Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Македония Республикасының Үкiметi арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 маусымдағы № 877 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Македония Республикасының Үкiметi арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Болат Бидахметұлы Жәмішевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң атынан Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Македония Республикасының Үкiметi арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімге қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 29 маусымдағы
№  877 қаулысымен   
мақұлданған

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Македония Республикасының Үкiметi арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Македония Республикасының Үкiметi,
      Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісім жасасуға ниет бiлдiре отырып,
      төмендегілер туралы келiстi:

1-бап Келісім қолданылатын тұлғалар

       Осы Келісім Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң немесе екеуiнiң де резиденттерi болып табылатын тұлғаларға қолданылады.

2-бап Келісім қолданылатын салықтар

      1. Осы Келісім Уағдаласушы Мемлекеттiң немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшелерінің, орталық немесе жергілікті билік органдарының атынан алынатын табысқа салынатын салықтарға оларды алу әдiсiне қарамастан қолданылады.
      2. Жылжымалы немесе жылжымайтын мүлiктi иелiктен айырудан алынған табыстарға салынатын салықтарды, кәсiпорындар төлейтiн қызметақының немесе жалақының жалпы сомасынан алынатын салықтарды қоса алғанда, табыстың жалпы сомасынан немесе табыстың жекелеген элементтерiнен алынатын салықтардың барлық түрлерi табысқа салынатын салықтар болып есептеледi.
      3. Осы Келісім қолданылып жүрген салықтар, жекелей алғанда:
      а) Қазақстанда:
      (i) корпоративтік табыс салығы және;
      (ii) жеке табыс салығы (бұдан әрi «Қазақстан салығы» деп аталатын);
      b) Македонияда:
      (i) жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы және;
      (ii) пайдаға салынатын салық;
       (бұдан әрi «Македония салығы» деп аталатын) болып табылады.
      4. Осы Келісім заңды күшіне енген күннен кейiн қолданыстағы салықтарға қосымша немесе олардың орнына алынатын бiрдей немесе мәнi бойынша ұқсас кез келген салықтарға да осы Келісім қолданылады. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары өз мемлекетінің салық заңнамасындағы кез келген елеулi өзгерiстер туралы бiр-бiрiн хабардар етеді.

3-бап Жалпы анықтамалар

      1. Егер мәнмәтiннен өзгеше туындамаса, осы Келісімнің мақсаттары үшiн:
      а) «бір Уағдаласушы Мемлекет» және «екiншi Уағдаласушы Мемлекет» терминдерi түпмәтiнге байланысты Қазақстанды немесе Македонияны бiлдiредi;
      b) «Қазақстан» терминi Қазақстан Республикасын бiлдiредi және географиялық мағынада пайдаланылған кезде өзінің ұлттық заңнамасына және ол қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк аумағын және Қазақстанның өз егемендiк құқықтары мен юрисдикциясын жүзеге асыратын аймақтарын қамтиды;
      с) «Македония» терминi ішкі юрисдикцияға және халықаралық құқыққа сәйкес табиғи ресурстарды барлау, өңдеу, сақтау және басқару мақсаттары үшін юрисдикция немесе егемендiк құқықтар жүзеге асырылатын Македония Республикасының аумағын бiлдiредi;
      d) «ұлттық тұлға» терминi:
      (i) Уағдаласушы Мемлекеттiң азаматтығы бар кез келген жеке тұлғаны;
      (ii) Уағдаласушы Мемлекеттiң қолданыстағы заңнамасы негiзiнде осындай мәртебені алған кез келген заңды тұлғаны, серіктестікті  немесе қауымдастықты бiлдiредi;
      е) «тұлға» терминi жеке тұлғаны, компанияны және тұлғалардың кез келген басқа да бiрлестiгiн қамтиды;
      f) «компания» терминi салық салу мақсаттары үшiн корпоративтік құрылым ретiнде қарастырылатын кез келген корпоративтік құрылымды немесе кез келген ұйымды бiлдiредi;
      g) «кәсiпкерлiк қызмет» терминi кәсiби қызметтер көрсетудi және тәуелсiз сипаттағы басқа да қызметтi орындауды қамтиды;
      h) «кәсiпорын» терминi кез келген кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға қолданылады;
      i) «бір Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны» және «екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны» терминдерi тиiсiнше Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқаратын кәсiпорынды және екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi басқаратын кәсiпорынды бiлдiредi;
      j) «халықаралық тасымал» терминi теңiз немесе әуе кемесi екiншi Уағдаласушы Мемлекеттегі пункттер арасында ғана пайдаланылатын жағдайлардан басқа, тиімді басқару орны Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан кәсiпорын пайдаланатын теңiз немесе әуе кемесiмен кез келген тасымалды бiлдiредi;
      k) «құзыреттi орган» терминi:
      (i) Қазақстанда: Қаржы министрлiгiн немесе оның уәкiлеттi өкiлiн;
      (ii) Македонияда: Қаржы министрлiгiн немесе оның уәкiлеттi өкiлiн бiлдiредi.
      2. Уағдаласушы Мемлекет осы Келісімді кез келген уақытта қолданған кезде, онда айқындалмаған кез келген термин, егер түпмәтiннен өзге мағына туындамаса, осы Келісім қолданылатын салықтарға қатысты осы Уағдаласушы Мемлекеттiң заңнамасы бойынша сол кезде қандай мағынаға ие болса, сондай мағынаға ие болады, осы Уағдаласушы Мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес кез келген мағына осы Уағдаласушы Мемлекеттiң басқа заңдары бойынша терминге берiлетiн мағынадан басым болады.

4-бап Резидент

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшiн «Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi» терминi осы Уағдаласушы Мемлекеттiң заңнамасы бойынша өзінің тұрғылықты жерi, резиденттiгi, тіркелген жері, басқару орны немесе ұқсас сипаттағы кез келген басқа критерий негiзiнде онда салық салынуға тиiс кез келген тұлғаны бiлдiредi және Уағдаласушы Мемлекет пен оның кез келген әкімшілік-аумақтық бөлімшесін, орталық немесе жергілікті билік органын да қамтиды. Алайда бұл термин осы Уағдаласушы Мемлекеттегi көздерден алынатын табысқа қатысты ғана осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуға жататын кез келген тұлғаны қамтымайды.
      2. Егер осы баптың 1-тармағының ережелерiне сәйкес жеке тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болып табылса, онда оның мәртебесi мынадай түрде айқындалады:
      а) ол өзiнiң иелiгiндегi тұрақты тұрғын жайы орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттiң ғана резидентi болып есептеледі; егер оның иелiгiнде Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнде де тұрақты тұрғын жайы болса, ол неғұрлым тығыз жеке және экономикалық қатынастары (тiршілiк ету мүдделері орталығы) бар Уағдаласушы Мемлекеттiң ғана резидентi болып есептеледі;
      b) егер оның тiршілiк ету мүдделер орталығы бар Уағдаласушы Мемлекеттi айқындау мүмкiн болмаса немесе оның Уағдаласушы Мемлекеттердiң ешқайсысында өзiнiң иелiгiндегi тұрақты тұрғын жайы болмаса, ол өзi әдетте тұрып жатқан Уағдаласушы Мемлекеттiң ғана резидентi болып есептеледі;
      с) егер ол әдетте Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнде де тұратын болса немесе олардың бiреуiнде де тұрмаса, ол ұлттық тұлғасы болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң ғана резидентi болып есептеледі;
      d) егер жеке тұлғаның резиденттігі мәртебесін осы тармақтың а), b), және с) тармақшаларының ережелеріне сәйкес айқындау мүмкін болмаса, онда Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары осы мәселені өзара келісуі бойынша шешеді.
      3. Егер осы баптың 1-тармағының ережелерiне сәйкес жеке тұлғадан өзге тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң екеуiнiң де резидентi болып табылса, ол оның тиiмдi басқару орны орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттiң ғана резидентi болып есептеледі.

5-бап Тұрақты мекеме

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшiн «тұрақты мекеме» терминi кәсiпорынның кәсiпкерлiк қызметi толық немесе iшiнара жүзеге асырылатын тұрақты қызмет орнын бiлдiредi.
      2. «Тұрақты мекеме» терминi, жекелей алғанда:
      а) басқару орнын;
      b) филиалды;
      с) кеңсенi;
      d) фабриканы;
      е) шеберхананы;
      f) шахтаны, мұнай немесе газ ұңғымасын, карьердi немесе табиғи ресурстарды өндiретiн кез келген басқа орынды; және
      g) табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын қондырғыны, құрылысты, бұрғылау қондырғысын немесе табиғи ресурстарды барлау үшiн пайдаланылатын теңіз кемесін немесе осыған байланысты көрсетілетін бақылау қызметтерiн қамтиды.
      3. «Тұрақты мекеме» терминi, сондай-ақ:
      а) құрылыс алаңын немесе құрылыс, монтаждау немесе құрастыру жобасын немесе 6 айдан астам кезең шегінде осындай алаңға немесе жобаға байланысты көрсетілетін бақылау қызметтерін;
      b) егер осындай сипаттағы қызмет (осындай немесе оған байланысты жоба үшiн) Уағдаласушы Мемлекеттiң шегiнде кез келген 12 айлық кезең ішіндегі 6 айдан астам мерзімге немесе мерзімдерге жалғасса, кәсiпорын осындай мақсаттар үшiн жалдаған қызметшiлер немесе басқа персонал арқылы кәсiпорынның консультациялық қызметтер көрсетуін қоса алғанда, қызметтер көрсетуiн қамтиды.
      Осы тармақшаның мақсаттары үшін, егер екінші Уағдаласушы Мемлекетте қызметтер көрсетуді ұсынатын Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны белгілі бір уақыт мерзімі ішінде осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте болатын және дәл осындай қызметтер көрсететін бір немесе одан да көп жеке тұлғалар арқылы осындай немесе онымен байланысты жобалар үшін осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте осыған ұқсас қызметтер көрсететін екінші кәсіпорынмен байланысты болса, онда алғашқы аталған кәсіпорын екінші Уағдаласушы Мемлекетте осындай немесе онымен байланысты жобалар үшін екінші кәсіпорынның тұлғалары арқылы қызметтер көрсетеді деп есептеледі. Алдыңғы сөйлемнің мақсаттары үшін, егер олардың біреуін екіншісі тікелей немесе жанама немесе екі кәсіпорынды да тікелей немесе жанама сол бір тұлғалар бақылайтын болса, осындай тұлғалардың Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті болып табылуы немесе табылмауына қарамастан, екінші кәсіпорынмен байланысты болып есептеледі.
      4. Осы баптың алдыңғы ережелерiне қарамастан, «тұрақты мекеме» терминi:
      а) құрылыстарды кәсiпорынға тиесiлi тауарларды немесе бұйымдарды сақтау, көрсету немесе жеткiзіп тұру мақсаттары үшiн ғана пайдалануды;
      b) кәсiпорынға тиесiлi тауарлар немесе бұйымдар қорларын сақтау, көрсету немесе жеткiзіп тұру мақсаттары үшiн ғана ұстауды;
      с) кәсiпорынға тиесiлi тауарлар немесе бұйымдар қорларын басқа кәсiпорынның қайта өңдеу мақсаттары үшiн ғана ұстауды;
      d) тұрақты қызмет орнын кәсiпорынға арналған тауарларды немесе бұйымдарды сатып алу мақсаттары үшiн немесе ақпарат жинау үшiн ғана күтіп-ұстауды;
      е) тұрақты қызмет орнын кәсiпорын үшiн тек дайындық немесе көмекшi сипаттағы кез келген басқа қызметтi жүзеге асыру мақсаттары үшiн ғана күтіп-ұстауды;
      f) осындай комбинация нәтижесiнде туындайтын тұрақты қызмет орнының жиынтық қызметi дайындық немесе көмекшi сипатта болған жағдайда, тұрақты қызмет орнын тек осы тармақтың а) - е) тармақшаларында санамаланған қызмет түрлерiнiң кез келген комбинациясын жүзеге асыру үшiн ғана ұстауды қамтымайды.
      5. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерiне қарамастан, егер оған осы баптың 6-тармағы қолданылатын тәуелсiз мәртебесi бар агенттен өзге тұлға кәсiпорынның атынан әрекет етсе және оның кәсiпорын атынан келiсiмшарттар жасасуға өкiлеттiктерi болса және оны әдетте Уағдаласушы Мемлекетте пайдаланса, егер осындай тұлғаның қызметi осы баптың 4-тармағында көрсетілген қызметпен ғана шектелмесе, егер оны тұрақты қызмет орны арқылы жүзеге асырса да, бұл тұрақты қызмет орнын осы тармақтың ережелерiне сәйкес тұрақты мекемеге айналдырмаса, онда мұндай кәсiпорын осы тұлғаның кәсiпорынның пайдасына жүзеге асыратын кез келген қызметiне қатысты осы Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесi бар кәсiпорын ретiнде қарастырылады.
      6. Кәсіпорын кәсiпкерлiк қызметін осы Уағдаласушы Мемлекетте брокер, комиссионер немесе тәуелсiз мәртебесi бар кез келген басқа агент арқылы жүзеге асырғаны үшiн ғана, мұндай тұлғалар өздерiнiң әдеттегi қызметi шеңберiнде әрекет жасаған жағдайда, Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесi бар кәсiпорын ретiнде қарастырылмайды. Алайда, мұндай агенттің қызметі осындай кәсіпорынның атынан толық немесе толық дерлік орындалған кезде және кәсіпорын мен агенттің арасында олардың коммерциялық және қаржылық өзара қатынастарында тәуелсіз кәсіпорындар арасында орнатылуы мүмкін болатыннан өзгеше жағдайлар жасалса, онда ол осы тармақ бойынша тәуелсіз мәртебесі бар агент болып есептелмейді.
      7. Осы баптың алдыңғы ережелеріне қарамастан, қайта сақтандыруды қоспағанда, егер ол екінші Уағдаласушы Мемлекеттiң аумағында жарна жинаумен айналысса немесе онда болып, осы баптың 6-тармағының ережелері қолданылатын тәуелсіз мәртебесі бар агенттен өзге тұлға арқылы тәуекелдерді сақтандырса, бір Уағдаласушы Мемлекеттiң сақтандыру ұйымы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемеге ие болады.
      8. Бір Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компания екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компанияны бақылайтын болса немесе оның бақылауында болса немесе осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырса (не тұрақты мекеме арқылы не өзге түрде), осы компаниялардың бiрі екiншiсiнiң тұрақты мекемесі болып табылмайды.

6-бап Жылжымайтын мүлiктен түсетін табыс

      1. Бір Уағдаласушы Мемлекет резидентiнiң (ауыл немесе орман шаруашылығынан алатын табысты қоса алғанда) екiншi Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен алатын табысына осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. «Жылжымайтын мүлiк» терминi қарастырылып отырған мүлiк орналасқан Уағдаласушы Мемлекеттiң заңнамасы бойынша айқындалады. Мұндай термин кез келген жағдайда жылжымайтын мүлiкке қатысты қосалқы мүлiктi, мал мен ауыл және орман шаруашылықтарында пайдаланылатын жабдықты, жер меншiгiне қатысты заңнаманың ережелерi қолданылатын құқықтарды, жылжымайтын мүлiк узуфруктын және минералдық шикiзат кен орындарын, көздерiн және басқа да табиғи ресурстарды өңдеуге немесе өңдеу құқығына берiлетiн өтемақы ретiндегi ауыспалы немесе тiркелген төлемдерге арналған құқықтарды қамтиды. Теңiз және әуе кемелерi жылжымайтын мүлiк ретiнде қарастырылмайды.
      3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi жылжымайтын мүлiктi тiкелей пайдаланудан, жалға беруден немесе оны кез келген басқа нысанда пайдаланудан алынған табысқа қолданылады.
      4. Осы баптың 1 және 3-тармақтарының ережелерi кәсiпорынның жылжымайтын мүлкінен алынатын табысына да қолданылады.

7-бап Кәсiпкерлiк қызметтен түсетін пайда

      1. Егер бір Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны екiншi Уағдаласушы Мемлекетте онда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырмаса, осы кәсiпорынның пайдасына осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер кәсiпорын кәсiпкерлiк қызметтi жоғарыда көрсетілгендей жүзеге асырса, онда кәсiпорынның пайдасына екiншi Уағдаласушы Мемлекетте, бiрақ тек:
      а) осындай тұрақты мекемеге;
      b) осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекеме арқылы сатылатын тауарларға немесе бұйымдарға ұқсас немесе бірдей тауарлардың немесе бұйымдардың сатылымына; немесе
      с) осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылатын, өз сипаттамасы бойынша осындай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырылатын кәсіпкерлік қызметке ұқсас немесе бірдей басқа кәсіпкерлік қызметке қатысты бөлiгiне ғана салық салынуы мүмкiн.
      2. Осы баптың 3-тармағының ережелерiн ескере отырып, егер бір Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны екiншi Уағдаласушы Мемлекетте онда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырса, онда әрбiр Уағдаласушы Мемлекетте, егер ол оқшауланған және жеке кәсiпорын болып, осындай немесе ұқсас жағдайларда дәл осындай немесе ұқсас қызметпен айналысып, өзi тұрақты мекемесi болып табылатын кәсiпорыннан толық тәуелсiз әрекет жасағанда алуы мүмкiн пайда, осындай тұрақты мекемеге жатқызылады.
      3. Тұрақты мекеменiң пайдасын анықтау кезiнде олардың тұрақты мекеме орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте немесе басқа жерде жұмсалғанына қарамастан, басқару және жалпыәкiмшiлiк шығыстарды қоса алғанда, тұрақты мекеменiң мақсаттары үшiн жұмсалған шығыстарды шегеруге жол берiледi.
      4. Егер кәсіпорын пайдасының жалпы сомасын оның әртүрлі бөлімшелері арасында тепе-тең бөлу негізінде тұрақты мекемеге жататын пайданы анықтау Уағдаласушы Мемлекетте әдеттегі практика болып табылса, онда осы баптың 2-тармағында ешнәрсе де осы Уағдаласушы Мемлекетке салық салынатын пайданы әдеттегі практика негізінде осындай етіп бөлу арқылы анықтауға тыйым салмайды, алайда таңдалған бөлу әдісі осы бапта қамтылған қағидаттарға сәйкес нәтижелер беруге тиіс.
      5. Тұрақты мекеменiң кәсiпорын үшiн тауарлар немесе бұйымдар сатып алуының негiзiнде ғана осы тұрақты мекемеге қандай да бір пайда ретінде есепке жатқызылмайды.
      6. Егер қолжетімді немесе Уағдаласушы Мемлекеттің құзыретті органындағы ақпарат тұрақты мекеменің пайдасын анықтауға жеткіліксіз болып табылса, пайда осы Уағдаласушы Мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес, пайданы анықтау осы баптың қағидаттарына сәйкес болған жағдайда, есептелуі мүмкін.
      7. Осы баптың алдыңғы тармақтарының мақсаттары үшiн тұрақты мекемеге жататын пайда, егер осындай тәртiптi өзгерту үшiн жеткiлiктi және дәлелдi себептер болмаса, жыл сайын біркелкі тәсілмен анықталады.
      8. Егер пайда осы Келісімнің басқа баптарында жеке көрсетілетін табыстардың түрлерiн қамтыса, онда осындай баптардың ережелерi осы баптың ережелерiнде қозғалмайды.

8-бап Теңіз және әуе көлігі

      1. Теңiз немесе әуе кемелерiн халықаралық тасымалдауда пайдаланудан түскен пайдаға кәсіпорынды тиімді басқару орны орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. Егер кеме жүзу кәсіпорнының тиімді басқару орны теңіз кемесінің бортында орналасқан болса, онда ол теңіз кемесін тізімге алу порты тұрған Уағдаласушы Мемлекетте немесе осындай тізімге алу порты болмаса, теңіз кемесін пайдаланушы тұлға резиденті болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан болып есептеледі.
      3. Осы баптың 1-тармағының ережелерi пулға, бiрлескен кәсiпорынға немесе көлік құралдарын пайдалану жөніндегі халықаралық ұйымға қатысудан түсетін пайдаға да қолданылады.

9-бап Қауымдастырылған кәсіпорындар

      1. Егер:
      а) бір Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын басқаруға, бақылауға немесе оның капиталына тiкелей немесе жанама түрде қатысса, немесе
      b) сол бiр ғана тұлғалар бір Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын және екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнын басқаруға, бақылауға немесе олардың капиталына тiкелей немесе жанама түрде қатысса,
      және кез келген жағдайда екi кәсiпорынның арасында олардың өзара коммерциялық немесе қаржылық қатынастарында тәуелсiз екi кәсiпорынның арасында орын алуы мүмкiн болатыннан өзгеше жағдайлар жасалса немесе орнықса, онда кәсiпорындардың бiрiне есептелуi мүмкiн, бiрақ осындай жағдайлардың болуына байланысты оған есептелмеген кез келген пайда осындай кәсiпорынның пайдасына қосылуы және оған тиiсiнше салық салынуы мүмкiн.
      2. Егер бір Уағдаласушы Мемлекет осы Уағдаласушы Мемлекет кәсiпорнының пайдасына екiншi Уағдаласушы Мемлекет кәсiпорнының осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынатын пайдасын қосса және оған тиісінше салық салса және осылайша қосылған пайда алғашқы аталған Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорнына екi кәсiпорынның арасындағы шарттар тәуелсiз кәсiпорындардың арасындағы шарттардай болғанда есептелетiн пайда болып табылса, онда осы екінші Уағдаласушы Мемлекет осындай табыстан есептелген салық сомасының тиісінше түзетуін енгізеді. Осындай түзетудi айқындау кезiнде осы Келісімнің басқа ережелерi ескерiлуге тиiс және қажет болған кезде Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары бiр-бiрiмен консультация жүргiзiп отыруға тиiс.

10-бап Дивидендтер

      1. Бір Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компания екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төлейтiн дивидендтерге осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Алайда резидентi дивидендтер төлейтiн компания болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Уағдаласушы Мемлекеттiң заңнамасына сәйкес осындай дивидендтерге салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер дивидендтердiң iс жүзiндегi иесi екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылса, онда осылайша алынатын салық:
      а) егер iс жүзiндегi иесi дивидендтердi төлейтiн компания капиталының кемiнде 25 пайызына тiкелей иелiк ететiн компания (әріптестіктен өзге) болып табылса, дивидендтердiң жалпы сомасының 5 пайызынан;
      b) қалған барлық жағдайларда дивидендтердiң жалпы сомасының 15 пайызынан аспауға тиiс.
      Осы тармақтың ережелерi одан дивидендтер төленетiн компанияның пайдасына салық салуды қозғамайды.
      3. «Дивидендтер» терминi осы бапта қолданылған кезде акциялардан немесе пайдаға қатысуды беретін борыштық талаптар болып табылмайтын басқа құқықтардан түсетін табысты, сондай-ақ пайданы бөлушi компания резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң заңнамасына сәйкес акциялардан түсетін табыс сияқты салықтық реттеуге жататын басқа корпоративтiк құқықтардан түсетін табысты бiлдiредi.
      4. Егер бір Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын дивидендтердiң iс жүзiндегi иесi дивидендтердi төлейтiн компания резидентi болып табылатын екiншi Уағдаласушы Мемлекетте кәсiпкерлiк қызметтi сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырса және өзіне қатысты дивидендтер төленетін холдинг шын мәнiнде осындай тұрақты мекемемен байланысты болса, осы баптың 1 және 2-тармақтарның ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда 7-баптың ережелерi қолданылады.
      5. Егер бір Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын компания екiншi Уағдаласушы Мемлекеттен пайда немесе табыс алатын болса, онда осы екiншi Уағдаласушы Мемлекет осындай компанияның төлейтiн дивидендтерінен осындай дивидендтер осы екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн немесе өзiне қатысты дивидендтер төленетiн холдинг осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан тұрақты мекемемен шын мәнiнде байланысты болатын жағдайларды қоспағанда, кез келген салықты ала алмайды және егер төленетiн дивидендтер немесе бөлiнбеген пайда толығымен немесе iшiнара осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте туындаған пайдадан немесе табыстан құралса да, компанияның бөлiнбеген пайдасынан бөлiнбеген пайда салығы алынбайды.
      6. Осы Келісімде ешнәрсе Уағдаласушы Мемлекетке осы Уағдаласушы Мемлекеттiң ұлттық тұлғасы болып табылатын компанияның пайдасына есептелетiн салыққа қосымша, осылайша есептелген кез келген қосымша салық осындай пайда сомасының 5 пайызынан аспайтын жағдайда осы Уағдаласушы Мемлекеттегi тұрақты мекемеге жататын компанияның пайдасына салық салуға кедергі болады деп түсіндіріле алмайды. Осы тармақтың мақсаттары үшiн пайда одан тұрақты мекеме орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте алынатын, осы тармақта көрсетілген қосымша салықтан өзге барлық салықты шегерiп тастағаннан кейiн анықталады.

11-бап Пайыздар

       1. Бір Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн пайыздарға осы  екiншi Уағдаласушы Мемлекетте, егер осындай резидент пайыздардың іс жүзіндегі иесі болып табылса, салық салынуы мүмкiн.
      2. Алайда осындай пайыздарға олар пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Уағдаласушы Мемлекеттiң заңнамасына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ егер пайыздардың іс жүзіндегі иесi екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылса, онда осылайша алынатын салық пайыздардың жалпы сомасының 10 пайызынан аспауға тиiс.
      3. Осы баптың 2-тармағының ережелерiне қарамастан, бір Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын пайыздар, егер:
      а) пайыздарды төлеуші осы Уағдаласушы Мемлекеттің Үкіметі, оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы немесе Орталық банкі болып табылса; немесе
      b) пайыздардың іс жүзіндегі иесі екінші Уағдаласушы Мемлекеттің Үкіметі, оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы, Орталық банкі немесе екінші Уағдаласушы Мемлекеттің Үкіметіне толығымен тиесілі кез келген басқа қаржы мекемесі болып табылса, осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салудан босатылады.
      4. «Пайыздар» терминi осы бапта қолданылған кезде кепiлмен қамтамасыз етiлген немесе қамтамасыз етiлмеген, борышкердiң пайдаға қатысу құқығын беретiн немесе бермейтiн борыштық талаптардың кез келген түрінен алынатын табысты және атап айтқанда, үкiметтiк бағалы қағаздардан алынатын табысты және осындай бағалы қағаздар, облигациялар немесе борыштық мiндеттемелер бойынша төленетiн сыйақылар мен ұтыстарды қоса алғанда, облигациялардан немесе борыштық мiндеттемелерден алынатын табысты бiлдiредi.
      5. Егер бір Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын пайыздардың iс жүзiндегi иесi пайыздар пайда болатын екiншi Уағдаласушы Мемлекетте кәсiпкерлiк қызметтi сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырса және өзiне қатысты пайыздар төленетiн борыштық талабы шын мәнiнде осындай тұрақты мекемемен байланысты болса, осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда 7-баптың ережелерi қолданылады.
      6. Егер төлеушi осы Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылса, пайыздар Уағдаласушы Мемлекетте пайда болады деп есептеледі. Алайда, егер пайыздарды төлейтін тұлғаның Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатынына немесе табылмайтынына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесі болып, оған байланысты пайыздарды төлеу жөніндегі міндеттеме туындайтын және осындай пайыздар бойынша шығыстарды тұрақты мекеме төлейтiн болса, онда осындай пайыздар мұндай тұрақты мекеме орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болды деп есептеледі.
      7. Егер төлеушi мен олардың іс жүзіндегі иесi арасындағы немесе сол екеуi мен қандай да бір басқа тұлғаның арасындағы арнайы қатынастардың болу себебiнен оның негiзiнде төленетiн борыштық талапқа қатысты пайыздар сомасы осындай қатынастар болмаған кезде, төлеушi мен олардың іс жүзіндегі иесiмен өзара келiсiлген жағдайдағы сомадан асып кетсе, осы баптың ережелерi тек соңғы көрсетілген сомаға ғана қолданылады. Осындай жағдайда төлемдердің артық бөлiгi осы Келісімнің басқа ережелерiн ескере отырып, әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттiң заңнамасына сәйкес салық салуға жатады.

12-бап Роялти

       1. Бір Уағдаласушы Мемлекетте пайда болатын және екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiн роялтиге осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте, егер осындай резидент роялтидің іс жүзіндегі иесі болып табылса, салық салынуы мүмкiн.
      2. Алайда осындай роялтиге, ол пайда болатын Уағдаласушы Мемлекетте және осы Уағдаласушы Мемлекеттiң заңнамасына сәйкес салық салынуы мүмкiн, бiрақ, егер роялтидiң іс жүзіндегі иесi екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылса, онда осылайша алынатын салық роялтидiң жалпы сомасының 10 пайызынан аспауға тиiс.
      3. «Роялти» термині осы бапта қолданылған кезде радио немесе теле хабарлар үшін пайдаланылатын кинематографиялық және өзге де фильмдерді, магниттік жазбаларды, кез келген патентті, сауда таңбасын, дизайнды немесе модельді, жоспарды, құпия формуланы немесе процесті қоса алғанда, әдебиет, өнер шығармаларына немесе ғылыми жұмыстарға, бағдарламалық қамсыздандыруға кез келген авторлық құқықты пайдаланғаны үшін немесе пайдалануға бергені үшін немесе өнеркәсіптік, коммерциялық немесе ғылыми жабдықтарды пайдаланғаны немесе пайдалану құқығын бергені үшін немесе өнеркәсіптік, коммерциялық немесе ғылыми тәжірибеге қатысты ақпарат үшін сыйақы ретінде алынған төлемдердің кез келген түрін білдіреді.
      4. Егер бір Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын роялтидiң iс жүзiндегi иесi роялти туындайтын екiншi Уағдаласушы Мемлекетте кәсiпкерлiк қызметті сонда орналасқан тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырса және оған қатысты роялти төленетiн құқық немесе мүлiк шын мәнiнде осындай тұрақты мекемемен байланысты болса, осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы Келісімнің 7-бабының ережелерi қолданылады.
      5. Егер төлеушi осы Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылса, роялти Уағдаласушы Мемлекетте пайда болды деп есептеледі. Алайда, егер роялти төлеушi тұлғаның Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатынына немесе табылмайтынына қарамастан, Уағдаласушы Мемлекетте тұрақты мекемесi болып, оған байланысты роялти төлеу мiндеттеме туындаған және осындай роялти жөніндегі шығыстарды тұрақты мекемеге төлейтін болса, онда осындай роялти тұрақты мекеме орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте пайда болды деп есептеледі.
      6. Егер роялти төлеушi мен оның іс жүзіндегі иесi арасында немесе сол екеуi мен қандай да бiр басқа тұлғаның арасындағы арнайы қатынастардың болу себебiнен оның негізінде төленетiн пайдалануға, құқыққа немесе ақпаратқа қатысты роялтидiң сомасы осындай қатынастар болмаған кезде төлеушi мен оның іс жүзіндегі иесiмен келiсілген жағдайдағы сомадан асып кетсе, осы баптың ережелерi тек соңғы көрсетілген сомаға ғана қолданылады. Осындай жағдайда төлемдердің артық бөлiгi осы Келісімнің басқа ережелерiн ескере отырып, әрбiр Уағдаласушы Мемлекеттiң заңнамасына сәйкес салық салуға жатады.

13-бап Мүлік құнының өсімінен түсетін табыстар

      1. Бір Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi осы Келісімнің 6-бабында белгіленген және екiншi Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығарудан алатын табыстарға осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Бір Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны екiншi Уағдаласушы Мемлекетте иеленiп отырған тұрақты мекеменiң кәсiпкерлiк мүлкiнiң бөлiгiн құрайтын жылжымалы мүлiктi иелiктен шығарудан алынатын табыстарға осындай тұрақты мекеменi (жеке немесе бүкiл кәсiпорынмен бірге) иелiктен шығарудан алынған табыстарды қоса алғанда, осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      3. Халықаралық тасымалда пайдаланылатын теңiз немесе әуе кемелерiн немесе осындай теңiз немесе әуе кемелерiн пайдалануға байланысты жылжымалы мүлiктi иелiктен шығарудан алынған табыстарға кәсіпорынды тиімді басқару орны орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      4. Бір Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi екінші Уағдаласушы Мемлекетте орналасқан жылжымайтын мүлiктен өз құнының 50%-нан астамын тiкелей немесе жанама түрде алатын компания капиталындағы қатысу үлесін немесе оған теңестірілген бағалы қағаздарды иелiктен шығарудан алған табыстарға осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      5. Осы баптың 1, 2, 3 және 4-тармақтарында көзделгендегіден өзге кез келген мүлiктi иелiктен шығарудан алынатын табыстарға мүлiктi иелiктен шығарушы тұлға резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

14-бап Жалдамалы жұмыстан түсетін табыстар

      1. Осы Келісімнің 1517 және 18-баптарының ережелерiн ескере отырып, бір Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi жалдамалы жұмысына байланысты алған қызметақыға, жалақыға және басқа да ұқсас сыйақыға, егер жалдамалы жұмыс екiншi Уағдаласушы Мемлекетте орындалмаса, осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады. Егер жалдамалы жұмыс осылайша орындалса, осыған байланысты алынған сыйақыға осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Осы баптың 1-тармағының ережелерiне қарамастан, бір Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi екiншi Уағдаласушы Мемлекетте орындалатын жалдамалы жұмысына байланысты алған сыйақыға салық, егер:
      а) алушы тиiстi салық жылы басталатын немесе аяқталатын кез келген он екi айлық кезеңде жалпы жиынтығы 183 күннен аспайтын мерзім немесе мерзімдер ішінде осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте болса;
      b) сыйақыны екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылмайтын жұмыс беруші төлесе немесе жұмыс берушінің атынан төленсе; және
      с) сыйақы төлеу жөнiндегi шығындарды жұмыс берушінің екіншi Мемлекеттегi тұрақты мекемесi төлемесе, тек алғашқы көрсетілген Уағдаласушы Мемлекетте салынады.
      3. Осы баптың алдыңғы ережелерiне қарамастан, халықаралық тасымалда пайдаланылатын теңiз немесе әуе кемесiнiң бортында орындалатын жалдамалы жұмысқа байланысты алынған сыйақыға кәсіпорынды тиімді басқару орны орналасқан Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

15-бап Директорлардың гонорарлары

      Директорлардың гонорарларына және екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын директорлар кеңесiнiң немесе соған ұқсас компания органының мүшесi ретiнде бір Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi алған басқа да осыған ұқсас төлемдерге осы екiншi Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.

16-бап Әртістер мен спортшылар

       1. Осы Келісімнің 7 және 14-баптарының ережелерiне қарамастан, бір Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi театр, кино, радио немесе телевидение әртісі немесе музыкант сияқты өнер қызметкері ретінде немесе спортшы ретiнде екiншi Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асыратын өзiнiң жеке қызметiнен алған табысына осы екiншi Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      2. Егер өнер қызметкері немесе спортшы жүзеге асыратын жеке қызметiнен алатын табыс өнер қызметкерінің немесе спортшының өзiне емес, басқа тұлғаға есептелсе, онда бұл табысқа осы Келісімнің 7 және  14-баптарыныңережелерiне қарамастан, өнер қызметкерінің немесе спортшының қызметi жүзеге асырылатын Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкiн.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелеріне қарамастан, бір Уағдаласушы Мемлекет резидентінің өнер қызметкері немесе спортшы ретіндегі өзінің жеке қызметінен алған табысына, егер осындай қызмет екінші Уағдаласушы Мемлекетте Уағдаласушы Мемлекеттің екеуі де мақұлдаған мәдени немесе спорттық бағдарлама алмасуы шеңберінде жүзеге асырылса, осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

17-бап Зейнетақылар

      Осы Келісімнің 18-бабы 2-тармағының ережелерiне сәйкес бір Уағдаласушы Мемлекеттің резидентіне жалдану арқылы бұрын жүзеге асырған жұмысы үшiн төленетiн зейнетақылар мен басқа да осыған ұқсас сыйақыға осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.

18-бап Мемлекеттік қызмет

      1. а) Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы жеке тұлғаға осы Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы үшін жүзеге асыратын қызметi үшiн төлейтiн қызметақыға, жалақыға және басқа да осыған ұқсас сыйақыға осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      b) Алайда осындай қызметақыға, жалақыға және басқа да ұқсас сыйақыға, егер қызмет осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте жүзеге асырылса және осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын жеке тұлға:
      (i) осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттiң ұлттық тұлғасы болып табылса; немесе
      (ii) осындай қызметтi жүзеге асыру мақсатында ғана осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болмаса, екiншi Уағдаласушы ғана Мемлекетте салық салынады.
      2. а) Осы баптың 1-тармағының ережелеріне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы құрған қорлардан жеке тұлғаға осы Уағдаласушы Мемлекет немесе әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергілікті билік органы үшін жүзеге асыратын қызметіне төленетін зейнетақыға және басқа да ұқсас сыйақыға осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      b) Алайда осындай зейнетақыларға және басқа да осыған ұқсас сыйақыға, егер жеке тұлға осы екінші Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті және ұлттық тұлғасы болып табылса, екiншi Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      3. Осы Келісімнің 141516 және 17-баптарының ережелерi Уағдаласушы Мемлекет немесе оның әкімшілік-аумақтық бөлімшесі, орталық немесе жергiлiктi билiк органы жүзеге асыратын кәсіпкерлік қызметпен байланысты қызметке қатысты қызметақыға, жалақыға, зейнетақыларға және басқа да осыған ұқсас сыйақыға қолданылады.

19-бап Студенттер немесе тағылымдамадан өтушілер

      Бір Уағдаласушы Мемлекетке нақты келгенге дейін екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi болып табылатын немесе болып табылған және бірінші айтылған Уағдаласушы Мемлекетке бiлiм алу, тағылымдамадан өту мақсатында ғана болатын студент немесе тағылымдамадан өтуші өзiн-өзі қамтамасыз ету, бiлiм алу, тағылымдамадан өту мақсатында алатын төлемдерге осындай төлемдер осы Уағдаласушы Мемлекеттен тысқары жерлердегі көздерден жүргізілетін жағдайда осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салынбайды.

20-бап Басқа да табыстар

      1. Туындау көзіне қарамастан, Уағдаласушы Мемлекет резидентінің осы Келісімнің алдыңғы баптарында көзделмеген табыстарының түрлерiне осы Уағдаласушы Мемлекетте ғана салық салынады.
      2. Осы Келісімнің 6-бабының 2-тармағында айқындалған жылжымайтын мүлiктен алынатын табыстан өзге табысқа, егер мұндай табысты алушы бiр Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентi бола тұра, екiншi уағдаласушы Мемлекетте онда орналасқан тұрақты мекеме арқылы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырса және оларға қатысты табыстың төленуі жүргiзiлген құқық немесе мүлiк iс жүзiнде осындай тұрақты мекемемен байланысты болса, осы баптың 1-тармағының ережелерi қолданылмайды. Мұндай жағдайда осы Келісімнің 7-бабының ережелерi қолданылады.

21-бап Қосарланған салық салуды жою

      1. Егер бір Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті осы Келісімнің ережелеріне сәйкес екінші Уағдаласушы Мемлекетте салық салынуы мүмкін табысты алса, бірінші айтылған Уағдаласушы Мемлекет осындай резиденттiң табысына салынатын салықтан осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте төленген табыс салығына тең соманы шегеруге рұқсат береді.
      Осындай шегерім кез келген жағдайда осы екінші Уағдаласушы Мемлекетте табысқа салық салынуы мүмкін болатын табысқа шегерім берілгенге дейін есептелген салық сомасынан аспауға тиіс.
      2. Егер осы Келісімнің кез келген ережелерiне сәйкес Уағдаласушы Мемлекеттің резиденті алған табыс, осы Уағдаласушы Мемлекетте салық салудан босатылған болса, осындай Уағдаласушы Мемлекет дегенмен де осындай резиденттің табысының қалған бөлігіне салынатын салық сомасын есептеу кезінде салық салудан босатылған табыс сомасын есепке алуы мүмкін.

22-бап Кемсітпеу

        1. Бір Уағдаласушы Мемлекеттiң ұлттық тұлғалары екiншi Уағдаласушы Мемлекетте дәл сондай жағдайларда, атап айтқанда, резиденттiкке қатысты осы екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң ұлттық тұлғалары салынатын немесе салынуы мүмкiн салық салудан немесе сонымен байланысты мiндеттемелерден өзге немесе мейлінше ауыртпалық түсіретін кез келген салық салуға немесе сонымен байланысты кез келген мiндеттемеге ұшырамайды.
      2. Бір Уағдаласушы Мемлекеттiң екiншi Уағдаласушы Мемлекеттегі кәсiпорнының тұрақты мекемесіне салық салу осы екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң осыған ұқсас қызметтi жүзеге асыратын кәсiпорындарына салынатын салыққа қарағанда, осы екiншi Уағдаласушы Мемлекеттегіден қолайлылығы кем болмауға тиiс. Осы ереже Уағдаласушы Мемлекеттi екінші Уағдаласушы Мемлекеттiң резиденттерiне олардың азаматтық мәртебесі немесе отбасы жағдайы негiзiнде салық салу мақсаттары үшiн ол өзiнiң резиденттерiне беретiн кез келген жеке салықтық жеңiлдiктер, жеңілдетулер мен шегерiмдер беруге мiндеттейтiндей болып түсіндірілмеуге тиiс.
      3. Осы Келісімнің 9-бабы 1-тармағының, 11-бабы 7-тармағының немесе 12-бабы 6-тармағының ережелерi қолданылатын жағдайларды қоспағанда, бір Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорны екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне жүргiзетiн пайыздар, роялти және басқа да төлемдер осындай кәсiпорынның салық салынатын пайдасын айқындау мақсаттары үшiн бірінші айтылған Уағдаласушы Мемлекеттiң резидентiне төленетiндей жағдайларда шегерiмге жатқызылады.
      4. Капиталы екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң бiр немесе бiрнеше резидентiне толық немесе iшiнара тиесiлi немесе олардың тiкелей немесе жанама түрде бақылауында болатын бір Уағдаласушы Мемлекеттiң кәсiпорындары бірінші айтылған Уағдаласушы Мемлекетте бірінші айтылған Уағдаласушы Мемлекеттiң осыған ұқсас басқа кәсiпорындарына салынатын немесе салынуы мүмкiн салық салу мен сонымен байланысты мiндеттемелерден өзге немесе мейлінше ауыртпалық түсіретін кез келген салық салуға немесе сонымен байланысты кез келген мiндеттемелерге ұшырамайды.
      5. Осы баптың ережелерi осы Келісімде көрсетілген салықтарға да қолданылады.

23-бап Өзара келісу рәсімі

      1. Егер тұлға Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрiнiң немесе екеуiнiң де iс-әрекеттерi өзiне қатысты осы Келісімнің ережелерiне сәйкес келмейтін салық салуға әкеп соғуда немесе әкеп соғады деп есептесе, ол осы Уағдаласушы Мемлекеттердiң ұлттық заңнамасында көзделген қорғау құралдарына қарамастан, өзi резидентi болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң құзыреттi органының қарауына немесе егер оның iсi осы Келісімнің 22-бабы 1-тармағының қолданысына түссе, онда өзi ұлттық тұлғасы болып табылатын Уағдаласушы Мемлекеттiң құзыреттi органының қарауына өз iсiн бере алады. Өтiнiш осы Келісімнің ережелерiне сәйкес келмейтiн салық салуға әкеп соғатын iс-әрекеттер туралы алғашқы хабарлама берiлген кезден бастап үш жыл iшiнде ұсынылуға тиiс.
      2. Бір Уағдаласушы мемлекеттің құзыреттi органы, егер ол мұндай өтiнiштi негiздi деп есептесе және егер өзi қанағаттанарлық шешiмге келе алмаса, осы Келісімге сәйкес келмейтiн салық салуды болдырмау мақсатында iстi екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң құзыреттi органымен өзара келiсiм бойынша шешуге ұмтылады. Кез келген қол жеткiзiлген келiсу Уағдаласушы Мемлекеттердiң ұлттық заңнамасында көзделген уақыттағы кез келген шектеулерге қарамастан орындалады.
      3. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары осы Келісімді түсiндiру немесе қолдану кезiнде туындайтын кез келген қиындықтарды немесе күмәндi өзара келiсу бойынша шешуге ұмтылады. Сондай-ақ, олар осы Келісімде көзделмеген жағдайларда қосарланған салық салуды жою мақсатында бiр-бiрiмен консультация жүргізе алады.
      4. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары бiр-бiрiмен, оның ішінде осы баптың алдыңғы тармақтарына сәйкес келiсiмге қол жеткiзу мақсатында олардың өздерінен және олардың өкілдерінен тұратын бірлескен комиссиялар арқылы тiкелей байланысқа түсе алады.

24-бап Ақпарат алмасу

      1. Уағдаласушы Мемлекеттердiң құзыреттi органдары осы Келісімнің ережелерін орындау немесе әкімшілендіру немесе Уағдаласушы Мемлекеттердiң немесе олардың әкімшілік-аумақтық бөлiмшелерiнiң, орталық немесе жергiлiктi билiк органдарының атынан осы Келісімге қайшы келмейтін мөлшерде салық салу алынатын кез келген түрдегі және сипаттағы салықтарға қатысты ұлттық заңнаманы қолдану үшін қажетті ақпаратпен алмасады. Ақпарат алмасу осы Келісімнің 1 және 2-баптарымен шектелмейді.
      2. Уағдаласушы Мемлекет осы баптың 1-тармағына сәйкес алған кез келген ақпарат осы Уағдаласушы Мемлекеттiң ұлттық заңнамасына сәйкес алынған ақпарат сияқты құпиялы болып есептеледі және осы баптың 1-тармағында айтылған салықтарға қатысты бағалаумен немесе жинаумен, мәжбүрлеп өндiрiп алумен немесе сот қудалауымен немесе апелляцияларды қараумен және жоғарыда көрсетілгендердің барлығын қадағалаумен айналысатын тұлғаларға немесе органдарға (соттарды және әкiмшiлiк органдарды қоса алғанда) ғана жария етіледі. Осындай тұлғалар немесе органдар ақпаратты осы мақсаттар үшiн ғана пайдалана алады. Олар ақпаратты ашық сот отырысы барысында немесе сот шешiмдерiн қабылдаған кезде жария етуі мүмкiн.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармағының ережелерi Уағдаласушы Мемлекетке:
      а) осы немесе екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң заңнамасы мен әкiмшiлiк практикасына қайшы келетiн әкiмшiлiк шараларды қолдану;
      b)осы немесе екiншi Уағдаласушы Мемлекеттiң заңнамасы бойынша немесе әдеттегi әкiмшiлендіру барысында алуға болмайтын ақпаратты ұсыну;
      с) қандай да бiр сауда, кәсiпкерлiк, өнеркәсiптiк, коммерциялық немесе кәсіби құпияны немесе сауда процесiн ашуы мүмкiн ақпаратты немесе ашылуы мемлекеттiк саясатқа (ordre public) қайшы келуi мүмкiн ақпаратты ұсыну мiндеттемесiн жүктейтiндей мағынада түсiндiрiле алмайды.
      4. Егер ақпаратты осы бапқа сәйкес бір Уағдаласушы Мемлекет сұратса, осындай ақпарат тіпті осы екінші Уағдаласушы Мемлекетке өзінің жеке салықтық мақсаттары үшін қажет болмаса да, екінші Уағдаласушы Мемлекет сұрау салынған ақпаратты жинау жөніндегі шараларды қабылдайды. Алдыңғы сөйлемде қамтылған міндеттеме осы баптың 3-тармағының шектеулеріне түседі, бірақ мұндай шектеулер Уағдаласушы Мемлекетке осындай ақпаратқа ішкі мүдделіліктің болмауы себебінен ғана ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беретіндей мағынада түсiндiрiле алмайды.
      5. Осы баптың 3-тармағының ережелері ақпарат иесі банк, басқа қаржы мекемесі, қор, номиналды ұстаушы немесе агент немесе сенім білдірілген өкіл болып табылатындығы себебінен немесе ақпарат тұлғада немесе қорда меншік құқығы берілген тұлғаға қатысты болу себебінен Уағдаласушы Мемлекетке ақпарат ұсынудан бас тартуға рұқсат беретіндей мағынада түсіндіріле алмайды.

25-бап Дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің қызметкерлері

      Осы Келісімде ешнәрсе де дипломатиялық өкiлдiктер немесе консулдық мекемелер қызметкерлерiнiң халықаралық құқықтың жалпы нормаларымен немесе арнайы халықаралық шарттардың ережелерiне сәйкес берiлген салықтық артықшылықтарын қозғамайды.

26-бап Күшіне енуі

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсiмдердi Уағдаласушы Мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім:
      а) төлем көзінен, осы Келісім күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін төленген табыстардан ұсталатын салықтарға қатысты;
      b) басқа салықтарға қатысты, осы Келісім күшіне енген жылдан кейінгі күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін басталатын салық салу кезеңінде салынатын салықтарға қолданылады.

27-бап Қолданысын тоқтату

      1. Осы Келісім Уағдаласушы Мемлекеттердiң бiрi оның қолданысын тоқтатқанғанға дейін күшiнде қалады. Кез келген Уағдаласушы Мемлекет осы Келісім күшiне енген күннен бастап бес жылдық кезең өткеннен кейiнгi кез келген күнтiзбелiк жылдың аяқталуына дейін алты айдан кешіктірмей, оның қолданысын тоқтату туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы жiбере отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады.
      2. Осы Келісім:
      а) төлем көзiнен, оның қолданысын тоқтату туралы хабарлама берiлген жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейін төленген табыстардан ұсталатын салықтарға қатысты;
      b) табысқа салынатын басқа салықтарға қатысты, оның қолданысын тоқтату туралы хабарлама берiлген жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдың бірінші қаңтарынан бастап немесе одан кейiн басталатын салық салу кезеңінде салынатын салықтарға өз қолданысын тоқтатады.Осыны куәландыру үшiн, тиiстi түрде уәкiлеттiк берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
      20__ жылғы ________ ________ қаласында қазақ, орыс, македон және ағылшын тiлдерiнде екі данада жасалды әрі барлық мәтiндердiң күшi бiрдей. Осы Келісімді түсіндіруде алшақтықтар туындаған жағдайда Уағдаласушы Мемлекеттер ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

       Қазақстан Республикасының       Македония Республикасының
            Үкiметi үшiн                    Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады