызметiнде Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының жарғысын, Достастық шеңберінде қабылданған шарттар мен шешiмдерді, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының салалық ынтымақтастық органдары туралы жалпы ережені және осы Ережені басшылыққа алады.
      1.3. Кеңес өзінің қызметін ТМД Атқарушы комитетімен, Достастықтың басқа органдарымен, қажет болған жағдайда басқа халықаралық ұйымдардың хатшылықтарымен, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
      1.4. Кеңес құрамына Келісімге қатысушы мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік билік органдарының басшылары кiредi.
      Кеңес отырыстарына Кеңес мүшелерін алмастыратын адамдар жіберілген жағдайда олардың өкілеттіктері расталуға тиіс.
      Кеңестің құрамына кеңесуші дауыс құқығымен Кеңес хатшылығының басшысы, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілі кіреді.
      Келiсiмнiң әрбiр қатысушысы Кеңесте бiр дауысқа ие.
      1.5. Кеңес өз қызметiнде ТМД үкіметтері басшыларының кеңесіне есеп береді.
      1.6. Кеңес өз жұмысын өзі әзірлеген және бекiткен жоспарлар негiзінде ұйымдастырады.
      1.7. Кеңес ТМД Атқарушы комитетіне өз қызметі туралы жыл сайын ақпарат береді.».
      2. «Кеңес жұмысын ұйымдастыру және оның тәртібі» деген ІV бөлімде:
      4.2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «4.2. Егер кеңес шешімімен өзгеше белгіленбесе, кеңесте төрағалық ету ротация принципі негізінде Келісімге әрбір қатысушының өкілі атынан орыс алфавиті тәртібімен әдеттегідей бір жыл ішінде алма-кезек жүзеге асырылады..»
      4.5, 4.6, 4.7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «4.5. Кеңес отырысында оның шешімі бойынша Келісімге қатысушылардың мүдделі министрліктері мен ведомстволарының өкілдері, спорт ұйымдарының, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері бақылаушылар ретінде қатыса алады.
      4.6. Кеңестің қызметін ұйымдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етудi оның хатшылығы жүзеге асырады.
      Кеңес хатшылығының функциялары ТМД Атқарушы комитетінің құрылымдық бөлімшесімен бірге, басшылығы кеңесте төрағалық ететін дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік билік органының аппаратына жүктеледі.
      Кеңес Хатшылығының басшысын кеңес төрағасы тағайындайды және ол кеңесте төрағалық етуші дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік билік органының өкілі болып табылады. ТМД Атқарушы комитетінің өкілі Кеңес Хатшылығы басшысының орынбасары болып табылады.
      4.7 Кеңестің кезекті отырысына хатшылық қажеттi материалдарды дайындауды ұйымдастырады және отырыс өткізілетін күнге дейін кемінде екі апта қалғанда кеңес мүшелерiн олармен қамтамасыз етеді.».
      3. Мынадай мазмұндағы V бөліммен толықтырылсын:

«V Қаржыландыру

      5.1. Кеңес отырысын өткізуге байланысты шығыстар ТМД-ға қатысушы қабылдаушы мемлекеттің тиiстi мемлекеттік билік органдарының есебінен жүзеге асырылады.
      5.2. Кеңес мүшелерін және отырысқа қатысушыларды iссапарға жiберуге арналған шығыстарды ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бағыттаушы мемлекеттiк органдары мен ұйымдары жүзеге асырады.».

3-бап

      Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы хабарлама депозитарийге тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді.
      _____ жылғы « »____________ _______________қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетiнде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшiрмесін жолдайды.

      Әзірбайжан                      Ресей Федерациясының
      Республикасының                   Үкіметі үшін
      Үкіметі үшін

      Армения Республикасының          Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      Беларусь Республикасының         Түркіменстан
      Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының         Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының            Украина
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

      Молдова Республикасының
      Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады